///////

Жәди Шәкенұлы: Қаралы көш (жалғасы)

5182 рет қаралды
фото: wikipedia.kk

* * *

Шәрбан есін жиғанда өзін түйенің үстінен көрді. Қытай шеріктерінің қолына тұтқын болып түскенін білді. Айналасын сипалап еді, екі баласы да осында екен. Көз алдынан кешегі қырғын, ұлар-шу болып қанға бөккен адамдар бейнесі кетер емес.

Қытай шеріктері елді найзалап, қылыштай бастағанда Шәрбан екі баласын екі қолтығына көтеріп алып, кірерге тесік таппай шырылдады:

– Әпкетай-ай, мына екі құлынымды қайттім. Айналайын, күніштерім-ай, енді қайтейін, тым құрыса осылар аман қалса етті. Енді қайттім, әпке. Енді қайттім?

Шәрбан балапанын жылан жұтқалы тұрған әлсіз қарлығаштай шыжақ қақты.

Қапелімде не істерін білмей дағдарған Ділдәжанның көзіне жаңадан басылып босағаға жиналған киіз теңдер түсті. Жалма-жан киіздің арасын ашты да, екі бала мен Шәрбанды соған жатқызып орай қойды. Үстіне тоқым тулақ, жүн-жұрқа бірдемелерді тастай салды.

Шәрбан қорқынышты түс көріп жатқан сияқты. Кеше ғана тұрманы түгел, қаймағы бұзылмаған қасиетті ауылы аспан құлап, жер жарылғандай сүркей сұмдықтың құшағына кірген.

– Са, са! – деп қанға құныққан жендеттердің үніне ақтық демі үзілер сәттегі арпалысты үндер, шала бауыздалып жаны шықпай ыңырсығандар, ащы шыңғырғандар қосылып құлақты тұндырады. Шәрбанның басы зеңіп, көзі қарауытып кетті.

Олар киіздің арасында қанша жатқандарын білмейді. Есі кетіп жан шыққанда айнала тынышталғандай болып еді. Енді бірде үйге кірген әлдекімдердің керек-жарақты ақтарып, бұлаңшылық жасап жатқанын білді. Соның бірі кесек киізді аяғымен тепкілеп:

– Қазақтардың алтын-күмісі мынаған ораулы жатпасын. Ішін ашшы, – деді. Сол-ақ екен, қарулы қол киізді жұлып алды. Ішіндегі қатын мен баланы көргенде өздері шалқасынан түсе жаздады. Сасқалақтап мылтықтарын оқтаса қалды.

– Қатын, қатын, бала, бала, мұнда тірі адамдар бар екен! – деп айқай салды. Жақын маңда жүрген Ли Тұңлиң бірінші болып есіктен кірді. Қасқырдан қашқан еліктің лағындай дір-дір етіп, ақ киізге оранып отырған әдемі келіншекті, бауырындағы ақ сазандай екі ұлын көрді. Ли Тұңлиңның сұлу әйел десе емешегі үзіліп тұратын әдеті болушы еді. Аққұба өңді, қастары қиылған, қаршыға төс тамаша мүсін қор қызындай елестеді. Ол әйел затының кейбірінің күлгенде, кейбірінің жылағанда сұлу, сүйкімді көрінетінін білетін еді. Бірақ дәл мынандай өмір мен өлім арпалысында жасаураған жанары ботаныкіндей мөлдіреп, сұлулығын одан әрі асыра түскен періштені бірінші көруі. Шарасы жасқа толып, үрейге қамалса да иіріміне тартып тұрған тұңғиық жанардың көліне сүңгіп кеткендей сезінді өзін. Орсақ тістерінің арасынан шұбала тамуға айналған сілекейін сылп еткізіп тез жинап алды да:

– Өлтірмеңдер, түйеге артып алып жүріңдер, егерде айырылып қалсаңдар көргілікті көрсетемін! – деп айбаттанды. Сосын сөзін қайта жалғап: – бірде-біреуің албаты соқтығушы болмаңдар. Қазірше менің олжам болғанымен, барғаннан кейін бастықтарға сыйлыққа тартылады, – дегенді қосып қойды.

Шеріктер үшеуін дедектетіп далаға алып шықты. Киіздің арасында жатып, көзі қараңғылыққа үйреніп қалған Шәрбан бір сәт күннің ащы сәулесінен имене ештеңені көрмей қалды. Көзін жұдырығының сыртымен уқалап-уқалап жіберіп қарап еді, шаңырағы ортасына түсіп өртеніп жатқан үйлерді, қанға батып үйме-жүйме құлап жатқан адамдарды көрді. Қатты бір шыңғырып барып, есінен танып кетті.

Содан бері бірде есі бар, бірде есі жоқ күйде түйенің ырғағында келе жатқанын ғана аңғарды. Бір тәуірі, екі ұлы да жанында екен, біреуі – төрт жастағы Сетерхан, біреуі – бір жарым жастағы Әлемхан.

Неше күн жүргені белгісіз, олар ақыры Дихуа қаласына келді. Шәрбан өзін-өзі өлтіру байламына келсе де көздері жәудіреген екі баласын қимады. Әсіресе, кішкенесі омырау сүтімен ғана қоректенетін еді. Оларды оңаша үйге түсірген Ли Тұңлиң бір күні күле кіріп:

– Сен жақсы әйелсің. Мен жақсы әйелдерді жақсы көремін, – деп емексіткен көңілін білдіргісі келді. Оның ойынша, дәрменсіз әйел айтқанына көніп, айдағанына жүру керек еді. Бірақ Ли Тұңлиңді қызықтырған мөп-мөлдір жанарлардан белгісіз оттар шашырады. Маржандай тістері көрініп, оның ар жағынан жіңішке, тым қатқыл үндер шықты:

– Сен жауымсың. Жауымның алдында басымды имеймін. Өлтірсең – басым міне. Жақындама маған!

– Қой, қой, шырағым. Торға түскен қоянның көжегіндей түріңмен бұлқынғаның қайткенің, саған тамақ керек, киім керек, менде бәрі бар. Керек десең Әліп көрсетпеген байлықты көрсетемін мен саған.

– Мен байлық үшін емес, арым үшін өмір сүремін. Аулақ жүр, қанқұйлы жендет кәпір!

– Сен өзіңді емес, балаларыңды ойла! – осыны айтқан Ли Тұңлиң Әлемханның томпиған беттерін ақырын ғана шымшып жатыр еді, Шәрбан оның қолын қағып жіберді.

– Тигізбе арам қолыңды!

– Мына қаншықтың шәбелене үргенін қарай көр. Ой, бейшара, сені атқызбай аман қалдырсам, жақсылықты білсең етті. Андағы күшіктеріңнің күні не болады, соны ойласаңшы.

– Біздің жанымыз қырылған елден артық емес, аулақ жүр менен!

– Кімнің жеңерін көрерміз. Тайынша тулап ыңыршақ шақпас болар, қатынның ашуы қазан қайнатқаннан асып қайда барушы еді. Мен сияқты ұлық тірі қалдырып оң көзін салғанына қуанса нетті. Қарақшы қазақтарға қарата қолға ұстайтын көзір үшін керек дегенім болмаса қазір-ақ жаныңды суырып алатын едім.

Кәрлене айқайлаған Ли Тұңлиң аудармашысын ертіп, есікті қатты жауып шығып кетті.

Жүрегі езіліп, жаны күйзеліп тұрса да жауына көз жасын көрсеткісі келмеген Шәрбан ол шыға бере егілді-ай келіп:

– Құдай-ау, Құдай, не жаздық саған. Басқаны былай қойғанда, шиеттей балаларымның не жазығы бар еді? Неден сорландым, Құдай!

Зарын, мұңын, қайғы-қуанышын, жан наласын көз жасымен тарқататын әйел затының қасиетіне жеңілгенімен, жылау арқылы ештеңеден жеңілдей алмады Шәрбан. Оның көз жасында кешегі гүл-гүл жайнаған өмірі, ауылдағы бақытты шақтары, қырылғандарға деген аза, жауыздарға деген лағынет, құлындарына деген көкірегін жарып шыққан күйінушілік – бәрі-бәрі бар еді. Шешесінің бетіне жаутаңдай қараған балалары да бірге жылады. «Жылаңдар, жылаңдар, өмір қанша жылатады екен, өлім ғана бізді жылаудан құтқара алады» – көз жасын тиып, тас мүсінше мелшиген Шәрбан балаларын уатпаған қалпында осылай ойлады.

Сол күннен бастап өзіне әкелген тамақтан татып та қоймады. Оның тандырға айналған омырауын сора-сора түк шығара алмай сілесі қатқанша жылаған Әлемханды да өзімен бірге ала кеткісі келген шығар.

Сұлу дидары солып, шаштары бобырап, ұсқынсыз күйге түсті. Оны қорқытқан, алдаған сөздердің бірде-бірі әсер ете алмады. Көзін бір ноқаттан алмай, меңірейді де отырды. Есік күзеткендер:

– Жынданып кетті, жынданып кетті, – деп күбірлесті.

Ол жынданбапты, ешкім жоқта Сетерханды бауырына басып:

– Сен қазақсың, сенің атың – Сетерхан, әкеңнің аты – Әліп. Елісхан деген ағаң бар. Өзің жақсы көретін Күләнда әпкеңді ұмытпаған шығарсың. Күләнда әпке, – дегендерді қанша қайталағанын өзі де білмейді. Өң мен түстің арасында жатып, сан рет қайталайды:

– Құлыным, айтшы, Күләнда әпке деші. Елісхан аға деші.

– Күләнда әпке, Күләнда әпкем қайда, Елісхан аға, Елісхан аға…

* * *

Қырғыннан он сегіз күн өткенде дөң басында отырған Елісханға әлдекім шауып келеді.

– Сүйінші, сүйінші, аға!

О, ғажап, құлағы не естіп тұр. Сүйінші сұрайтын күндер өлген жоқ па еді? Бұл ненің сүйіншісі. Мүмкін, мүмкін әйелі?.. Жоқ, балалары? Жоқ, жоқ, оларды өз қолымен жерлеген. Мүмкін үшінші шешесі Шәрбан мен бауырлары табылған шығар. Иә, Құдайым, солай болса екен. Сетерхан ағалап келе жатпасын. Құлыным, қарғам!

Елісхан келушінің бетіне аңырая қарады. Әкесінің ағасы Қайсаның Әтейханы қой көздері күлімдеп, өзіне тесіліп тұр.

– Сүйінші, аға, сүйінші!

– Ала ғой сүйіншіңді, бір тай атадым. Айта ғой, тез айтсаңшы.

– Жеңгем босанды. Ташбала жеңгем аман босанып, бір ұл туды.

– О, Тәңірім. Шүкір, шүкір, тәубе, тәубе! Біз өлмеген екенбіз ғой. Біз өлмейді екенбіз ғой. Елісханның көздеріне жас толды. Бұл жас қуаныштың, толқудың жасы еді. Бірақ төгілмеді, айдынында көлкіп тұр, толқып тұр.

– Менің тағы бір бауырым бар. Елісхан ағам берген тайды сол бауырыма беремін, – деп ауылға қарай шауып бара жатқан Әтейханның ту сыртынан қуана қарап, орнынан тұрды. Еңсесін басқан ауыр жүктің жартысы сырылып түскендей жеңілдеп қалды. Сүркейлі сезінген дүниеге, қазбауыр бұлттардың астындағы қаражон қырқаларға шуақтана қарады.

Қарнын жау тіліп кеткен Ташбала жеңгесі аман-есен босанып, басы бақырдай ұл тауыпты. Үлкендер баланың атын «Додахан» деп қойды. Бұл «додадан аман қалған бала» дегендері еді. Әтейхан, Мінәндар оны еркелетіп «Томық» атап кетті.

Додахан өмірге келгеннен кейін Елісханның айналаға деген көзқарасы мүлдем өзгерді. Еңсесін көтеріп мұңлы, жүдеу күйінен арылғысы келіп ел ісіне қайта араласа бастады. Әке мұратын жалғап, елі мен жеріне ие болуды ойлады.

Әкесі бастаған көп шаһидтің жетісін, қырқын берді. Тұтас дүниесін өрт шалып, ішек-бауыры езіліп жатса да кеудесін тік ұстап, қайғысын білдірмеуге тырысты.

«Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» дейтін ақсақалдардың ақылы бойынша інісі Шәріпханға атастырған Зәйіпті жесірі ретінде өзіне қаратты. Жаңа шаңырақтың түтіні түтей бастағанда бүкіл ауыл болып қуанды.

Алыс-жуықтан ат терлетіп келген ағайын біреу атын, біреу атанын жетектеп келіп, ортайған отарды малға қайта толтыра бастады. Әрі Елісханға басу айтып:

– Әкең Әліп ер еді, дүниеден сол ерлігімен, иілмеген қалпында кетті. Жиырма екіден жиырма үшке шығасың. Бала емес, азаматсың. Бордай үгітіліп, тозаңдай тозар болсаң езсің. Әкеңнің артын қолға ала бастапсың, жарайды. Еркек деген осылай болу керек. Әліп өлген жоқ, сен тірісің. Өлгеннің артынан өлмек жоқ. Өлгендер қайтып келмейді, тірі адамға тірлік керек. Су сүзілмейді, ұрпақ үзілмейді. Жассың, ертеңің алда, – деген адал көңілдерін білдірді. Елісхан аттанғалы тұрған ақсақалдар тобына:

– Рахмет, рас, әкем өлген жоқ. Әкемнің көзін көрген сіздер тірісіздер. Ақ ниеттеріңізге Алла жар болсын. Жас дейсіздер, рас, сіздерге қарағанда бала екенім де өтірік емес. Ал мына қанқұйлы күндерде тіпті де тез есейіп, қартайып кеткендей көріндім. Абылай он сегізінде Шарыштың басын алған екен. Батыр бабам Ер Жәнібек он алтыда жауға шауыпты. Соларды ойласам жас емес сияқтымын. Арманым көп, дәрменім аз. Мұсылман халықтарының қанын судай шашқан Жин Шурын мен Шың Шысайды ойласам ұйқым келмейді. Менің әке-шешем мен балаларым көп құрбанның бірі ғана. Бұл жауыздар да мұнымен тынбайды. Әлі талай адамның қанын ішеді. Бұл жендеттер тірі тұрғанда қазаққа күн жоқ. Әттең, қолыма бір түсер ме еді… Өткен өтті, кеткен қайтып келмейді десек те, өткеннің сабағын ұмытпайық. Сақ болайық, қойға дәніккен қасқырлар қораға қайта шаппайды деуге болмайды. Біздің түбімізге жететін –берекесіздік. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарсақ, ешкім де ала алмайды. Саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарағанымыз жөн. Кәпірмен дос болсаң, беліңде балтаң болсын деген сөз тегін айтылмаған. Кәпірлерге сенім жоқ, – деген ойларын айтты.

Іштей күбірлескен ұлы кәрілер: «Иә, Алла, бізді де бекер жаратпаған екенсің. Ел мен жерім деп еміренетін Елісхандай ерді бергеніңе мың тәубе. Қазақтың қара шұнақ ұлдарының жолын аша көр, Алла!– деп беттерін сипап, аттарына қонды.

Бұл 1932 жылдың қараша айы болатын.

Жалғасы бар

Алдыңғы тарауларды оқу үшін төмендегі сілтемелерді басыңыз:

І тарау

ІІ тарау

ІІІ тарау

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар