//////

Батыс Қазақстан облысында педиатрлар неге аз?

4005 рет қаралды
фото: Отырар
Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Батыс Қазақстан Денсаулық сақтау ұйымдарының жұмыс күшін ұстау үшін ең көп қаржы жұмсаған өңірлердің бірі болды.  Сонымен қатар, облыста мемлекет бюджеттен жас педиатрлардың көші-қон шығындарына біршама қаржы бөлінеді. Дегенмен облысқа жас педиатрлардың келуі бәсеңдеп, 5 жасқа дейінгі балалардың өлім деңгейі өсіп барады

Біздің кейіпкеріміз Айша Абирова есімді ана баласын көрсету үшін ауылдан қалаға қатынауға мәжбүр болғанын баяндайды:
– Қызым екі жаста. Жазда қарбыз жеген. Сосын іші өте бастады. Мүмкін жас болып, бала туралы сауатым болмағандықтан ба, мән бермедім. Үй мен мал тірлігінің артынан жүре беріппін. Үшінші күні үйге ағам келіп, «мына қызға қарамайсың ба?» деп ұрысты. Қызым боп-боз болып кеткен. Ауылдан қалаға жұқпалы аурулар ауруханасына келдік. Қызымды дереу реанимацияға алып кетті. Дәрігерлер жағдайының тым нашар екенін айтты. Сол уақыттан кешке дейін реанимациядан бір хабар күттім. Бір кезде медбике сізді реанимацияға шақырып жатыр дегенде қуанып кеттім. Екі аптадай ауруханада жатып, жазылып шықтық.

Бірақ барлық ана мен бала бұлай уақытылы көмек ала бермейді. Балалардың көбінің бес жасқа толмай көз жұмуының себебі де осы. Бұл проблеманы дәрігерлердің жетіспеушілігімен байланыстыруға болады. Сол себепті осы тақырыпқа назар аударып, соңғы уақытта 5 жасқа дейінгі балалардың өлімі артып бара жатқан Батыс Қазақстан облысын зерттеу объектісі ретінде алып, мәселенің тереңіне үңіліп көрдік.

ПЕДИАТРЛЕР ЖЕТПЕЙДІ, АЛ БАЛА ӨЛІМІ АЗАЯР ЕМЕС

Дәрігерлердің жетіспеушілігі балалардың дер кезінде дәрігерге қарала алмауына әкеп соғады. Сарапшылардың пікірінше, дәрігерге дер кезінде қарала алмаған балалардың жағдайы ушыға береді. Қазақстан ЮНИСЕФ өкілдігінің ақпаратына сәйкес, бес жасқа дейінгі бала өлімінің негізгі себептері ретінде пневмония мен диарея жиі кездеседі екен. Сондықтан бұндай жағдайда барынша тез медициналық көмек алған жөн.

 Ресми статистиканы саралау нәтижесінде: балалар өлімінің көрсеткіші соңғы төрт жыл бойы өсіп келген – 2017 жылы облыста 5 жасқа дейінгі балалардың өлім саны 111 болса, 2020 жылы 149 бала қайтыс болғандығы белгілі болды. Әрі бұл тренд Қазақстанның әр облысына тән. Яғни, медицина дамып, технология жақсарғанымен балалар өлімі азайғанның орнына артып отырған. Соған қарамастан соңғы төрт жыл бойы Батыс Қазақстан облысындағы 10 000 адамға шаққандағы медициналық персоналдың саны артпаған. Яғни, дәрігерлердің көмегі қажет адам саны артқанымен, оларға уақытылы көмек беретін дәрігер саны өзгеріссіз қалып отырған.

ҚАРЖЫ АРТҚАНЫМЕН, ПРОБЛЕМА ШЕШІЛМЕГЕН. НЕГЕ?

Облыс басшылығы қалыптасқан проблеманы шешу мақсатында денсаулық сақтау ұйымдарының жұмыс күшін ұстауға жұмсаған шығыстарын жыл сайын арттырып отырған. 2017 жылы осы мақсатта 23 миллион теңге жұмсалса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 37 миллион теңгеге дейін жеткен.

