//////

Жәди Шәкенұлы: «Қаралы көш» (роман)

3162 рет қаралды
3

Өр Алтайда туып, Алатауда өрісін кеңітіп, бұл күнде ердің жасы елуді еңсерген Жәди Шәкенұлы Қазақтың белгілі қаламгері, ақын-жазушы әрі тарих зерттеушісі. Жәди Шәкенұлы әр түрлі жанрда жазатын қарымды қаламгер.

Ол «Ақбота», «Балқаймақ» (мысал әңгімелер), «Қытайдағы қазақтар» (зерттеулер), «Бір уыс сәуле» (әңгімелер), «Бозмұнар» (роман, хикаяттар) қатарлы жиырмадай кітаптың авторы. Сонымен қатар Ж.Шәкенұлы шетел қазақ әдебиетінің ата жұртта жарық көріп, насихатталуына қомақты үлес қосқан қаламгер. Мәселен, ол «Талбесік», «Жүзім бағы» атты ҚХР және Өзбекстан қазақ ақындарының жыр жинағын, «Жиһаншах» – А.Үлімжіұлының поэма, өлеңдерін, «Оспан батыр» деректі зерттеулер мен естеліктері қатарлы 18 кітап құрастырып, жарыққа шығарды.
Жәди Шәкенұлының басқыншы отаршылдардың кесірінен туған жерінен сайғақ құрлы сая таппай Алтайдан ауып Такламакан шөлін басып, Гималай асып, Үндістан, Пәкістан арқылы Түркия жеткен қазақтардың көш жолында көрген қасыретті тағдырын шынайы суреттен «Қаралы көш» атты тарихи деректі романының орны ерекше. Жәди Шәкенұлы шығармалары түрік, қытай, иран тілдеріне аударылған.
Осы орайда қазақтың қарымды қаламгерін 55 жасымен Minber.kz сайтының атынан құттықтай отырып, оның «Қаралы көш» романын оқырмандарымыздың назарына ұсынуды жөн көрдік.

ҚЫРҒЫН

Бірінші тарау

– Аллаһу акбар, Аллаһу акбар…

Үй іші ерте шақырылған азан даусынан оянып кетті. Күндегі әдеті бойынша ерінің дәрет суын жылытып бермегеніне өзін кінәлі сезінген Мәмила бәйбіше былшықтанған көзін тез-тез уқалап, бобырай шашыраған шаштарын кимешегінің астына жасыра сыртқа беттеді.

Даланың қою қараңғылығы әлі де сырылып үлгермепті. Шығыстағы Ақарқа тауының өркештенген шоқылары ғана қарауытып көрінеді.

Таңғы шайдың дастарқанын жайып жатып, күйеуінің қызыл шырайлы нұрлы өңінің солғындығына имене қарады:

– Бүгін тым ерте ояныпсыз ғой, – деп күбірге жақын тіл қатты.

– Жаман түс көрдім. Түсімнен шошып ояндым. Сендерді үркітпейін дедім. Алла өзі сақтасын, үйдің желкесіндегі жартас тұтасымен қопарылып, көшкіндей домалап, үйді басып келе жатыр екен. Кеудемді зорға көтердім.

Әліптің алғашқы сөзі осы болды.

Ерінің ұсақ-түйекке желп етпейтін қорғасын мінезін білетін Мәмиланың аққұбаша өңі қуарып, жүрегі дір ете түсті. Қоңырқай көздеріне құйылған салқын мұңды күлкіге жеңдірмек болып:

– Ой, сабазым-ай, түс түлкінің боғы емес пе, – деп қинала жымиды. Онысы Әліпке жымиғаннан гөрі жылауға бейім тұрғандай көрінді. Әліп дөңгеленген отты жанарын алты қанат ақ үйдің өрнекті босағасына қадап, мұртын ширатып аз отырды да:

– Қонақтар оянса, шайға шақыр, – деп жұмсақ әмір етті.

Көп ұзамай Жаябай мен Жұбанған сәлем бере кірді. Өзі отырған аю терісінен бәйбішесіне қарай сәл ғана сырылған Әліп екі қарияның сәлемін алып, жүдеу кескіндеріне аялай қарады:

– Бүгін мені не қытай, не сарт шабады. Түсімде қара жартас ауылды басып қалды. Шайларыңызды ішіп, тезірек қозғалғандарыңыз жөн болар ма екен, – деді тікесінен.

Екі қарт Әліптің қамығыңқы жүзіне үдірейе қарасты.

– Қой, қой, шырағым, жаманға жорыма. Қопарылған жартас олжа шығар. ИншАллаһ,жақсылық болсын, жақсылық болсын! – деп сол иығына түкірінді Жұбанған қария.

Орнынан жеңіл қозғалған Мәмила бәйбіше төр жақтағы сандықтың бірінен ішіне әлдене түйілген орамалды алып, Жұбанғанның алдына тастай берді.

– Олжа болсын дейік, айтқаныңыз келсін, ата, – деп ақырын ғана күрсінді. Көңілсіз таңның күбір-сыбырынан көрші үйлердің түңлігі де ерте ашылды. Екінші әйелі Ділдәжан шай жиылмай мұздаған ет пен қымыз көтеріп кірді. Алдына қойылған сырлы аяқтағы қымызды сарқа көтерген Әліптің ауыр тыныстап есікке қарағаны сол еді, екі немересін жетектеп келе жатқан келіні Зүбәйданы көрді. Атасына иіліп сәлем беріп жатқанда Өнерхан мен Әнуархан қатарласа жүгіріп, аталарының тізесіне мініп үлгерді.

– Қарғаларым-ай, сендерді де ерте оятып жібердік-ау, – деп Елісханның екі ұлының торсықтай маңдайларынан кезек иіскеген Әліптің сарайы ашылып, сәтке болса да тынысы кеңи қалды.

Сосын аттанғалы жатқан екі қарияға:

– Жау жағадан алды екен деп сасатын дәнеңе жоқ. Алланың басқа салғанына көнеміз де көтереміз. Көрмей жүрген қытай мен сарт емес, олардан қашып қайда барамыз. Жолдарыңыз болсын, жұрттарыңызды иен тастамаңыздар, Алтайдан жақсы деп Баркөлге келдік, енді Баркөлден артық жер таба алмаспыз, – дегенді айтты.

Ел іргесі сөгіліп, тыныштық кете бастаған аласапыран күндерден алаңдаған қос қария жасы кіші болса да өздері асқар таудай көретін Әліптен ақыл сұрай келіп еді. Қанша қобалжып отырса да, осы өлкеден қозғала қоймайтын берік байламын байқап, жеңілдеп қайтты.

Оларға айтарын айтса да, алағызған көңілі орнығып отыруға мұрша бермеді. Атын ерттеп жатқан жылқышысы Сіләмға:

– Сен де азық-түлігіңді алып, ауылдан тезірек кет, сырттағы малды көзде. Қазірше мұнда келмей-ақ қой, – деп оны да асықтырды.

Түйенің шомына жасырған мылтықтарын киізге орап, атына өңгеріп, Сілеусін тауына қарай аяңдады. Құралды жасырып, шилеуіт сорда жатқан түйелерін үй маңына қайырмақ болды.

Дала төсінен жүгіріп өткен жұмсақ самалға кеудесін тосып, құт мекеннің жұпар ауасына көкірегін толтыра дем алған ол ат үстінде әртүрлі ойға кетті.

Алтайдан ауған аталарының Баркөлдің түңкелі қойнауына бауыр басқанына да жарты ғасырдан асыпты. Алтын жұмыртқа табатын самұрықтың ұясындай осы мекен жаман болған жоқ. Бірақ неге екені белгісіз, ағынды суы аз болғанымен төгілетін қаны көптей көріне бастағанына да біраз болды.

Әкесі Жамысбай көз жұмарында оны жанына шақырып алып:

– Қарағым, озбайтын өмір жоқ, тозбайтын темір жоқ. Ат­тың жалы, түйенің қомында есейсек те, басымызды иетін қара жер біреу ғана.

Аталарымыз Алтайдан ауып, Сыр бойына дейін босқан еді. Онан Арқа мен Алатауды айналып келіп, сол киелі жерге керегемізді қайта жайғанбыз. Менің кіндік қанымның Алтайда тамғанын да жақсы білесің, ал енді дәмім таусылса Баркөлде қалмақпын. Бұл да Алланың жазған жазу, сызған сызығы болар. Бірақ мынау есіңде болсын, мейлі шығыстағы Бәйтік, Қаптық, Бұлғын, Қобда жері болсын, терістіктегі Алтай, Тарбағатай даласы болсын, осы Баркөл өңірі болсын, бәрі де – ата-бабаларымыздың бізге енші етіп кеткен даласы. Басқаны айтпай-ақ қояйын, шығысыңдағы Аратүрік деген жердің аты да талайды ұқтырып тұрған жоқ па. Түрік елі қуатты мемлекет болған ежелгі заманда Шығыс Түрік, Батыс Түрік деген екі елге бөлініпті дейтін аңыз бар. Сол екі түріктің шекарасы Аратүрік атасқан деуші еді. Атадан қалған жердің алалығы болмайды. Сендерді жаман жерде қалдырып бара жатырмын деп айта алмаймын.

Бірақ оң жағыңа қарасаң, ордалы жыландай көзі қысық қытай бар, сол жағыңа қараса, тілін қарға шоқығандай шүлдірлеген сарт бар, арт жағыңда атаңнан жаулығын үзбеген, Құдайын қойнына тыққан қалмақ бар. Оларға да сену қиын. Сол үшін алдыңда адал жүрегің, Алла деген сенімің болсын. Қожамберген інің батыр болғанымен аңғалдығы басымдау. Жолында тұрған жар мен суды аңғара бермейді. Әттең, Қожақын жас, қайтейін, Тоқтар кенжеңе бірдеңе дей алмаймын. Елге де, жерге де ие болсаң, сен ие боларсың деп әдейі айтып отырмын. Аға-ініңнің ожар мінезі болса кешіріммен қара. Біріңе-бірің сүйеуші бол. Оларды жебей жүр… – деп демі сығылғанына қарамай, үнін үзіп-үзіп, ұзақ өсиет айтқан болатын.

Соны айтқан әкесінің сүйегі Көксерке тауының етегінде, Сарбұлақтың бойында жатыр. Аңғарлы әке әрнені тұспалдап айтса керек. Айтқанының бәрі шын екен. Содан бері бұлар бірде қытайға, бірде ұйғырға, енді бірде моңғолға шатылып келеді. Ағасы Қайса он жылдың алдында моңғолдар қуған малды айырып аламын деп жау қолында кетіп, із-тозсыз жоғалды.

Әкеден қалған билік тасын қолынан шығарғысы келмеген Қожамберген Әліптің ел басқаруына сырттай бойұсынғанымен, іштей иілгісі келмейді.

«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алыпты» дегендей, ұйғыр мен дүңген бірігіп қытайға қарсы шыққанда Әліп те мұсылмандар жағынан табылған еді. Оны мұсылмандыққа емес, әділдікке бет бұруым деп білген бірбеткей, дойыр мінез дала көкжалы өзін ел мен жердің қорғаушысы санап күреске аттанған болатын. Атадан қалған зәңгілігімен[1] емес, жауға деген айбатымен, досқа деген мейірімімен атақ-даңқы шыққан.Сол үшін де Шынжаң өлкесін уысында ұстаған Жин Шурын оң көзірі ретіндегі Баймолла сынды беделді қазақ арқылы оны алдына шақыртқан болатын.

Десе де, айласын асырғысы келген қытай ұлығы Әліпті бірден қабылдай қоймады. Бір-екі күн қонақүйге қондырып, аңысын аңдады. Қала құшағына екпіндеп енген қыр қазағын жуасытудың бір жолы осы деп ойласа керек.

Алайда ол жауының жуасымақ түгілі, байлаудағы жыртқыштай долыра түсетіндігін білмейтін еді. Тіпті оның Баркөлден өзі қарсы шығып, армиясын қынадай қырған ұлығының шақыруын қабыл алып, именбей жетіп келгеніне іштей таң-тамаша болған.

Алдына тағзым жасай кірген Әліпке бірден суық ызбармен қараған Шынжаң билеушісі:

– Шығысты шулатқан Әліп деген сіз бе едіңіз? Менің алдыма қай бетіңізбен кіріп тұрсыз? – деп дүрсе қоя берді.

Әліп Жин Шурынның атжақты бет пішініне, қытайға бергісіз кесек тұлғасына қызыға қарап, жыландыкіндей тереңнен жылтыраған отсыз жанарына мысқылмен қа­далды:

– Біз – мұсылмандар, біріншіден Аллаға, екіншіден патшаға құрмет жасаған халықпыз. Алдыңызға өзім келіп кіргенім жоқ. Сіздің шақырған қонағыңыз боламын. Шақырылған қонақ пен ел ісі үшін келген елшіге қалай қарау – сіздің ұлықтығыңызға сын!

Әліптің «біз мұсылманбыз» деген сөзі Жин Шурынның шиқанын тырнап алды.

Жин Шурын билік басына шыққаннан кейін, алман-салық күн сайын көбейе түсті. Алтын-күміс, апиын тектес бағалы заттармен көмейін толтыруды ғана ойлап, қара халық күйзеліске тап болды. Міне, осындай қиын кезеңде қытай басқаруына наразы болған Құмылдағы ұйғырлар хандық мұрагерлік жолын тірілтуді ойлап, қытай әкімиятынан бөлініп, өзін-өзі басқаратын дербес ел болғысы келді. Ұрпақтық төрелік Бешір бекзадаға келгенде олар Жин Шурыннан іргесін аулаққа салып, оны адам ғұрлы көрмеді. Өздерінің билік көлемін он екі таулық, бес қала деп есептеді.

Сөйтіп жүргенде Бешірдің қол астына Қожанияз деген пысық жігіт келіп қосылды. Әскери өнерге жетік, тілді-жақты әрі мергендігі арқылы көзге түскен Қожаниязды бірден қала базарын басқаратын бектік мансапқа тағайындады. Бешірдің бекзада ғана емес, хандық лауазымдағы «уаң»[2] атағын алып ықпал күшін зорайта бастағанына қатты алаңдаған Жин Шурын оған қайта-қайта елші жіберіп, бағынуын сұрады. Бұған көне қоймаған Бешір Қожаниязды басшылық еткен арнайы әскери қосын жасақтап, қорғаныс күйіне өте бастаған еді.

1931 жылға келгенде Жин Шурын өзінің жақын туысы Жаң Гохуа дегенді бір жағы Қытай, бір жағы Моңғолия болып келетін маңызды сауда түйіні Аратүрік ауданындағы Шопұл кеден бекетіне салық бастығы етіп жібереді.

Жин Шурын әртүрлі салық кірісі де аса жоғары осы жерде өзінің сауда және әскери қуатын нығайтып, Құмылдағы ұйғырларды ауыздықтайтын артқы шеп құруды да мақсат етіп еді.

Мұнда келген Жаң Гохуа қолына қарулы қосын ұстап, қарыны тойған соң ойына келгенін істеді. Ұйғырдың бір сұлуына көзі түсіп, соны аламын деген қиғылық шығарды. «Кәпірге қыз бермейміз» деген мұсылман ұйғырларының атқанын атып, шапқанын шапты. Амалсыз қалған ұйғырлар оны алдауға кірісті. «Қызымызды береміз, дабыралы той жасаймыз» деп, «қыз ұзату дайындығына» кіріседі. Ұйғырларды әбден қорқыттым деп астамсыған қытай салықшысына қарсы қарулы көтеріліс бір түнде-ақ бұрқ ете түседі де, «күйеу бала» бастаған көп шерік қанға боялады. Он екі тау, бес қаладағы ұйғыр диқандарын шарпыған бұл көтеріліске алғашында Садық Қормал, кейіннен Қожанияз жетекшілік етеді. Өздерін жойып жібермекші болып арт-артынан келген қытай әскерлерін қырып салады. Бұл аз болғандай, Гансу, Чиңхай жақтан көмекке келген дүңген генерал Ма Жұңиың оларды қолдап-қуаттап, қалың атты жасағымен Құмылға кіреді. Қытайлардың тізесі қатты батып, қан жылап отырған қазақ ауылдары да қарап қалған жоқ.

Әліп, Әйембет бастаған елдің басты адамдары көмекші қосындар аттандырады.

Әліп осының бәрін әдейі бетіне басқандай кірпік қақпастан бедірейе қарап, «біз мұсылмандар» деп алыстан орағытып отырған сияқты. Оның көздерінен ұшқындай шашыраған қып-қызыл шоқтың бір кесегі жүрегіне ыршып түскендей болған қытай ұлығы секіріп кетті. Қаны бетіне шапши қызара долырып:

– Сонда сен сенген Қожанияз шанту[3] мен қаңғыбас дүңген Ма Жұңиың да патшаны құрметтеуді білетін болғаны ма? Мұсылман болсаңдар тыныштықты сүйсеңдер керек еді ғой. Ел мен жерді бүлдіріп, мемлекет армиясын қынадай қырып отырып беттерің бүлк етпейді екен, ә! – деді терісіне сыймай, тебіне айқайлап.

– Біз біреудің  жеріне басып кіргеміз жоқ. Өз жеріміз­де отыр­­мыз. Өз жерін қорғау, намысын таптатпау – ерлердің парызы. Тыныш жатқан жыланның құйрығын кім басқанын өзіңіз де аңғарып отырсыз. Аратүрікке барған қытай ұлығыңыз ұйғыр қызын тартып аламын демесе, Қожанияз да тыныш жатпас па еді?! Онымен қоймай, таудың қойны-қонышында отырған бейуаз қазақты қырмаған болсаңыздар, олардың көтерілісшілерге қосылып несі бар еді!?

– Тоқтат!

Өзін ашуға жеңдірген Жин Шурын алдындағы үстелді қойып қалды. Мойын тамырлары білеуленіп, шарасынан шыға аларған көздеріне қан толды. Қарашығында буырқанған есуас от ойнап, екі езуі көпіршіп шыға келді. Оның Әліпті шақыртудағы бір ойы – ұйғырлар мен дүңгендер бірігіп, көтеріліс өрті бүкіл мұсылман халықтарын шарпу қаупі төнгенде қазақтарды олардан бөліп алу еді. Егерде қазақтар түгел атқа қонса, оларды тоқтату тіптен қиын. Бүкіл Солтүстік Шынжаң қозғалады деуге болады. Солтүстік Шынжаңдағы қазақтар қозғалса, бір жағы орысқа, бір жағы моңғолға арқа сүйеген ұлы таулардың қойны-қонышы өртке оранады деген сөз. Онда Жин Шурынның өзі өлердей қызығатын Шынжаңның табиғи байлығын былай қойып, байтақ даласын уысынан шығарып алу қатері төнеді. Мүбәда қазақтар айтқанына көніп, айдағанына жүретін болса оларды ұйғырларға қарсы қойып, өз ұпайын түгендеудің орайын оп-оңай тауып алады. Бұлай болғанда мұсылман халықтарды бір-бірімен қырқыстырып, топалаңнан тоқаш іздейді. Екі қарғаны таластырса, үшінші құзғынға жем түседі. Ал мына көкжал сол тұзақты баспақ түгілі, маңына жуитын емес. Ажалмен ойнағысы келгендей тағылық танытып, өзіне қарсы шауып отыр.

Жин Шурын сонда да айбатты сесінен айырылғысы келмей:

– Сізді ел асқан қиқар, алған бетінен қайтпайтын тоңмойын, сыңар езу деп жамандағанда сенбеуші едім. Мына бейнеңізге қарағанда істемеген жамандығы қалмаған, нағыз қаныпезердің өзі сияқтысыз. Сіздің үстіңізден келіп түскен арыздың өзі бір сандық. Керек десеңіз, көбін жазған  «қандасым, қаным-жақыным» деп жүрген өз туыстарыңыз. Қаншама елді қан қақсаттыңыз, қаншама бейуаз бұқара мен керуен тоғанақтарын тонадыңыз. Сол қылмыстарыңыздың өзі-ақ бір басыңызды қалай бір жайлы етуге жетіп артылады. Сіз қасарысқанның қалай болатынын менен жақсы білсеңіз керек еді. Қасарысқандар пайда тапса, кешегі Қылаң мен Зуқа қайда? Жантайлақ қайда? – деп барып тоқтады.

«Бір басылсаң енді басыларсың-ау» деп Әліпке тәкаппар, менмендікпен кекірейе қарады. Әсіресе, қытай ұлығының билігінен қашып Қобда жерін паналаған Қылаңның басын кесіп алып, Алтайға әкелген қанды оқиға мен қара халыққа қамқор болып, үкіметке салық тапсырудан бас тартып, қытай армиясын қырып салған Зуқаның басының алынғандығын тауып айттым деп ойлады. Шіңгілдегі Жантайлақтың басының алынуы да ұлықтарға бағынбаған өз басбұзарлығынан деп білетін ол «сен де солардың кебінін киме!» деп сес көрсете айбарланды.

Әліп мырс етті. Жин Шурын түгілі, кезінде «кәрі жияңжүн» атанған Шынжаңның бұрынғы билеуші генералы Яң Зышыңның алдына да жасқанбай кіріп, зәңгілік шенінің үстіне үкірдайлық[4] мансап қостырып алған Әліптің ештеңеден именер түрі жоқ. «Сені қойып, кәрі жияңжүн да жылы қабақ танытқан болатын» деген сөзді айтпаса да, көмекейінде тұрды. Сұсты жүзінен суық ызғар есіп, қарсыласына қаймықпай қарады:

– Жұрт айтқанның бәрі шын бола ма, тақсыр! Егер олардың айтқаны шын болса сізді де жауыз, асқан қытайшыл, мұсылмандарды өлердей жек көреді, тау-тастың көзден таса қуыс-қуысына апиын салғызып, оны саудалайды, алман-салықты күн сайын ауырлатады дейді. Бірақ біз оған сенгіміз келмейді. Ал елі үшін күресіп жан қиған Қылаң, Зуқа, Жантайлақтарға келсек, менің жаным олардан артық емес. Өмірі ерлікпен өткен шаһиттерге теңегеніңізге жасығаным жоқ, қайта марқайып қалдым. Ел мен жердің жоғын жоқтап, басымды берсем арманым болмас еді!

«Қазақ деген халық қатты тиіскен сайын долырып отыратын жыртқыш сияқты екен-ау. Орайы келсе тарпа бас салудан тайынбайтын түрі бар. Басқасын былай қойғанда, менің Баркөлдегі қытайларға арнайы тапсырыспен апиын еккізіп отырғанымды да қазбалап отырғанын көрмеймісің. Мұндай даланың жабайысымен салғыласа бергенше, оны алдай салғаным жөн шығар. Өздерін батыр санайтын өркеуде халықты алдап жүріп жылымға түсіргеннен басқа амал жоқ» деген ойға келген Жин Шурын шылым орап, бір қауым үнсіз отырып қалды. Сосын бозара шұбалған көк түтіннің арасынан оны жаңа көргендей төне қарады. Жіпселенген көзін сығырайта, тісінің ағын көрсетті. Екі езуін құлағына жиыра, ыржиған рай танытты.

Мұнысы Әліптің есіне қойға атылғалы тұрған аш қасқырды салды. Әсіресе, темекімен сүрленген орсақ тістерінің ар жағында қатқан қанның дағымен боялған түпсіз аран жатқандай көрінді.

– Бәсе, бәсе! – деп кеңкілдеді қытай ұлығы, – батыр дегенде осындай тентек мінез болса керек. Әйтпегенде шығысты шулатқан Әліп батыр атанар ма едіңіз. Салғыласып қайтеміз. Онан да біріміз аға, біріміз іні болып, әңгіменің шынына көшейік.

Бұл жолы Әліп те үндемеді. Өзін қораш санап отырған қытай ұлығының жарты шелектей шанағын байқап, іштей мүжілді. Оның үндемеуін екінші қармағымды қаба бастағаны деп ойлаған Жин Шурын екі езуі көпіршіп есе сөйледі:

– Біз Шың Шысайды жетекші еткен Шығыс Шынжаңдағы бүлікшілерді жазалаушы қосын аттандырғалы жатырмыз, олар ертең-ақ ат төбеліндей сарт пен дүңгендердің күлін көкке ұшырып, табанымен таптап өте шығады. Кеңес Одағы да әскери көмегін көрсеткелі отыр. Аз қазақ қосақ арасында кетпесін деп сені әдейі шақырып, ескерту жасап отырмын. Қазір сартқа да, дүңгенге де сенбеймін. Ел тынышталған соң Құмыл аймағына орынбасар уәлилікке тағайындайтын сенімді адам керек. Әрине, бүлікшілерді тыныштандыруға көмектескендердің еңбегі де еленбей қалмайды.

Осыны айтқан Жин Шурын темекісін құшырлана сорып-сорып жіберіп, Әліптен көзін алмастан сөзін жалғады. Әліптің өзгеріссіз бет пішінінен өз сөзіне қалай қарайтынына жіп таға алмай дал болып отырса да, ойынан жаңылған жоқ.

– Өз басым қазақтарды жақсы көремін. Кемшілік кімде болмайды. Бәріміз де пендеміз, сарт пен дүңгенге ілесіп мемлекет армиясына қарсы оқ атқан екенсіңдер, тәубеға келсеңдер, бәрі де кешіріледі. Мына жүгіріп жүрген Баймолла, ана Алтайдағы Шәріпхан – ел үшін туған ерлер. Өз елінің амандығы үшін ел мен үкімет арасына алтын көпір болып жүрген жоқ па. Екеуі өз ауылыңа да неше барып, неше келді. Ойлап жүргені – біздің қамымыз емес, сендердің қамдарың. Маған емес, сол екеуіне сәйкесіп жұмыс істесеңдер, ұтпасаңдар ұтылмас едіңдер…

Морт мінезді жандар кейде ұзақ мылжыңды сүймейді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін ғана білгісі келеді. Әліп те сөздің ақыр-аяғына дейін күткісі келмей, төтесінен тартты:

– Тоқетерін айтыңызшы, маған не істе дейсіз?

Жин Шурынның сорайған жақтарына жабысқан тозыңқы бет терісі езуіне қарай қатпарлана жиырылып, екі азуындағы орсақ тістері тағы да көрініп қалды. Әліпті тұзаққа дәл түсірдім деген жеңіл жеңіспен марсия күлді:

– Сен сөзіңнің басында, біріншіден, Алланы, екіншіден, патшаны сыйлаймыз дедің. Менікі – патшаның сөзі. Сен патша үшін жұмыс істейсің. Сенде ақша, атақ – бәрі болады. Сарт пен дүңгеннің дүрбелеңші армиясына бірлікте қарсы тұрамыз. Ел мен жердің сырын жақсы білесің, мемлекет армиясына жол бастап жауды жоюға көмектессең, еңбегің еленіп, мәртебең өседі. Балаңның баласына жететін байлық пен мансап сыйлаймыз.

Әліп сылқ-сылқ күлді. Дөңгеленген көздеріне төне біткен қою қастары маңдайына қарай көтеріліп, тебінгідей құлақтары жатағандана қалды.

– Қызық екен, қызық! Мені шақырған бұйымтайыңыз осы ма?!

Жин Шурын қапелімде не дерін білмеді.

Не құптағанын, не қарсы болғанын аңғара алмай жақ сүйектері қозғалақтап, түйенікіндей дүрдік еріндерін сылп еткізіп, айналасына қарады.

Шынжаң әміршісін бейшаралық халден аудармашысы құтқарды:

– Бұйымтайыңыз осы болса, қызығып қалдым, ойланып көрейін дегендей болды, – деп сөзді мүлдемге жұмсартып жіберді.

Жин Шурынның ит сілікпесінен зорға шыққан Әліп қарымжысын Баймолладан алды:

– Мені шырғаға тартқан бала құстай қылып Дихуаға* алдап-сулап әкелгендегі сыйың осы ма? Мен ел мен жер үшін күрескенде мансап үшін күресіп жүрдім бе? Менде бәрі бар, өзімдікі өзіме жетеді. Қол қусырып үйренген құлсың ғой. Құлдық саған жарасады. Өлкелік үкіметке сыйлық деп алғызған алтын-күмістің бәрін саған қалдырдым. Кепкен көніңді жібіт. Мүмкін төрелеріңнің алды-артын тығындағаныңа керек болар. Мен кеттім! – деп қатты-қатты сөйледі.

Оның ашу кернеген ызғарлы жүзіне қаймыға қараған Баймолла оң-солын ойлап болғанша, Әліп өзін қорғап келген жасақтар тобына қосылып, атына мініп үлгерді. «Баркөл қайдасың» деп суыт жүріп кетті.

Ләм-мим дей алмай сұрланып қалған Баймолла өзін тірі бауыздап кеткендей қатты қорланды. Әсіресе, «қол қусырып үйренген құлсың ғой, кепкен көніңді жібіт» дегені сүйегін кеміріп барады. Өзінің Қобық жерінде моңғолдар арасында жалшылықпен күн өткізген балалық дәуірі сүркейлі бейнесімен көз алдынан бір шұбырып өтті. Сол жалшылықпен жүріп моңғол, манжүр, қытай тілдерін жетік біліп алған еді. Кейіннен Жәке би меркіт баласы болғандығы үшін өз бауырына тартып адам қылған. Мәми би, Жеңісхан гүң* секілді Алтай ұлықтарының да көзіне түсіп, елі үшін еңбек еткен. Жин Шурын заманына келгенде көп тілділігінің арқасында Дихуаға келіп, мансапқа отырған. Жин Шурын Баймолла мен Шәріпханды шығыс Шынжаңдағы көтерілісшілерді тоқтатуға Құмыл, Баркөл өңіріне неше мәрте жіберген болса да, ұйғырларға дәрмені жетпеген олар «соғыстың өрті тұтанып тұрғанда аз қазақты аман алып қалсақ та жетеді» деп ойлаған еді. Сөйтіп, үкімет пен халықты жарастыру мақсатында Әліпті ебін тауып ертіп келіп, Жин Шурынның құзырына кіргізген болатын. Ендігі естіген сөзі мынау. «Қап!» деп бармағын тістеді ол.


[1] зәңгі – манчьжур заманындағы ауылнай дәрежелі мансап
[2]  уаң – «патша» деген мағынаны білдіргенімен, бұл арада жергілікті халықты дара билеуші сұлтан ретінде қолданылып отыр.
[3] шанту – ұйғырларды кемсіткен сөз.
*үкірдай – манжүр заманындағы мансап.

(жалғасы бар)

Парақшамызға жазылыңыз

3 Comments

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар