Оқ пен оттың ортасында 1 жыл 5 ай жүрген ауған соғысының ардагері Жаршанов Қанат Әлімжанұлы, өз еліне Қазақстанға аман-есен оралған еді. Ел намысын қорғап, оққа ұшқан жанкешті жауынгердің аман келуі бақ па дерсіз. Оған дәлел денесіндегі оқтың ізі. Отбасын құрып, сәби сүйген от кеуделі өр азамат ажалын судан тапты. Ардагердің арынды оқиғасын тыңдау мақсатында Мінбер тілшісі ардагердің туған ауылы Алматы облысы, Ескелді ауданы, Алдабергенов ауылына бет бұрды.
“Балам Қанат 1969 жылы Алматы облысындағы шалғайдағы Мұқаншы ауылында дүниеге келді. Шіркін-ай өте сабырлы, биязы жан еді. Оқуды үздік тәмәмдап, әскерге аттанды. Әскерде жүріп ары қарай соғысқа алып кетті. Баламды айдаһардың апанына жібергенімді ұқсам да, амал нешік, Отан алдындағы міндет бірінші орында тұрды. Бірнеше күн, бірнеше түн, сансыз апта, шексіз ай ұлымды көрмедім. Тек терезенің түбіндегі радиодан хабар алып отырдық. Ертең елге оралады дегенді естігенде төбеміз көкке бір елі жетпей қалды. Ауылда жағдайы бар отбасыларда ақ-қара теледидар болатұғын. Менің көкем де соның бірі болды. Әскерлер ұшаққа мініп жатыр, қайтқалы жатыр дегенді естіп жаңағы теледидарға ұмтылдым. Барсам шынымен де әскери жігіттер біздің елге келетін ұшаққа мініп жатыр екен. Тікелей байланыста көрсетіп жатыр. Арасынан Қанатқа ұқсайтын жас баланы таптым. Түрін көрсетер емес, бірақ артынан дәл ұлым екенін ұқтым. Жігіттер ұшаққа мініп болған соң ,есігін жауып, ұшақ қозғала бастады. Қуанышымда шек жоқ қой шіркін. Қуана бергенім сол еді, әлгі ұшақ көз алдымызда тас талқан болды. Жаудың тұзағы баяғы. Етегім жасқа толды. Ел мені жұбатып әлек, бірі қимай егілсе, бірі түсінбей дал. Солай екі күн өте шықты, бүгін денесі келіп қалар деп өзімізше дайындық жасап жүрміз. Жүрегімдегі жүкті жүзім де жасыра алар емес. Бір сәтте ғажайып басталды. Менің арыстаным кіріп келді есіктен, кешегі ұшақта жарылып кетті деген ұлым сап-сау, аман-есен тұр. Пендемізғой, көзіме көрінген баланы ұлым деп ұғыппын. Барлығымыз мәре-сәре болып тойлатып жаттық. Уақыт зымырап өте берді. Орда бұзар жасында ұлым отбасын құрды, ал 31 жасында әке атанды. Бұдан артық қандай бақыт керек адамға? Бірақ бақытымыз ұзаққа бармады. Балам ажалын судан тапты”- дейді ардагердің анасы Бертаева Күлбан көзіне жас алып.
“Әкем тамаша жан еді, мен үшін барын беруге дайын жүретін. Үнемі жұмсақ мінезімен айналасын баурап алатын. Әкем 2011 жылдың жаз мезгілінде, маусым айында жұмыс істеуге Алакөл ауданына аттанды. 26- шілде күні үй телефонына хабарласты. Әлі есімде бар, мен келе жатырмын, бүгін қайтамын деді. Қуанышым қойныма сыймады. Себебі әкемді 2-ай көрген жоқпын, сағындым. Кешке қашадан кіріп келеді деп күтіп жүргенімде, басқа біреудің бейнесін көрдім. Түсі сұр, бейнесі суық. Үйге кіріп кетті. Бірер минуттан кейін әжемнің айқайлап жылаған даусын естідім. Не бәрі 11 жасымда әкесіз қалдым.” -дейді ардагердің жалғыз қызы Әлімжанова Аяулым Қанатқызы.
Парақшамызға жазылыңыз