Алайда жас дәрігерлер облыста ұзаққа тұрақтамайды – денсаулық сақтау саласының сарапшылары бұл үрдісті жалақының аздығымен байланыстырады.  Сонымен қатар, Денсаулық министрлігі жанындағы денсаулық сақтау саласын дамыту орталығының директоры Қанат Төсекбаев ресми брифингте дәрігерлердің жұмыстан кетуінің негізгі себептерінің бірі ретінде олардың шет елдерге көшуін айтып өткен болатын. Жалпы алғанда 2017 және 2020 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысынан 147 дәрігер көшіп кеткен.

Қазіргі жағдай қандай?

Аноним болып қалғысы келген емханалардың біріндегі кадр бөлімінің басшысы қажет дәрігерлерді жұмыспен қамту орталықтарынан іздейтінін айтты. Бұл орталықтарға емханаларға вакантты орындардың тізімін береді, кейін дәрігерлер түйіндемесін алып жұмысқа орналасуға келеді. Алайда бұл да дефицитті жоюға қатты көмектеспейді. Enbek.kz электронды еңбек биржасындағы ақпаратқа сүйенсек, қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысында дәрігерлер үшін 107 аса қажетті вакансия бар.
Денсаулық саласындағы сарапшы, педиатр дәрігер Айгүл Айбекқызы (есімі өзгертілген) бұл проблема туралы ойын төмендегідей топшылайды:
– Дәрігерлердің жұмысы қиын, жауапкершілігі көп. Жалақы соған сәйкес болса ғой. Алайда жалақы аз. Сондықтан келушілерден гөрі кетушілер көп. Көптеген жас педиатр дәрігер де осы себепті қызметтерін тастап кетеді. Дәрігер мамандығына түскен студенттер оқуын бітірген соң, басқа саланы меңгеріп кетеді екен. Ал бұл дәрігерлер арасындағы жетіспеушілікке әкеліп соғады. Көп ауруханада әр дәрігерді бірнеше учаскеге бекітіп қояды. Оның үстіне қазір бар жауапкершілікті де дәрігерлерге артып қойған. Не болса да дәрігер кінәлі. Бірақ бала үшін ең бірінші жауапты адам ата-ана екенін де айтқым келеді. Баланың қасында үнемі жүретін де сол кісілер. Ата-ана уақытылы қимылдап, сол кезде уақытылы қажетті көмек көрсететін дәрігер болса көп нәрсенің алдын алуға болады…

АЛ ЖАЛПЫ ҚАЗАҚСТАНДА ЖАҒДАЙ ҚАЛАЙ?

Балалар дәрігерлерінің жетіспеушілігі бүкіл Қазақстан бойынша байқалатынын айта кеткен жөн. 10 000 адамға шаққанда 14 жасқа дейінгі балаларды қарайтын педиатрлар саны 2017 жылы 10,3 болса, 2020 жылы 9,5-ке дейін төмендеген екен. Педиатрлардың азаюы балалар арасында аурудың да артуына алып келіп отыр. Бұны келесі статистикадан байқауға болады: 10 000 адамға шаққанда 14 жасқа дейінгі балаларға арналған аурухана төсектерінің саны 2017 жылы 18 563 болса, 2020 жылы 20 899-ға жеткен. Байқап тұрғанымыздай, ауруханаға жатқан балалар саны артқан, ал педиатрлар саны кеміген. Бұл еліміздің әр өңіріне де қатысты маңызды мәселелер қатарында.
Сонымен қатар, емделушілердің дәрігерге жазылу процесі жеңілдесе деген тілегі бар. Орал қаласының тұрғыны Камшат Рахманкулова:
– Ең қиыны, дәрігерге жазылу, Damumed-пен немесе қоңырау шалып жазыла алмаймыз. Күніңнің бір бөлігін арнап, емханаға барып жазылуың керек. Қоңырау шалсаң алмайды. Жазылсаң да, ол жерде өз уақытыңмен емес, келген кезекпен кіресің. Тағы бір қиындығы, педиатр дәрігер мен оның медбикесі екі түрлі кабинетте отырады. Балам ауырып қалса, кезекте күтіп педиатрға кірсем, одан шығып медбикесіне тағы да кезекте тұру қажет болады. Осылайша бір күніміз кезекте тұрумен өтеді. Ал ауырып тұрған баламен бұл жағдай өте қиын. Емханада қабылдау жүйесі дұрыс реттелмеген, – деп мұңын шағады.

Мақаланы дайындағандар: Шұғыла Есенгельдиева және Қуаныш Жұбандықов,
Suleyman Demirel University 1-курс магистранттары

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар