Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Алматы қалалық департаменті Болат Назарбаевтың тағы бір қызының үстінен қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Орда.kz хабарлады.
Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болаттың қызы Құндыз Назарбаева рейдерлікпен айналысты деген күдікпен жауапқа тартылуда.
Атап айтқанда, Құндыз Назарбаева өзінің Елдос Қоспаев, Дастан Әбіжанов, Тимур Танашев, Рауан Бабаев және Дулат Ахмадиев деп аталатын сыбайластарымен бірге кәсіпкер Алмас Әбдіғаппаровтың бизнесін тартып алған.
Осы аптада Антикор Алмас Әбдіғаппаровтың отбасына тиесілі «AV-Construction» компаниясы жарғылық капиталының 25 пайыздық үлесін рейдерлік жолмен тәркілеу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Бұған дейін, өткен жылдың күзінде кәсіпкер Алмас Әбдіғаппаров жоғарыдағы әлеуетті топтың «біреудің мүлкін талан-таражға салды» деген жаласы бойынша қамауға алынған екен. Сөйтсе, мәселе тіпті олай болмай шықты.
Қамауға алынған кәсіпкердің әйелі мен анасы Болат Назарбаевтың жақын адамдарының, оның ішінде оның туған қызы Құндыз Назарбаеваның үстерінен өз мүліктерін рейдерлік жолмен тартып алды деген шағым түсірді.
Кәсіпкер Алмас Әбдіғаппаровтың анасы мен әйелі биылғы сәуір айының ортасында «AV-Construction» ЖШС-ін рейдерлік тәркілеу жайын хабарлайды. Олар – Сәуле Жүнісбекова мен Ольга Әбдіғаппарова жарғылық капиталдың 25 пайыздық үлесін «Елдос Қоспаев, Дастан Әбіжанов, Тимур Танашев, Рауан Бабаев және Дулат Ахмадиев ұсынатын қылмыстық топ» тартып алғанын баяндайды. Алайда, олардың арызы Алматы қаласы Медеу ауданының полиция бөліміне жазылғанымен, қараусыз қалдырылған.
Қазір Медеу аудандық №2 сотында «А.В.Құрылыс» ісі бойынша сот отырысы өтіп жатыр.
Дереккөз: rast.kz
Парақшамызға жазылыңыз