////

Ресей-Украина соғысының салдары бүкіл әлемді шарпи бастады. Британияда 1 сәуірден энергия қымбаттады

2351 рет қаралды
Ньюкасл қаласындағы жанар-жағармай құны

1 сәуірден бастап, Еуропаның біраз елінде газ және электрді тұтыну бағасы қымбаттап жатыр. Қазір Ұлыбритания басылымдары энергия бағасының қымбаттауы және оның елдегі қарапайым тұрғындардың тірлігіне әсері жайлы жазуда. 

Мәселен британиялық ВВС корпорациясы “Why are energy bills so high?” деген мақала жариялады. Онда елдегі 18 миллионнан астам отбасы энергия бағасының жылдық төлемі £693 фунтқа өскенін байқайды деп жазады. Яғни, британдықтар жылына энергия үшін £1,277 төлеп келсе, енді ол £1,971 фунтқа дейін көтерілген.

Материалда газ бағасының қымбаттауы тікелей Ресейдің Украинаға соғысы салдарынан болып жатыр делінбесе де, оның жанама әсері бар екендігі айтылады.

“Әлемдегі энергияның тапшылығы салдарынан былтырдан бастап баға күрт қымбаттай бастады. Дегенмен, Ресей Украинаға қарсы басқыншылық соғыс ашқаннан кейін бағаның күрт өскенін байқаймыз. Өйткені Ресей әлемдегі ең үлкен газ экспорттаушы держава. Ұлыбританияның тікелей Ресейден алатын газының көлемі айтарлықтай көп емес. Десе де, Еуропадағы газ бағасы Ресейдің газ тасымалына тәуелді болғандықтан, бүкіл әлем бойынша баға өсетіні анық” делінген мақалада.

inews.co.uk сайты да мақаланың атын “Неге энергия бағасы қымбаттап жатыр?” (Why are energy prices going up? Price cap rise explained and how much your bills are increasing) деп қойыпты. Аталған мақала әлемдік энергия бағасының қымбаттауының бірнеше себебін айтады.

2020-2021 жылдары Қытай мен Азияда газға деген сұраныс күрт артқан, оның үстіне Еуропаның суық қысы да газды көп тұтынудың бір себебі болса керек.  Азияда әсіресе сұйытылған табиғи газға деген сұраныс артқан, газдың бұл түрі теңіз арқылы кемемен тасымалданады, демек газ Еуропаның сұранысын қанағаттанарлық деңгейде жеткізілмейді. Халықаралық Энергия Агенттігі энергия бағасына Covid-19  әсері де мол болды дейді. Оның үстіне соңғы жылдары желдің азаюы энергияның жаңаланып тұратын қайнар көздерден алыну процесін азайтып, газға тәуелділікті арттырған. Бағалардың өсуі Ресейдің Украинаны басып кіргеннен кейін шегіне жетті. Ал мұнай бағасы 2014 жылдан кейін бірінші рет барреліне 100 доллардан асып кеткен.

ӘЛЕМ РЕСЕЙ ГАЗЫНА ҚАНШАЛЫҚТЫ ТӘУЕЛДІ?

Ресей Украинаға соғыс ашқаннан кейін әлем елдері Ресейге түрлі экономикалық санкциялар сала бастаған еді. Мәселен, АҚШ Ресейден импортталатын газға мүлдем тыйым салатынын айтса, Ұлыбритания жылдың соңына дейін Ресей газын айналып өтудің жолын таппақ. Ал, Еуропа Ресейден тасымалданатын энергия ресурстарының үштен екісін қысқартуды жоспарлап отыр.

Әлем табиғи отыннан гөрі баламалы энергия көзін ойлап табуды мақсат етуде. Дегенмен, бір нәрсе айқын Еуропа газ импортының 40%-дан астамын Ресейден алады. Егер Ресей газ тасымалдауды тоқтатса энергия бағасы шарықтап өсе беретін болады.

Дегенмен, Еуропа Ресейдің газына деген тәуелділіктен арылуды көздейді.  Катар, Алжир және Нигерия сияқты газ экспорттаушы елдерден газ алуға болатынын айтады. Алайда, оны бірден жолға қою мүмкін емес. Біраз дайындықты қажет етеді.

Ұлыбритания барлық газының 5% -ын ғана Ресейден алады, Америка Ресейден газ импорттауды тоқтатты.

Биыл жылдың соңына дейін Америка Еуропа құрлығына тағы да 15 миллиард кубметр газды теңіз арқылы кемемен тасымалдауға келісіп отыр. 2030 жылдың соңына дейін жылына қосымша 15 миллиард кубметр газды тасымалдап тұру көзделуде. Дегенмен, бұл Ресейден тасымалданатын газдың орнын баса алмайды. Сондай-ақ, балама энергия көздеріне иек арту да жоспарланып отыр дейді.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар