////

Бізге идеология керек пе? Немесе идея еркіндігі дегеніміз не?

9565 рет қаралды

Жалпы Ұлттық идеология деген мәселе талқыланғалы 30 жылдың жүзі болды. Бірақ, әлі күнге дейін құрғақ сөзді сапырғаннан басқа одан нәтиже шығара алмай келеміз.  

Бастысы идеология деген дүниені сіз ешкімге күштеп таңа алмайсыз. Ол кешегі Советтер Одағынан қалған мұра. Біз плюрализм, пікір еркіндігі, идея еркіндігі туралы жиі айтамыз, сөйте тұра бір жетекші идеологияға бағынуымыз керек дейміз. Қараңыз, қазіргі қолданыстағы Конституцияның 5-бабының бірінші тармағында «Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әр-алуандылық танылады» деген сөйлем бар. Демек, біз идея еркіндігіне, пікір алуандығына жол береміз. Ендеше неге біртұтас идеология туралы тақырыпқа айналып соға береміз?

Ресей Федерациясы Конституциясының да 13-бабында «Ешқандай идеология мемлекеттік идеология бола алмайды» деген жазу бар екен. Ресей де кешегі СССР-дың заңды мұрагері ғой. Бұларда да мемлекеттік идеология құлады, елімізде ұлттық құндылықтар құлдырап кетті, азғындық басталды деген әңгімелер жиі айтылады. Бүкіл Ресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығының (ВЦИОМ) бас директоры Валерий Федоров «СССР тәжірибесі көрсетіп бергеніндей, идеологияны жоюдың ең тиімді тәсілі – оған мемлекеттік дәреже беру» деген пікір айтады. «Егер идеология мемлекет деңгейінде бекітілсе, біріншіден ол жалпыға міндетті болады, екіншіден бұл идеологиялық культтің жыршылары пайда болады. Үшіншіден, идеологиядан бас тартқандарды жазалау қолға алынады, төртіншіден, идеологияның өзі ең алғашқы көздегенінен жаңылып, адекваттылығынан айырылады, өлі дүниеге айналады» дейді ол.

фото: ашық дереккөзінен

Советтер одағы құлағаннан кейінгі ұран – идеологиясыз қоғам құру болғаны рас. Яғни, белгілі бір деңгейде идея еркіндігіне жол беру. Идея еркіндігінен демократиялық құндылықтар туындайды. Әртүрлі партиялардың болуы, бұқаралық ақпарат құралдарының түрлі көзқарасты ұстануы, әрі сол көзқарасты насихаттауы заңдылық. Кімнің идеологиясы тиімді, кімге дауыс беру керегін сол мемлекеттің тұрғындары өздері таңдауы керек. Өкінішке қарай, біздің сол таңдау еркімізге қол сұғылып келді.

«Идеология дегеніміз ақша», –  дейді Дэвид Хоукс  (David Hawkes) – «Идеология» деген кітабында. Нарықтық экономика барлық идеологияның басына су құйды, нарықтық экономикаға қарсы тұру, өзіңе, өміріңе қарсы тұрумен бірдей. Ақшаның билігі барынша жалпылық сипат алуға көшті. Біздің мәдени және психологиялық өміріміз ақшаға тәуелді болып қалды. Кезінде «экономика» саласынан тыс деп есептелінген өмір саласы бүгінде нарықтық идеологияның шырмауында қалды, – дейді ол.

Шын мәнісінде аса күшті идеологияны қолында билігі бар адамдар немесе ықпалы бар күштер жүзеге асырады. Кезінде аса ықпалды діндердің идеологиялық қару болғанын ешкім жоққа шығармайды. Қазір кейбір дін үстемдік ететін елдерде негізгі идеологияның әлі де дін екендігін ешкім жоққа шығармаса керек. Десе де, ғалымдар дін мен идеологияның екі түрлі құбылыс екенін айтады. Идеологияның пайда болу кезеңін де, жүзеге асырыла бастау сәтін де саясаттанушылар ХІХ-ХХ ғасырға тірейді. ХІХ ғасырды олар идеология ғасыры деп есептейді. Өйткені осы кезеңде «идеология» деген түсінікке жауап беретін идеялар жиынтығы пайда бола бастаған. Философтар идеологияны «жалған түсініктер» жиынтығы деп санайды. Г.В.Ф. Гегель адамдардың тарихтың құралы болғандығын көлденең тартады. Олар өздері түсінбейтін күштер тағайындаған рөлдерді сомдауға ғана шамалары жетті. Тарихтың мәні олардан жасырын болды. Тек мәселенің мәніне үңілуге философтың ғана шамасы жетті.

Қысқаша айтқанда, идеология дегеніміз – сенімдер жиынтығы, сол сенім арқылы адамдар өздерін өздері алдайды, олар соған алданады, әрі бұл туралы ойланады, толғанады, ал шын мәнісінде оның жалған түсініктер жиынтығы екендігі ешкімді толғантпайды. Дегенмен, Маркс еңбектерінде идеологияның шынайы теория екендігіне басымдық берілді дейді Джон бастаған авторлар. Жиырмасыншы ғасырдағы марксистер идеологияны көкке көтергені сондай марксизмді идеологияның өзі ретінде ұсынды дейді олар. Кейбір коммунистік елдерде «идеологиялық институттар» құрылды, сөйтіп партиялық философтарды партия идеологтары деп атады.

Советтік марксизм-ленинизм біріншіден тұрақты саяси билікке тікелей тәуелді болды; екіншіден, шамасынша қорғалды әрі «творчестволық тұрғыдан дамытылды», яғни жаңа жағдайға бейімделді; үшіншіден, монополияға ие болды; төртіншіден, заңдастырылды, бұл идеология мотивация бермеді; бесіншіден, ритуальды дүниеге айналды. Яғни, советтік идеология шынайы бейнесін жасырды.

1950 жылдары дүниеге келген «Қырғиқабақ соғысы» термині белгілі бір деңгейде идеологиялық шендесудің үлгісі болды. Коммунизм идеологиясы дүрілдеп тұрған шақта Батыстың «антикоммунизм» қозғалысы ерекше идеологиялық сипатқа ие болды.

Коммунизм де фашизм идеологиясы секілді жеңіліске ұшырады. Қазір әлемде жетекші екі идеология бар: либерализм және социализм. Либерализм Америка қоғамының негізгі жетекші идеологиясы саналады: бұл идеология индивидуализмге, өзіне деген сенімге, жеке жауапкершілікке, заң алдындағы теңдікке және шексіз билікке жол бермеуге шақырады. Ал социализм еркіндіктің, теңдіктің кеңеюін қолдайды. Ендеше екі идеологияның қайшылығы неде? Бұл жердегі қайшылық жекелеген еркіндік пен қоғам еркіндігінде жатса керек. Либералдар жеке бастың, адамның еркіндігін ешкім шектемеу керек десе, социалистер қоғамдық еркіндікті насихаттайды.

Шын мәнінде әркімнің бір идеологиясы бар, бірақ кімнің қолында билік бар, ақша бар соның идеясы жүзеге асады.

 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар