1-маусым күні Абайақпараткз инстаграм арнасында Семей орманының өртке оранып жатқаны туралы жазба жарияланды.
Ресми ақпаратты ШҚО ТЖД берді:
“2022 жылдың 01 маусымында “Семей орманы” МОТР аумағында Жаңа-Семей филиалы, Подгороднее орманшылығы орман жабыны аймағында (қарағай) өрт шықты.
Өртті сөндіруге ШҚО ТЖ департаментінің, жергілікті атқарушы органдардың, ТЖМ №68303 әскери бөлімінің орманшылары мен күштері жұмылдырылды. Қазіргі уақытта өртпен арпалыс жалғасуда. Барлығы жеке құрамнан 399 адам және 85 бірлік техника жұмыс істеуде.
Семей қаласында өрт қауіптілігінің 5 сыныбы жарияланған.
Өрттің шығу себебі найзағайдан болды деген болжам бар.
Өрт алаңы анықталуда.
Жағдайға әуеден мониторинг жасау үшін “Қазавиаорманқорғау” “Ми-2″ тікұшағы тартылды.
Қазіргі уақытта өрттің таралуы тоқтатылды. Орман іші аймағында жұмыстар жүргізілуде.” делінген хабарламада.
Ал “Семей орманы” МГТР тұрғындарға үндеу жасады:
“Бейне және фото түсіру үшін қызыл жалын жаққа қарай бармаңыздар! Сақ болыңыздар, тілсіз жауға жақындамаңыздар! Кез-келген уақытта жел бағытын өзгертіп, қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін!” делінген жазбада.
Осыдан бірнеше минут бұрын Шығыс Қазақстан облысы Төтенше Жағдайлар Департаменітінің баспасөз қызметі қызыл жалынды 2-маусым күні, сағат 11:00-де ауыздықтағанын хабарлады. Өрт шамамен 200-250 гектар жерді шарпыған.
Парақшамызға жазылыңыз