/////

Бақытбек Бәмішұлы: Британия күнделігі

5804 рет қаралды

ҚЫЗДЫҢ АТЫ АВИАН, ҰЛДЫҢ АТЫ БАТХУЯГ ЕДІ

Әр түрлі жазбалар немесе бір көріп қалған көрініс ішінде адамға ой салатын, ой түбінде жатқан, ұмытылуға айналған ескі бір естеліктерді шым-шымдап суыртпақшылап суыра отырып, су бетіне алып шыққан маржандай жарқырата қоятыны болады.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының орта шені болу керек Ұланбатыр қаласынан Өлгейге – Баян-Өлгей аймағының орталығына «онгоц»-пен келдім. «Онгоц» деп жазып отырған себебім келген күннің ертеңінде Өлгейдегі Қазақ жазушылары бөлімшесі орналасқан бұрынғы Драма театрының арт жағында көсіле созылған аласа ақ тамның алдында ұстазым, жұмақ жырдың жұлдызы Кәкішті – Кәкей Жаңжұңұлын жолықтырдым. Іздеп барған асылым да осы кісі еді. Екеуіміз көк шарбақ қашаға сүйеніп тұрып амандасқан соң Кәкіш, «Оңғыспен келдің бе?» деп сұрады. Мен жауап беруден бұрын аң-таң болып бетіне қараймын. Кәкіштің ақ сары, тап-таза жүзінде ешбір қалжыңның, яки әзілдің қылдай да ізі жоқ.
Адами қатынастың ең әдемісі әзіл ғой. Етімді бұлдап, жиен болып қалжыңдасып көрген де жан емеспіз. Ондай ой, түсінік те болмаған. Ол – мұғалым, ұстаз. Мен – оқушы, шәкірт. Ал әкем екеуі бірін-бірі көрген жерден бірін-бірі іліп-қағытып, жылы-жұмсақ әзілдесіп жататынын талай көргемін. Алайда, аты ел аузына ерте ілінген, қазақтың қарымды ақынының аймақ қазақтарының жергілікті тіліне сіңіспеген сөзді қолданып тұрғанына таңырқап қалдым. «ЕҺі, самолетпен келдім» дедім. Өйткені біз, Баян-Өлгей қазақтары баяғыдан самолетті «сәмөлөт» дейтін едік қой. Бұл Байөлке деген қаймағы бұзылмаған қазақ елі емес пе? Мұнда тілдік проблема деген мүлде болмайтын. Тілдік проблемасыз жердің әрқашанда ұпайы түгел. Қазағы да, қалмақ-қалқасы да қазақша сөйлеп жүре беретін. Қазақ елінде, бөтен жұрттың ішінде өмір сүріп жүргендігін ешкім де сезінбейтін.


Біздің класта бір ұл, бір қыз – екі ұраңқай бала оқыды. Ұраңқайдың түбін ғалымдар түрік дейді. Тілін түркі тілдері тобына жатқызады. О заманда біз оны білмедік. Мұңғұл дейтінбіз. Кейін олардың мұңғұлдығы да мұтылып, сіңісіп кетті. Қызын – Авиан, ұлын – Батхуяг дейтін. Біз Авианды Әбән, Батхуягты Батқұйық дейтінбіз. Мұңғұл тілінде будда діні арқылы енген санскрит, тибет есімдер өте көп етек алғанымен төлтума өзіндік кісі аттары да жеткілікті қойылған. Мен айтып отырған Абиан-Әбеннің атын қазақшаласақ Әуез болады да Батқұйық дегеніміз Аймауыт деген сөз. Екеуі де бойшаң балалар. Әбән көзі бітік қарасұр, ал Батқұйық екі беті торсықтай сары бала. Өзі қиын қалжыңбас. Өзі қалжыңдаған соң оған да қарымта қалжың айту керек қой. 6- класта оқып жүргенде оған арнап Қинаят,
Отыр әне Батқұйық,
Екі беті батпиып,
Қарны ашып қалған ба?
Беріңдерші ас құйып,- деп тақпақ шығарыпты.

Қинаяттың қиянаты жоқ, қылжақ, сабаққа қырсыз, сотқар болатын. Сөз класс жетекшіміздің құлағына жетіп, ол ұлдарды түгел тізіп тұрғызып қойып ақ-қарасына қарамай шетімізден соқты. Сөйтіп бірдің әлегі мыңды әкетті. Кейін білдік тақпақты Батқұйықтың өзі жазып берген де, Қинаят оны өңдеп алған.
Әбен де, Батқұйық та көп баладан озық болды. Екеуі де сабақты жақсы оқыды. Батқұйық тарихты сөйлегенде біз аузымыздан суымыз шұбырып, аңқиып отырып қалатынбыз. Батқұйықтың әкесі мұжан-плотник-ағаш шебері еді. Біздің кластың укаскысын (укаска) сол кісі сүмбідей қып жонып, майдалап жасап беретін. Сол әдемі, ұзын укасканы байқаусызда талай рет сындырып, талай рет Түкеңе (Түпшінтөр – Еламан) жасатқанбыз. Сонда Түкең, «Сахилахгүй немелер» (Тәртіпсіз немелер) деп жымиып қойып, сап-сары жүзі қызыл күреңдеп барып ағаш таңдауға кірісетін. «Түсі қандай еді?» деп сұрайды. Біз жарыса «қызыл» дейміз. «Ә, онда көк сырмен» сырлап-бояп беремін дейді. Сөйтіп біздің кластың укаскісі бірде көк, бірде қызыл, ал бірде жасыл болып үнемі өзгеріп тұратын.
Ол кезде сегіз жылдық мектепті бітірген оқушылар оқу үлгеріміне қарай іріктеліп, он жылдық мектепке, техникумға, ТМС – учлищеге деп жан-жаққа тарап кететін. Батхуяг сегізінші класты бітіріп мұғалімдер мектебіне кетті.
Біз сегізінші бітірер жылы мұғалімдер техникумына бір бөліс келіпті, қазіргі тілмен айтқанда грант-квота. Сол аз ұлт өкілінің баласы ретінде Батқұйыққа бұйырыпты. Батхуяг екеуіміз де онжылдық мектепке барамыз деп жүретінбіз. Жаздыгүні әкесі Түпшінтөрді кездестіріп қалып Батқұйықты неге он жылдыққа жібермегенін сұрағанымда «елдің баласы хувиарға қолы жетпей жатқанда неге бармайды» дегені. Әлгі грант-квотаны «хувиар-бөліс» дейтін. Сөйтсем сол бөлістің өзін қолы жеткендер алады екен ғой. Батқұйыққа «арамыздағы аз ұлт өкілінің баласы» ретінде жергілікті әкімшіліктің шешім, ұйғаруымен әлгі жақсы бөліс бұйырса керек. Міне, қараңызшы, қазақтар өздері бір елдің ішінде аз ұлт өкілі ретінде өмір сүре отырып, «үлкен ұлт» болып, араларындағы басқа ұлт өкілдерінің тағдырына да бейжай қарамай, ала қойды бөле қырықпай шешім шығарып отырған екен. Сол Батқұйық мектебін бітіріп, туған жеріне түбегейлі оралып, өзі оқыған мектепте мұғалім болыпты. Қазір ең құрметті, қырық жыл қызмет атқарған, қазағына қадірлі қарт ұстаздың бірі көрінеді.
Сол кезде, бізге мектепте моңғол тілін шет тіліндей оқытатын. Ауылымызда аз ауыл ұраңқайлар болмаса басқа ұлт атымен жоқ. Қоғамдық орынның бәрінде қатынас қазақша. Ұзын бағынаның басына ілінген «саған қолай» – ақ табақ ғана күні бойы моңғолша сайрап тұрады. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары ғой, сол кездің мәңгі өшпес естелігіндей болып тоқсан мезгіл кездерінде сәңкуге (бухгалтерияға) кіріп барған шағымызда «зуун жаран таван цаасаа далан долоон мөңгөө» (жүз алпыс бес теңге жетпіс жеті тиын) деп сан-цифрларды әндетіп шот соғып отыратын әкелеріміздің әуені әлі күнге құлақтан кетпейді, сіңіп қалыпты.
Ал, Кәкей мұғалім мектептің завучы – оқу ісінің меңгерушісі болатын. Міне, кеше ғана өзі қолынан ұшырған, он үш жылдан кейін кейін туған жеріне оралып тұрған түлегінің мәтқапыда шалымды жауап бере алмайтынын сезді әрі онан әрі қысылдырмайын деді ме әңгімені басқа жаққа тез бұрып әкетті. Әбден мұнда, кейін түсіндім ғой, сонда Кәкей мұғалім маған «мұңғұлданып бара жатқан жоқсың ба?» деген екен ғой.
Онға жетпейтін жасымда Өлгей қаласына екі рет келгенім бар. Сондықтан Баян-Өлгейдің Бұлғынынан, менің туған жерімнен басқа өлкенің қыр-сыры маған кітап арқылы ғана болмаса тау-тасын аралап, өзен-көлін жағалап, табиғатын тамашаламаған жанмын. Баян-Өлгейдің жағырафиясын география сабағында жалпылама сипай қамшылап қана өткеніміз болмаса онда да жартымсыз, өзіміздікінен гөрі өзгенікі көп айтылатын, сондықтан да өз туған жеріміздің ақыны Кәкей айтатын «алтын-күміс араласқан топырағы мен арасан араласқан суына» қанықтығым шамалы болатын. Алайда туған жерге деген бөлекше махаббат одан алыстаған сайын зорайып өсіп, көктеп жетіліп, бара-бара күн құрғатпай көксеуге айналып, онсыз ғұмыр кеше алмайтын күйге жеткізетін бір ұлы құдырет ішімде пайда болған-ды. Сол құдырет күші туған жеріңді түнде түсіңнен шығармайды. Бұлғын су. Біздің үй. Біздің мектеп. Бөлек төбе… Қызыл көде, қызыл ат болып бірінен соң бірі тізіліп кете береді, кете береді. Бір түп ши, бір түйір тасына дейін көз алдымда. Күндіз көрім бір нәрсе көрсең соны туған жеріңнің бір дүниесімен салыстырып, салғастырып, теңестіріп, шенестіріп жүресің.
Мынау түрлі-түсті киінген, көк жазықта асыр салып, бірін-бірі қуалып ойнап жүрген бастауыш кластың әр түрлі түсті британ балалары мені баяғы балалық шағымның бір кезеңіне жетектеп әкетті.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар