///

Палестина әлемнің назарын Израиль басқыншылығына аударғысы келеді

1818 рет қаралды


Әлем әсіресе, Батыс оккупация және аннексия жайлы айтқанда, үнемі өзіне тиімді жағын ғана сөз етуді әдет қып алған. Қазір бүкіл әлем демін ішіне тығып Ресей мен Украина қақтығысының ақырын бағып отыр. Бүкіл әлем зорлықшыл, озбыр Ресейдің агрессиялық саясатынан зардап шеккен Украинаға жеңіс тілейді.

Дегенмен, әлемнің екінші бір жағында тағы да бір жазықсыз жандардың қаны төгілуде. Үнемі әділдік пен ақиқаттың жағындамыз дейтін Батыс пен Америка бұл жандарға қол ұшын созғанды былай қойып, оккупанттарды қарумен қамтамасыз етіп, шовинизмді қолдап отыр. Бұл саясатты екі жүзді демей, не дейміз?

Жақында Ұлыбританияның Ньюкасл қаласында Израиль оккупанттарына қарсы наразылық шеруі болып өтті. Шеру Justice for Shireen деп аталады. Яғни жиналғандар таяуда Израиль оккупанттарының оғынан қаза болған 51 жастағы журналист Шырынның жазықсыз опат болғанына наразы. Израиль солдаттары үстіне пресса деген күртешені кигеніне қарамастан журналист оқ нысанасына алған. Кейбір сарапшылар Шырынды Израиль басқыншылары әдейі өлтірді десе, Израиль тарапы оқты біздің солдаттар атқан жоқ деп бет бақтырмауда.

Ньюкаслдегі Монументтің жанындағы шағын алаңқайға жиналғандардың қарасы көп дей алмаймын. Десе де Палестина халқына қолдау білдіріп келген адамдар баршылық. Шеруді ұйымдастырушылардың ең басты мақсаты Палестин халқының үнін бүкіл әлемге жеткізу. Сөйтіп, Америка мен Батыс елдерінің Израильге қолдау білдіруін тоқтату.

Шеру екі түрлі мәселені көтерді. Біріншісі журналистік қызметін атқару барысында қаза болған Шырын Абу Ахлеһті еске алу, оның қазасының бүкіл әлемдік деңгейде тергеліп жазалылардың тиісті жазасын алуы. Екіншісі, Ұлыбритания үкіметінің Израильге қолдау көрсетуін сынға алу.

Шараға жиналғандар ұрандатып,

Палестинаға бостандық тіледі.

Ньюкасл университетінің профессоры, Журналистер одағының мүшесі Дэвид Байнес 2000 жылдан бері 46 палестиндік журналистің қайтыс болғанын айтады:

– Өткен айда Журналистердің халықаралық федерациясы, Адам құқығы жөніндегі ұйымдар мен Палестина ұйымдары Халықаралық қылмыстық сотқа арнайы шағым түсірді. Бұл шағымда Палестиналық журналистерді Израиль қорғаныс күштерінің әдейі өлтіргені айтылады. Соңғы уақытта дәл осындай жолмен төрт журналист қаза болған. Олардың барлығы да айпарадай жазуы бар «Press» деген жилеттерін киіп жүрсе де, оқтың нысанасына алыныпты. Солар секілді Шырын Абу Ахлеһ те қаңғыған оқтың құрбанына айналды. Халықаралық Қылмыстық сот оның өліміне қатысты да зерттеу жасамақ. Шырынның басынан өткен жағдай өзгелердің де басынан өтіп жатыр. Ең өкініштісі, бұндай қылмыстар жазасыз қалуда.

Келесі спикер Израиль армиясының Палестин халқын жазықсыз өлтіріп, баспаналарын бүлдіріп жатқанын қынжыла баяндады.

– Мен Палестинада он бір күн болып келдім. Халид деген адамның үйін Израиль армиясы талқандаған еді. Менің палестиндік достарымның көбі тіпті өз аумақтарына баруға құқылы емес. Бұл біздің жүрегімізді ауыртады. Мен тіпті өзімді олардың алдыңда кінәлі сезініп жүрмін. Халықаралық нормаларға қарамастан, БҰҰ қабылдаған 149 резолюцияға қарамастан, олар өз жерлерін баса алмай отыр. Палестин халқына деген ынтымақтастықтың белгісі ретінде 28 волонтер осы үйді қайта тұрғызуға көмектесу үшін барды. Халид Аларуф босқындар аймағында тұратын. Бірақ бұл сіз ойлағандай шатырлардан немесе уақытша күркелерден жасақталған босқындар баспанасы емес. Онда кәдімгі үйлер тұрғызуға болады. 1949 жылдан бері 530 ауыл жермен жексен болды.

Содан бері босқындарға арналған лагерьлер тұрғызылған. Халидтің отбасы өте адам аярлық жағдайда өмір сүріп жатты. Оларға баспана берілгенімен үйдің жағдайы өте нашар еді, жаңбыр жауса төбеден су шелектеп ағатын. Халидтың денсаулығы жақсы болмаса да, ол барлық жиған тергенін үй салуға жұмсады. Оның үстіне біраз қарыз алды. Сөйтіп Аларуфтан тыс жерге үйін тұрғызып, елу жасын атап өтпек болды. Ол елу жасын атап өтіп жатқан кезде, Израиль армиясы бульдозермен келіп, жаңа тұрғызылған үйін тас талқан етті. Израиль билігі бұл жерлерді Израильдікі деп таниды. Алайда 1993 жылы бұл жерлер Палестинаға тиесілі деп танылған. 2009 жылдан бері 12 мың құрылыс жермен жексен етілді. Ал биыл жыл басынан бері 260 үй құлатылған.

Келесі сөз алғандар Ұлыбритания үкіметін Израильге қару сатып, жақтасып отырғаны үшін сынады:

– Біз Израильдің жасап отырған озбырлығына қарсы, оларға қатаң санкция салуымыз керек. Өкінішке қарай, біздің Үкімет Израильді жазалағанның орнына керісінше оларды қолдап отыр. Қару сатып, бизнес жасауда. Ал осы қару жазықсыз жандардың қанын төгуде. Сондықтан біз Израиль армиясына қолдау білдіріп отырған мемлекеттік саясатты жазғырамыз.

Сахна төріне көтерілген келесі спикер де Ұлыбритания саясатын сынады:

– Әрбір күн палестиндіктер әділдік пен теңдік үшін күресуге мәжбүр. Олардың өмірі күн сайын оккупацияда және Израиль апартгейдіне ұшырап келеді. Мен біздің үкіметтің оккупацияны қолдап отырғанына наразымын. Олар Израильге қару береді, экономикалық тұрғыдан және саяси тұрғыдан қолдап келеді.

ШЫРЫН АБУ АХЛЕҺ КІМ?

Мамырдың 11-інде Шырын Абу Ахлеһ әріптесі әл-Самудимен бірге Израиль армиясының Батыс жағалаудағы арнайы операциясы жайлы сюжет жасау барысында Израиль солдаттары атқан оқтан қаза тапқан. Израиль Қорғаныс күштері Шырынды Израиль солдаттары емес, палестиндіктердің өзі атуы мүмкін деген нұсқаны көлденең тартады. Бірақ, оқиға болған жердегі әріптестері мен куәгерлерінің айтуынша, ол жерде Палестин әскерилері болмаған. Оқ Шырынның басына тиген. Ал әл-Самуди ауыр жараланып, реанимацияға түскен. әл-Самудидің айтуынша, Израиль әскерилері “Press” деген күртешені киіп, репортаж жасап жүрген журналистерге ескертусіз оқ атқан.

әл-Жазираның ағылшын қызметінің жазуынша, Израиль солдаттары Шырынға оқ тиіп құлағаннан кейін де, атуын доғармаған. Шырынмен бірге болған тағы бір журналист Шаца Ханайша Шырынға көмек қолын созудың мүмкін болмағандығын айтады. Өйткені, израильдықтар оқ жаудыруды тоқтатпаған. Ол журналистік қызметте жүрген төрт журналистің әдейі нысанаға алынғанына шүбәсіз.

Шырын Абу Ахлеһ Америка мен Палестинаның азаматы, әл-Жазира медиакорпорациясында 1997 жылдан бері қызмет еткен. Соғыс алаңына қорықпай, батыл қадам басқан Шырынды Палестин халқы Израиль колониализмі мен оккупациясының құрбаны болды дейді.

“Олар Шырынға оқ ату арқылы біздің даусымызды тұншықтырғысы келді. Өйткені ол біздің үніміз еді” деген Палестина Премьер Министрі Халида Жаррар әл-Жазираға берген сұхбатында.

Тележурналист ретінде Шырын Газадағы әділетсіз соғыс жайында үнемі хабар таратумен айналысты. Газа секторындағы 2008, 2009, 2012, 2014  жылдардағы соғыс пен 2021  жылғы Қыркүйек айында  Израильдің солтүстігіндегі қатаң режимдегі түрмеден қашқан алты палестиндік туралы мәселелерді батыл көтерді. 2006 жылғы Ливандағы соғыс өрті секілді аймақтық жаңалықтарды да қамтыған.

Ең сорақысы, Шырынның жаназасы күнгі Израиль әскерилерінің әрекеті еді. Шырынды жерлеуге қатысқан жұрттың қолындағы Палестинаның жалауы Израильдердің құтын қашырғаны сонша, Шырынның табытына шабуыл жасап, жалауды ұстаған әрбір адамды жазаламақ болып ұмтылған Израиль әскерилері марқұмға құрмет көрсетіп, жерлеуін тыныш өткізуге де мүмкіндік бермеген.

Шырынның қазасының өзі Палестина туралы шындықты жарты әлемге жар салып айтып тұрғандай дейді әріптестері.

ПАЛЕСТИНА МЕН ИЗРАИЛЬ: АННЕКСИЯ ЖОЛЫ 

әл-Жазираның сипаттауынша, Палестинаның қазіргі картасын “Швейцар ірімшігімен” теңестіреді. ХХ ғасырда ол қаншама бөлікке бөлінді, қаншама заңсыз Израиль оккупанттары басып кірді, әскери бақылау-өткізу пунктері ашылды.

Осы Батыс жағалау мен Шығыс Иерусалимде Еврей қауымдастықтары арнайы Израиль елдімекендерін салуда. Шамамен 250 елдімекенде (130 ресми, 120 бейресми) 600,000 – 750,000 Израильдіктер тұрады.  Бұлар халықаралық заң нормаларына қайшы. Олар Төртінші Женева конвенциясын бұзып отыр. Бұл Конвенция бойынша басқыншы держава басып алған территориясына өз халқын әкеп орнатуға тыйым салынады.

2019 жылы Дональд Трамп президент болып тұрған кезінде АҚШ Палестина аймағындағы Израиль елдімекендері заңсыз емес деп мәлімдеді. Бұл жылдар бойғы АҚШ-тың жүргізіп келген саясатына мүлдем қайшы мәлімдеме еді.

Батыс жағалау мен Шығыс Иерусалимдегі Израиль елдімекендеріндегі халықтың саны Израильдің өз халқынан жылдам өсуде. Израиль халқының он пайыздан астамы осы аймақтарда тұрады (Израиль халқының саны 6.8 миллион). 2020 жылы Батыс жағалауда 463,535, Шығыс Иерусалимде 220,200 адам тұратыны жария етілді.

2002 жылдан бері Израиль 700 километрге созылатын алып қамал соғуда. Израиль бұл қамал қауіпсіздік мақсатында салынып жатыр дейді. Алайда, бұл 1967 жылы халықаралық деңгейде мойындалған Жасыл сызықтың бойымен емес, 85 пайызы Батыс жағалау территориясында салынуда. Бұл палестиндіктердің еркін жүріп тұруын шектейді.

Батыс жағалауда 700-ден астам жол бекеттері бар, оның 140 -ында бақылау пункттері орналасқан. Осы бақылау пункттері палестиндіктердің жүріп-тұруына кедергі келтіреді. 70 мыңдай палестиндіктің Израиль аумағында жұмыс істеуге рұқсаты бар, олар күн сайын жұмысқа қатынау үшін осы бақылау пункттерінен өтеді.
БҰҰ арнайы босқындар лагерінде 1.5  миллион палестин босқындары өмір сүреді. Бұл лагерьлерден тыс өмір сүретін бес миллион палестиндік босқындар осы лагерьлерде тіркелген. Палестина босқындығы әлемде аса ұзаққа созылған, түйіні шешілмеген проблема болып отыр.

Халықаралық стандарттарға сай, Иерусалим екіге бөлінген қала. Батыс Иерусалим 1948 жылдан бері Израиль территориясы болып есептелінеді әрі еврейлердің саны басым. Шығыс Иерусалимде палестиндіктер көп тұрады, алайда 1967 жылы Израиль басып алады. 1980 жылғы аннексиядан кейін Израиль бүкіл қаланы өз территориясы деп есептейді. Бұл халықаралық тұрғыдан мойындалған жоқ. Израиль карталары Шығыс Иерусалимді Батыс жағалаудағы басып алынған территория ретінде көрсетпейді.

Иордания алқабы Батыс жағалаудың 30%-ын алып жатыр әрі бұл ауылшаруашылығы нысанындағы жерлердің жартысын иеленеді. 105 шақырымға  созылған құнарлы жер Батыс жағалауды Иорданиямен жалғастырады. Иордания алқабы жер бетіндегі ең төмен нүкте болып саналады, әрі мұнда теңіз деңгейінен 790  метр төмен Өлі теңіз орналасқан. Осы алқап 65,000 палестиндіктің отаны, 11,000 израильдік заңсыз орналасқан. Иордания алқабынсыз Палестинаны елестетудің өзі қиын. Батыс жағалау Иордания алқабындағы жалғыз халықаралық  шекара. Егер Израиль Иордания алқабын басып алса, Батыс жағалауды Израиль толығымен қоршап алады.

2020 жылдың Шілдесінде Израиль премьер министрі Биньямин Нетаньяху Израильдің Иордания алқабы мен Өлі теңізді басып алу ниеті бар екенін мәлімдеген.

Батыс жағалаудағы Израиль қоныстанушылары палестиндіктермен салыстырғанда суды 18 есе көп алады. Палестиндік фермерлердің көбі су жүйесіне қосылмаған, сөйтіп суды бөшкелеп сатып алуға мәжбүр. Егер Иордания алқабын Израиль иеленетін болса, онда палестиндіктер Иордан өзенінен қол үзеді деген сөз.

2020 жылдың 28 қаңтарында АҚШ-тың сол кездегі президенті Дональд Трамп ресми түрде Таяу Шығыс жоспарын ұсынады. Трамп бұл жоспарды жетпіс жыл бойы күрмеуі шешілмей келе жатқан Израиль-Палестина қақтығысын шешетін тарихи жоспар деп атайды. Ол жоспар бойынша Палестина тарихи Палестинаның 15%-ын ғана бақылай алады. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Иордания алқабынан Трамптың 2020 жылғы жоспарынан да алып жерді тартып алуды көздеп отыр

Газа секторы Израиль теңізінің астында қалды, ал әуе жолы 2007 жылдан бері бұғатталған. 2008 жылдан бері Израиль Палестина территориясына үш рет соғыс ашып, мыңдаған жазықсыз жандардың қаны төгілді. 1948 жылы Газа секторындағы халықтың саны 100 мыңнан аз еді. Қазір мұнда екі миллион адам тұрады, олардың 64 пайызы босқындар.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар