Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бұрынғы Алматы облысы екі өңірге бөлінгені баршаға аян. Ал,жаңа құрылған екі облыстағы елді мекендер төмендегідей: Алматы облысының аумағына: Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Жамбыл, Балқаш, Ұйғыр, Кеген, Райымбек аудандары енді. Облыс орталығы – Қонаев қаласы.
Ал,Жетісу облысы аумағында: Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандары, Талдықорған және Текелі қалалары бар.Облыс орталығы – Талдықорған қаласы.
Десе де,қоғамда қызу талқыға түскен Қонаев қаласы еді. Көпшіліктің қолдауына ие болып, 24 наурызда Қапшағай қаласы мәслихатының кезекті отырысы өтіп, онда қала атауын өзгерту туралы бірауыздан шешім қабылданды.Үшінші мамырда Қапшағай қаласының атауы ресми түрде Қонаев қаласы болып өзгертілді.
Осылайша,Жетісу өңірінде тарихи өзгеріс болып, Қапшағай атауынан Дінмұхамед Қонаевтың есіміне өзгертілген қала қазіргі Алматы облысының әкімшілік орталығына айналды. Бұл қазақ тарихындағы қайталанбас тұлға Дінмұхамед Қонаевқа деген халық құрметінің көрінісі болса керек. Алайда, қала атауы ауысып, облыс орталығына айналғанына көпшілік қуанғанымен, бағаның күрт көтерілуі жергілікті тұрғындарды алаңдатып отыр. Мұндағы, жалға берілетін көп қабатты тұрғын үйдегі пәтерлер бағасы, сондай-ақ, жер құны да 2-3 есеге өскен.
– Әрине, қала атауының өзгергеніне, облыс орталығы болғанына қатты қуаныштымыз.Енді қаланың болашағынан көп үміт күтетініміз рас. Қонаев қаласында көптеген өзгерістер болып жатыр. Құрылыс қарқын алып, көгалдандыру жұмыстары алдыңғы жылдарға қарағанда жақсы жүргізілуде. Көшіп-қону процестері жүріп жатыр. Қонаев – туристік аймақ. Демалыс орындары, Қапшағай көлі маңы ластанып кетіп еді, қазіргі күні тазаланып, өңі кіріп қалды. Алайда, орталықта азық-түліктің бағасы шарықтап кетті. Иә, қант тапшы болып тұр, бағасы шынымен-ақ удай. «Магнум», «Смол» сынды әлеуметтік дүкендер қантты 1-2 сағатқа уақытымен шығарады. Бір адамға 2 кг қант береді, бағасы 515 теңге. Ал, базарда қанттың бір килограмы 850 теңге. Айлық табысым 90 мың теңге, айдан-айға әрең жеткіземін. Енді, қала мәртебесі өзгерді ғой, жергілікті билікке келгендер нарық бағасын дұрыстайтын шығар, – дейді Қонаев қаласына қарасты Шеңгелді ауылының тұрғыны Айгүл Ақтанова.
Қонаев қаласында жолаушылар автобусы тоқтаусыз, уақытында жүреді екен.Жол жүру бағасы, оқушыларға 30 теңге, зейнеткерлерге 40 теңге, өзгелері 70 теңге төлейді. Қала ішіндегі кез-келген нүктеге такси бағасы 300 теңге. ҰОС ардагерлері мен көп балалы аналарға жол жүру ақысы тегін. Әзірге бағасы өзгермеген осы сала ғана.
– Мен Қапшағайда, қазіргі Қонаев қаласында 1997 жылдан бері тұрып келемін. Алғаш «Фарфор» зауытында, одан соң демалыс орынында жұмыс істедім. Кейіннен, құрылыс саласына кеттік. Қазір де Қапшағай бойынша құрылыс басталып жатыр, бұрынғы бұзылып тұрған ғимараттар қайтадан күрделі жөндеуден өтуде. Қапшағайдың Қонаев қаласы деп ауысқаны, облыс орталығына айналатыны өте жақсы. Себебі, Қапшағайдың өркендеуіне, жұмыс орындарының ашылуына оң әсерін тигізеді. Қуаныштымын. Дінмұхаммед Қонаев атамыз біздің қаламызға көп еңбек сіңірді, өз үлесін қосты. Сондықтан, бұған лайықты деп есептеймін. Жастарымыз өз ата-бабаларын, тарихын білуі керек, – дейді Қонаев қаласының тұрғыны Қанат Нұрғожаев.
Ал, Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласының бүгіні жөнінде «Жетісу» газетінің тілшісі, журналист Мәди Алжанбайдан сұрап білген едік:
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен елімізде Абай, Ұлытау, Жетісу облыстары құрылып, орталықтан шалғай жатқан жұртшылықтың қуанышы артқаны белгілі. Бұл шынайы қуанатын жайт дер едім. Себебі, ел болған соң пікір қайшылығы айтылады. Солардың бірі: «Ой, Жетісу облысы бұрынғы әлеуметтік-экономикалық дамудың құлдыраған шағына қайта түсетін болды. Өйткені, Іле ауданы мен Қапшағай қаласының өзі облыс бюджетінің басым бөлігін толтырып отыр еді»,-деп келеді. Меніңше бұл керітарпа пікір. Айталық, қазіргі бюджет көлемі мен облыс орталығы Талдықорғанға ауысқан жылдардағы бюджеттің мөлшері салыстырсақ көптеген мәселенің беті ашылады. Құдайға шүкір, қазір еліміздің барлық аймағында табыс тауып, өңірдің өркендеуіне үлес қосып жатқан шаруашылық пен кәсіпорындар жоқ емес. Дегенмен оған мастанып, жұмыс істемей қоюға болмайды. Керісінше өзін кәсіпкер санайтын әрбір адам өндіріс орындарын ашып, шағын және орта кәсіпкерлікті дөңгелеткенде ғана аймақтың табысы артады.
Шаншыған шыбық өніп кететін Жетісу жерінің құнарлы топырағы ауылшаруашылық дақылдары үшін таптырмас мекен. Біз өзге саламен жетістікке жете алмасымыз анық. Тұяқты мал мен егістік алқаптары Жаратқан Алланың қазаққа берген өлшеусіз несібесі екендігін ұмытпау керек. Яғни, өзімізді өзіміз қамшылап, табысты істі алға оздырғанда ғана өңір өркендей түседі. Ал, жалқаулыққа салынып, мемлекеттен берілер дотацияға сеніп жата берсек, көп нәрседен құр қаламыз. «Жатқан тастың астына су жүрмейді» деген.
Тағы бір айта кететін нәрсе, «Жетісу» атты қазақы географиялық өлшем кішірейіп қалатындай көрінеді. Ақ патшаның тұсында бір шеті Сырдария губерниясымен шектескен Жетісу кейіннен халықтың санасында Алакөл мен Қордайдың арасын алып жатқан мекен ретінде қалғаны жасырын емес. Енді оны Арқарлы тауы мен Алакөлдің арасындағы жатқан елге теңеу шектейтіндей әсер қалдырады. Бірақ қазақ халқы бар да, оның қанмен жазылған тарихы бар да Жетісу атауының өлшемге сыймайтын аумағы еш ұмытылмақ емес.
Ендеше, еліміздің қарқынды даму жолына түсуі өз қолымызда екендігін ұғынатын кез келді. Ол үшін бір саланың жұмысына немесе алған мамандыққа адалдық танытып, қажырлы еңбек майданына араласу керек.
Дәурен ЕРМЕКБАЙ
Алматы облысы
Кеген ауданы
Тасашы ауылы
Суреттерді түсіргендер: