/////

Санда бар, санатта жоқ: Моңғолиядағы жүзден астам Қазақстан азаматы көмекке зәру

5253 рет қаралды
1

Моңғолиядан атамекенге алғашқы көш 1991 жылы Наурыз айында басталған еді. Содан бері көшкен елдің сіңісіп, Қазақстанды мекендеп қалғандары көп. Алайда тағдырдың жазуымен атамекенге көшіп барса да түрлі себептермен Моңғолияға қайта оралған отбасылар да бар.

145 ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫ КӨМЕККЕ ЗӘРУ

Көбі ауа райы жақпаған немесе денсаулығына байланысты қайта көшіп келгендер. Бұлар қазір Қазақстан азаматы болғандықтан Моңғолияның заңына сәйкес “УАҚЫТША ТҰРУШЫ” мәртебесімен жүр. Оларға мемлекеттен жәрдемақылар берілмейді. Тұрақты жұмыс орындары да жоқ. Моңғолияның Қазақстандағы елшілігінің дерегіне сәйкес 2001-2021 жылдар аралығында 1917 Қазақстан азаматы Моңғолия азаматтығын қайта қабылдаған.

Қазіргі уақытта ҚР-ның 145 азаматы Моңғолияның азаматтығын қабылдауға ниетті. ҚР заңнамасына сәйкес, Қазақстан азаматтығынан шығу мәселелеріне байланысты өтініштерді қарау құжаттарды қабылдаған күннен бастап 6 ай ішінде жүзеге асырылады делінген. Алайда бұл азаматтардың арасында 11 жыл бойы Қазақстан азаматтығынан шыға алмай жүрген қандастарымыз да бар. Өкінішке орай Қазақстанның бюджетінде және қолданыстағы заңнамаларда Қазақстаннан туған жерлеріне қайта оралған ҚР азаматтары үшін әлеуметтік қолдау көрсету қарастырылмаған. Сондықтан Моңғолиядағы ҚР азаматтары бүгінде бар мен жоқтың арасында күн көруде. Ешқандай кіріс жоқ болғандықтан ауруханаға қарала алмай жүргендері де көп. Оқу жасындағы балалар ақысыз мектептерде оқиды. Ата-аналарында кіріс болмағандықтан оқу құралымен толық қамтамасыз етілуде.

Қазіргі таңда осы азаматтардың өкілі ретінде біз кезіккен екі адамның жағдайы өте ауыр. Бірі бүйректің обырына шалдыққан. Жүріп-тұруы қиындаған. Ауруханаға жату үшін Моңғолияға Уақытша тұрушы мәртебесі берілу керек дейді. Алайда әлемдік жағдайға байланысты шекараның жабылу салдарынан Қазақстан Республикасы тарапынан берілген шетел паспортының уақыты өтіп кеткен. Сондықтан айыппұл төлеуі керек, немесе қара таңба басылып еліне қайту керек дейді. Бұл екі мәселені шешу ол азаматқа мүмкін емес екен. Себебі экономикалық тұрғыдан тұралаған.

Біз осы мәселенің анық-қанығын білу мақсатында Қазақстанның Моңғолиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Ғабит Қойшыбаев мырзаға және Моңғолияның Баян-Өлгий аймағының “Хараацай төлөвшил” (Қарлығаштарға қамқорлық) Одағының Төрағасы Доман Қабанұлына өз сауалдарымызды жолдаған едік. Елшілік пен қоғамдық ұйым бұндай мәселенің бар екендігін мойындайды. Дегенмен екі мекеменің беріп отырған ақпаратында сәл сәйкессіздік бар. Мәселен, Қазақстан елшілігі Моңғолияда тұрып жатқан, бірақ екі елдің де жәрдемақысынан қағылып, тұрмыстың тауқыметін көріп жүрген 145 Қазақстан азаматы бар десе, “Қарлығаштарға қамқорлық” қоры бұның санын 185-ке жеткізеді.

Доман Қабанұлы: ОНДАЙ ОТБАСЫЛАРДЫҢ БАЛАЛАРЫ МЕКТЕПТЕ ТЕГІН БІЛІМ АЛҒАНЫМЕН БІТІРУ АТТЕСТАТЫ БЕРІЛМЕЙДІ

Доман Қабанұлы

– Құрметті Доман Қабанұлы, жалпы сіз басшылық ететін ұйым немен айналысады?
– Біздің Одақ 2020 жылы балалармен жастарға демеушілік жасау мақсатында құрылған.  Қарлығаштарға көмек көрсету бағытындағы мемлекеттік емес, пайданы көздемейтін дербес ұйым. Мемлекеттік Тіркеу ұйымынан арнайы куәлік алынған.
Ал өзім Өлгий сұмындық балалар Мәслихатынан сайланғанмын.  “Балалар Елшісі” болып жұмыс істегелі бес жыл болды.
Былтырдан бері біз Қазақстанға еңбек шартымен көшіп барып, Қазақстан азаматтығын алған, алайда белгілі бір себептермен Баян Өлгий аймағына қайта көшіп келіп, Моңғолия азаматтығын ала алмай жүрген балаларға жәрдем жасау ісін қолға алдық. Бала болған соң олардың барлық құжаты, әрине, әке-шешесінің қатысынсыз бітпейтіндігі анық.
Сол себепті олардың отбасы, ағайын туыстарының  барлығын қамтуға тура келді. Бүгінгі жағдаймен бізге Байөлкеде уақытша тіркеуде Қазақ елінің 185 адамы тұрып жатыр. Кейбірінің келгеніне он жылдан астам уақыт өтіпті. Содан бері балаларымен бірге әуре сарсаңға түсіп жүр. Бізге хабарласа алмай отырғандары да баршылық.

– Сіздің ұйым оларға қандай көмек көрсете алып отыр? 

– Біздің Одақ тарапынан осы адамдарға аз да болса демеушілік жасау үшін біраз еңбектендік. Соның нәтижесінде  Моңғолия азаматтығын қайта алуға ниетті адамдар тізімін жасадық.  Қазақстан азаматтығынан шығарып Моңғолия азаматтығын екі ел жағынан жеңілдетілген түрде рәсімдеу шараларын жеделдету жайлы Моңғолиядағы Қазақстан елшілігіне, жақында тағайындалған  елші Ғабит Бейбітұлы Қойшыбаев мырзаға, Моңғолия Елбасының Іс Басқару Орнының басшысына, Халықаралық Көшіп Қоныстанушылар Ұйымының Моңғолиядағы басқармасына, Моңғолия Үкімет Орнына, Адам Құқын Қорғау Комиссиясы қатарлы ұйымдарға жолдап алғашқы нәтижелерге қол жеткізе бастадық.

– Сонда бұл адамдардың бұндай жағдайға тап болуына не әсер етіпті?  
Көбісі құжаттарын дұрыс рәсімдеу жолдарын білмейді, әрі екі жылға созылған  пандемия кезінде біразының паспорттарының уақыты өтіп кеткен, құжаттары рәсімделмеген.
Осы адамдарға Одақ тарапынан қандай құжаттарды, қалай даярлап, қайда, қашан өткізу жөнінде Заңгер қызметкерімізден ақыл кеңестер берілді.  Кейбір моңғол тілін білмейтін адамдардың арыз өтініштерін жазып беріп, демеушілік жасаудамыз.
Осы ретте Қазақстан тарапына айтар бір өтінішіміз бар. Біздің Баян-Өлгий аймағының орталығында Қазақстан елшілігінің өкілі тұрақты отырса, бұл мәселелердің шешілуіне ат салысар еді.

– Бұл жерде кедергі неден болып отыр? Қазақстан тарапынан ба, Моңғолия тарапынан ба?  Себебін анықтадыңыздар ма? 

– Жақында біздің мұрындық болуымызбен,  Халықаралық Көшіп Қоныстанушылар Ұйымы кеңесші заңгерін  аймағымызға шақырдық. Олар 137 адаммен жеке-жеке әңгімелесіп, қандай себептермен көп жылдар бойы азаматтығы шешілмей келгеніне талдау жасап қайтты.
Мұндағы себептер әртүрлі көрінді. Кейбір адамдарға жер су, ауа райы жақпай,  денсаулығына орай келген. Біразы осындағы ағайынтуыс, әкешешесіне қайта оралған. Бір тобы көппен бірге Қазақ еліне мекендеуге көшіп барып келген деген сияқты. Әсіресе шешілмей отырған мәселе бір отбасының екі адамы екі елде тұратындықтан, олардың балаларын рәсімдеуді шешу қиын.
Келесі қиыншылық ақша қаражат жоқшылық тағы қолбайлау болуда.
Документ тапсыру үшін Қазақстанға  немесе Улаанбаатар қаласындағы Қазақстан елшілігіне құжат тапсыруы керек. Бұған жағдайы жоқ адамдар өте көп. Құжат тапсыру үшін Улаанбаатар қаласына барып 100-150$ төлеп документ өткізуге тиіс дейді. Оның үстіне жол қаражаты, жатын орны, бәрі де шығынды талап етеді.
Кей отбасы Қазақстан еліне көшкенде баспанасын, мал дәулетін сатып кеткендіктен, қайта келгендердің көбісінде басында үй, бауырында қазан жоқ, сол себепті де пәтер жалдап жүргендер де бар.

Бұл адамдардың Улаанбаатарға барып құжат тапсыру жол қаражатына аймақ Әкімшілігі жәрдем көрсетуге даяр. Құжат тапсыруға қажетті ақшасы жоқ адамдарға көмек жасау өтінішін Халықаралық Көшіп Қоныстанушылар Ұйымына қойып отырмыз.

– Қазақстан азаматтығынан шығып, Моңғолия азаматтығын қабылдаудың қандай жолдары бар?

– Моңғол елінің азаматтығын алу үшін әуелі бір мекен жайда тұрақты тіркеуде болуы шарт.
Сондай-ақ Қазақстандағы  тіркеуінен шығуы қажет. Осыдан кейін Қазақстан Республикасының Президенті жарлығымен азаматтықтан шығады. Ең соңында  Моңғолия Президентіне азаматтықты қайта алуға өтініш береді. Міне осындай заңдық жолмен азаматтық шешілуге тиіс.
Бұндай өткелектерден өтіп жүру үшін заңдық сауатың, әрі қомақты қаржың болуы керек. Кейбірі бұны білмейді,  кейбірі  салақтық танытады.  Соның салдарынан Үкімет тарапынан берілетін жәрдем көмектерді алатын мүмкіндікке қол жеткізе алмай отыр. Мысалы дәрігерге емделсе ақылы, балаларға ай сайын берілетін 100 мың төгрөг (шамамен 15 мыңдай теңге) жәрдемақысын ала алмайды. Тұрақты тіркеуге тұрмаған отбасылардың балалары мектеп бітірсе, бітіру аттестаты да берілмейді. Яғни, олар ары қарай оқуын жоспарлау құқынан айырылады.

Сонымен қатар бұл балалармен олардың ата аналарын жеңілдетілген түрде Қазақстан азаматтығынан шығарып, Дүниежүзілік Қазақтар Қауымдастығы мен Отандастар қорынан қаржылай көмек көрсету шараларына Моңғол еліндегі Қазақстан Республикасының Елшілігі ат салысса деген тілегіміз бар.

Ғабит Қойшыбаев, Қазақстанның Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі: ЕЛШІЛІК ТАРАПЫНАН ҚАЖЕТТІ КӨМЕКТЕР ЖАСАЛЫП ЖАТЫР

Ғабит Қойшыбаев

– Қазақстаннан Моңғолияға қайта көшіп келген қанша азамат бар, оның ішінде қанша бала, ер, әйел?

– Өздеріңіз білетіндей, әлемдік деңгейдегі коронавирус пандемиясының ахуалына орай 2020-2021 жылдары Қазақстан мен Моңғолияның шекаралары жабық болуына орай тарихи отанына қоныс аударуына қандастарымыздың мүмкіндіктері болмады.

Дегенмен, Моңғолияның Шетел азаматы және азаматтық жөніндегі басқармасының ресми ақпаратына сәйкес, 1994-2020 жылдар кезеңінде ұлты қазақ 59938 азамат Моңғолия азаматтығынан шығып, Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдаған. Олардың 76% ересектер болса (45572 аазамат), ал қалған 24% (14366 бала) ата-анасымен бірге Моңғолияның азаматтығынан шыққан кәмелеттік жасқа толмаған балалар.

Сонымен қатар, 2001-2020 жылдар кезеңінде Моңғолияның азаматтығын қабылдау туралы Қазақстан Республикасының бұрынғы 1917 азаматы Моңғолия азаматтығын қайта қабылдаған (81,8% ересек тұлғалар немесе 1570 азамат, ал 18,2% немесе 347 бала). Қазіргі уақытта  ҚР 145 азаматы (79 ересек және 66 бала) Моңғолияның азаматтығын қайта қабылдауға ниетті және Моңғолияның құзыретті органында моңғол азаматтығынан шығу жөнінде 35 қандасымыздың, ал моңғол азаматтығын қайта қабылдау жөнінде бұрынғы ҚР 15 азаматының өтінішін қарастыруда.

– Моңғолиядағы Қазақстан азаматтығын алған, алайда кері қайтып келіп, қайтадан Моңғолия азаматтығын ала алмай жүрген азаматтарға Елшілік тарапынан қандай көмек көрсетілуде (заңдық, құжат ресімдеу, кеңес)?

 – Моңғолияның аумағында тұрақты тұру немесе ҚР азаматтығынан шығу туралы ниет білдірген елімізден қайтып келген қандастарымызға Қазақстанның Моңғолиядағы Елшілігінің Консулдық бөлімі арқылы бірқатар мемлекеттік қызметтер көрсетіледі.

Сонымен қатар, Қазақстанды белгілі уақыт мекендеп, Моңғолияға қайту және оның азаматтығын қабылдау жөнінде шешім қабылдаған қандастарымызға құжаттарды заңды тұрғыда дұрыс ресімдеу бойынша кеңестер беріледі.

Жалпы қандастарымыз Моңғолияның азаматтығын қабылдамастан бұрын, Қазақстанның азаматтығынан шығуы қажет. Ол үшін ең алдымен облыстық көші-қон саласындағы құзыретті органдар арқылы Қазақстан Республикасынан Моңғолияға тұрақты тұруға кетті деген рұқсат ресімделуі тиіс. Содан кейін Қазақстанның азаматтығынан шығу үшін құжаттар қабылданып, қазақстандық уәкілетті органның қарауына жолданады. Қолданыстағы Қазақстанның заңнамасына сәйкес, ҚР азаматтығынан шығу мәселелері бойынша өтініштерді қарау құжаттарды тапсырған күннен бастап 6 ай уақыт ішінде жүзеге асырылады. Қазақстанның азаматтығынан шығу туралы ҚР Президентінің тиісті жарлығы қабылданғаннан кейін, қандастарымыз моңғол азаматтығын қабылдау жөнінде Моңғолияның құзыретті органына өтініштерімен жүгіне алады.

– Қазір Моңғолияға қайта көшіп келген Қазақстан азаматтарының әлеуметтік жағдайы күн санап нашарлауда,  оларға көмектесу жолдары қарастырылуда ма?

– Қазақстан Үкіметі еліміздің ұзақ мерзімді стратегиясына сәйкес шетелдегі қандастарымыздың тарихи отанына қоныс аударуына үлкен көңіл бөліп келеді және Қазақстан Республикасы көші-қон саласындағы саясатының басты басымдықтарының бірі болып табылады.

Қандастарымыздың тарихи отанына оралуы – Қазақстандағы этнодемографиялық процестердің маңызды бағыттарының бірі. Бұл тұрғыда үлкен жұмыстар жүргізіліп отыр. Атап айтқанда, шетелдегі қандастарымызды Қазақстанға тартуды реттейтін жаңа нормативтік-құқықтық құжаттар жүйесі әзірленді, оларды елімізге бейімделуінің жалпыұлттық бағдарламалары іске асырылуда, жаңадан қоныс аударған қандастарымызға алғашқы қолдау көрсету мақсатында ықпалдастырудың арнайы орталықтары құрылды, мемлекет тарапынан әртүрлі бағытта әлеуметтік-экономикалық қолдау көрсетілуде.

Шетелде тұратын этникалық қазақтарға, оның ішінде Моңғолиядағы қандастарымызға қолдау білдіру бойынша 2018-2022 жылдарға арналған жоспар қабылданды. Осы жоспарға сәйкес, шетелдегі этникалық қазақтарға арналған оқу-әдістемелік құралдар әзірленіп, шығарылады, оларды интернет ресурстарға орналастырылып, өзге мемлекеттерде құрылған қазақ мәдени орталықтарын әдеби гуманитарлық бағыт бойынша қамтамасыз етіледі, қазақ диаспорасы өкілдерінің Қазақстанның оқу орындарында білім алуы үшін жыл сайын 400-ден астам стипендиялық гранттар бөлінеді.

Өкінішке орай, еліміздің мемлекеттік бюджетінде және қолданыстағы заңнамасында қандастарымыз арасында Қазақстаннан туған жерлеріне қайта оралған ҚР азаматтары үшін әлеуметтік көмек көрсету мәселесі қарастырылмаған. Шетелдегі қандастарымызға қаржылық және басқа да әлеуметтік көмектер көрсету тек олар тарихи отанына қоныс аударған жағдайда еліміздің аумағында ғана жүзеге асырылады. Демек, үкімет тарапынан қосымша төлемдер мен жәрдемақылар алу үшін ҚР азаматтары тұрақты түрде еліміздің аумағын мекендеп, белгілі-бір мекен-жайда тіркелген болуы міндетті.

Ал, Елшіліктің құзыретіне шетелдегі ҚР азаматтарына олардың құжаттарын реттеуге қолғабыс көрсету, қандастарымызды мәдени-гуманитарлық бағытында қолдау, қазақ жастарын елімізде білім алуға ынталандыру, қандастарымыздың тарихи отанымен байланысын үзбеуге жағдай жасау және олардың жалпы әлеуметтік жағдайлары бойынша құзыретті органдарды уақытылы ақпараттандыру кіреді.

Тілектес Ақылбекұлы,

“Мінбер” сайтының Баян-Өлгий аймағындағы тілшісі

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар