2020 жылы үкіметтің ықпалымен Түркістан облысында жаңадан жұмыс орындары ашылды. Соған қарамастан соңғы 20 жыл бойы облыста жұмыссыздық деңгейі өршіп тұр. Ал одан тұрмыс жағдайы төмен көпбалалы отбасылар қатты зардап шегеді.
Облыс орталығы Түркістан қаласынан 26 шақырымдық жерде орналасқан Кентаудың өзінде 6 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Ал халық саны 70 мыңға жуықтайды. Мұндағы тұрғындардың басым бөлігі траснформатор зауытында жұмыс істейді. Кентаулық азамат Болат Жақсылықұлы қаладағы жалғыз зауыт төлейтін жалақының күнкөріске жетпейтінін айтты:
– Бірінші топтағы мүгедекпін. Сондықтан жұмыс істемеймін. Ұлым мен келінім осыдан біраз жыл бұрын трансформатор зауытында жұмыс істеген болатын. Айлығы аз болған соң шығып кетті. Ал қазір екеуі де жұмыссыз. Алайда бос отыруға болмайды, немерелерімді асырау үшін, күндік жұмысқа шығып, жалданып, айына 70 мыңдай табыс табады, оған менің жәрдемақымды қосамыз. Айналдырған 100 мың теңгені отбасындағы алты адамға жеткізу өте қиын.
ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫНЫҢ АЗДЫҒЫ
Аймақтағы жұмыссыздық мәселесінің шешілмеуі жұмыс орындарының жетпеуінде. Мұнда еңбекке жарамды 15 жастан асқан тұрғындардың 42 460-ы жұмыссыз. Әсіресе жастар арасында жұмыссыздық жиі тіркелуде.
Түркістан қаласының өзінде тұратын Дана Советова құрылыста істейді. Бойжеткеннің аударма ісі бойынша дипломы болса да, жұмыс табу – үлкен мәселе.
– Қалада жаңадан салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің бірінде құрылыста істеймін. Көбінесе бөлмелерді, ғимараттарды әктеумен айналысамын. Бір күн жұмысқа шығамын, кейін екі-үш күндей жұмыс болмай қалады. Тіпті, кейде апталап-айлап табыссыз үйде құр жатып қалатын кездер де болады. Университет бітіргеніме 3 жылға аяқ басып бара жатыр. Дипломмен жұмысқа орналасу қиын. Бос орын жоқ. Шын мәнінде, Түркістандағы екінің бірі жұмыссыз екені айдан анық.
Тұрғындардың айтуынша жұмыссыздар саны статистикада көрсетілгеннен әлдеқайда көп. Оны жою үшін қолға алынған шаралар еш нәтиже бермей отыр.
МАРДЫМСЫЗ ТАБЫС
Халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы 52 650 теңге. Қазақстан бойынша ең төменгі орташа жалақы мөлшері осы Түркістан облысында бекітілген екен. Ал, Атырау облысы орташа ақшалай табыс көрсеткіші бойынша бірінші орында тұр.
2000 – 2019 жылдар аралығындағы халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы ақшалай табысы төмен әрі сол көрсеткіш тұрақты сақталған. Жұмыссыздықтың зардабын ең бірінші көпбалалы отбасылар тартады. Себебі бұл аймақ жыл сайын халық санының өсуі бойынша алғашқы орында.
Алма Қуанышқызы отбасымен Түркістан қаласында тұрады. Күйеуі екеуі де Түркістанда туып өскен. Олар Түркістанға келіп-кетушілер бұл қалаға әдемі деп тамсанғанмен, өз халқы кедей тұрады дейді.
– Бізде адамдардың көбі базарда жұмыс істейді. Менің күйеуім базарда қара жұмыс істейді. Базарға келген адамдардың сатып алған заттарын тасып береді. Әрбіреуінен 200-400 теңгедей алады. Ал мен жеті баламен үйде отырамын. Біз осы күнімізге үйреніп қалғандаймыз. Кейде тіпті шүкіршілік те айтамыз. Басқа да көпбалалы отбасылардың үйсіз-күйсіз жүргенін көріп, қара су мен нан жесек те шүкір, дейміз.
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ЖҰМЫССЫЗДЫҚ
Кестеде көрсетілген жылдар ішінде Түркістан облысында жұмыссыздар саны 2020 жылы күрт өсті. Жұмыссыздықтың белең алуы халықтың тұрмыстық жағдайына тікелей әсер етеді. Қазақстан бойынша 2020 жылы жаңадан ашылған жұмыс орындарына жалпы есеппен 41 185 азамат жұмысқа алынған. Қызығы, Түркістан облысында 2020 жылы жаңадан жұмысқа тұрғандардың саны күрт өскен. Демек пандемия кезінде жаңа жұмыс орнына тұрған қызметкерлер саны бұрынғы жылмен және басқа облыстармен салыстырғанда көп болды. Ал елдегі халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы бойынша Түркістан облысы 2000-2019 жылдар аралығында ең соңғы орында тұр. Түркістан облысындағы жұмыссыздардың санының көп болуы халықтың санымен тікелей байланысты. 2020 жылы Түркістанда демографиялық жүктеме коэффиценті ең жоғары. Бұл мәліметті Ұлттық статистика бюросы 20 жылға көрсеткен.
Жаңадан ашылған жұмыс орындары бойынша 2020 жылы Түркістан облысындағы жұмысқа тұрған адамдардың саны – 10321. Алайда мұндағы 2020 жылғы жұмыссыздар санының 42 460 адам екенін ескеру қажет. Бұл нені білдіреді? Ұсыныс сұранысқа қарағанда үш есе көп. 2018 жылы Түркістан облысында жаңадан құрылған жұмыс орындарына алынған қызметкерлер саны алғашында 205 адамды құрады. Кейін екі жылдың ішінде бұл көрсеткіш 10 321 адамға жетті. Берілген үш жыл көлемінде барлығы 12 977 адам жаңа жұмысқа орналасты. Қазақстан бойынша Түркістан облысында жұмыспен қамтылғандар саны ең жоғары көрсеткішті құрады. Бұған қарамастан, жұмыссыздықтың жойылмауына не себеп?
ЖҰМЫССЫЗДЫҚПЕН КҮРЕС
Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалары жөніндегі басқарма басшысы Темірбаева Әсия жұмыссыздық деңгейі тұрақталып келеді дейді.
Ол 2020 жылы 26 908 жаңа жұмыс орны ашылып, мемлекеттік бағдарлама бойынша 83 000 адам адам жұмысқа орналасқанын айтты:
– 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша үкімет тарапынан, Түркістан облысындағы жағдайды жақсарып, жаңа инфоқұрылымдар мен жұмыс орындарын ашуға 110 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлінді. Бұл қаржатқа 26 908 жоба салып, оған мыңдаған адамды жұмысқа қабылдап үлгердік. Сондай-ақ, аз қамтылған 39 060 отбасыға, барлығы 13,8 млр теңгеге атаулы көмек көрсетілген.
НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Жоғарыда айтылғандардың бәрі тек салдар екенін түсіну қажет. Мәселені шешу үшін түп-тамырын табу маңызды. Ең бірінші алға қойып отырған сұрақ – жұмыссыздардың саны бойынша статистиканың шынайы болуы. 11 қаңтарда президент Қазақстан Республикасының Парламентінің Мәжілісінде жұмыссыздық «өзін-өзі жұмыспен қамтыған» деген жаңа терминмен жасырылып жүргенін айтты. Ал қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаев 8-ақпанда үкіметтің кеңейтілген отырысында халықтың әлеуметтік жағдайына байланысты біраз мәселелерді атады. Соның ішінде жұмыссыздықты азайтуға байланысты шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ден қою керектігін жеткізді:
– Жергілікті жерлердегі, аудандық деңгейдегі шағын және орта бизнесті дамыту мәселелеріне тоқталғым келеді. Кәсіпкерлік бастаманың жолын кесіп, тежейтін де көбінесе әкімдер. Аудан әкімдеріне нақты меже қойылсын. Оларға жыл сайын әрбір 10 мың тұрғын үшін кемінде 100 жұмыс орнын ашуды міндеттеген жөн. Кәсіпкерлер әкімнің соңынан жүгірмеуі керек. Керісінше, әкім инвестор тартуға ұмтылуы қажет.
Одан бөлек халықтың табыс мөлшерінің аздығы айтылды. Қазіргі таңда елдегі жұмысқа жарамды әрбір үш қызметкердің біреуінің айлығы ең төменгі күн көріс мөлшерімен тең. Отырыста сөйлеген сөзінде президент жыл сайын берілетін есепте табыс мөлшері өсуде деген ақпараттың жалған екенін алға тартып, алдағы уақытта халықтың табысын арттыруға арналған бағдарламар әзірлеуді тапсырды:
– Орташа жалақы мен жан басына шаққандағы табыс көлемі ұдайы өсіп келеді деген көпірме есеп берілуде. Бұл – нағыз көзбояушылық. Менің тапсырмам бойынша Халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама әзірленіп жатыр. Бұл құжатта тұрғындардың кірісін көбейтумен қатар, орынсыз шығынын азайтатын тың шаралар қарастырылуға тиіс.
Осы тұста қаңтар оқиғасынан кейін экономистер қазіргі уақытта жолға қойылу керек маңызды сұрақтардың бірі ретінде жұмыссыздықты атады. Экономист Ануар Ушбаев жұмыссыздықтың алғашқы себебі ретінде елдегі дұрыс жоспарланбаған экономиканы көрсеткен:
– Экономиканың әлсіздігі адамдарды созылмалы жұмыссыздыққа итермелеген кезде, олардың отбасылары мен балалары табыс пен өмір деңгейінің теңсіздігі аясында кедейлік пен қоғамның моральдық азғындауының құрбаны болады.
Жұмыссыздықтың келесі себебін Ануар Ушбаев былай түсіндіреді:
– Қазақстанның жалпы ішкі өнім құрылымында еңбекке ақы төлеудің үлес салмағы анда-санда 30 пайыздан асады, ал дамыған елдерде бұл сан, әдетте, кемінде 50-60 пайызды құрайды. Жаппай жұмыспен қамту үшін тауарлар мен қызметтер өндірісінің жаппай өсуі қажет.
KPMG-дің (аудиторлық компания) Орталық Азиядағы меңгеруші серіктесі Сакен Жумашевтің ойынша жұмыссыздықты жоюдағы маңызды қадам – жұмыссыз жүргендердің санын анықтап шынайы статистика беру. Демек, жұмыссыздықтың бар екенін мойындау – міндет.
SDU магистранттары –
Аружан Дінслямова, Майкамал Қапан
Парақшамызға жазылыңыз