Биыл 16 сәуір күні біліктілік тестін тапсыру барысында педагог қайтыс болды. Осыған байланысты қоғамда, педагогтар арасында біліктілік тестін тапсыру тәртібі мен оны өткізу талаптары қызу талқылануда. MINBER.KZ аталған мәселені толығырақ түсіну үшін Мұғалімдер біліктілік тестін (квалтест) тапсыру кезінде қандай қиындықтарға тап болады? деген сауалнама жариялады.
БҰЛ МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ЖҮЙКЕСІНЕ САЛМАҚ САЛАДЫ
Сауалнамаға 308 педагог жауап берген. Сұрақтарға байланысты жауаптарды саралап шықтық. Сауалнамада барлығы 3 сұрақ болды. Оның біріншісі «Біліктілік тестін тапсыру мұғалімдерді неге соншама уайымға салады?»
Берілген жауаптардың ішіндегі басым көпшілігі педагогика мен психология сұрақтарының қиын, ауыр екенін, ал жауаптарында қателер барын, сұрақтардың жүйесіз құрылғанын алға тартады. Сонымен қатар тест сұрақтарының мазмұнына қатысты да мәселе бар екенін атап өткен. «Өз пәнімізді уайымдамаймыз, педагогика мен психология қиындау. Сондықтан тек қана өз пәнінен тапсырған дұрыс», деп есептейді жауап бергендердің бірқатары. Мұғалімдер педагогика, психология бойынша тест сұрақтарының мәтіні аударылған, ал аударма сапасы өте нашар, аударма мәтінді түсіну қиын дейді. Жауаптардың келесі легі тест сұрақтары алдын ала берілсе, жабық болмай, ашық болып, алдын ала таныстырылса, мұғалімдер мұндай уайымға салынбас еді деген. Оған қоса, ұстаздар тесттің ЖОО, колледждер оқытушылары мен мектеп мұғалімдеріне бірдей жасалуы да дұрыс емес деген ойларын айтады. Өйткені, олардың жауабына сүйенсек мұғалімдер қандай сұрақтар келетінін білмей, әртүрлі ақпарат көздерінен материал жинайды екен, алайда ол сұрақтар келе ме, жоқ па, белгісіз. Ал тест сұрақтары алдын ала берілсе мұғалімдер еш уайымсыз дайындалып, тестен өтіп, сол кезде олардың білімі де, біліктілігі де артар еді дейді.
Мұғалімдерді уайымға салатын тағы бір мәселе денсаулық мәселесі, олар әр біліктілік тестін өміріндегі алғашқы тест сияқты қабылдап, дайындалып, ол өткенге дейін дегбірі қашады. Бұл психологиялық, эмоциялық тұрғыдан өте ауыр стресс. Біріншіден, институт тәмамдағанына 25-30 жыл болған ұстаздар уақыт өте келе педагогика мен психология теориясын ұмытатындарын, ал қайталап оқуға уақыттың тапшылығы мен тығыздығын айтады. Оған қоса жас ерекшелігіне қарай есте сақтау қабілеті де төмендейді, компьютерлік білімі мен дағдылары да түрлі, бұл да қобалжу мен уайымға әкеледі.
Одан кейін мұғалімдердің көпшілігінде қан қысымы, жүрек қан тамырлары ауруы сияқты диагноздары бар. Осындай ұстаздың біреуі: «Мен өз басым көп жылдан бері қан қысымымен тіркеуде тұрмын. Теске кірмей-ақ қан қысымым 200-ге барып тұрады. Содан тестке кіруге жарай ма екем деп уайымдаймын. 2019 жылы 103 балл жидым. Мен пәнімнен өтпеймін деп емес, қан қысымым көтерілмей, тест тапсыруға жарасам екен деп тілегем сонда» деп өз басынан өткенін ашып жазыпты.
Мұғалімдердің тағы бір уайымы– ұят! Егер тестен өте алмай қалса, ата-ана,оқушылар, әкімшілік пен әріптестердің сынына ұшырау, тапсыра алмаған жағдайда ұятқа қалу. Өйткені, тестің нәтижесі әр мұғалімнің ары мен абыройы, жылдар бойы маңдай тері арқылы қалыптасқан беделі. Осы уақытқа дейінгі алған біліктілік те еңбекпен келді, оны қайта-қайта дәлелдеп отырған, уақыт өткен сайын, жас ұлғайған сайын оңай емес. Ал, тестен өте алмай қалса санаты төмендейтіні тағы бар, ол қағиданы алып тастауға болмай ма деген сұрақ та мазалайды ұстаздарды.
Тестен ойдағыдай өткен жағдайда да уайым таусылмайды. Тестен өтеді-ау, одан кейін портфолиосы тағы тұр ғой. «Бірін мүлдем алып тастап, бірін ғана қалдыру керек сияқты. Екінші кезеңде папканың парасыз өтпеуі де қиын, әрі үлкен мәселе», дейді ұстаздар. Одан бөлек, талаптардың орынсыздығы, жас мұғалім мен тәжірибелі мұғалімдердің бірдей деңгейге түсуі, кезіндегі өзінің оқушысымен таласа тест өтіп, портфолио жинауы ақылға сыймайтынын да айтады.
Сонымен қатар, «біліктілік тестіне жақсылап дайындалсаң қиындығы жоқ, өзім қобалжымадым, уайымдамадым, уайымдайтындар өзіне сенімсіз болар» деген жауаптар да бар.
ЕҢБЕК ӨТІЛІ ЖОҒАРЫ ПЕДАГОГТЫ БҰЛ СЫНАҚТАН БОСАТУҒА БОЛМАЙ МА?
Келесі сұрақ «Мұғалімдердің біліктілігін анықтау үшін жүргізілетін біліктілік тестіне (квалтест) қандай өзгерістер (өту формасы, жас пен еңбек өтіліне байланысты талаптар немесе т.б.) енгізу қажет?
Бұл сұраққа жауап бергендердің басым бөлігі педагогтарды еңбек өтіліне қарай біліктілік тестінен мүлдем босату немесе жеңілдіктер қарастыру қажет деген. Мысалға, олардың кейбіреуі «10 жыл өтілі бар адамның айтары да, білері де бар, сондықтан олар тестен босатылуы керек. Тесті 10 жылға дейінгі өтілі бар мұғалімдер тапсырса», деп жауап берсе. Тағы бір бөлігі «25, 30 жыл мектепте еңбек еткен ұстаздарға квалтесті тапсырмай-ақ, портфолиомен шектелсе болар еді» дейді, келесілері керісінше «30 жыл еңбек өтілі бар мұғалімдерге тесті қалдырып, портфолионы алып тастаса» деген ұсыныс білдірген. Тағы бір бөлігі «еңбек өтілі 30 жылдан асқан ұстаздар үшін сұрақтар тек әдістеме және пән бойынша болса» деген тілек айтқан. Өзгеріс енгізуді қажет ететін мәселенің бірі балға қатысты. Бір мұғалімдер балды қысқарту керек десе, екіншілері «тестен өту шкаласы бұрынғы қалпына келсе…» дейді, «өз пәнінен қанша балл қойса да қарсы емеспін, бірақ педагогиканың балын азайту керек. Педагогикадан жалпы 15-18 балл қойса жетеді, өз пәнін мықты білсе болды емес пе? Бізге шетел педагогикасынан сұрақтар қояды, ол түкке керек емес», деп наразылығын білдіргендер де бар.
Берілген жауаптардың жартысынан көбі ұстаздар зейнетке 5 немесе 3 жыл қалғанда біліктілік тестін тапсырудан босатылса деген. «30 жыл еңбек өтілі бар ұстаздарға тест жылына екі рет емес, қалаған уақытында өткізілсе, яғни жеткілікті ұпай жинағанға дейін жалғастырылса» деген жауап та бар. Зейнет алдындағы ұстаздарға қатысты ұсынылған өзгерістің ішінде «Жасы келген ұстаздардың тәжірибесі мықты болғанымен, есте сақтау қабілеті төмендейді. 30 не 35 жыл ұстаздық өтілі барларды автоматты түрде жоғарғы санат беріп, квалтестен босатқан дұрыс» деген пікір де бар. Жоғарыда баяндалған ЖОО, колледж және мектеп мұғалімдеріне қатысты «тест мектеп пен колледж бағдарламаларына сәйкес жіктеліп жасалуы керек» деген ұсыныс та айтылған.
Жалпы ұстаздар барлық мұғалімдерге еңбек өтіліне, тәжірибелік деңгейіне, жас шамасына, жетістіктеріне қарамай, бірдей ортақ талап қойылуы дұрыс емес деп есептейді. Олардың жауабына сүйенсек мұғалімнің тәжірибесі, еңбегі, оқушы жетістігі өте маңызды, осыларға аса мән беру керек. «Еңбек өтілі мен жас ерекшелігі аса маңызды, себебі оқытқан оқушысының білім сапасына қарай мұғалімнің біліктілігін анықтауға болады. Өйткені мұғалімдердің арасында 30 жыл педагогикалық өтілмен түк оқытпайтын мұғалімдер де бар, өкінішке орай».
Ұстаздар кейбір пәндер бойынша да өзгерістер енгізу қажет екенін айтады «сосын мысалға, математика, физика пәндері бойынша тапсырма көп берілген! Тапсырма санын азайтса болады», «педагогикадан тест сұрақтары жүйелі құрастырылса деймін».
Нақты өзгерістерді ұсынған мұғалімдер де бар, мысалы «Егер еңбек өтілі 10 жылға дейін болса Модератор, 20 жыл болса Сарапшы, 30 жыл болса Зерттеуші болуы керек. Еңбек өтілінің әрбір жылына балл қосу керек».
Тесті өткізу формасына қатысты «мектеп ішінде өту керек. Өту формасы сабақ талдау түрінде болсын. Онлайн тапсыру керек, портфолионы алып тастау керек, эссені алып тастау керек. Маған қағаз нұсқа ұнайды» деген пікірлер бар.
«Өту формасы тапсырушы өзін еркін сезіне алатындай аура болса, жасқа қараса, педагогика мен психология балын төмен және әр санатта әрқалай емес, нақты белгіленген өту балы болса, тесті екінші рет тапсыру мүмкіндігі немесе сәтсіз тапсырған жағдайда санаты тек бір разрядқа төмендетілсе» деген ұсыныстар айтылған.
Сонымен қатар, еш өзгеріс енгізіп қажеті жоқ, бәрі дұрыс, дайындығы жақсы болса, айырмашылық жоқ, өзгеріс қажет емес, тест тапсырған дұрыс, бірақ құжат тапсыру кезеңінде жеткілікті құжаттар жиналса, мұғалімдерді кинамасын деген тілектер де бар.
Осы сұрақтарға қатысты кей мұғалімдердің шынайы жауабын көрсетіп кетсек деп шештік. «Мұғалімдік мамандыққа түсетін абитуриенттерге талапты күнделендіріп, жас мамандарды жұмысқа алу үшін күрделі тестен өткізсін. Бірақ, бірнеше жыл өтілі бар мұғалімдерді қайта-қайта тест тапсырттып, қинауы дұрыс емес деп ойлаймын. Олар жастары келген сайын білімі мен білігі көбеймесе азаймайды ғой»,
«Квалтесттің мүлдем қажеті жоқ. Квалтест тапсырамыз деп уайымнан өлетін болдық. Квалтест тапсырам дегенше бір уайым, өтпей қалсаң тағы уайым»,
«Мен тесттен өте алмадым. Рас, дайындығым аз болды, мойындаймын. Маған тест өтудегі ең басты қиындық сұрақтардың, әсіресе, педагогика мен оқыту әдістемесінен, қазақша нұсқасының орысшадан аударылғаны. Кейбір сөйлемдерді түсіну мүмкін емес, себебі орыс тілінен сапасыз аударылған. Сондықтан тест өту барысында тестіленушіге екі тілге де кез келген уақытта ауысып, дұрыс түпнұсқаны көріп, өзінше ой түюіне мүмкіндік беру керек».
«Мен педагогика ғылымдарының кандидатымын, еңбек өтілім 32 жыл, жоғары санатты едім, екі жылдан бері кеше келген жас маманнан аз аламын.Талап дұрыс қойылмаған. Неше жылғы еңбегіміз еш болды»,
«Пән бойынша құрастырылған тест дұрыс. Ал, педагогика бойынша сұрақтар негізінен деңгейлік курстан өтпегендер үшін қиындық келтіріп жүр. Осыған байланысты педагогика сұрақтарына аздап өзгеріс енгізу керек сияқты. Еңбек өтіліне байланысты да квалтесттен босатуды қолдаймын. Өйткені жас ұлғайған сайын денсаулықта түрлі кінәрат пайда болады. Оған өткенде болған мұғалімнің өлімі дәлел» деп өз ішіндегі ойларын бүкпей жазыпты мұғалімдер.
СҰРАҚТАР ҰЛТТЫҚ ПЕДАГОГИКАҒА ҚАТЫСТЫ БОЛСА
Соңғы сұрақ, «Егер өзгерістер енгізу қажет болса, ол қандай өзерістер болуы керек? Нақты ұсыныстарыңыз? Сауалнамаға жауап берген ұстаздардың нақты ұсыныстарына келсек:
- Педагогикалық еңбек өтілі 25 жылдан асқан ұстаздар тек өз пәнін ғана тапсырса;
- Еңбек өтілі 25-30 жыл болған ұстаздар квалтесттен босатылса;
- Балдық шкаланы көтерудің қажеті жоқ, ең алғашқы балдық шкаланы қайтарсын. 1 не 2 балл жетпесе қайта қаралса;
- Педагогикалық тестің балын азайтса;
- Олимпиадаға қатысқан оқушысы бар ма, оқушылардың білімі сараланса;
- Тест өту уақытын ұзартса;
- Әдістеме және пән бойынша сұрақтар болса;
- Өтілі 30 жылдан асқан зерттеуші, шебер санатындағы ұстаздарды қайталап өткізілмей, санаты зейнеткерлікке дейін сақталса;
- Тек пән бойынша сұрақтар керек. Ал педагогика саласынан неге ұлттық педагогиканы енгізбейді? Жапон, америка педагогтарының еңбегі не керек?
- Педагогикалық сұрақтар ситуациялық сұрақтармен алмастырылса;
- Портфолио арқылы өткізіп, ұстаздардың мәртебесін түсірмесе;
- Сұрақтар жеңілдетілсе;
- Жоғарғы санатты мұғалімдердің біліктілігі шеберлік сабақтары арқылы анықталса;
- Нақты тест базасы дайындалса, ол алдын ала жарияланса;
- Еңбек өтіліне қарай біліктілік санаты қалдырылса;
- Пәннен тест сұрактары және 70 сұрақ емес, 50 сұрақ болса;
- Оқытушы біліктілігі тестпен бағаланбаса;
- Мектеп ішінде өтуі қажет. Ұстаздың сабағын талдаса, сыныптарының білім сапасына қараса;
- Біліктілік санатының мерзімі ұзартылса;
- Эссені бағалап, балын жалпы балға қосса;
- Тестке бармаған ұстаздың соңғы категориясы сақталса;
- Жалақыны еңбек өтіліне қарай төлеген дұрыс;
- Тест тапсырған мұғалім портфолио жинаудан босатылса, портфолио жинаған мұғалім тест тапсырудан босатылса
Осы сұрақтарға ашық жауап беріп, өзінің ұсыныс, тілектерін білдірген ұстаздардың жазбасын сол күйінде бердік.
«Тапсырылатын тест сұрақтары ашық болу керек және тест тапсыратын кезде мазмұны өзгеріссіз болуы керек. Арнайы бір сайтта дайындалуға мүмкіндік берілуі керек. Мұғалім сол сұрақтарға дайындалып бару керек. Біліктілік тестін жұмысқа алғаш рет орналасайын деп жатқан маман, жас мамандар немесе бірнеше жылдар бойы мектепте жұмыс атқармаған мамандар тапсыру тиіс»,
«Екінші кезеңді папка арқылы емес, басқа формада өткізу керек. Папкаң өту үшін ақша сұрайды. Бермесең өтпейсің»,
«Мысалы, дипломым бойынша сабақ бермеймін, бірақ тестті сол диплом бойынша тапсыру қажет. Осындай жағдайда не істеу керек?»,
«Өз пәнінен тест тапсырсын. Педагогикадан тапсыру артық. Портфолио қажетсіз. Бәрі сатылуда. Авторлық бағдарлама, олимпиада, ғылыми жоба ватсап чаттарда сауда қызып тұр»,
«Эссеге бір тақырып бересіңдер. Менің ойымша ол дұрыс емес. 4-5 тақырып беріп, ішіндегі бір тақырыпқа эссе жаз деген дұрыс сияқты. Сонда мұғалім де қобалжымайды»,
«Тіркелуден бастап мұғалімге жағдай жасалса, себебі көптеген әріптестерімізге тіркелудің өзі мәселе болып тұр. Интернет пен компьютерлердің жұмысын алдын ала тексеруден өткізу қажет. Себебі үнемі интернет істемей қалады. Бір тұрақты мерзім қоймай, мұғалім өзі қалаған уақытында жыл ішінде тапсыруға мүмкіндік алса. Сонымен бірге, тест сұрақтарының мазмұны мен мағынасына көңіл бөлініп, талапқа сай жасақталып, алдын ала әсіресе педагогикадан келетін сұрақтар белгілі болса деген ұсынысым бар».
«Ұсынысым: Нақты критерийлер жасақталып, сол бойынша комиссияның алдында мұғалім өз жұмысын презентация жасау керек. Ал қазіргі кезде мұғалімдер тесті әркімге тапсыртып алып, портфолионы әржерден ұрлап, толтырып тапсыруда».
«Өзгертетін нәрсе өте көп. Ең бастысы мұғалімнің жүйке жүйесіне шектен тыс күш салуды азайтса».
«Тестің әділ өтуін қадағалайтын, тест орталығы қызметкерлерінің әрекетін зерделейтін бақылауды күшейту керек. Сиыр көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді. Егер тест орталықтарының қызметкерлері заң бұзуға жол бермесе, мұғалімдер жолын іздемей, өздерінің пәндік білімдерін жетілдіре түсер еді. Егер тест әділ өтсе, 50 жасқа дейін өзінің біліктілігін бірнеше рет дәлелдеген мұғалімдерді қинап қайта-қайта дәлелдетудің не қажеті бар?»
«Әр мұғалім өз пәнін жетік білуі керек, сол себепті 100 сұрақты да пәннен қою керек».
«Портфолио талабын қайта қарау керек. Аттестациялық комиссия қажет емес. Бұл комиссияның міндеті тестіден шекті балды алғанмен де, портфолиодан мұғалімді өткізбеу секілді. Оның орнына цифрлық дәуір ғой, бағалау өлшем шартын автоматтандыру керек».
«Портфолионы алып тастау қажет. Квалтестен өтсең де, білім бөлімі портфолиоға қатты қарайды. Барлық мұғалім ғалым емес, барлық мұғалім жазушы емес. Басылым беттері, конференциялар қыруар ақша…».
«Әр пәнге байланысты тест болсын. Қазақ тілі, орыс тілі, гуманитарлық пәндерде міндетті түрде: диктант, эссе болуы керек. Ол жазба жұмыстар қолмен жазылуы керек, міндетті түрде. Себебі: мұғалімнің сауатымен қатар, каллиграфиясы жоғары болуы қажет. Себебі: біз болашағымызды, яғни, оқушыларды оқытып, тәрбиелеп отырмыз. Олар мұғалімге ұқсап, білімді, сауатты, “идеал” болғысы келеді. Ал компьютермен жазылған жазба жұмысының қатесін, тыныс белгісін, каллиграфиясын тексеру “формализм” деп ойлаймын. Менің еңбек өтілім – 35 жыл, екі мамандық бойынша жұмыс істедім. Бірі – бастауыш сынып мұғалімі, екіншісі – қазақ тілі мен әдебиеті (қазақ және орыс сыныптарында). Әріптестер мені қолдайды деп сенемін. Себебі: “Кемедегінің – жаны бір …”. Қазақстанның келешегі – жастардың қолында. Жастарды оқытып, білім беріп, тәрбиелеп отырған ұстаздар..»,
Мұғалімдерден келген жауаптар легі осындай болды. Осыдан бұрын Білім беру ісінің үздігі: Сұлтан Сүлеев те Facebook әлеуметтік желісіндегі Қазақстан ұстаздары парақшасында біліктілік тестіне қатысты мұғалімдерге сұрақ қойып, жазба жариялаған болатын:
«Тест дегеннің басталғанына 20-жылдай болды. Квалтестке төрт жыл өтті. Барлық пәндердің тест сұрақтарының базасы максимум толды.
Ендігі ұсыныс. Осы базаны бөлім-бөліммен, бірақ варианттарға бөлмей тапсырушыларға ашық дайындалуға мүмкіндік беруге қалай қарайсыздар? Тест тапсырушылар неге жыл сайын белгісіз сұрақтар келер ме екен деп үрейленіп жүру керек? Егер алдын-ала дайындалса сенімді барар еді. Тест тапсыру олар үшін қорқыныш пен азап болмас еді. Егер жаңа оқулықтағы жаңа материалдар болса қосып отырсын. Әр пәннен келетін негізгі тақырып пен сұрақтарды жинақтап, артықтарын алып тастап көпшілікке арналған дұрыс тест базасының есігін ашатын уақыт келді. Бала соңғы бір жылда емес онан да ертерек дайындала берер еді. Әкесінің ақшасын да шашпайды репетиторға. Ұстаз да өзінің кемшін тұстарын корректировка жасап отырады. Сонда ғана ҰБТ мен квалтест тапсырушы үшін қияметтің қыл көпіріндей көрінбейді. Академиялық адалдықты қамтамасыз етуге болады бүгінгі күні. Технология дамыған.
Сонымен сұрақ:
- Тест сұрақтары ашық түрде болғанын қалайсыз ба?
- Тест сұрақтары кәзіргідей жасырын түрде болғаны дұрыс па?
Өзіміз көріп отырғандай жауап бергендердің 96% тест сұрақтарының ашық түрде болғанын қалайды екен. Сұлтан Сүлеев сауалнаманың нәтижесі бойынша да қорытынды жазба жариялап, өз ойын білдірген
«ҰБТ мен квалтестің сұрақтарын тапсырушылардың танысуына мүмкіндік жасау керек пе деген сұраққа екі мыңнан аса әріптес қолдап жауап беріпті. 61 мұғалім тест сұрақтарын құпия ұстауды қолдапты.
Ия, анкетаға дауыс беру жалғасып жатыр, сілтемеге кіріп өз ойыңызды білдіруге болады».
Нұржан Құмар,
ШҚО, Үржар ауданы,
Көкөзек ауылы
Парақшамызға жазылыңыз
Мұғалімдерге педагогика сұрақтарына жауап беру қиындық туғызуда. Педагогтың зерттеуші немесе мастер санаттары сақса. (Бар болған жағдайда, кімге жоғарғы санат керек өз еркімен тест тапсырса.)
Оқытушылардың еңбегі түгел дерлік бағалана бермейді,оны бәрі біледі, қаншама жетістік пен отыз жылдан астам өтілі бар педагогтар облыс,республика деңгейінде мемлекеттік марапаттарға іліне бермейді, саны шектеулі. Ең болмаса бірнеше жылдық еңбегінің бағасы ретінде 30 жыл өтілі бар ұстаздардың ұстазы деп жүрген педагогтарды тестен босатса, меніңше одан асқан құрмет болмас еді ау. Қазіргі таңда денсаулық та өте қиын мәселе болып барады, жастар алдында да абыройы сақталар еді.