Алматы облысының білім мекемелерінде 120-дан астам мұғалім жалған дипломмен қызмет атқарған, – деп хабарлайды Алматы облысының прокуратурасы.
Алматы облысы прокуратурасының органдары өңірдегі қала, аудан білім беру мекемелерінің қызметі мен сапалы білім ұсынуға қатысты талдау жұмыстарын жүргізген.
Аталған жұмыстың нәтижесінде, Сарқан, Қарасай, Көксу, Ескелді аудандары мен Текелі қаласының орта мектептерінде 122 мұғалім жоғары оқу орындарының жалған дипломын пайдалану арқылы жұмыс атқарғандары анықталған.
Жалған құжаттар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің атын пайдалану арқылы жасалғаны белгілі болған.
Көрiнеу жалған құжатты пайдалану деректері бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 385-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Алматы облысы прокуратурасының мәліметіне сәйкес қазіргі уақытта қылмыстық қудалау органы 41 маманға қатысты қылмыстық істер кінәларын мойындауларына байланысты және «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңына орай ақталмайтын негіздер бойынша өндірістен тоқтатты және олар қызметтен босатылды.
81 маманға қатысты қылмыстық істер тергелу үстінде.
Парақшамызға жазылыңыз