///

Меруерт Махмұтова, экономист: Қазақстан, бай мемлекет. Бай  мемлекетте кедейлер болмауы керек

1728 рет қаралды

 Белгілі экономист, “Publicy research center” директоры Меруерт Махмұтова ханыммен әңгімеміз бүгінгі геосаяси жағдайдың ел экономикасына әсері туралы өрбіді.

ІШКІ НАРЫҚТАҒЫ АЗЫҚ ТҮЛІКТІҢ 50%-ы РЕСЕЙДЕН КЕЛЕТІН ИМПОРТҚА ТІКЕЛЕЙ ТӘУЕЛДІ БОЛДЫ

– Қалай ойлайсыз, Ұлттық банктің соңғы деректеріне сәйкес елімізде инфляция 15%  болды және бұл тағы да өседі деген болжам бар. Бұл геосаяси жағдайдың Қазақстанға тікелей ықпалын көрсететіп отыр ма?

Әрине! Ресейдің Украинаға қарсы бастаған соғысы… Ресей өзі санкцияның астына батып, олардың қабылдаған шешімдері біздің экономикаға кері ықпал етіп отыр. Қазір азық түлік бағасының шарықтағанын көріп отырсыздар.  Келер айларда электр энергия, коммуналдық қызметтер, жылу қымбаттайтын көрінеді. Сондықтан әрине осы  15%-дың тоқтай қоятын түрі жоқ.

Соңғы жылдары азық-түліктің 50%-дан астамы Ресей нарығынан келіп отырды. Өздері санкцияға батқандықтан, оларда азық түлік тапшылығы орын алды, сөйтіп біраз өнімнің сыртқа шығуына тыйым салды. Сол себепті де, тіпті Еуразиялық экономикалық одағына мүше мемлекеттердің өзі де қант тапшылығына душар болды. Тек қана қант емес, оның қатарында басқа тауарлар да бар.

Бірақ дәл осы қантты өндіру әлеуеті бізде бар еді. Бірақ бар өндірісті Ресейден келеді, біз ол бәсекеге төтеп бере алмаймыз деп, мүлдем тоқтатып тастаған. Сөйтіп біз қант импортында Ресейге толық тәуелді болғанбыз. Көбінесе Ресейде өндірілмеген де тауарлар халықаралық нарықтан Ресей арқылы келіп отырған. Кейде  Қытай тауарлары Ресей арқылы келіп отырыпты. Сондықтан да біздің ішкі нарықтағы импорттың  42% Ресейге тиесілі болған.

Бірақ қазір Ресейде 1300-дей халықаралық компаниялар жұмысын тоқтатып, кетті. Сондықтан өндіріс шектеледі, келер айларда Ресей нарығының өзінде тапшылық болады. Басқа нарықтан ол тауарды алғанша, келісім шартқа қол қойғанша бізде біраз уақыт өтеді. Сол себепті сұраныс пен ұсынысқа байланысты бізде бағалар өсуі мүмкін.

Соғыстың кесірінен ұлттық валютамыз теңге де құнсызданып кетті, бұл да бағалардың өсуіне кесірін тигізбей жатқан жоқ. Шынтуайтына келсек, тағам жағынан қауіпсіздік мәселесі отыз жылдың ішінде шешілмеген. Ішкі нарықты импорт қамтамасыз етіп келген. Сондықтан ұлттық валюта құнсызданған сайын, импорт қымбаттай береді. Импортпен келіп отырған тауарлар инфляцияға өз үлесін қосады. Бізде өткенде Ұлттық банк пайызын көтеріп жатыр, ол расын айтқанда, мәселе жалғыз Ұлттық банкте емес. Жалғыз Ұлттық банк инфляцияға жауап бере алмайды. Себебі, бізде үкіметтің шешімдері бюджет саясаты арқылы инфляцияға үлес қосып отырады. Және де ішкі өндіріс үшін ең бірінші жауапкершілікті артатын – үкімет. Сондықтан бұл енді біздің экономикамыздың тұрақты емес екенін көрсетіп отыр.

Халықаралық нарықта қазір мұнайдың бағасы өте жоғары. Сол мұнайымызды экспорттау арқылы әжептәуір табыс табуға болатын еді, бірақ, биыл Ресей КТК құбыры арқылы тасымалданатын мұнай экспортын осыған дейін үш рет шектеді.  Енді жылдың аяғына дейін тоқтата қоймас деген үміттеміз. Бірақ оған да сенім шамалы. Қалай дегенмен де, мұнайдың халықаралық нарықтағы бағасының өте жоғары, болғанына қарамастан, валютамыз құнсызданып жатыр.

БІЗДЕ КЕЛІСІМ ШАРТТАР АШЫҚ ЕМЕС.  СОНДЫҚТАН ҚАНДАЙ МҰНАЙДЫ ҚАНДАЙ БАҒАМЕН САТЫП ОТЫРҒАНЫНА КӨЗІМІЗ ЖЕТПЕЙДІ

– Мұнайдың бағасы дегенде бір сұрақ қоя кетейінші. Біз brent  сатпаймыз, біз WTI сатпаймыз, біз Ресейдің шығаратын Орал мұнайын да сатпаймыз. Біз анағұрлым сапасы төмендеу мұнай және бағасы да brent-тікі сияқты 100$-дан жоғары емес қой.

 Иә, біздің мұнайдың маркасы да ерекше, brent емес. Бірақ ол өндіріске байланысты, жоғары сапалысы бар, сапасы төмені де бар. Серасы жоғары дейді ғой, сондай да бар. Бірақ негізі бізде келісім шарттар ашық емес.  Сондықтан қандай мұнайды қандай бағамен сатып отырғанына көзіміз жетпейді. Белгісіз.

Геосаяси жағдайды айтып отырмыз, мұның  Қазақстан үшін салдары  ауыр болайын деп тұрғанын да айтып отырмыз. Осы көктемде ғана қант қаһымбаттайды деген, ұн қымбаттайды деген халықтың арасында сондай сыбыс жүрді да, адамдар сатып ала бастады. Және сол сыбыс расқа айналды. Енді күзде азық түлік тапшылығы болады деген сыбыс жүрген секілді. Бұл жалпы қаншалықты шындыққа жанасуы мүмкін? Азық түлік тапшылығын басымыздан кешуіміз мүмкін бе?

Негізі бізде, алдында айтып кеткендей, ішкі нарықта тағам жағы көбінесе импортпен келеді. Бірақ, ұнды алсақ, біздің ішкі өндірісіміз жеткілікті. Қазір  жеміс-жидектер мол. Былайша айтқанда, соңғы жылдары ауыл шаруашылығы дамып жатыр. Бізде ауыл шаруашылық өндірісі көбінесе жеке меншік отбасымен өндіріледі. Мысалы, мал шаруашылығы  66% жеке меншік отбасында өндіріледі. Сондықтан, жалпы ауыл шаруашылығының ішкі өнімге үлесі 5% маңайында. Бірақ кезінде отыз жыл бұрын, ол 34%  болды. Бұл үкіметтің ауыл шаруашылығына көңіл аудармаған саясатының салдары. Бізде мұнайға көп көңіл аударды, сондықтан мұнайды сатып, халықаралық нарыққа әр үкімет, міне, біз сондай реформатормыз деп, сондай үздік жетістіктерге жетіп жатырмыз деп кеуделерін қағып, мақтанып отырды. Бірақ өкініштісі экономикалық қауіпсіздік мәселесі шешілмеген. Дәл сол мұнай экспорты Ресей арқылы тасымалданады, қазір Ресей санкцияның астында. Жылдың соңына қарай, Еуропа тікелей Ресей мұнайынан бас тартады. Енді Венгриямен біраз басқа шешімдер қабылданды. Бірақ негізі көп мемлекеттер мүлдем бас тартады. Сондықтан Ресей өз мұнайын экспортқа шығара алмаса, тіпті олар Қазақстан мұнайының Еуропаға экспортқа шыққанына мүдделі болмай қалады ғой. Былайша айтқанда олар Еуропа елдеріне зиян келтіру үшін біздің экспортымызды шектеуі мүмкін. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа кіруі арқылы, экономикамызды Кремльдің қолына беріп қойғанбыз. Менің ойымша, бұрынғы, бірінші президент, мына президент те дәл осы  отыз жылда билікте отырды, премьер министр де болды. Биліктің дәл осы отыз жылда жеткен жетістігі осы, не экспортты диверсификация жасамаған,  не мұнайдың экспорты, не тамақ  қауіпсіздігі шешілмеген. Сондықтан осындай осындай маңызды мәселе шешілмегендіктен, біз соның салдарын көріп жатырмыз.

ІШКІ ЖАЛПЫ ӨНІМ МҰНАЙДЫҢ БАҒАСЫНА ТІКЕЛЕЙ ТӘУЕЛДІ

Кеше бүкіл әлемнің назары Тайваньға ауды. Қытай мен Америка арасындағы сауда соғысы. Қытайдың Тайваньды өзіне қосып алуға ниеттілігі, Ненси Пеносидің Тайваньға сапары. Бұған дейін АҚШ федеральды резерв жүйесінің жиырма сегіз жылдан бергі базалық мөлшерлемені 75%-ға көтеруі, осының барлығы да еліміздегі және әлемдегі экономикалық процесстерге ықпал ететін факторлар. Дәл қазір экономистердің арасында мынадай сөз бар ғой:    алпауыт елдер экономикасы түшкірсе де, біз сияқты дамушы нарықтар дірілдеп, ауырып қалуы мүмкін дейді. Қазақстан үшін тікелей ықпалы болмаса да, нашар жақтары көп секілді, қалай ойлайсыз?

Енді былай қарап отырсақ, бұл мәселе ең біріншіден massage дейді ғой. Құрама Штаттардың Қытайға Тайваньға байланысты былайша айтқанда, өздерінің бір ықпалын шектейтіндей мэсэдж. Бұл тек егер Ресейді жақтасаң, біз Тайвань ойынын ойнаймыз деген қыр көрсету ғана.  Әрине, бұл тікелей салыстыруға келе қоймайды. Себебі, Украина тәуелсіз мемлекет, бұрын Совет одағының бөлігі болды. Ал Тайвань Қытайдың бөлігі болған жоқ. Бүгінгі Қытайдан бұрын құрылды. Әрине, екі жақта тұрып жатқан қытай дейді. Екі мәселені салыстыруға келмейді, бірақ бұл біріншіден Қытайға Ресейді қолдамаңдар дегендей белгі деп бағалар едім. Екіншіден, Құрама Штаттардың пайызды көтеріп жатқаны, Құрама Штаттардың нарығы басқа инвесторларға жағымды болуы. Себебі, доллармен инструменттердің пайызы жоғары болғандықтан, мына біз сияқты елдерден капитал сол Құрама Штаттардың нарығына қарай кетеді. Сондықтан Қазақстан экономикасын ашық экономика деп айтуға келеді. Импортымыз да, экспортымыз да арқылы  біз халықаралық экономикамен тікелей байланыстамыз. Мұнайымыз тікелей халықаралық нарыққа жұмсалып отыр. Біздің экспорт 80% мөлшері  – шикізат, 70% мөлшері  – мұнай. Мысалы, ұзақ мерзімді статистиканы қарасақ, жалпы ішкі өнім мұнайдың бағасы өскенде өседі,  мұнайдың бағасы төмендегенде төмендейді. Былайша айтқанда, экономикада диверсификация жоқ, мұнайға байланып отырмыз. Мұнайдың бағасына экономикамыз да, бюджеттің кірісі де, ішкі өнімнің өсуі де, төмендеуі де тікелей байланысты.

Осы орайда ғалым Эрик Райненттің бай мемлекеттер қалай байыды, кедей мемлекеттер неге кедей күйінде қалады деген еңбегін жақсы білесіз. Сол кітаптағы теорияға сәйкес, шикізат сатушы ел  ретінде біздің жағдайымыз аса жақсы емес, негізі иә?!

Негізі бұл тек шикізатқа да байланысты емес.  Себебі, шикізат сататын дамыған елдер де бар. Өзім Норвегияда бірнеше рет болдым. Шикізат, мұнай өндіретін мемлекет. Мұнайды экспортқа жұмсап отырған мемлекет. Және де біз кезінде ұлттық қорды ұйымдастырғанда Норвегия моделін үлгі тұттық. Ол модель бізде іске қосыла қоймады. Бірақ маған дәл осы кітапта ұнайтын жері оларда ең маңызды мәселе институттар. Бұл экономиканың құралы. Мысалы бізде жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң бар, бірақ тиімсіз. Сондықтан өзіңіз айтып кеткен кітап неге кедей мемлекеттер кедей дегенде, институттары мықты мемлекеттер қатты жақсы дамиды. Мықты институттар экономикалық дамуға жол ашады. Басқа мемлекеттерде оған мүмкіншілік болмайды. Және де өз басымнан қосарым, rule of law, заңның орындалуы. Бізде оқып отырсаң, заңның бәрі мықты. Бірақ заңдар іске қосылмай жатады. Үкімет бір бағдарламадан кейін екінші бағдарламаны қабылдап жатады. Бірақ қабылдаған бағдарлама іске қосылды ма, қосылмады ма оны ешкім тексеріп жатқан жоқ. Ондай есеп шотты үкімет те беріп отырған жоқ. Сондықтан айтылған сөз айтылған жерде қалады. Жазылған қағазды ешкім де оқымайды.

2005 ЖЫЛДАН БАСТАП ҮКІМЕТ МҮЛДЕМ КЕДЕЙЛІКТІ ЖОЯТЫНДАЙ БАҒДАРЛАМА ҚАБЫЛДАМАДЫ

Соның өзі біздің мемлекеттің экономикалық дамуына да кері әсерін тигізіп отыр дейсіз ғой.

 Экономист емеспін, алайда біздің халқымызда ақша жұмсауда салқынқанды таразылаудан гөрі импульсивті шешім қабылдау басым секілді. Мысалы, астындағы жалғыз атын қонағына мінгізіп жібереді, жалғыз атын сойып тастайды деген секілді. Солай бұрыннан психологиямызда бар нәрсе. Несие алып той жасайды. Қазірдің өзінде … қалай ойлайсыз, бұл нені білдіреді? Бұл біздің қамсыздығымыз ба әлде ешқашан қиындық көрмеген сондай психологиямызда қалып қойған дүние ме? Мүмкін қазақ кедей боп көрмеген шығар.

– Негізі өзім байқайтыным, бізде билікте отырғандардың бәрі қыңқ етсе, халықты кінәлағанды жақсы көреді. Дәл өзім халыққа ешқандай кінә арта алмаймын. Біз, Қазақстан, бай мемлекетпіз. Бай  мемлекетте кедейлер болмауы керек. 2005 жылдан бастап үкімет мүлдем кедейлікті жоятындай бағдарлама қабылдамады. Себебі, дүниежүзілік банк бойынша, Қазақстан орта деңгейлі дамыған ел боп саналды. Сондықтан бай мемлекетте кедей кепшік бар екенін үкімет құнттағысы келмейді. Бірақ шындыққа қарасақ, қазіргі таңда халықтың   10 трлн теңге қарызы бар.. Оның ішінде  6  трлн-нан астамы 9 жылда өсті. Жылдың басы мен осы жарты жыл ішінде тұтынушы кредиттер өсті. Неге десек, бұл төмен табысты білдіреді. Сондықтан… қазақтар намысшыл халық, намысшыл болғандықтан, ұлы үйленіп, қызы тұрмысқа шығып жатса, жасау беру керек, үйлендіру керек. Одан өзім еш жаманшылық көрмес едім. Үкіметтің міндеті  халықты кінәламай, ең біріншіден, халықты жұмыспен қамтамасыз ету керек.

Бізде ең төмен жалақы – 60 мың. Әріптестеріме былтыр бірнеше рет айтып шықтым, еңбек министрлігі дәл сол тендерді алты рет жариялады.  1 қыркүйекте ғой деймін, президент  60 мың, ең төменгі жалақы болады дегенде оларда 7 қыркүйек күні, дәл сол арада алтыншы тендер ғой деймін, былайша айтқанда тендер болмады, шешім қабылданбады, зерттеу өткізілмеді. Ол қыркүйек айы, сондықтан президентке жазып берген 60 мыңның ішінде ешқандай, былайша айтқанда ар жағында тұрған, модель жасап, санап, тағайындап, бекітілмеген. Жарайды, оларға 60 мың да жетеді дегендей  мөлшері мен үкіметтің, биліктің ойлап отырған ойы деп ойлаймын. Бір жылдары осындай табыспен ғана отырғандардың үлес салмағы 85% болған, қазір жарияламайды. Ең төменгі жалақыны көтерсе көп халықтың мәселесін шешер еді. Әрине, той өткізетіндей қаржы емес, десе де.  Бұл адамдардың бәрі айфонды қарызға алып жатқан жоқ.

Ертеңгі күні қыркүйек болады, балаларын мектепке дайындауы керек, кітап әперуі керек, аяқ киім алуы керек, киім әперуі керек, сондай сондай күнделікті шығындар. Сондықтан той өткізіп жатыр,  халық сауатсыз шешім қабылдайды деп өзім ешкімді кіналағым келмейді. Әрине, кредитті өзім де аламын. Әрине, біздің жалақымызды жинап жатып, үй алуға, машина алуға мүмкіндік жоқ. Себебі, ұлттық валютамыз күннен күнге құнсызданып жатыр. Сондықтан теңгемен қаржыны сақтап, банктың пайызымен ертеңгі күні үй аламын дейтін азаматтар шамалы. Сол себепті көбі қарызға үй, машина алып жатады. Қарыз алғанның айыбы жоқ. Бірақ, азаматтарда тұрақты жұмыс болуы керек, табыс болуы керек. Оны уақытында мезгілінде төлейтіндей мүмкіндігі болуы керек. Менің ойымша, бұл біріншіден, үкіметтің жауапкершілігі.

Макроэкономикалық болжам бойынша қазір барлығы онша жақсы емес екенін айтып жатырмыз. Бір дағдарыстың болатыны анық. Келе  жатқаны, тіпті, болып та, жүріп та жатқан шығар. Үнемшілдік керек па, қалай ойлайсыз.

Әрине, ол кімге болса да қажет. Дегенмен біздің халық онсыз да үнемдеумен күнін көріп келеді. Статистикаға сүйенсек, олардың табысы орта деңгейлі табыстан екі есе төмен. Сондықтан менің тіпті таңғалатыным, олар осы күнге дейін соның бәрін үнемдеп, қалай жеткізіп келді.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар