Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан автономиясының астанасы Нүкіс қаласында Өзбекстан билігінің Конституцияға енгізу үшін дайындаған өзгерістеріне қатысты наразылар алаңға жиналған. Енгізілген өзгерістерге орай, Қарақалпақстан автономиясы бұдан былай референдум арқылы Өзбекстан құрамынан шығып кете алмайды, Өзбекстан құрамындағы егеменді ел деген статусынан айрылады. Atameken Business channel телеарнасының хабарлауы бойынша, Конституцияға енгізілуі тиіс өзгерістерге ашық түрде дауыс беру жалғасуда.
Шамамен 200-ден астам өзгертулер мен толықтырулар енгізілген Конституция жобасы қалың көпшілікке 26-маусымда таныстырылған. Сол сәттен бастап, Қарақалпақстанда наразылық басталған. Қоғамдық белсенділер әлеуметтік желілерде арнайы топтар құрып, Қарақалпақ халқын жаппай наразылық танытуға шақырған. Бұл үндеулерге бірден жүз мыңдаған адамдар үн қатып, Қарақалпақстанның тәуелсіздігі үшін бас көтеруге дайын екендіктерін мәлімдеген. Шілденің 1-інде наразылықтың бұл түрі ашық белсенділікке ұласты. Белсенділердің бірі Дәулетмұрат Тәжмұратовтың қамалуы бұған түрткі болса керек. Шерушілердің талап етуімен заңгер кеше босатылғанымен, Шілденің 2-сінде Өзбекстанның құқық қорғау органдары оны қайта қамаған. Қазір белсендінің қайда екені белгісіз.
Өкінішке қарай, Өзбекстанның құқық қорғау органдарының қызметкерлері алаңға жиналғандарды күшпен таратпақ болған. Әзірге дейін жеткен ақпараттарға қарағанда, кемінде алты адам (кей деректерде тоғыз адам) қайтыс болған. Жаралылардың саны белгісіз.