09.04.2022ж
ИППОДРОМ ІЗДЕГЕН КҮН
Бүгін күн сембі. Жай тұрып, тәңертеңгілік шәйімізді ішкен соң біраз жүріп, бой жазып келейік деп сыртқа шықтық. Аяқ-қолың қысқа болған соң шиырлап, күнде жүрген жеріңнің қызығы да таусылады екен. Ары қарап, бері қарап тұрдым да Есенгүлге, «Жүр Саутгосфорттың (Біз тұратын аудан) мына көшесінің аяғы қайдан шығады екен, көрейік. Ипподром сонда» деп Хайстритке түстік те, батыс тұсты бетке алып көше бойлап жүрдік те кеттік. Шамасы бір жарым шақырым жүрген болуымыз керек алдымыздан айналмалы жол шықты, бағыттамада тура жүрсең жол аэропортқа, солға жүрсең Оңтүстік паркке, ал оңға тартсаң Теңізге шығасың деген айпарадай жазу тұр екен. Осының алдында ғана қалалық ипподром қайда екенін іздеп «Оңтүстік парк» маңайында екенін тапқанбыз да күн кешкіріп кетіп, қайтып оралғанбыз. «Тілегенің алдыңнан, іздемей-ақ табылар» (Ыбырай) дегендей, мінекей іздегеніміз алдымыздан шыға келгені.
Күн желемік, бұлыңғыр, салқын. Айналма жолдың арғы бетіне «Үлкен солтүстік жолға» өтіп едік алдымыздан жаяуларға арналған көпір кезікті. Биіктеу жер осы. Көпірдің үстіне шығып айналамызды шолдық. Қаланың шеткі жиегіне тақау тұрған сияқтымыз. Алдымызда ұшы-қиыры жоқ көк жазық, көк ала орманды алқап жатыр. Төменде өзен – Морчуари-лэйн. Мына көпір өзенге емес, өзен бойлап, күре жолдан өту үшін салыныпты. Ал арт жағымыз қала. Сол қанатымызда ат шаптырым алаңды алып жұтындырып, сиыр жалағандайғып тақырлап қойған гольф ойнауға арналған шеңберлі алаңдары бар екен. Ипподромға бармақ ниетпен күре жолдың келесі жағына шығып кері жүрдік.
Кісі бойынан сәл төмен ескі қорғанның іші толған сірескен жеңіл көліктер. Дені өңкиген джиптер. Машинаның көптігінен бе көше бойынан сирек болып көрінетін көліктер. «Айдаладағы автотұрағы не» деп ойлаған ойымыз бекер екен. Кіре беріске: «Гольф алаңы. Автотұрақ. Қоғам мүшелеріне тегін» деп жазып қойыпты. Бір қабатты ескілеу үйге жақындап едік алдымыздан төрт-бес мүмкін одан да көп гольф таяқшаларын қоржындарына салып асынған адамдардың бірі шығып, бірі кіріп жатыр. Табалдырықтан аттаған жерден гольф шеңберлері басталады екен. Осындай бір ойын барын, оны ақ қолғапты, ақ саусақ, «ақ сүйектер» ойнайтын ойын деп түсінетінмін. Өзімнің бала кезімде, Бұлғын өзенінің көкпеңбек жалтыр мұзының үстінде, талдан иген таяқ ұстап, күні бойы ойнайтын шекарамызға (хоккей) қайдан жетсін деп менсінбеген болуым да мүмкін еді. Көк жасаңның үстінде таяқпен кісі доп қуа ма? Қалай кім ойнап жатқанын байқағым келді.
Оң жақтағы киіз үйдің орнынан сәл үлкендеу ортасына ақ жалау тігілген жұрттың шетіндегі бір гранит тасқа барып жайғастым. Анадай жердегі, бәлкім жүз қадам, бір топ ағаштың түбінен атқан жерден доптар алдымдағы шеңберге келіп түсіп жатыр. Біреуі тіпті жалаушаның түбіне келіп тоқтады. Ойыншылар қартаң кісілер екен. Бәрі де спорт киімдерін киген, аяқтарында бүршік табанды шақай-кроссовки. Солардың бірі жалаушаны былай алып қойды да кезек-кезекпен әлгі ту тұрған тарақ құйрықтың інінің аузындай шұңқырға доптарын атып түсіріп, жалаушаны орнына тігіп, қол алысып, қоржындарынан қойын дәптер шығарып бірдеңелерін белгіліп, бір-бірімен қол алысып, жиналып кетіп жатты. Бұл жер көмбе-финиш сияқты. Одан кейін бір топ, тағы да төрт адам, жас шамалары сондай қартаң әйелдер келді алыстан атқан доптарын қуалап. Есенгүл мені кафеге шақырды.
Алаңға қараған беті түгел әйнектелген шап-шағын, тап-тұйнақтай кофенің іші жып-жылы жайлы екен. Кіре берістің оң жағында да, сол жағында да бір неше столда әйел-еркегі аралас біраз адам сыра, сусын-суларын ішіп, тіске басарларын жеп, тым көңілді әңгіме-дүкен құрып отыр. Қабырғалардың әр жеріне Ньюкасл қаласының ескі-жаңа тарихын бейнелеген ақ-қара түсті суреттер ілініпті.
Тізеге дейін көтерілетін баспалдақпен жоғары шықтық. Ортадағы бағанаға тіреп қойылған үстел үстінде қалыңдығы төрт еліден, мұқабасы түктеніп, түтілген он шақты кітап тұр екен. Әуестігім қозып, тоқтап, біреуін қолыма алып, ішін ашып қарасам әр түрлі сиямен жазылған, әр түрлі қолтаңбалы жазбалар. Бір жазбаның соңындағы 1953 деген сандарға көзім түсіп, Есенгүлге оқышы дедім. Ол үңіліп қарап, «пікірлерін жазыпты» деді. Сонда мына оншақты кітап қай заманнан бергі дүние? «Айдаладағы» бір кафеге келіп-кеткен адамдардың жазып қалдырған бір ауыз сөзіне дейін қылшығын да сындырмай сақтап қойыпты.
Жалтыратып отырып бояған, май жағып сүрткендей күрең түсті ағаш тақтаймен көмкерілген сөресінде алуан маркалы ішімдіктер самсап тұрған бардан барып кофе алып, гольф ойнаушыларды тамашалай отыру үшін терезеге таяу үстелге барып отырдық. Біздің қатарымыздағы үстелге мұнтаздай болып киініп, шаштарын көпсіте, көпіршіте тараған екі қарт әже жайғасты. Бізге жымиып амандасып қойды. Қолдарында бір-бір бутерборд-сендвиштері, бір-бір шөлмек сусындары бар. Және бір отбасы сүліктей екі қызымен келіп бізге тұспа-тұс жайғасып жатты.
Гольф алаңынан жастардың қарасы аз болды. Сәбилерін арбаға салған, кішкентайларын ерткен бірнеше жас әлде жасамыс ерлі-зайыптылар жүрді. Қақпаның сол жағында гольфке арналған асай-мүсейлерді жалға беретін орын және әйелдер мен ерлерге арналған киім ауыстыратын бөлмелер орналасыпты. Сыртқа шыққанымызда оң қанатта дүкен бар екен. Кірдік. Гольфтік киім-кешек, асай-мүсей. Бағалары удай екен. Гольф доптарын алып көрдім. Екі ақ доп 1 фунт. Көк және сары түске боялаған доптың бағасы 5 фунт екен. Сатушы жігіт: «Бұл допты сатып алсаңыздар 3 фунт Украинаны қолдау қорына жөнелтіледі» деді. Бір доп алдық. Дүкен ішінде суретке түстік.
Күн кешкірді. Ипподромды келесіге қалдырдық.