////

Қоғам белсенділері Ақ Ұлпа аналары ҚБ орталығын тексеруді талап етеді

3012 рет қаралды
1
фото: ашық дереккөзінен

Жақында total.kz және inbusiness.kz  сайттарында қоғам белсенділері Шығыс Қазақстан облысының “Ақ ұлпа” қоғамдық бірлестігін  тексеруді талап ететіндігі жайында мақалалар жарияланды. 

Айтуынша, “Ақ ұлпа аналары” қоғамдық бірлестігі Шығыс Қазақстан облысында тіркелген және сол өңірдің әлеуметтік осал топтарына мемлекеттік сатып алу аясында қызмет көрсетеді. Қоғам белсенділерін толғандырып отырған негізгі мәселе – аталған бірлестіктің төрайымы Анар Сүлейменованың кезінде алаяқтық бойынша сотты болғандығы.

Мемлекеттік сатып алу порталының деректеріне сәйкес, 2020 жылдың қараша айында Тапсырыс беруші — ШҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен жеткізуші — “Ақ Ұлпа аналары” ҚБ арасында — көп балалы, аз қамтылған және толық емес отбасыларға 3,7 миллион теңге сомасына әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуді қамтамасыз етуге жәрдемдесу жөніндегі қызметтерге шарт жасалған. 2021 жылғы наурызда-көп балалы, аз қамтылған, толық емес отбасылар және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар арасында 1,4 миллион теңге сомаға әлеуметтік қызметтер алуда консультация беру және цифрлық, құқықтық сауаттылықты арттыру жөніндегі қызметтерге арналған шарт. 2021 жылғы тамызда-әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағылар үшін қауіп төндіретін аурулардың салдарынан өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге шамамен 14 миллион теңге сомасында. Барлық сатып алулар Тікелей шарт жасасу арқылы бір көзден алынды. Құжаттарға ШҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Сұлтанова қол қойды (бұл қызметте ол 2020 жылдың наурызынан бері).

Портал деректеріне сүйенсек, “Ақ ұлпа аналары” 2020 жылы құрылған және сол жылы порталға тіркелген. Тіркелісімен алғашқы тендерін ұтып алған.

Алайда ерекше күтімді қажет ететін балалардың мұқтаждығын өте үшін мемлекеттің әлеуметтік тапсырысын ұтып алып отырған орталықтың соған сай жағдайы да болуы керек қой. “Әділдік жолы” РҚБ Шығыс Қазақстан филиалы бұл орталықтың ісіне көп балалы аналардың көңілі толмайтындығын айтады.

“Бізге көп балалы аналардан шағым түсті,- дейді “Әділдік жолы” РҚБ Шығыс Қазақстан филиалының басшысы Әділ Пшенов. — 2022 жылдың 17 мамырында мен журналистермен бірге “Ақ Ұлпа аналары” қоғамдық бірлестігіне конкурстық техникалық ерекшелікте жазылғандарға көрсетілген қызметтердің сәйкестігін көру үшін бардым. Үш кабинетке кірдік, өзгесіне кілттерім жоқ деп кіргізбеді. Массаж кабинетінің жетекшісі де, қызметкері де болды, менің ойымша, оларда кілт болуы керек. Бұл қоғамдық бірлестік, ол ашық болуы тиіс. Бұл жабық ЖШС емес. Бұдан басқа ШҚО бойынша мүгедектігі бар отбасыларға әрқандай әлеуметтік қызмет көрсету бойынша мемлекеттік тапсырысқа қатысып, ұтып алған «Мархабат» ҚБ, «Алтын-ай» ҚБ орталықтарын да тексеру туралы өтінішті прокуратураға көктемде жібердім. Әзірге жауап келген жоқ”.
Әділ Пшеновтың айтуынша, техникалық ерекшелікке сәйкес, жеткізуші психологиялық, әлеуметтік, консультациялық-құқықтық көмекпен 300 адамды қамтуға, білікті мамандарды штатына және қызмет көрсету үшін тиісті жабдықтарға ие болуға тиіс. Алайда, ол ғимаратта қызмет алушыларды да, әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын адамдармен жұмыс істейтін білікті кадрларды да көрмеген.
Былтыр  ұтып алған 14 миллион теңгенің лоты үш айда игерілген. Сатып алудың техникалық ерекшеліктеріне назар аударсақ, “Бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау, соның ішінде интернет желісінде, өз сайтында немесе мақсатты топтар арасында танымал сайттардың бірінде хабарландыру-шақыруларды орналастыру” деген талаптар бар. Алайда іздеу тораптарынан бұл орталықтың атқарған жұмыстары жөнінде ақпарат таппадық.

«Ақ Ұлпа аналары» ҚБ директоры Сүлейменова Анар Абетайқызы 2014 жылы алаяқтық үшін бес жыл және алты ай мерзімге сотталды және Қазақстан Республикасынан тыс жерге шықпауға тыйым салынған борышкерлер тізімінде тұр. Қарыз сомасы – 6 миллион теңгеден астам” – делінген «Әділдік жолы»  РҚБ Шығыс Қазақстан филиалының басшысының ШҚО прокуроры Алмат Байшолақовтың атына жазған шағымда.

Қоғамдық белсенділерді алаңдатып отырған тағы бір мәселе үш жылға арналған 51 миллион теңгенің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы. 2022 жылдың сәуір айында ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы “Ten Qogam “мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау және көп балалы және аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік-психологиялық қолдау орталығы” мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша сатып алулар туралы хабарландыру жариялады. Сатып алу сомасы – 51 миллион теңге. Қызмет көрсету мерзімі-шартқа қол қойылған сәттен бастап 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін. Жобаның мақсаты — мүгедектігі бар адамдарға, мүгедек балалар мен жасөспірімдерді (АИТВ, БЦП, аутизм, қант диабеті және т. б.) тәрбиелеп отырған отбасыларға, көп балалы және аз қамтылған отбасыларға психологиялық, әлеуметтік, заңгерлік және ақпараттық-консультациялық көмек көрсету; жұмыспен қамту, іздеу саласындағы әлеуетті арттыру және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, мүмкіндігі шектеулі адамдарды оқыту. Қоғамда тиімді бейімделу мақсатында мүгедек адамдарды тұрмыстық және әлеуметтік дағдыларға оқыту. Алайда, сатып алу өтпеді деп танылды, өйткені оған тек «Ақ Ұлпа аналары» ҚБ қатысты.

Айта кетейік, өңірлік БАҚ-та Анар Сүлейменованың басшылығымен “Жанұя” отбасын қолдау орталығы және «Ten Qogam» сияқты жобалар жұмыс істейді деп жазады. Ал жарияланған сатып алудың техникалық ерекшелігіне назар аударсаңыз, бұл сатып алу “Тең қоғам” ұйымына арналып жазылған ба деген күдік туады. “Тең қоғам” әлі жеке ұйым болып тіркелмеген, ЖСН алып үлгермеген. Сондықтан да, ол жобаларды жүзеге асырып отырған “Ақ ұлпа аналар” бірлестігі осы талапты орындайтын секілді.


ШҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылығы үш жылдық лотқа сатып алуды неге жариялағаны белгісіз. Жуықта Семей қаласы Абай облысы болып бөлінеді. Ведомство басшысы Альмира Мусинова іссапарда жүргенін айтып, жағдайға түсінік беруден бас тартты.

Айта кету керек, 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасын Жасұлан Сәрсебаев басқарды, қазір ол ШҚО ішкі саясат басқармасының басшысы. 2021 жылдың қараша айында оның орнына Өскемен қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы қызметін атқарған Альмира Мусинова келген..

Алайда, қоғамдық бірлестіктің қызметі тек қоғамдастықтардың ғана назарына ілінген жоқ. «Ақ Ұлпа аналары» ҚБ басшысының жұмысына халықтың әлеуметтік осал топтарынан өңір тұрғындары да наразы. Олар бұл туралы бірнеше рет айтқан, бірақ жергілікті билік басшылары оларды тыңдағысы келмейді дейді.

“Міне, бізде 177 адамнан тұратын топ бар. Көбісі оған (Анар Сулейменоваға ред.) қарсы. Біз көптеген шағымдар жібердік. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне де жүгіндік. Қазір Президент Әкімшілігіне дейін хат жазып жатырмыз. Біз оның мүдделерін кім қолдайтынын сұраймыз. Сонымен қатар, оның ақылға сыймайтын өткенін ескерсек, ол бір баппен екі рет сотты болған деп жазып жатыр. Мұндай адамдардың қолына біздің құжаттарымыз түспеуі тиіс”, – деп есептейді ШҚО тұрғыны Салтанат Толыбаева.

“Біз оған көп балалы аналарды басқару құқығын кім берді деген мәселені көтердік. Мұрат Күржікаев (Семей қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы — ЕСК. Total.kz) жауап берді: оны сіздер, аналар, өздеріңіз таңдап алғансыздар деп айтады. Бірақ біз оны таңдамадық. Біз оның істеп жатқан жұмысын көрмейміз”, – дейді Семей қаласының тұрғыны, көпбалалы ана  Әсел Қарамсақова.

Қазіргі уақытта қоғамдастықтар ШҚО прокуратурасына «Ақ Ұлпа аналары» ҚБ ғана емес, халықтың әлеуметтік осал топтарымен жұмыс істейтін басқа да қызмет көрсетушілердің қызметін тексеру және бюджет қаражатының нақты неге жұмсалып жатқанын білу талабымен шағым жолдады.

Жұлдыз Ақтанжанова, 

ШҚО

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. […] Бұдан біраз уақыт бұрын «Мінбер.кз» сайты «Ақ Ұлпа аналары» қоғамдық бірлестігінің жұмысына қоғам белсенділері мен аналардың наразы екендігі  туралы мәселе көтерген еді. […]

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар