Үкіметтің есебін тыңдасақ, Қазақстанда жұмыссыздықтың үлесі өте төмен. Жыл сайын кем дегенде жарты миллион адам жұмыспен қамтылып жатқанын айтады. Қомақты қаржы бөлінген үлкен жобалар нәтижелі болып жатыр дейді. Қысқасы, оларға салсақ, елімізде жұмыссыз жүргендер жоқтың қасы.
Алайда бүгінгі күні қиыр-шиыр көшелерде шаң қауып, жазда аптап ыстыққа, қыста қақаған аязға қарамай от кешіп, мұз төсенген курьер мен таксистердің қарасы қалың. Жыл сайын тамақ тасығыш, адам жеткізгіш қызмет көрсетушілер көбеюде. Дені дипломы бойынша жұмыс таба алмаған жастар.
Олар Яндекс, Убер, Вольт және Глово сияқты түрлі онлайн-платформалар арқылы жұмыс істейді. Бұл платформалардың тәртібі қатаң, төлейтіндері ішіп-жемнен артылмайды дейді курьерлер. Кейде, тіпті, ескертпестен еңбекақыны кесіп тастайтын кездері болады екен.
Жығылғанның үстінен жұдырық деп енді мемлекет те жастардың қалтасына қол салмақ. Қазақстанда платформалық жұмыспен қамтуды заңдастыру көзделіп отыр. Демек, бұдан былай курьер мен таксистер салық төлейді. Үкімет оларды әлеуметтік тұрғыдан қорғаймыз деп ағынан жарылуда. 1 шілдеден бастап қамту схемаларын пилоттық режимде жүргізбек.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова:
– Сараптамалық мәліметтерге жүгінсек, Қазақстанда шамамен 500 мың адам платформа арқылы жұмыспен қамтылған. Мұндай жұмыс форматы тұрғындарға ыңғайлы екені сөзсіз. Алайда оның басты кемшілігі – жұмыспен қамтылғандар үшін әлеуметтік кепілдіктің жоқтығы. Ондай азамат жұмыссыз қалса немесе жүктілігіне және балалы болуына байланысты жұмысын тоқтатса, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қажетті әлеуметтік төлем ала алмайды. Бүгінде бірыңғай әлеуметтік төлем жүйесі сияқты салық салудың жеңілдетілген режимі және әлеуметтік төлемдердің жеңілдетілген түрін енгізу көзделіп отыр. (7маусым күні Үкімет отырысында айтқан сөзі)
Ал қара қазанның қайғысымен жүрген жұмыскерлердің платформадағы көз аштырмас айыппұл мен салықтан қалған аз ғана нәпақаға қай жыртығымызды жамаймыз деп құты қашуда.
Қаһарман, Нұр-Сұлтандағы Яндекс Go жүргізушісі:
– Әр күні табыс әрқалай шығады. Бүгінгі бар тапқаным антифриз бен ремонтқа кетті мысалы. Үкіметтің бұл шарасы дұрыс деп ойламаймын. Онсыз да Яндекске әр күннің табысының 25-30 %-ын төлеймін, енді мемлекеттік салық қосылса, бұл тым көп. Ар жағында не қалады? Жүргізушілер мемлекеттің салығынсыз-ақ Яндекстің пайыздарына наразы. Үкіметтің бұл қамсыздандыруы керек емес! Ертең олардан қандай да бір көмек болатынына ешкім сенбейді. Жалпы, меніңше, біз қазір таксистер мемлекетіне айналып барамыз.
Бекзат, Нұр-Сұлтандағы Wolt курьері:
– Бұрын механик боп жұмыс істегем. Астанаға келгелі еріксіз курьер болдым. Екі жылдай болып қалды, бұл менің негізгі табыс көзім. Тапсырыс болып, күні бойы дамылсыз шапқыласаң шамамен 10-12 мың теңге табасың. Сол ақшаңның 25-30%-ын олар (Wolt) ұстап қалады. Glovo болсын, Wolt болсын бәрі бірдей ұстай береді. Енді мемлекет те салық салса, аз ғана қалады, жетпейді. Wolt азаматтық-құқықтық шарт (ГПХ) негізінде зейнетақыға төлейміз деп айтады, бірақ ол ақша онда түсе ме, түспей ме, бір Құдай біледі. Жол апаттары өте жиі болады. Жолдар велосипедшілерге әлі де бейімделмеген. Жақында Алматыда велосипедпен тамақ тасыған екі-үш баланы көлік қағып кеткенін естідім. Әнеугүні бізде бір бала скутермен құлады. Шлемін сындырды. Бір жақ иығы түгел сынған. Мұндай жағдайларда медициналық сақтандыру туралы бұлармен (онлайн- платформалармен) сөйлесу өте қиын. Қабырғамен сөйлескендей боласың. Тіл табысу ауыр олармен. Бір бастық шетелде, бір бастық Алматыда. Бәрі бір-біріне сілтей береді. Яндекс, Glovo-да рейтинг бар, Wolt-та әзірге жоқ, бірақ барған сайын қиындап барады, қысып жатыр ақырындап. Курьерлерді көптеп алып жатыр, ал тапсырыс өте аз. Инфляция жүріп, бәрі қымбаттаса да, біздің еңбегімізді көтеретін түрлері жоқ. Жаз уақытында ғана біраз табыс табасың жан сақтау, кредит үшін. Бұйырса, жарты жылдан кейін басқа бір жұмыс іздеймін.
ЯНДЕКС.ЕДА ЕМЕС, ЯНДЕКС.БЕДА
Күрмеуі көп күрделі курьер мәселесі Қазақстанда ғана орын алған жоқ. Көршілес Ресейде «Курьеры не рабы!» деген ұранмен сервистердің әділетсіз саясатына қарсы белсенді күрес жүргізілуде. Мәселен, @profsoyuz_courier деректеріне сәйкес, Яндекс.Еда өз қызметкерлерінің еңбегін қанауға жиі барады. Тіпті, бұл платформаны өз ішінде «Яндекс.Еда емес, Яндекс.Беда» деп атайды. Жалақы көтеруді талап етіп, сұмдық айыппұл жүйесіне қарсы шыққандарды Яндекс жұмыстан шығарып, орнына өзгелерді алуға тырысады. Ал «Курьер» қауымдастығының жетекшісі, Delivery Club курьері Кирилл Украинцев әріптестерінің құқығын қорғағаны үшін өз елінде қуғын-сүргінге ұшырауда. Қазір ол заңсыз митингіге үгіттеді деген айыппен қамауда отыр.
Қазақстан курьерлері қауымдастығының төрағасы Жеңісхан Орыналиевті де полиция бірнеше рет ұстады. Ол алғашқы болып елімізде курьер мәселесін көтерген. Қауымдастық бастамасымен термосөмке асынған азаматтар өз құқығын қорғау үшін көшеге шығып, талаптарын айта бастады.
Оқ бойы алда келе жатқан Батыстың да бұл ретте таңы атып күні шықпай жүр. Еуропада термосөмке асынғандардың ереуілге көзі үйренген. Таксистерге келсек, The World Financial Review мәліметінше, 2021 жылдың ақпанында Uber жүргізушілерінің қызметін ресми түрде заңдастыру туралы Ұлыбритания Жоғарғы сот шешімі бүкіл гиг-экономика әлемін дүр сілкіндірді. Жоғарғы сот ең төменгі жалақы мен ақылы еңбек демалысын талап еткен бір топ таксистердің шағымын қарады. Uber бұл жүргізушілер өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған мердігерлер және олар жоғарыда аталған қымбат «жұмысшы» құқығына ие бола алмайды деп мәлімдеді. Жоғарғы сот бұнымен келіспей, олардың да жұмысшы құқығына және өзін-өзі қорғауға толық құқығы бар деп шешті. Алайда көбі бұл шешімнің салдары Uber тектес өзге бизнес-модельдерге ауыр тиіп, тіпті олардың жойылуына әкеп соғатынын айтты.
Біз осы мәселеге қатысты Назарбаев университеті әлеуметтану және антропология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Алима Бисенованың пікірін білдік.
– Алима Жұмабайқызы, елімізде курьер мен таксистердің күн санап артуының себебі неде?
– Әрине, бұл олардың армандаған жұмысы емес. Қазіргі кезде қызмет көрсету саласы кең тарағандықтан қызметтік экономика белең алған. Өз кезегінде, қызметтік экономика жаңа әлеуметтік топ – прекариатты тудырып отыр. Прекариат «тұрақсыз» деген мағына береді. Тұрақты жұмысы жоқ, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топ. Бір жақсысы, курьер мен таксист боп істейтін жастар сол жұмысқа байланып қалмаған. Ақша тауып жүріп оқуға, басқа бір мамандықтың иесі атануға немесе қаржы жинап бизнес ашуға да болады. Олардың бәрін бейшара деп тағы айтуға болмайды. Кейбіреулерге офистік, тұрақты қызметтен гөрі сол жұмыс ұнайды. Басқаларға қарасақ, тіпті дамыған елдерде курьер де, таксист те бар.
– Үкіметтің әлеуметтік қамсыздандыруы курьер мен таксистердің жағдайын шынымен жақсарта ала ма?
– Иә, мемлекет оларды тіркесе, тым болмағанда сондай адамның бар екендігін, оның қандай жұмыс жасап жатқанын білетін болады. Олар ең минималды салық төлесе де, ертең қандай да бір әлеуметтік бағдарламаларға, үй не машинаға берілетін несие сияқты жеңілдіктерге ілігуі мүмкін. Яғни, үкімет қандай да бір даму жолдарын жоспарлағанда, сондай адамдардың бар екендігі естерінде тұрады. Курьер мен таксистердің, тіпті, бұны талап етуге құқықтары болады. Сонда мемлекет оларды тіркеуге алса, ал жастарға басқа мамандық игеруге жағдай жасаса, бұл тығырықтан шығуға болады.
– Қазіргі таңда курьер мен таксистер қандай көмекке мұқтаж? Үкімет тарапынан тағы қандай шаралар жасалуы керек?
– Меніңше, біздің Үкімет бұл платформалардың еліміздегі өкілдігін ашуды талап ету керек. Мемлекет сонда істейтін адамдардың құқықтарын қорғау үшін міндетті түрде қандай да бір іс-қимыл жасауы керек. Мәселе жағдайды жақсарту, платформаларға азырақ төлеп, олардың өздеріне көбірек қалдыру ғой. Мемлекет соған араласу керек. Тіпті альтернатива ретінде өз платформасын ашсын. Бұл rocket science (ракета жасау) емес қой. Мемлекет соған назар аударсын, Ақпараттық Қазақстанды дамытып жатқан дардай министрлік бар!
Расында да, күннен-күнге іргесі кеңейіп жатқан бұл салаға көңіл бөліп, отандық өнімді дамыту мәселесі өткір тұр. Мемлекеттің ақшасын жұтып жатқан шетелдік олигополиялармен күрес неге жүргізілмейді? Осы салада еңбек етіп жүрген азаматтарымызды өзгелерге телміртпей, өзіміздің онлайн-платформаларға неге қолдау көрсетілмейді деген заңды сұрақ туындайды.
Мұхтар Түменбай, журналист:
– Яндекс такси әбден желкеге мінді. Қала ішінде жүру 2810 теңге. Үш мың! Тайраңдап отыр. Премьер Смаилов, қашан жұмыс істей бастайсыз? Егер қайдағы бір такси-компанияны сабасына түсіре алмасаңыз, несіне премьер боп жүрсіз? Әлде ресейлік әріптестің көңіліне қарап отырсыз ба? Қазақтың жас IT мамандары бұған ұқсас жоба жасап шығарды. Жоқ, оларға қолғабыс көрсету орнына, сендер байғұстарды шетелдік монополистің қылғытуына жол бердіңдер. (Facebook-тегі жазбасынан)
Есесіне, мұнай мен газдың тұтқасын ұстағандардың айдарынан жел еседі. Әрдайым мемлекеттің көз қырында болып, қыруар-қыруар қаржы бөлініп келеді. Жақында, тіпті, он жылға салықтан да босатылды. Әрине, өз аузына қолы жететіндей тұрақты жұмысы болса, халық салық төлеуден жалтармайды. Үкіметтің әлеуметтік қамсыздандыруын қуана қарсы алғандар да бар. Қазақ қашанда жақсылықтан күдер үзбеген.
Абзал, Нұр-Сұлтандағы Glovo курьері:
– Жаңа Қазақстан жаңадан қадам басып, жаңа басшылар келіп жатқан соң, сенім артқым келеді. Ең алдымен, өзіміздің онлайн-платформалар ашылсын. Шетелге ағыл-тегіл ақша кетіп жатыр. Егер өзгерістер оң болып жатса, салық төлеуге қарсы емеспін. Осы шара негізінде арнайы бір комиссия құрылып, осыны зерттесе екен. Курьер мен таксистердің жағдайы шынымен де жақсарды ма, жоқ па, солар тексерсін. Қағаз жүзінде қалып қоймасын. Іспен дәлелдесін!
Айнаш Тасболат, Алматы
Парақшамызға жазылыңыз