///

Рашид ОРАЗОВ, тарихшы:   Әр елде шашылған деректер жиналса Кенесары хан күресінің жаңа қырларын ашуға болады

4920 рет қаралды

Биыл қазақтың соңғы ханы Кенесарының туғанына 220 жыл. Күрескер тұлғаны зерттеу қай деңгейде, оның патшалық Ресейге қарсы күресі жайлы деректер толық ашылды ма? Кейінгі жылдары ол тарихты кімдер зерттеп жүр? Осы сауалдар төңірегінде Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Рашид ОРАЗОВ сұхбат берді.

ТОМАС АТКИНСОН: ЕГЕР БІЛІКТІ ОФИЦЕРЛЕРІ БОЛСА, ҚАЗАҚТАР ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ӘЙГІЛІ АТТЫ ӘСКЕР ҚҰРАР ЕДІ

 – Биыл Қазақтың Тәуелсіздігі жолында күрескен Кенесары ханның туғанына 220 жыл. 1847 жылы өлтірілген Хан Кененің қайраткерлік, тұлғалық болмысы Патша заманы мен Советтік дәуірде қалай зерттелді?

– Кенесары бастаған көтеріліс Ресей­дің төңкеріске дейінгі тарихшылары­ның мұқият назарына іліккен болатын. ХІХ ғасырдың 40-жылдарының аяғынан бастап бұл оқиғаның жекелеген мәселелерін сипаттаған М.И. Веню­ков, В. Потто, А.Г. Серебренников, барон Услар, П.П.Семенов-Тянь-Шаньс­кий, Ш.Ш.Уәлиханов, И.Ф. Баб­ков, И. За­валишин, Л. Мейер, М. Кра­совский, Н. Коншин, Н. Середа, А.К. Гейнс, А. Янушкевич сияқты буржуазиялық-либералды бағыттағы зерт­теушілердің еңбектерінде көрініс тапты. Олар өздерінің қоғамдық-саяси көзқарасына сай бұл мәсе­лені әртүрлі деңгейде қарастыр­ды. Орыстың дворяндық-буржуазия­лық та­рих­намасының монархиялық-отар­лау­шылық бағытының кейбір өкіл­дерінің бұл көтерілісті «бүлік», «қа­рақ­шылардың ісі» деп бағалауы және қазақ халқының азаттық үшін күресін теріс, субъективті түсіндіруінен туды.
ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамындағы тарихи тұлғалардың қоғамдық-саяси қыз­метін бағалау белгілі дәрежеде патшалық Ресей, кеңестік кезеңде де қолға алынып, тарихи зерттеу еңбектерінде көрініс тапты. Бірақ қай заманда да үстемдік еткен билік тарихи тұлғалар мен ұлт-азаттық күрес басшыларын өз идеологиясына қарай зерт­теуді ұйымдастырып отырды. Пат­шалық Ресей үшін қазақ елінің хан, сұлтандары, би-батырлары орыс үкіметі жақтастары мен екінші топ «қарақшы», «барымташы», «бүлікшіл» атауларымен анықталды.

Дегенмен де сол заманда орыс тарихшысы Н.Середа: «Кенесары өз жасақтарының мәртебелі әміршісі бола білді. Оның рухы дем берген жауынгерлерге еуропалық әскер қолбасшыларының өзі қызығар еді. Жортуылда жолындағының бәрін жайпайтын дала дауылындай екпінді де тегеурінді. Кенесары ешбір бөгет алдында кідірмейтін, қайта кездескен кедергі оның қайрат-жігерін жанып, шамырқандыра түсіп, көздеген мақсат жолындағы тосқауылдарды талқандар керемет күш бітіріп, одан сайын өршелендіріп жіберетін. Кенесарының бойындағы күллі осындай қасиеттерді көшпенділер биік бағалап, оның қарекет-қимылына қатысушылардың жүрегі басшысына деген шексіз сүйіспеншілікпен соғып, жанын пида етуге дейін барғызады» – десе, ағылшындық Томас Аткинсон: «Кенесары қазақтардан ғажайып жауынгерлер даярлады. Найза мен айбалтаны тамаша игерген, шапшаңдығына көз ілеспейтін Кенесары жігіттері өзінен күші басым жаудан қаймықпай соғысып, жеңіп шыға беретінін естігенім бар. Егер білікті офицерлері болса, қазақтар әлемдегі ең әйгілі атты әскер құрар еді. Оларға тарихта даңқы асқан Шыңғыс хан жиһангерлерінің керемет қасиеттерінің бәрі тән» деген баға берген.

Кенесары талантты қолбасшы ретінде соғыс кезінде әр түрлі соғыс тактикасын пайдаланған. Қазақстанның кең даласы оған жылжып орын ауыстыра соғыс жүргізу әдісін кеңінен қолдануға мүмкіндік берді. Кенсары жігіттері шебер шабандоз болғандықтан, жер жағдайын жақсы білгендіктен қуғыннан жиі құтылып кетіп отырған. Олар дұшпанды айналып өтіп, тұтқиылдан көкжелкеден соққы беретін. Кенесары далалық соғыс жүргізудің өзіндік әдісін енгізді. Дұшпан ашық далада әлденені паналап қорғанатын болса, онда Кенесары әскерлері оқ өтпейтін нәрселерді қалқалап шабуылға шыққан.

Кеңестік тарихнамада соның ішінде хан, сұлтандардың қоғамдық-саяси қызметтері, олардың көзқарастары ашық бұрмаланды. Кенесары тарихын зерттеген көрнекті тарихшылар мен әдебиетшілер Е.Бекмаханов, Б.Сү­лейменов, Е.Дильмухамедов, Е.Ыс­майылов қудалауға ұшырап, ғылыми шығармашылығына тыйым салынды. Осыдан соң қазақ хандары мен сұл­тандарының қызметіне оң баға берілмей, олардың тарихын толыққанды танып білу мүмкін болмады. Міне осындай кеңестік биліктің қылышынан хан тамып тұрған кезде, тарихи тұлғаларды көркем әдебиетте Ілияс Есенберлин тамаша бейнелеп бұқара халықпен жете таныстыра алды. Өз естеліктерінде «Көшпенділерді» жазғандағы себебін: «… қазақ халқының өткенінің тарихи анықтығы, оның мемлекет болып құрылуын батылдықпен бейнелеп көрсету. Ең бастысы, бұл роман шаманизм философиясына қарсы қойылған. Көшпенді халықтар тарихынан айырылған сияқты. «Көшпенділер» әр түрлі бұрмалауға тура жауап. Қазақтың өз мемлекеті болған және біздің тарих өте көне әлемдік тарихтың бір бөлігі болып табылады» – деп жазған болатын.

– Ал соңғы 30 жылда Хан Кенені зерттеуші қандай кәсіби тарихшылар шықты және олардың қай еңбектерін жоғары бағалайсыз?

– Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы «Хан Кене» (Қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен хан-батырлар туралы тарихи толғамдар мен пьеса, дастандар) атты жинақ жарық көрді. Жинақ үш бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімінде Тарихшы ғалымдар мен ақын жыраулардың және Мұхтар Әуезовтың Хан Кене атты пьесасы кіргізілсе, екінші бөлімінде белгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановтың тарихи монографиясынан үзінді берілді. Соңғы үшінші бөлімінде жыр алыбы Жамбылдың Сыздық сұлтанға және әскери тарихшы Н. Павловтың «Түркістан тарихы» еңбегіндегі Сыздық сұлтан туралы жазғаны берілген еді. Бұл – тәуелсіздік кезіндегі Кенесары туралы зерттеуге жасалған алғашқы қадам болатын.

Ал, 1994 жылы Қазақстан Республикасы үкіметінің 1994 жылы 12 шілдедегі №278 қаулысымен Қырғызстан территориясынан Кенесары Қасымовтың сүйегін тауып, Қазақстанға әкеліп арулап көму жөнінде арнайы экспедицияны осы күнгі сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед ұйымдастырды. Экспедицияның құрамында белгілі жетекші ғалымдар академик М.Қозыбаев, К.Байпақов, О.Смағұлов, хан ұрпағы Н.Кенесарина және басқа да ғалым мамандар бар еді. Олар қырғыз жеріндегі Алмалы ауылына барып, Кенесары жерленген болуы мүмкін деген бірнеше долана ағаштарының түбін қаздырды. Бірақ сүйек табылмады. Сонымен қатар Манаш Қозыбаев Кене ханның бас сүйегі сақталуы мүмкін орындардың барлығына дерлік хат жолдап, бас сүйекті елге қайтаруға талпыныс жасады. Осылай алғашқы экпедиция жұмысы нәтижесіз аяқталды. Сапар туралы берілген есепте экспедициялық жұмыстың жалғасын табатыны айтылған.

1996 жылы белгілі тарихшы В.З. Галиев пен Б.Т. Жанаевтың құрастыруымен «Ғылым» баспасынан «Кенесары Қасымов бастаған қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысы (құжаттар жинағы) жарық көрді. Аталған құжаттар жинағына Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві қорларынан 191 құжат іріктелініп берілген еді. Мұның өзі тарихшы зерттеушілердің болашақ зерттеуіне көп пайдасы тиер құнды жинақ ретінде бағаланды.

2002 жылы Кенесары Қасымұлының туғанына 200 толуына орай Алматы қаласында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында халықаралық ғылыми тәжірбиелілік конференция өткізіліп, Кенесары ханның қолбасшылық тұлғасы жан-жақты талданды. Конференцияға жұмысына тарихшылармен қатар әдебиеттанушылар да қатысып Кенесары ханның өмірі мен күресіне қатысты тарихи деректер мен фальклорлық деректерді әр қырынан талдауға алды.

2002 жылы өткен конференцияға қатысушылар ішінде Н.Х. Бекмаханова, С.Ф. Мажитов, Н.А. Кенесарын және т.б. Кенесары туыстары

 

2002 жылы Жанұзақ Қасымбаевтың «Кенесары ханның соңғы жорығы және оның күйреуі» атты монографиясы тарихшы ғалымдар тарапынан жазылған үшінші еңбек. Бұл еңбектің басқа зерттеулерден ерекшелігі мұнда Кенесары көтерілісінің бастапқы кезеңі емес, бірден ақырғы кезеңі сипатталады. Автордың өзі еңбегінің хронологиялық мерзімін 1846 ж. желтоқсан – 1847 ж. сәуір деп нақты көрсеткен. Демек ұзақ жылдарға созылған көтерілістің соңғы бірнеше айы ғана суреттелген. Еңбек архив деректеріне сүйеніп жазылған, ондағы оқиғалар Кенесарының Жетісуға қоныс аударуынан, оның себептерінен басталады. Ханның өліміне байланысты зерттеуші өзіне дейінгі деректерді, Ш. Уәлихановтың, Б. Әбілдаұлының, Н. Маевтың, А. Добросмысловтың, Я. Полферовтың, Е. Бекмаханов кітабында айтылатын халық аңызын келтіреді.  Зерттеуші Кенесары ханның соңғы жорығының  себебін ханның «макиавеллилік ұстанымда» болғанынан, ал Хан Кене қолының жеңілуі сарбаздарының бір бөлігінің қорқып қашып кетуінен деп біржақты түсіндіреді.

Кенесары жөнінде жазылған еңбектердің қатарында Едіге Жансұлтанұлы Уәлихановтың 2004 жылы Мәскеу қаласындағы «Молодая гвардия» баспасынан жарық көрген «Кенесары» атты монографиясы бар.  Зерттеу еңбектің ерекшелігі – Кенесарының қырғыздар қолынан мерт болғанын әрі оны зерттеген Е. Бекмахановтың айыпталып қуғынға ұшырауы  Кенесарыны екінші рет қазаға ұшыратты дей отырып, осы тақырыпқа  арнайы тарау арнады. Сонымен қатар, Кенесарыдан тараған кейбір ұрпақтарына тоқталған.

Тарихшы Берекет Кәрібаев Хан Кенені зерттеушілердің көпшілігі қайтыс болып кеткенін, ал қазір тек өзіңіз және Сабира Сайфулмаликова ғана еңбектеніп жүргенін айтты. Қазақтың айтулы тұлғасы саналатын Кенесары ханды кәсіби тұрғыдан екі-ақ адам зерттеу жүргені қалай?

– Кенесары тақырыбын зерттеуші аға буынның біразы өмірден өтіп кетті. Ғылымға қаржының аз бөлінуі, ғалымдардың баспанамен қамтылмауы да жастардың ғылымға келуіне үлкен кедергі. Қазіргі жастар ғылымнан гөрі бизнеске көбірек баруда.

Мен алғаш 2002 жылы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына жұмысқа қабылданғанымда яғни, 2003-2005 жылдар аралығында «Қазақ мемлекеттілігін қайта қалпына келтіруге бағытталған Кенесары Қасымұлы көтерілісі» атты үш жылдық жоба болды. Жобаның негізгі орындаушылары тарих ғылымдарының докторы В.З. Галиев (жоба жетекшісі), тарих ғылымдарының кандидаты С.Ф. Мажитов және мен болдым. Міне сол уақыттан бастап Кенесары Қасымұлы бастаған күрес пен оның ұрпақтары мәселесімен жүйелі айналысудамын. С.Ф. Мажитов ұлт-азаттық көтерілістер тарихнамасынан докторлық диссертация қорғады. Сондықтан да Кенесары тақырыбын зерттеушілер қатарында С. Мажитовты атағанымыз орынды. Сабира Сайфулмаликова Жанұзақ Қасымбаевтың шәкірті ретінде ХІХ ғасырдағы отарлау мәселесімен оның ішінде Сырдария облысындағы көтерілістер тарихының маманы. Сабира Сабытханқызы Ташкенттегі архив қорларымен жүйелі әрі тыңғылықты жұмыс жасаған тарихшы.

2005 жылы Кенесары Қасымовтың жерленген жерін анықтау үшін «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында арнайы ғылыми зерттеу экспедициясы ұйымдастырылды. Оның құрамында Едіге Уәлиханов, Молдияр Серікбаев сияқты ғалымдармен қатар мен де болдым. Біздің экспедиция жаңа ғылыми нәтижелерге көз жеткізді. Кейбір тарихи атаулардың екі елде де қайталатынын анықтады. Мысалы, Шамшы — бізде Самсы, Алмалы сай – Алмалы, Су алман – Сауылман, Он бір жылға – Он бір жыра, Борды – Борлы, Қызыл су – Қызыл сай және т.б. жер атаулары. Кенесары Қасымұлының соңғы соғысы және қаза тапқан географиялық қоныстарын ту тіккен орындарын анықтадық.

ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ АРХИВ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЗЕРТТЕУШІЛЕР ҮШІН ЖАБЫҚ

Хан Кенеге байланысты көп деректер Ресейдің архивтерінде жатқаны айтылады. Құпия деректерге қол жеткізсек, Қазақтың ең соңғы ханының тұлғалық болмысы жаңадан ашыла түсе ме?

 – Кенесары күресіне қатысты архивтік деректер Ресейдің Санкт-Петербург, Москва, Орынбор, Омбы қалалары мен Өзбекстанның Ташкент қаласындағы архив қорларында жатыр. Алғаш рет аталмыш қозғалысқа қатысты құжаттар жинағын жинап бастыру ісі де ХХ ғасырдың бас кезінде қолға алына бастады. 1908-1915 жылдар аралығында Ташкентте Ресей әскери министр А.Н.Куропаткиннің тапсыруымен полковник А.Г.Серебренников «Сборник материалов для истории завоевания Туркестанского края» деген атпен 30 томдық құжаттар жинағы шығаруды жоспарлаған болатын. 1914 жылы бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуына орай тек алғашқы 14 томы құжаттар жинағы ретінде жарыққа шықты. Осы көптомдықтың алғашқы бес томында Кенесары хан бастаған қозғалысқа қатысты 176 құжат жарық көреді. Мұның өзі Кенесарының көтерілісінің қырларымен танысуға мүмкіндік берген еді. Қалған жинастырылған деректер Өзбекстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінде 76-істен тұратын үлкен қор ретінде сақтаулы. Өкінішке қарай 2008 жылдан бері аталған елдің архиві қазақстандық зерттеушілер үшін жабық. Архив қорларымен жұмыс жасауға рұқсат бермей отыр. Аталған елдердегі деректермен жұмыс істеу олардың көшірмелерін елімізге алдыру үлкен қаржы мен табандылықты қажет етеді. Мысалы Омбы қаласындағы кейбір істер зерттеушілер қолына берілмейді. Осы қалада 2014 жылы жұмыс істеу барысында кейбір істерге (ДСП) белгісі соғылған. Осы шашылған деректерді жинақтау арқылы Кенесары ханның күресінің жаңа қырларын ашуға да болады деген сенімдеміз.

Былтыр Кенесары ханның бас сүйегін елге әні-міне әкеледі деген ақпарат тарап еді. Алайда кейін бұл әңгіме саябырсып қалды. Хан Кененің бас сүйегі қайда және оны елге әкелу мүмкін бе?

Иә былтырғы жылы әлеуметтік желілерде Кенесары ханның бас сүйегі табылды деп сүйіншілеген хабарлардың тарағаны рас. 1847 жылы қырғыздардың қолына 1000-нан аса қазақ тұтқынға  түсті. Олардың 32-сі төре тұқымы еді. Қырғыздар шудың күншығыс жағындағы Кекіліктен он-он бес шақырымдай жердегі Алмалы сай деген жерде аты тұрып қалған Кенесарыны ұстап алған. Наурызбай да сол шамада Кенесарыдан бөлек ұсталған. Х. Досмұхамедовтың еңбегіне сүйенсек, төрелерді атқа мінгізіп, қырғыздар тау ішіндегі еліне апарады. Өздерін бөлек үй тігіп беріп, құрметпен сыйлайды. Кенесары, Наурызбайдың жатқан үйі Жолба деген қырғыздың үйі екен. Осы үйде төрелер жеті күн жатқан. Кенесарыны Сарбағыш Тастанбек балалары, Наурызбайды Сарбағыш Тілеуқабыл балалары жабылып өлтірген. Екеуі екі бөлек қойылған. Кенесары Борды деген сайға көмілген. Борды Тоқмақтан жиырма бес шақырымдай Буамға жүретін қара жолдың оң жағы болады. Наурызбайдың басын Төлебай деген жігіт қылышпен шауып, өлтірген, сүйегі Самсының (Шамшының) күн шығыс жағына қойылған. Кенесары мен Наурызбайдан басқа 19 сұлтан,  сондай-ақ көптеген билер мен қарапайым адамдар  қаза тапты. Олардың арасында  Кенесарының жақын туыстары Құдайменде төре, Ержан төре бар еді.

Тікелей бас сүйекке қатысы бар орыс әскери шенділерінен генерал-майор Н.Ф. Вишневский, есаул Т.В. Нюхалов, сотник С.М. Абакумов. 1847 жылы 26 тамызда Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаков жекелеген ұлы жүз қазақтарын Кенесары көтерілісіне қоспағаны үшін есаул Т.В.Нюхаловтың әскери шені войсковой старшинаға, ал сотник С.М. Абакумовтың әскери шені есаулға көтереді. Омбыдан ары қарай бас сүйектерге қатысты деректер жоқ. Бас сүйек Омбыда қалды ма әлде Санкт-Петербург қаласына жөнелтілді ме ол да басы ашық мәселе.

Архив құжаттарында Қоқанға бағынышты қыпшақтардың Кенесарының жоғын жоқтап қырғыздарға тыныштық бермегендігі жөнінде тың деректер кездеседі. 1854 жылы Сарыбағыштың манабы Қалығұл Әлібеков Батыс Сібір Генерал Губернаторлығына жолдаған хатында: «Кенесарының басын Омбыға жеткізіп бергенім үшін қыпшақтар маған күн көрсетпеуде. Сондықтан мені өздеріңіздің қамқорлықтарыңызға алуыңызды сұраймын» – деп, жазған мәліметтері сақталған. Омбыға жеткізілген бас сүйек қанша деген сұрақтың туындауы анық. Біздің пайымдауымызша Омбыға Кенесары мен Наурыздайдың бас сүйектері жеткізілген болуы керек деген ойдамыз. Қырғыздар бас сүйекті Қапалға жеткізіп бергеннен кейін ары қарай бас сүйекті қарулы жасақ алып жүрген. Архив қорларында сақталған құжаттарға зер салар болсақ Кенесарының бас сүйегінен де бөлек қазақ даласынан көне зираттардан қазып алынған бас сүйектер жүйелі түрде Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларына жөнелтіліп отырғанын көреміз. Ондағы мақсат қазақтардың антропологиясын зерттеу үшін деп көрсетілген. Кенесары ханның бас сүйгі табылып жатқан күннің өзінде оны елімізге алып келу үшін антропологиялық және генетикалық сараптамалар жасап барып, сүйек нақты Кенесары бамамыздікі ме анықтауды қажет ететіні анық. Осы мәселелер шешілсе бас сүйек елге келуі мүмкін.

Сіз Хан Кененің ұрпақтары туралы ізденіп жүрген азаматсыз. Айтулы тұлғаның кіндігінен қанша ұрпақ тараған және қазір олардың ішінде елге есімі кеңінен таныс кімдерді атар едіңі?

– Кенесары хан қаза болған оның екі әйелінен тараған сегіз ұл қалғаны тарихтан белгілі. Әкесінің азаттық жолындағы күресін оның балалары жалғастырады. Әсіресе солардың ішінде Жапар мен Сыздық сұлтандар еліміздің тәуелсіздік жолындағы күресін ерекше өжеттілік пен айбындылық және табандылық арқылы көрсетеді. Жапар мен Сыздық сұлтандардың мұндай қасиет тікелей арғы атасы Абылай ханнан қонса керек. Әкесінің қазасынан кейін, оның күрес жолын жалғастырған ұлы Жапар сұлтан болғандығын архив қорларында сақталған деректер растай түседі. Жапар Кенесарыұлы отарлық билікке қарсы шығып, тағдырының он сегіз жылын Сібір жерінде (Березов қаласында) айдауда өткізіп, одан қашып шығып, туған жеріне келгенде Жапардың әр басқан қадамы бақылауда болған. Әкесінің күрес жолын жалғастырған көкжал ұлы Сыздық сұлтан отарлық жүйеге қарсы жиырма жыл күрескен. Ал қалған ұлдары сол кездегі заман талабына сай Ресей билігін мойындап, бейбіт өмірге көшеді. Тайшық пен Ахмет сұлтандар зауряд сотник шенінде Ресей билігінде қызмет етті. Әубәкір, Омар, Оспан, Жәкей сұлтандар Жылыбұлақ болысына қарасты жерде тыныш өмір сүрді. Қазірде Кенесарының Жапар, Тайшық, Ахмет, Сыздық, Омар,Оспан, Әубәкірден тараған ұрпақтар Түркістан облысында тұрады. Кіші ұлы Жәкейден ұрпақ жоқ. Кенесарының үлкен баласы Жапардан тараған ұрпақ бүгінде Арыс бойында тұрса, Әбубәкірдің ұрпақтары Құмкент ауылында, ал Сыздықтың ұрпақтары Қызылкөл ауылында тұрады. Сыздықтың Сопыбек деген баласынан ұрпақ жоқ. Керімбек деген баласынан Мамеш, Әмзе. Мамештен Махамбет. Махамбеттен туған бір бала бүгінде Норильскіде тұрады. Әмзеден Берік, Сарыбас, Бақыт деген балалар тарайды. Зайт төреден ұрпақ жоқ. Сыздықтың Муса атты баласынан Ысқақ. Ысқақ 1890 жылы туған. Қарулы әрі палуан болған адам. 1955 жылы өмірден қайтқан. Жаманқытай деген жерде жерленген. Ысқақ Ұлы Отан соғысы кезінде шахтада жұмыс істеген. Ысқақтан Әбіл, Қабыл, Жақсылық деген үш ұл тарайды.  Әбілден Рахметолла, Зейнулла, Файзолла, Әбибулла. Әбілден тараған балалар бүгінде Жезқазғанда тұрады. Қабылдан ұрпақ жоқ. Жақсылықтың Ынтымақ, Нышанғали, Нұрғали атты балалары бар. Жақсылық 1942 жылы 5-ші мамырда туған. Жақсылық бүгінде Созақ ауданының Қызылкөл ауылында тұрады. Он баланың әкесі. Үш ұл, жеті қыз өсіріп тәрбиелеп отыр. Бүгінгі уақытта Кене ханның ұрпақтары «Атомпром» саласында және түрлі басқа да салаларда қызмет етуде.Оспаннан тарайтын ұрпағы Құрманғазы көп жылдар бойы Кентаудағы трансформатор заводында инженер болып қызмет еткен. Қазірде жеке кәсіппен айналысады.

– Танымдық әңгімеңізге рақмет!

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар