////

Тең мүмкіндіктер әлемі балаларға күлкі сыйлайды

2585 рет қаралды

«Дүниедегі ең үлкен бақыт – өз балаңның күлкісін көру!», – деп бастады әңгімесін «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының басшысы Нұргүл Ұлжекова. Нұргүл Қазақстандағы мүгедек балаларға арналған бейімделген дене шынықтыру мен спортты дамыту саласына зор үлесін қосып келе жатқан тұлға.

«Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасы – бұл Қазақстанда бейімделген дене шынықтыру мен спортты дамытуға, оның ішінде мүгедек балаларға арналған интеграцияланған нысандағы спорт секцияларының желісін құру арқылы жәрдемдесу жөніндегі шаралар кешені. Жоба 2017 жылдан бастап жүзеге асырыла бастады.

Қазақстанда денсаулық жағдайында ауытқуы бар балаларға арналған спорт секцияларының  жетіспеушілігі – бұл жобаны құру идеясына бастайды.  Оған басты себеп  дене шынықтыру бойынша бейімделген білікті мамандардың, сондай-ақ, қосымша білім беру жүйесінде мүгедек балалармен жұмыс істеу бойынша оң спорттық тәжірибенің болмауы.

– 2016 жылы барлық спорт ұйымдары ерекше балалармен жұмыс істеуден бас тартқан кезде, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар өз балаларына бейімделген спорт секциясын құру үшін Қор ашуға бел буды. Бұл адаптивті каратэ секциясы болды, онда церебральды сал ауруы бар, есту қабілеті нашар, ақыл-ой кемістігі бар балалар, сондай-ақ олардың дені сау бауырлары болды. Міне, осылайша Қазақстанда балаларға бейімделген алғашқы спорт секциясы пайда болды»,- деп әңгімесін жалғастырды Нұргүл.

Қоғамдық қор басшысының айтуынша «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасын әзірлеуге балаларға көмектесу, олардың мүмкіндіктерін кеңейту мақсаты негіз болған. Жоба демеушілер мен серіктестердің қолдауының арқасында мүгедектіктің әртүрлі нысандары бар балаларды бүкіл ел бойынша тұрақты спортпен айналысуға тартуға жүйелі түрде көмектесе бастаған. Сөйтіп, Нұр-Сұлтан қаласында ТОО «MYD PRODUCTION» демеуші және «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры бас серіктес болып «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының басшысы Нұргүл Үлжекова әзірлеп ұсынған «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасы іске қосылған.

– Алдымен елордада бейімделген каратэ секциясы пайда болды, оған БЦП диагнозы бар балалар қатысты, – дейді Нұргүл. – Кейіннен басқа спорт түрлері бойынша да секциялар ашыла бастады. Онда балалар аутизм, Даун синдромы сияқты басқа диагноздармен, сөйлеу дамуының кідірісімен, есту, көру қабілетінің бұзылуымен келе бастады. Барлық сабақтар топтық болды. Бұл сабақтың ерекшелігі ­– ерекше балалармен бірге олардың әпке-ағалары, іні-қарындастары да айналыса алады. Нұр-Сұлтанда біздің секциялар оқушылар сарайларында, параолимпиадалық жаттығу орталығында, Haileybury Astana халықаралық мектебінде, Space Fitness фитнес-клубтарында, «Фламинго», «Барыс-Арена» жүзу бассейнінде, «Замандас» аула клубында ашылды. Бұлардың барлығы біздің әлеуметтік серіктестеріміз, олар өз алаңдарында сағатты ақысыз негізде ұсынады. Біз өз кезегімізде білікті мамандармен жаттығу сабақтарын өткізуге міндеттенеміз. Біз оны серіктестіктің әлеуметтік моделі деп атаймыз», – деп Нұргүл өзінің әлеуметтік саладағы тәжірибесі туралы да айта кетті.

Бейімделген дене шынықтыру (ҚҚҚ) бойынша алғашқы қазақстандық оқу құралдарының, сондай-ақ ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балалар үшін бейімделгіш спорт түрлері бойынша 6 дене шынықтыру-спорттық бағдарламасының әзірленгені маңызды. Оқу материалдарын ҚР БҒМ Республикалық оқу-әдістемелік кеңесі мақұлдаған.

2019 жылы Қазақстанда алғаш рет Л.Гумилев атындағы ЕҰУ базасында халықаралық сарапшылар мен ҚР өңірлерінен келген 320 тыңдаушының қатысуымен Бейімделген дене шынықтыру бойынша I Халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. «Дене шынықтыру» мамандығы шеңберінде Бейімделген дене шынықтыру бойынша білім беру бағдарламасы әзірленді. Сонымен қатар, дене шынықтыру мамандарын даярлау аясында кейбір университеттер білім беру бағдарламаларына «ҚҚҚ теориясы мен әдістемесі» пәнін енгізді және жоба аясында әзірленген ҚҚҚ бойынша оқу-әдістемелік қолдау осы университеттер үшін өте маңызды.

– Бейімдік спорт – бұл ең алдымен денсаулық жағдайы бойынша шектеулері немесе менталдық бұзылыстары бар бала барынша мүмкіндіктерге қол жеткізуге ұмтылатын, сақталған функциялары есебінен өзінің спорттық техникасын жетілдіретін жарыстық іс-әрекет, – деп түсіндіреді Нұргүл Ұлжекова. Ол 2019-2020 жылдардағы жұмыс нәтижелері жаттығудың жоғары тиімділігін көрсеткенін атап өтті. Осылайша, қатысушылардың 97% – ы үйлестіру қабілеттерін жақсартқан, 95% – ы төзімді болған, 75% – ы икемді болған, балалардың 65% – ы күшейе түскен, ал 54% – ы ептілігін арттырған. Жобаның көптеген қатысушылары халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр екен.

Ата – аналар өз кезегінде балалардың әлеуметтік дағдыларының жақсарғанын байқайды. Олар көпшіл және тәуелсіз болады. Сонымен қатар, балалар зейінінің шоғырлануын арттырады, тәртіпті, есте сақтауды және тіпті сөйлеуді жақсартады екен.

– Ұлымның диагнозы – «ақыл-ой кемістігі». Біз адаптивті таэквондо және бочча секцияларына екі жылға жуық уақыт бардық. Нәтижелері таңқаларлық», – дейді 14 жастағы Нариманның анасы. – Бұл оның спорттық дамуына ғана емес, жалпы жағдайына да әсер етті. Ол белсенді, мұқият болды. Жақында 15 минут ішінде құрлықтар мен мұхиттарды біліп, бәрімізді таң қалдырды. Маған сенуіңізге болады, бұл біз үшін үлкен жетістік.

Жоба бір орында тұрмайды және өсуді жалғастыруда. Елордадағы шағын секциялардың ішінен жоба біртіндеп Қазақстан қалаларының бірінен соң бірін жаулап алып, желіге айналуда. 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап «Саламатты болашақ» бағдарламасы ҚР өңірлеріне тарала бастады. Жоба аясында Қарағанды облысында, Павлодар мен Шымкентте бейімделген спорт секциялары ашылды.

Көбінесе бастамашы болатын ерекше балалардың ата-аналары. БАҚ пен әлеуметтік желілерде жобаның сәттілігі мен ілгерілеуін бақылай отырып, олар бейімделген спорт бойынша секциялар ашуды өтініп, жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасауға көмектеседі. Павлодарда бейімделген жүзу, инклюзивті хореография, бейімделген футбол және бочча секциялары жұмыс істей бастады, оған 50 бала қатысады.

Бапкерлердің өздері бастамашы болатын мысал бар. Мысалы, Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепте осы мектепте оқитын 10 мүгедек баланы қамтитын бочча секциясы басталды. Шымкентте бейімделген дзюдо, бочча секцияларында сабақтар басталды, жақында бейімделген жүзу және футбол секциялары ашылады.

– Барлық секциялар жобаның әлеуметтік серіктестерінің спорт алаңдары базасында ашылады, олар өтеусіз негізде бару сағаттарын, локацияларды ұсынады, ал серіктестер спорттық мүкәммалды сатып алуға және жаттықтырушыларды оқытуға көмектеседі. Біз үшін бұл өте маңызды миссия. Біз спорттың ерекше балалар өмірінің бір бөлігіне айналғанын және олардың өмір сапасын жақсы жаққа өзгерткенін қалаймыз, – дейді Нұргүл Ұлжекова.

Жобаның жоспарлары ауқымды, жоба бастамашылары қатысушылардың санын кем дегенде 500-ге дейін ұлғайтып, ал бейімделген дене шынықтыру бойынша кем дегенде 40 маманның біліктілігін арттырғысы келеді. Ең бастысы – бейімделген спортты әр ерекше балаға қол жетімді ету.

Бүгінгі таңда «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоры Қазақстанда Бейімделген дене шынықтыруды танымал ету бойынша үлкен жұмыс атқарып келеді: халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді, бейімделген спорт түрлері бойынша мүгедек балаларға арналған оқу құралдары, дене шынықтыру-спорттық бағдарламаларын әзірледі, олар Қазақстанның жоғары оқу орындарына таратылды.

Сондай-ақ, «Тең мүмкіндіктер әлемі» Қоры өткен жылы Қазақстанның Брюссельдегі Елшілігінің қолдауымен жоба аясында Нұр-Сұлтан және Степногорск қалаларында зағип балалар мен ересектерге арналған бочча секцияларын ашуға NATO CHARITY BAZAAR (Брюссель) грантын жеңіп алды.

Бүгінгі таңда жоба аясында тегін спорт секциялары келесі қалаларда жұмыс істеп тұр:

  1. Нұрсұлтан
  2. Алматы
  3. Шымкент
  4. Павлодар
  5. Ақтау
  6. Ақтөбе
  7. Арал
  8. Қарағанды

Қазіргі күні қор қаржылық, қайырымдылық көмекке мұқтаж. – «Дүниедегі үлкен бақыт - өз балаңның күлкісін көру. Құрметті достар, біздің қорды қолдау арқылы сіз «ерекше» балалардың спорттағы қабілеттерін дамытуға өз үлесіңізді қосасыз, сол арқылы елімізде инклюзивті қоғам құруға көмектесесіз!»,- деді оқырмандарға өз сөзін арнаған Нұргул Ұлжекова.</p

Нұргүл сияқты бала денсаулығы мен болашағын ойлайтын шын жанашыр азаматтарымыз неғұрлым көп болса, соғұрлым болашақ ұрпақтың ертеңгі күні жарқын болмақ. Осындай игі істерді қолдап, мүмкіндігінше көмек қолын ұсыну Қазақстанның елім деген әр азаматының борышы. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, балаларымыз саналы да бақытты болсын!

Жазира Станкулова, 

Нұр-Сұлтан қаласы

 
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар