Елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың желісі жаңа, маңызды реформамен толықты. Ол Білім және ғылым министрлігінің екіге бөлінуі. Көп сарапшылар бұл өзгерісті КСРО дәуіріндегі білімді басқару жүйесіне қайта оралумен байланыстырса, енді бір тобы бұл трансформацияның мемлекеттің отандық ғылымды дамыту ынтасы деп түсінеді.
Біріншіден, айта кететін маңызды жәйт КСРО дәуіріндегі білімді басқару жүйесі әлемдегі озық үлгілердің бірі болғандығын естен шығармаған дұрыс. Мемлекет басшысының әрекеттерінің жалпы дені өткенге топырақ шашпастан, жаңа, тиімді басқару және реттеу механизмдерін оңтайландырудан тұрғатындығын аңғару қиын емес. Бұған дәлел заманауи Қазақстан мен тарихы тереңде жатқан Қазақ мемлекеттігінің арасында тығыз байланыс орнатуда жатыр. Соңғы облыстарды қайта құру саясатының өзі осының дәлелі емес пе? Ұлытау Қазақ хандығының алтын бесігі болса, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев кеңестік дәуірдің көрінісі, Семей Алашорда дәуірінің келбеті. Дәл сол секілді Кеңестер одағында өз тиімділігін көрсеткен білім және ғылымды реттеу механизмдерін енгізу артқа шегіну емес, өткенімізді саралап, болашаққа нық қадам басу мақсатындағы маңызды бастама деп қабылдаған орынды болар.
Екіншіден, орта, кәсіби білім беру мен ғылым және жоғары білім беру салаларының негізгі қатысушылары да, тұтынушылары да бөлек. Бұл жәй механикалық тұрғыдан министрлікті екіге бөле салу емес.
Ең алдымен орта білім беру мен жоғары білім берудің маңызды ерекшелігіне тоқтала кетер болсақ ол салаларды реттеу механизмдерінде жатыр. Орта және арнайы білім беру, мектепке дейінгі білім беру қатаң қадағалау мен басқаруды талап ететін сала. Бұл салаларды мемлекет басқаруы тиіс және бұл салалар мемлекеттік стандартқа арқа сүйегені абзал. Ал жоғары білім беру басқаруды емес реттеуді талап етеді. Яғни жоғары оқу орындарына академиялық қаржылық автономияны бере отырып, жоғары білімнің ғылым саласымен интеграциясының тиімділігін қамтамасыз ету экономикалық дамудың негізгі өзегіне айналғаны жөн.
Екінші негізгі ерекшелік ағартушылық техникалық тұрғыдан білімді сіңіру, яғни адамның, ал біздің жағдайда жасөспірімдердің сауатын ашу миссиясын жүзеге асырса, ғылым мен жоғары білімнің негізгі миссиясы мектеп жасынан өткен тұлғаларға белгілі бір дәрежеде қолданбалы қабілетті дамыту, яғни тұлғаның саралау қабілетін, жаңа ақпаратты игеру және оны болашақта пайдалану қабілетін дамыту. Қарапайым тілмен айтқанда ағарту миниcтрлігінің негізгі миссиясы білім беру болса жоғары білім және ғылымның негізгі миссиясы тұлғаның білімді игеру арқылы жаңа өнім жасауға, ақпаратты оңтайлы игеру арқылы орнықты түрде өмір бойы білімін жетілдіруге бағытталған қабілетін жетілдіру болмақ.
Үшіншіден, психологиялық тұрғыдан да, ағарту ісі үшін ең маңызды мәселе жас өспірімдегі тұлғалық қасиетті қалыптастыру болса, жоғары білім берудегі негізгі миссия азаматтық қатысушылық, біліктілікті қалыптастыру.
ХХІ ғасыр ғаламдық денгейде үлкен өзгерістер әкеле жатқандығы сөзсіз. Бұл жоғары білімнің алдына тіпті өзгеше міндеттер мен мақсаттар қояды. Жоғары білімнің негізгі мақсатын білім беруге қарағанда білімді пайдалану және күніге жаңарып отырған түрлі ақпараттарды тиімді саралап, пайдалануға жол ашуында жатыр. Оның үстіне соңғы уақытта академиялық миссияға деген көзқарас қатты өзгеріп кеткендігін де назарда ұстау керек. Ұлттың бәсекеге қабілеттігін айқындайтын адам капиталы ғана емес, адам капиталына жасалатын жағдай мен оның инновациялық ойларын жүзеге асыру мүмкіндігі екендігін ұмытпаған орынды. Мәселе, ұлттан талап етілетін жаңа миссия бірінші кезекте интеллектуалды меншіктің дамуына, инновациялық ойдың дамуына жағдай жасаудан тұратындығы сөзсіз. Әлемдегі ең ірі өндіруші мемлекет Қытай болғанымен, АҚШ экономикасы әлі күнге дейін жетекші орнынан айрылмай келеді. Неліктен? Себебі, АҚШ әлемдегі ең ірі инновациялық ойдың иесі. Сондықтан АҚШ бүкіл әлемнен интеллектуалды меншікті сыйлауды талап етеді. Өндіріс әлемнің кез-келген Елінде орналасуы мүмкін. Бірақ, маңыздысы өнімді кімнің ойлап тапқанында. Батыс Еуропа мен АҚШ индустриалды қоғамнан постиндустриалды қоғамға қадам басты. Бұл қадам индустриядағы қажеттілікті төмендетіп, жоғары интеллектуалды өндірісті дамытуға серпін берді. Бұл тұрғыдан алғанда Президентіміздің Ұлттық ғылымдар академиясын қалпына келтіру бастамасының да маңызы ерекше. Ғылым инновацияның көзі. Инновация бәсекеге қабілеттіліктің негізі.
Министрлікті бөлуге бағытталған реформаның маңызы да осында жатыр. Ғылым мен жоғары білімге еркіндік берілуі тиіс. Автономияның негізгі өзегі үштік спиральдың, яғни білім, ғылым мен өндірістің өзара интеграциясы болуы тиіс. Кезек күттірмейтін маңызды мәселе Қазақстандағы венчурлық капиталды дамыту. Венчурлық капитал инновациялардың негізгі қозғаушы күші. Өкінішке орай елімізде кенже қалып жатқан салалардың бірі осы инфрақұрылымдық бастамаларды қолдау болып табылады. Венчурлық капиталист инновациядан пайда табуды көздейтін капиталист. Қазақстанда венчурлық капиталдың миссиясын ұзақ жылдар бойы мемлекет атқарып келеді. Бұл тәжірибе тиімді деп айту қиын. Себебі мемлекет инновацияларды әрі қарай өндіріске енгізу кезеңінде зор қиындықтарға тап болады.
Бұл мәселені шешудің негізгі тетіктерінің бірі жоғары оқу орындарына қаржылық автномия беру. Яғни жоғары оқу орындары жәй ғана маман дайындайтын орталық болып қалмай, белсенді экнономикалық субъектіге айналуы тиіс. Түскен пайданы өз ғалымдары мен түлектерінің инновациялық жобаларын жүзеге асыруға белсенді жұмсау мүмкіндігіне ие болған жоғары оқу орындары венчурлық капитал миссиясын жүзеге асыруға жол ашады. Осы арқылы біз мемлекет алдында тұрған маңызды мәселені шешуге қол жеткіземіз.
Сколково немесе өзге де технопар тәжірибелерінің негізінде ғылым, капитал мен өндірістің дамуына жағдай жасау осы жоғары оқу орындарының негізінде жүзеге асуы мүмкін. Бүгінгі күні Қазақстан жоғары оқу орындары түрлі мамандарды бір ортаға келтіру арқылы маманданған толық циклды инновациялық өндірісті дамыту мүмкіндігіне ие.
Алысқа барудың қажеті жоқ, Сколково университетінің инженерлік факультетінің студенттері жыл сайын ең болмағанда топтық жұмыс негізінде бір инновациялық өнім шығаруға міндеттенеді. Сосын бұл топ Сколково бизнес мектебінің студенттерімен бірлесе отырып өнімнің құнын есептейді, маркетинг студенттерімен сұраныс анықтайды, стартегиялық менеджерлермен қажетті ресурстар көлемін белгілейді. Сосын сол Сколковоның технопаркіне барып, салықтық жеңілдіктерге арқа сүйейтін режим жағдайында қаржылық қолдау алып, инновациялық жобаларды жүзеге асырады. Бүгінгі күні бұған ұқсас схемаларды мемлекеттердің көпшілік бөлігі пайдалануда. Демек жоғары оқу орнының, ғылымның және өндірістің тиімді интеграциясын жүзеге асыру үшін Білім және ғылым министрлігінің екіге бөлінуі заңдылық қана емес, баяғыда пісіп-жетілген қажеттілік.
Бұл әрине гуманитарлық ғылымдар артта қалуы керек деген сөз емес. Қоғадық және гуманитарлық ғылымдарды қолдау үшін мемлекет белсенділігін арттыруы қажет. Себебі бұл салалардың дамуы Елдің рухани кемелденуін қамтамасыз етеді, ұлтты қалыптастырады. Коммерциализациялық тиімділігі төмен болуы мүмкін бұл салалар азаматтық институтын қалыптастыру үшін ерекше маңызды.
Парақшамызға жазылыңыз