«Мінбер» сайтында «Көп балалы аналар» жобасы аясында өткізілетін тікелей эфирлердің легі жалғасуда. Бұл жолғы тікелей эфирдің тақырыбы Қазақстандағы отбасын қолдау орталықтары жайында болды. Естеріңізде болса, осыдан үш жыл бұрын жер-жерлерде “Бақытты отбасы” орталықтары құрылып, көп балалы отбасылардың проблемасын шешуді қолға алған еді. Қазір осы орталықтар немен айналысады. Оның мәселені шешудегі рөлі қандай? Бүгін осы мәселені сөз етпекпіз. Эфир қонағы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, премьер-министрдің орынбасарының көмекшісі, ҚХА Аналар Кеңесінің төрайымы Назипа Шанай.
БІЗ ТЕК ҚАНА ӘЙЕЛДЕРГЕ ҒАНА ЕМЕС, БҮКІЛ ОТБАСЫҒА КӨМЕК КӨРСЕТУІМІЗ КЕРЕК
Minber.kz: – Жоба туралы айтып өтсеңіз, кімге арналған, бұл жобаға тек қана көп балалы отбасылар қатыса ала ма әлде басқада отбасыларға мүмкіндік бар ма?
Назипа Шанай: – Бақытты отбасы орталықтарының жүйесі 2019 жылдан құрыла бастады. Негізгі мақсаты біздің аналарымыздың көбісінде құқықтық ақпарат аз, заңдық тұрғыда өздерінде қандай мүмкіндік бар екенін білмейді. Расын айтсақ жалпы әйел адамның басында стресс көп қой, мейлі ол көп балалы болсын, мейлі бір балалы болсын, жалғыз басты ана болсын стресс көп. Сондықтан психологиялық тұрғыда көмек керек екені анықталды.
Үшінші мәселе аналарды әлеуметтендіру. Себебі, ана өмірден өз орнын тапса ғана, бала болашақта өмірден өз орнын табады алады. Ананың деңгейі балаға әсер етеді, ұлтты тәрбиелетін ана, сондықтан ең үлкен міндет өз аналарымызды мәдениеттендіру арқылы ұрпағымызды мәдениеттендіру. Бүгінгі таңда 2019 жылдан бері 3 жылда 35 орталық ашылған екен. Орталықтардың деңгейі әртүрлі, мысалы кейбір облыстарда тек қана облыс орталықтарында жұмыс істейді. Бүгінгі таңда біз осы орталықтардың 3 жылдың ішіндегі жұмысымен, қорытындысымен танысудамыз. Себебі, өзіңіз білетіндей заман бір орында тұрмайды, өзгерістер өте көп, соған байланысты бұл жобаны әрі қарай қалай дамыту туралы ойланып, сараптама жүргізудеміз.
Қарағанды облысында әлеуметтік тапсырыс ретінде іске асырылып жатқан Шаңырақ деген орталығымыз жұмыс істейді, өздеріңіз танитын Ләззәт Қожахмет деген қызымыз басқарады. Мемлекеттік орган әлеуметтік қолдау көрсету басқармасы конкурс жариялаған болатын. Сол конкурсты мемлекеттік емес мекеме ұтып алып, 3 жылдан бері жүргізіп жатыр екен. Ләззәт Қожахмет өзі өте жүйелі жұмыс жасайтын азаматша болғандықтан жұмыс өте нәтижелі. Ол жерде 10 адам жұмыс істейді, олардың барлығы да алдына қойған міндеттерді толығымен орындап отыр.
Ең бірінші орынға психологиялық көмек көрсету мақсат етілген, бұл жұмысты штаттағы қызметкерлермен қатар, Букетов атындағы университеттің студенттері мен ұстаздары сол жерде практикадан өтіп, қоса қызмет етіп жүр. Яғни, ғылыми деңгейі жоғары психологтар жұмыс істеп отыр. Ләззәт ханымның өзінен сұраған кезде, негізі біз қазақ халқы психологқа баруды әдетке айналдырмаған. Әйел адамдар абысын-ажынның ішінде өз мұңын айтып үйренген. Бірақ бүгінгі таңда таза қазақи ортаның өзі де психологқа келуге мұқтаж. Негізінде орталық қиын жағдайға душар болған аналарға арналып ашылған. Соның ішінде тек қана көп балалы аналар ғана емес, жалғыз басты аналар, баласының мүгедектігі бар аналар бар. Яғни, кім барса да, сен бізге қатысты емессің, қарамаймыз деп жауап бермейді.
Мен өз басым ана ретінде бұл мәселеге былай қараймын, біз тек қана әйелдерге ғана емес, бүкіл отбасыға көмек көрсетуіміз керек сияқты. Сондықтан мен олардан әкелер келе ме деп сұрадым. Көп емес бірақ, келеді екен. Сонда тіпті жігіттердің арасында да психолог көмегін керек ететін адамдар бар. Бұны айтып отырған себебім бізде бүгінгі таңда жалғыз басты әкелер бар. Бұл қазақ қоғамына тән емес нәрсе, бірақ та өмірлік фактіні жоққа шығара алмаймыз. Әйелі тастап кеткен, жалғыз өзі бала-шағасымен қалған әкелердің саны аз емес, себеп әртүрлі. Сондықтан біздің “Бақытты отбасы” орталықтары арқылы осындай категориялар өтіп жатыр. Психологиялық көмек топтық кездесулер мен жеке кездесулер болып бөлініп жап-жақсы нәтиже беріп жатыр.
БІР ЖЫЛДЫҢ ІШІНДЕ 20000 ӘЙЕЛДІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ КӨЗДЕЛІП ОТЫР
Minber.kz: – Бұл орталықтарда тек қана психологиялық көмек көрсетіліп қана қоймайды ғой?
Назипа Шанай: – Иә, екінші айтатын мәселе ол заңдық көмек. Соның ішінде адамдардың құжаттарын реттеуге көмектесеміз. Одан ата-аналарға E-gov арқылы баланы балабақша немесе мектеп кезегіне тұрғызуды үйретіп, көмектесеміз. Үй кезегіне де тұрғызуды үйретеміз, келген адамның санатына байланысты қай кезекке тұру керек екенін де анықтап береміз. Осы мәселелердің бәрін бір орталықтан шешуге болады. Ал егер бұл орталық болмағанда, адамдар қаншама есікке кіріп шығар еді. Біздің орталықта бірнеше мамандарды айналып отырып, осы секілді немесе басқа да мәселелерін шешіп алады. Егер құжаттарды халыққа қызмет көрсету орталығына жіберу керек болса, біздің орталық оны да жіберіп, реттеп отырады.
Minber.kz: – Менің білуімше бұл орталықтардың құрылғанына 3 жылдан асып кетті. Сіз бұл орталықтардың тиімді немесе тиімді емес екенін тексеріп жатырсыз. Бірақ пандемияға дейін бұл орталықтар өзінің тиімділігін көрсетті емес пе? Қазіргі таңда үкімет бұл орталықтардың нені ескермей жатқанын, қай мәселеге қолы жетпей жатқанын қарап, ескеріп қызмет бағытын солай өзгертуге мүмкіндік бар ма? “Бақытты отбасы” осы қалпында қала ма, әлде құзіреті кеңейе ме?
Назипа Шанай: – Біз осы тұрғыдан қарастырып жатырмыз, биылдың өзінде үкіметте 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыруға арналған арнайы бағдарлама қабылданған. Сол бағдарламаның ішіне “Бақытты отбасы” кірді. Мысалы, бір жылдың ішінде 20 000 әйел адамды осы орталықтар арқылы жұмыспен қамту мақсат етілген, оған қаржы бөлінген.
Сондықтан 2019 жылы наурыз айында ашылған орталықтардың бүгінгі таңда атқаратын жұмыстары ішінде оқыту курстары да бар екен. Бірақ, бұл кісілер лицензиядан өткен орталық болмағандықтан, берген сертификаттарының көп жағдайда заңдық күші болмайды. Қорытындысында келесі жарияланған конкурстарда осы бағытта жұмыс істейтін ұйымдарға осындай тапсырма қоюымыз керек деп шештік.
Қандай мамандықтар, қай өңірде қажетті екенін анықтау керек. Оқу қысқа мерзімде болуы керек, себебі жағдайы келмей тұрған адамның бір жарым жыл оқу мүмкіндігі жоқ қой, тіпті 6 ай оқуға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан қысқа мерзім ішінде оқып, заңды сертификат алып, грантқа ілігіп немесе өз жұмысын бастап кетуіне мүмкіндік беретін бағытты реттеп берсек деген ойдамыз. Бұл мәселе тікелей вице-премьердің бақылауында тұр. 17 мамыр күні осы мәселе бойынша бірінші жиналыс өтіп, бүкіл Қазақстанға хаттамасы жіберілді. Алла қаласа, шілде айының екінші жартысында екінші жиналыс өтіп, біздің қорытындымыз бойынша тағы да атқаратын жұмыстарды талқылаймыз.
Minber.kz: – Барлығы дұрыс болса, орталықтарда оқып, лицензия алу, сертификат алу мүмкіндігі қанша уақытта беріледі. Жылдың соңына дейін берілуі мүмкін бе?
Назипа Шанай: – Ол қаралған қаржының мәселесіне байланысты, биылғы жылы орталықтардың өзі оқытуға мүмкіндік алуы үшін, сертификациядан өтуі керек. Олардың жеңіп алған конкурсының талаптары қандай екені белгісіз. Әр облыстың деңгейі әртүрлі, мысалы Шымкент қаласында бұл орталықтар мемлекеттік-коммуналдық басқарма. Олардың тұрақты директоры, тұрақты мамандары бар, сол себепті оларға өз ішінде шешім қабылдау жеңілдеу. Ал конкурстан жеңіп алған ұйымдарға шешім қабылдау қиындау, сондықтан бәрі бірдей жылдың аяғына дейін ауысып кетеді деп айту өте қиын. Бұл 1-2 жылда бітіп қалатын тірлік емес қой. Біз осы мәселені реттеп беруіміз керек. Мысалға айтсақ, қараша айында келесі жылдың бюджеті бекітіледі. Егер де біз бұл жұмыстың тиімділігін байқасақ, бюджетке қанша қаржы салу керек екенін де қарастыруымыз керек. Қандай мәселе болса да, бұл жобаны алға жылжыту керек деп есептеймін.
АУДАН ОРТАЛЫҚТАРЫНДА ДА “БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ” ОРТАЛЫҚТАРЫ АШЫЛАДЫ
Minber.kz: – “Бақытты отбасы” орталықтарының барлығы да қалада немесе ірі елді-мекендерде орналасқан. Ауылдық жерлерде де орталықтың көмегіне мұқтаж адамдар жетерлік, бірақ ауылдық жерлерде бұндай орталықтар жоқтың қасы. Осы мәселе болашақта шешіле ме?
Назипа Шанай: – Иә, 17 мамырда болған жиналыстың қорытындысы бойынша жіберілген хаттамада аудан орталықтарына дейін “Бақытты отбасы” орталықтарын ашу тапсырылды. Сондықтан бүгінгі таңда облыстың бәріне мамыр айында бөлінген бюджеттің жарты жылда игерілгені қаралып, артылған қаржы қосымша бағыттарға жолданады. Бұл тапсырма сол уақытқа үлгеріліп берілді. Мысалы, 30-ы күні біз Ақмола облысына барайын деп жатырмыз, бұл облыста әлі ашылмаған, бізге түскен ақпарат бойынша бюджеттен қаржы бөлініп, конкурс жарияланды. Келесі айда орталық өз жұмысын бастайды. Сондықтан, 17 мамыр күні аудан орталықтарында ашу туралы тапсырма тікелей берілген.
Minber.kz: – Яғни, “Бақытты отбасы” орталықтары әйел адамдарға психологиялық жағынан, цифрлық сауат жағынан, құқықтық сауат жағынан көмек көрсетеді.
Назипа Шанай: – Оның ішіне әлеуметтендіру де кіреді. Қолдарында оқытып, берілген сертификаттары бар, заңдық күші болмаса да. 3 жылдың ішінде негізгі екі бағытта сабақ берілген. Көбінесе тігін тігу, әйел затына тән болғандықтан, бұл іске бейім әйелдер 5 миллион теңгелік грант жеңіп, өзі секілді әйелдерге жұмыс тауып беріп отырған жағдайы бар. Екіншісі кулинария бағыты, кондитерлік бұйымдарды әйел адамға үйде істеп отыруға ыңғайлы. Үйінде отырып торт және одан басқаларын пісіріп, аяққа тұрған әйелдермен кездестік. Үшіншісі, барлық жерлерде емес әрине, бірақ Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында кеңінен қанат жайып отырған бағыт ол клининг. Бұл бағыт та бүгінгі таңда өте ыңғайлы. Үйде отырған аналар осы бағытта өздерінің кішігірім фирмаларын ашып алған. Тағы бір ерекше бағытты айта кеткім келіп отыр, ұялы телефонмен жасайтын курс өтіп, сол арқылы кәсібін дөңгелетіп отырған аналар бар екен. Ал, Шымкентте болған кезімізде СТО яғни, көлік жөндейтін механиктердің курсын өтіп, өз СТО-сын ашқан ананы көрдік.
ЕҢ БАСТЫСЫ АНАЛАР АҚПАРАТПЕН ТОЛЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛДІ
Minber.kz: – “Бақытты отбасы” орталықтарының көмегі мұқтаж адамдарға толықтай жетіп жатыр ма?
Назипа Шанай: – Мен де барған жерде осы сұрақты қоямын, жауаптарына көңілім толды. Себебі, бүгінгі таңда АСП алу үшін немесе басқа да мәселе бойынша қалаға келген отбасылар міндетті түрде тіркеуден өтеді. Ортақ базаның ішіндегі ақпараттан, ақпаратты жеткізіп отыр. Еріктілер мен қатар әлеуметтік қызметшілер үйлерді аралап, сараптап үй жағдайына баға беріп, орталықтардан көмек алуға болады деген ақпаратты жеткізіп отыр екен. Сондықтан менің ойыма келетіні, ұялы телефоны жоқ аналар болса, олар қалай ақпарат алады деген сұрақ мазалайтын. Бірақ әлеуметтік қызметшілер мен орталықтың қызметшілерімен сөйлескеніме қарағанда барлығын дерлік ақпаратпен қамтып отырмыз деді. Сенбеске ешқандай себеп жоқ. Себебі, олар өз жұмысымен бізге соны дәлелдеп отыр. Сонда да әлі де менің ойымша, қаланың шетінде отырған жағдайы ең төмен отбасыларды аралау туралы, бақылау туралы ішкі істер қызметкерлеріне қайта-қайта тапсырма беріп отырмыз.
ТЕК ҚАНА ӘЙЕЛДЕРДІ ҚОЛДАҒАНЫМЫЗДАН БІЗ ҰЗАҚҚА БАРМАЙМЫЗ
Minber.kz: – Қалай ойлайсыз осы қымбатшылық деген нәрсе көпбалалы, жағдайы нашар отбасыларға оңай соғып отырған жоқ. Осындай орталықтарға жұмсалған қаржының қандайда бір бөлігін жағдайы нашар отбасыларға жұмсау тиімді болар ма еді?
Назипа Шанай: – Жоқ тиімді емес, себебі әркім өз еңбегімен жеткенде ғана бағасын біледі. Бірақ орталықтар арқылы қосымша көмек көрсетіліп жатыр, кішігірім көмектерді айтпағанда, орталықтар арқылы үйлі болған отбасылар қаншама. Арнайы қоғамдық қорлар құрылған, осындай жағдайы нашар адамдарға көмек көрсету үшін. Біз “Балық берме, қармақ бер” деген сөзді ұстануымыз керек. Масылдыққа үйреттік, мен орталықтарға барған кезде, күйеуі бар ма деп сұрайтын себебім, қазір әйелдерге жағдай жасалғандықтан, қаншама ер кісі диванда жатыр, біз мұны да мойындауымыз керек. Кеше ғана Алматы қаласында болғанда, жап-жас келіншекті көрдім. Күйеуің бар ма деп сұрағанда, бар үйде, көңіліне ұнайтын жұмыс табылмай жатқанына 6 ай болды деп жауап берді.
Үйленген кезінде ер адамдар Алланың алдында өмір бойы жарымды бағам, қағам деп уәде береді. Сондықтан, біз бүгін қолын жайып, әйелдеріне сеніп, бос жүрген еркектердің қоғамын өсіріп отырмыз. Оны да мойындауымыз керек. Отбасы болған адам, қатарласып ақша тапса, еңбек етсе аштан өлетін жағдайда емеспіз. Көмек көрсету арқылы өмір сүргісі келетіндер, ұялмай әлеуметтік желіге жағдайын айтып, жылап отыратын ер адамдар көбейді. Сондықтан тек қана әйелдерге көмек көрсету емес, отбасыға көмек көрсету бағытына ауысуға ұсыныс білдіріп отырмын. Біз отбасын бақытты ететін болсақ, әкеден балаға дейін қамтып отыруымыз керек. Тек қана әйелдерді қолдағанымыздан біз ұзаққа бармаймыз.
Егер де жігерсіз еркек болатын болса, өмір бойы әйеліне сеніп, үйде бала-шағаның жанында отыра береді. Біз орталық ашқанда біреуге масыл болуды үйрететін емес, жоспарлауды, өз күшімен еңбек етуді үйрететін орталық болуымыз керек. Біз тек қана аналардың жағдайын ойлап отырған жоқпыз, біз аналар арқылы балалардың жағдайын ойлап отырмыз. Қазақстанның ертеңі міне солар. Олар азамат болып өсуі керек, олар тіленші болмасын, олар әйеліне сеніп ертең диванда жатпасын деп істеп жатқан тірлік. Сондықтанда көмек көрсету мәселесінде мен қашанда абай болғанды дұрыс көремін. Аяқ-қолы бүтін адам өмір сүруге ұмтылуы керек.
Мен мың сан мысал келтіре аламын, осы көп балалы аналардың мәселесімен жүргенде Тараз қаласында біздің Баян деген қызымыз бар туа біткен қолсыз, екі қолы да жоқ. Аяғымен тігін тігуді үйреніп, қазіргі таңда өз тігін цехын ашып, қаншама адамды жұмыспен қамтып отыр. Сарыағашта авариядан екі аяғынан айырылған жігіт бар, 6 баланың әкесі, такси қызметін ұйымдастырып, өзі үй салып, отбасын қамтамасыз етіп отыр, менің ойымша мұның бәрі адамға байланысты.
Ал егер журналистер жүрген жерінде, үкіметтен жағдай көрсетсін, жағдай көрсетсін дей беретін болса, біздің қоғамда масылдық ешқашан жойылмайды. Сондықтан сұрақты да, мәселені де дұрыс қоюымыз қажет. Қоғамды тәрбиелегіміз келсе, ананы тәрбиелеуіміз керек. Ана мәдениетті, ана білімді, ана рухани бай болуы қажет. Сонда ол ешкімнің есігін теппейді, еркектің жағасына жармаспайды. Қазіргі таңда бұл ең оңайы, әкеліп беріп ауызын жауып тастау деген, бірақ ешкім біреудің бергенінен байып кетпейді. Алла тағала жаратқанда адамды алдына бір мақсат қояды, сол мақсатқа адам өзі жетуі қажет. Ал біз жол сілтеушіміз, сондықтан орталықтың жұмысын бейімдеуде менің көзқарасым осындай.
Minber.kz: – Мұндай орталықтар тек қана аналарға емес, әкелерге де, одан басқа жаңадан отбасы құрғандарға да, өмір сүрудің қағидаттарын үйрететін, жоспарлауды үйрететін орталықтар да болуы керек пе?
Назипа Шанай: – Біздің де ойымыз сондай, бүгінгі таңда ақпарат және қоғамдық даму министірлігі осы бағыттағы жобаның ережесін жазып жатыр. Осы орталықтардың жұмысын әрі қарай дамытып тиімді ету, біздің ең басты мақсатымыз жұмысты қоғамға тиімді етіп жасау. Көрсетіп жатқан жұмысымыздың алдымен қоғамға, одан кейін ұлтымызға көмегі болуы керек. Отбасыларда туған баланы біз өз елінің азаматы етіп тәрбиелеуіміз керек, олар ертең өз қаласын қиратпауы қажет. Санасын сол деңгейге жеткізуіміз керек. Сондықтан бұл орталықтар керек. Мен айтқан жүйелі бағыттан басқа, әр орталықтарда рухани өте жақсы шаралар өткізіледі. Себебі, үйде отырған ана да ән айтқысы келеді, ол да өлең тыңдағысы келеді. Олардың да бір кезде іске асыра қалмай қалған таланты бар, оны да шығарғысы келеді. Бұл орталықтар сондай бас қосу орталықтары. Ән айтқан ана жамандыққа бармайды, ол баласын да ұрмайды ертең. Сондықтан бұл орталықтар біз үшін өте қажет.
Бұл жоба – АҚШ даму агенттігі (USAID) арқылы америка халқының көмегімен “MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы” аясында дайындалды.
“Мінбер” ақпарат агенттігі ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты жəне ақпарат USAID-тың немесе АҚШ үкіметінің, сонымен қатар Internews ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Тікелей эфирді жүргізген Риза Исаева,
Мәтінді түсірген Назым Дүтбаева
Парақшамызға жазылыңыз