/////

Бақытбек Бәмішұлы: Британия күнделігі

5153 рет қаралды
1

15.05.2022.
 

БЕС САУСАҚҚА ІЛІНГЕН ҒҰМЫР
(Сәбит пен Сағиға)

11.05.2022ж. Астанадағы көп қабатты үйдің 8-ші қабатындағы терезесінен 3 жасар қыз бала құлап кетуге шақ тұрды. (Әлеуметтік желіден).

Жігітке жігер бермес құр насихат.
Бұл күнде кім бар дейсің көңілі шат.
Заманда өте зәру мейірімге,
Айтылар аңыз болып бұл ақиқат.

Бүлдіршін үш жастағы не біледі?
Көз жасы көк жаңбыр боп төгіледі.
Қабаттан сегізінші салбыраған,
Ілінген бес саусаққа өмір еді.

Тұрмысты төрдегілер бүркеп әлек,
Шіркін-ай, сөзі сұлу, ісі бөлек.
Қабатта сегізінші жабысып тұр,
Әйнекке қызыл шақа бір көбелек.

Заман ғой қу дүние тұрған қаусап,
Ізіңе әр бұрыстан басқан ау сап.
Жан шіркін кетпек қазір шырқап көкке,
Жақтаудан шығып кетсе балғын саусақ.

Мамалап шырқырайды шыбын жаны,
Құлай ма, құла құздан құлын-бағы.
Қарауға адам көзі төзбейді екен,
Жап-жаңа бәйшешектің жұлынғанын.

Бақайшық тіреліпті кенереге,
Қарысқан бес саусаққа дем бере ме?
Құс емес балапанын құзға тастап,
Жетісіп, мәз боламыз неменеге.

Келгендей қызғалдақты көшіп қырдан.
Әр түрлі жаратқан-ау есіп қылдан.
Жалама тасты жарып құз бетінде,
Секілді бәйшешектей өсіп тұрған.

Әрекет мынау емес жан қаларлық.
Қылығы жас сәбидің таңғаларлық.
Қандай күш, қандай тылсым құдыреті,
Жабысып магниттей тұрғаны анық.

Жем іздеп сорлы Ана кетті ме екен.
Шығарда жайлы ұйықта деп өпті ме екен.
Оятпай балапанын құзға тастау,
Дағды боп күнделікті кетті ме екен?

Жалаңдап ажал арсыз сумаңдаған.
Ажалдың аузында тұр туған балаң.
Білмейміз аздырды ма, тоздырды ма,
Қызыл бөз дүниені қуған заман.

Десе де сорлы Ананы кіналаман,
Кетсе де жүрген шығар жүрегі алаң.
Қарны тоқ, уайымы жоқ болса егер,
Қасында отырмай ма, есен аман.

Әкесі бар ма екен, жоқ па екен?
Сұм ажал тоқтар ма екен тоқта десем?
Тілімді аларына күмәнданам,
Ақысыз болған заман дос та бөтен.

Балапан құз бетінде тұр жабысып,
Төменде адамдар жүр құрақ ұшып.
Биіктен талай өзін тастай салған,
Өліпті дей салғамыз құздан ұшып.

Салдардың себебіне мән бермедік.
Заманым көк қағазға болған жерік.
Әлсіреу әлеуметтік әсері ме,
Өзінен жүргендер көп өзі жеріп.

Бұл күнде өлім деген «таныс ұран».
Суицид озық жүрміз «жарысынан».
Көк тиын адам жаны болған заман,
Бір дабыс тағы жетті жан ұшырған?

Демейік мұны тағы Тәңір сыны,
Шап-шақ тұр шытынауға тағдыр шыны.
Құс екеш құста құздан балапанын,
Жетілмей ұшырмайды қауырсыны.

Төменде екі-үш әйел жінігіп құр,
Шарасыз шыр-пыр болып түңіліп тұр.
Білініп көз алдыңда үзілері,
Сәби жан бес саусаққа ілініп тұр.

Бес саусақ бес минутқа шыдар ма екен?
Шақырған құз басынан ұлар ма екен?!
Құтқармақ келіп жетіп үлгіргенше,
Япыр-ай, мына құздан құлар ма екен?

Қарады сәби төмен қара жерге,
«Шық,- деді-ау,- күншуаққа,- сайтан зерде.
Ойнайсың асыр-салып, шапқылайсың,
Мінгендей атаң берген қарагерге».

Дүние тарылып тұр төккен астан,
Тағала қашан басар өкпені асқан.
Қарады жоғарыға сәби үміт,
Көкпеңбек үстіндегі тек көк аспан.

Қарады сәби төмен қара жерге.
Деді ме ме,- періштесі,- шайтанға ерме».
Жабыса түсті әйнекке бауырымен,
Малынып тұла бойы суық терге.

Төменде бір бала жүр дыздақ қағып,
Сәбидің әрекетін көзбен бағып.
Тілеген хас батырдай Хақтан қуат,
Төсіне тамған жастан моншақ тағып.

Түседі зау биіктен қандай салмақ?
Бала ғой жетелі өскен нақ саңылақ.
Ажалдан арашалап балапанды,
Қолына көрпе ұстапты тосып алмақ.

Көз жазбай жоғарыда балапаннан,
Айласы қапияда жанын салған.
Жүрегін жайып ұстап жастық етіп,
Айналдым тосып тұрған алақаннан.

Бір әйел «экшін фильм» түсіріп жүр,
Ішінде іңгәлаған кісілік жүр.
Көмегі қолдан келген осы болды.
Шығады көкірегінен күрсініп жыр.

Осы сәт екі жігіт тосын жайға,
Тап болды ақыл Арлы тосылмайды, ә?
Тұрмады жоспар құрып сосын қайла.
Жігіттің жігіттігі танылады,
Кісінің кісілігі осындайда.

Оралып, шырмалмады ойға кетіп,
Оңдырмас бүтіні аз, ой да кетік.
Салбырап құз басынан бір сәби тұр,
Зарыққан құлын даусы зорға жетіп.

Айнадай жарқыраған әсем құрылыс,
Тысталған тым әдемі іші қуыс.
Жабысқан жар бетіне жас сәбиді,
Көргенде қоя берді зарлап қу іш.

Атылды құз, биікке екі тарлан,
Бар еді істейтұғын қандай қайлаң?
Он минут, тоғыз минут, сегіз минут…
Кешіксе үзіледі сәби жалған.

Асылы адамзаттың Ана дейді.
Уақыт зымырайды, сана дейді.
Лақтай әлсіреген әлі құрып,
Сәби жан, әлсін-әлсін Мама дейді.

Жан даусы Анасына жетті ме екен?
Жарлының жалғызы боп өсті ме екен?
Қамауда құз басында қалған бала,
Жалғыздық тағдырына кекті ме екен?

Уақыт зымырайды… жеті… алты…
Тірліктің бүгілген шақ белден нарқы.
Көрмейтін шыбын шаққан құрлы жанды,
Күтіп тұр асқынғанды қандай талқы?

Сырғиды уақыт шапшаң нөлге таман.
Қаптаған әзірейіл қандай заман.
Сәбидің қыл үстінде тұрған жаны,
Қалса деп тілеу ғана есен-аман.

«Ат қостым, ат айдаушы айда деймін».
Ақанның есті зары жай ма деймін.
Істемей лифтісі қалды ма екен,
Қос жігіт кешікпес ед, қайда деймін?!

Секілді уақыт та тоқтап қалған,
Секілді тоқтап қалған топ-топ арман.
Ілінген бес саусаққа балауса өмір,
Күтіп тұр, қайдасыңдар, екі арлан?

Қанатты тұра алмас құс та былай.
Сәбидің ұлы өмірге құштарын-ай.
Бес емес, он бес минут қарысып тұр,
Бес сусақ қауырсынның ұштарындай.

Қорғап тұр қауырсынды қандай тілек,
Қанша уақ шыдас берер құйттай жүрек?
Былқылдап балғын белі жас шыбықтай,
Толқиды қолаң шашы құдды жібек.

Қос арлан құстай ұшып келді жетіп,
Қарсы алды тістей қатып темір есік.
Қос жерден құлыптаулы қыңқ етпеді,
Тұрмады екі арыстан есі кетіп.

Нәтиже шыға қоймас шегіншектен.
Шүріппедей шақпағынан кейін тепкен,
Атылып кірді ішке кергілеспей,
Жетінші қабаттағы келіншекпен.

Қимылы ылдым-жылдым қос арыстың.
Меңгерген сырын қашан мұндай істің?
Балконды ашып Сәбит қарады да,
-Тұр,- деді жанып оты мұздай іштің.

Балконнан сыртқа Сәбит қарғып шықты.
– Аяқтан, Сағи, шапшаң ұста мықы.
Шеш тездет, етігімді таяды екен.
Мелжемді Сағи сарт-сұрт ұтты, ұқты.

Айла мен адам күші теңеле ме?
Сұрақтар сатырлады: Неге, неге?
Өрмекші адамдайын кинодағы,
Жабысты Сәбит әне терезеге.

Тым қатал болды үкім мына сынақ
«Әйнек қой, көтере ме, қазір сынад?!»
Көрген жұрт көзін жұмды, құдай-айлап,
«Өлмесе игі еді,- деп,- өзі құлап».

Келешек кім сенеді бұл дерекке?
Кім білсін тегі асыл, түбі ерек пе?
Ер екен жүрек жұтқан, нағыз батыр,
Ел үшін жанын түйген шүберекке.

Жан екен тарамысты тіні жарау,
Сыртынан шын жүйріктей түрі жадау.
Еш қандай құралынсыз қорғаныстың,
Серпиді өр жүрегінің түгі бар-ау?!

Болса да қу тірлікте өмір қайғы.
Туса да жыр мекенде өңір майлы.
Болмады бүлдіршіннен басқа ойы,
Тіпті де ойламады өлім жайлы.

Толмаған кәмілетке төрт баласы,
Болмаған басқалқасы, баспанасы.
Өзінің бас қайғысы ұмытылған,
Сор менен жүріп жатыр бақ таласы.

Береді боздалаға жусан көрік.
Ал қоңыр ақша бетке сусар көрік.
Барады қаны солып қарағанның,
Қалардай, қос өлімге душар болып.

Жаңа еді, сұлу еді атқан таңы.
Не деген қатал тастай тағдыр заңы.
Ұшында бес саусақтың күлімдейді,
Бір, екі, үш секунттік сәби жаны.

Дәрменсіз, жұрт қой дейтін оны қорып.
Ал Сәбит тырмысты өрге қолын созып.
Жақтауы терезенің сықырлайды,
Неменен аяқталар мына жорық.

Сәбиттің енді жаны қыл үстінде,
Осылай жасалады қылмыс күнде.
Не болды құздан ұшса біреу үшін,
Төрт сәби, қараң қалып тұрмыс мүдде.

Жартасқа жабысып тұр өрмекші адам.
Осы жұрт санайды екен кімді надан?
Қадалған қасқа шыңға хас таңбадай,
Елестейд Сәбит көзге қайран қалам!

Өмірдің мәңгі қалар өшпесі не?
Ілесер ізгіліксіз өрт көшіне.
Сәбидің бір секунттік ғұмырының,
Сәбиттің жеті қолы өкшесіне.

– Қолыңды, қарашығым, жібер,- деді.
Осы еді сұм ажалдың күлер жері.
Сылқ етіп сәби түсті құшағына,
Ал ажал қағып қолын үлгірмеді…

Жұмысқа Сәбит, Сағи бара жатыр.
Ерлік деп ойлаған жоқ мұны пақыр.
Туымды қаңтарда да құлатпаған,
Туды ғой қазағымнан талай батыр.

Солардың Сәбит, Сағи бірі ғана.
Солардың арқасында Ұлы Дала!
Қарауыл ұшында да жүрген солар,
Оқтаған ту сыртынан жүзі қара!

Ерлікті дәріптеуге нарқым құмар.
Үкілеп аттарыңа тақтым тұмар.
Қазақтың көзсіз батыр дегендері,
Сәбит пен Сағидай-ақ болған шығар.

14-15.05.2022 ж. Англия. Ньюкасл.

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Abijat Raikhan
    Төгілте дастан жаздың батырларға.
    Назардан тыс қалмайды ақын барда.
    Кішкентай періштені құтқарды ғой.
    Адамның нағыз адам асылыда.
    Заманның мына қиын құзарлары.
    Әдейі жасалғандай шың құздары.
    Бейғамдық бұл өмірді көтермейді.
    Патшаның сарайында тұрсаңдағы.
    Әйтеубір жан періште аман қалды.
    Екі дос Қазағыма ардақталды.
    Қиынның қиясында жанын қиған.
    Қазақтың талай талай батырлары.
    Әрине ұлтқа деген асыл жүрек.
    Адамдар ізгілікпен өмір сүрмек.
    Санада сол ізгілік орын алса.
    Адамдар қиындықты бірге жеңбек.
    Қос батыр рахмет екеуіңе.
    Қазағың бағалайды Есіліне.
    Есілдер аман болшы әрқашанда.
    Қашанда пайдаң тисін Ел жеріңе.!
    Бауырым алыстағы Сәби,Сағи.
    Өмірде жүрмес жандар ұйықтап қалғи.
    Сергектік қағылездік бойларында.
    Үлгі етем жігіттерге сендерді ылғи.

    Ал мынау, Ақын, абыз, боз жездем Зуқай Шәрбақынұлының жекеме жазғаны екен оқырманыммен бөлісуді жөн көрдім.

    Бақытбекке, Толғау-жырыңды оқығанда.

    «Ньюкасл аспаны егілгендей,
    Ақынға әсер етті екен өмір нендей»-,
    Деп ойлансам өзім де мазаланып,
    Жырыңды оқып толқыды көңіл көлдей.

    Көрініп тұр сал шабыт шалқығаны,
    Ақынжаны мұндайда шарқ ұрады.
    Музасы кеп көңілді желпігенде,
    Поэма жазсам ба деп талпынады.

    Шалғайдан құлақ түріп дүрлік үнге,
    Жүргенің білемін ғой бір бүгін бе?
    Ақынның беделінің биіктігі,
    Халқының үн қосу ғой тірлігіне.

    Сәбидің зарлы үніне шырылдаған,
    Назар сап көп адамдар бұрылды оған.
    Қазақтың хас жүректі оғыланына,
    Сол сәтте-ақ құтқару ой туындаған.

    Тірлік боп шуақ шашқан тосын арман,
    Жас ұрпақ үлгі алса игі осылардан.
    Ағаның мейірбандық құшағына,
    Жетінші қабаттан-ақ тосып алған.

    Бұл күйді толғағандай толғағаның,
    Ісі деп қарамадың қол баланың.
    «Жас Алаш» қағып алып басып берсе,
    Гүлге орап үш тағдырдың арман әнін.

    Жайқалсын шабыт пенен бағыңда гүл.
    Бізді де солардайын сағына жүр.
    Жездеңнің шабытының қылын қозғап,
    Бұл жырмен тебіренттің тағы да бір.

    Көтеріп кетті халық бұларды шын,
    Қауымның кім қостамас ұнамды ісін.
    Ақын боп үн қосқаның үшін балдыз,
    Өзіңе пәк жүректен мың алғысым.

    Алматыдан кәрі жездең.
    21.02.2022ж.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар