///

Әнші Димаштың «Ұмытылмас күні»

2186 рет қаралды

Әнші Димаш Құдайберген Қазақстанның мәдени астанасы – Алматы қаласында «Stranger» атты жеке кешін берді. Бұл шоу-концерт әншінің өзі де, тыңдармандары да  көптен күткен концерт десек артық айтпаспыз. Алатау баурайындағы Алматы шаһарында өткен шоу-концерт әлемге танымал қазақ баласының алғашқы ән кеші.

 Алматыдағы 30 мың адам сиятын «Орталық стадионда» ине шаншар орын болмады. Келген тыңдарманда есеп жоқ. Үлкен көлемдегі стадионды толтыру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондықтан, бұл әншінің нағыз бақыты деп баға берсек болады. Бұл жобаны ұйымдастыру барысында 200 кәсіби маман арнайы шақырылса, 400 ерікті жұмылдырылған. Байқағанымыздай, концертке арнайы келгендер көп-ақ. Еліміздің өзге өңірлерінен ғана емес, арысы мұхит асып, Гавай штатынан келгендер де бар екен. Бірі Мексикадан, келесісі Франциядан, бірі Испания мен Италиядан, сондай-ақ Жапония, Вьетнам, Перу, Индонезия, АҚШ, Словакия, Чехиядан келген қонақтарды көзіміз шалды. Бұл Димаштың еліміздегі ән өнеріне ғана емес, туризмге, халық қазынасына қосқан үлесі дерсіз. Түрлі жерде мекен ететін адамдарды біріктіріп тұрған – бір әуен, бір Димаш! Бәрі сүйікті әншілері Димаш Құдайбергеннің концертіне келгендеріне, тарихи сәтке куә болғандарына мәз.

Сахна төріне көтерілген Димашты қалың көрермен ерекше қошеметпен қарсы алды. Димаш концертін стадион конструкциясының төбесінен – тоғыз қабаттық үйдің биіктігіндей жерден бастады. Сахнаға конструкциядан қауіпсіздік арқанының көмегімен түскен, «Алтын адамның» киімін бірден еске түсіретін қазақтың алтын оюы бар қызыл костюмімен Димаштың жарқ ете шыққаны  ерекше әсерлі болды. «Армысыздар, қадірменді ағайын, қадірменді қазақтың бір баласы үшін әлемнің түкпір-түкпірінен келген көрермендер. Ұлты, дүниетанымы бөлек болса да руханияты бір, менің алыстан келген көрермендерім, Қазақстанға қош келдіңіздер! Бүгін үлкендеріміздің батасын, барлық тыңдармандарым мен замандастарымның ризашылығын алу үшін барымызды салатын боламыз. Кеш көңілдеріңізден шығады деген ойдамын. Бұл концертті жерлестерімнің алдында алғаш рет бергелі тұрмын. Мен үшін емтихан десе де болады. 15 жасымда дәл осылай үлкен стадионда кеш беруді армандағанмын. Сол арманыма бүгін жеттім», – деп бастады концертін Димаш Құдайберген.

Соңғы бес жылда ерекше вокалдық қабілетімен, бөлек дауысымен әлем тыңдармандарын таңғалдырған Димаш Алматыдағы концерттік бағдарламасына 31 музыкалық шығарманы таңдап алыпты. Жанды дауыстағы ән кешін кәсіби музыканттардан құралған «live band» сүйемелдеді және заманауи бағыттағы хореографтар әр әнге ерекше би қойылымдарымен көрік беріп тұрды. Бұл кеште Димаштың туған інісі — Әбілмансұр Құдайбергеннің заманауи стильде жазылған авторлық туындысының тұңғыш рет тыңдарманның алдында тұсауы кесілді. Жас музыкант Әбілмансұр  композитор Ренат Гайсиннің туындысын музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен үлкен сахнада орындап берді.

Димаштың әлемдік деңдейдегі шоуы бірнеше бөлікке бөлінген. Бұл кеште қазақтың музыкасы мен ұлттық аспаптары да жаһан жұртшылығының назарына ұсынылды деуге әбден негіз бар. Әнші репертуарындағы қазақы  әндерді «Құрманғазы» атындағы қазақ ұлттық академиялық халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен шырқаса, сахнада «Салтанат» би-ансамблі де дәстүрлі өнерді дәріптеді. Оркестрдің сүйемелдеуінде Бекболат Тілеуханның «Елім менің» әнін Димашпен бірге бүкіл стадион бірге шырқады. «Құрманғазы» оркестрі «Сарыарқаны», күйшілер Абылай Тілепбергенов пен Таңат Сәденов бірнеше күйлерді төгілткенде, Олжас Құрманбек қобызбен күңіренткенде тыңдармандар қазақы рухты сезіне білді десек өтірік емес. Әрбір тыңдарманға рух сыйлай білді. Ол атмосфераны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес… Бұдан кейін қазақ өнеріне тамсану көбеймесе, азаймақ емес. Әлемдік деңгейдегі құрылғылармен жабдықталған сахнамен қатар Ренат Гайсин, Еділжан Ғаббасов, Әділжан Толықбаев сынды мықты музыканттар да әлем назарын өзіне аудара білді десек болады. Кеш барысында  Димаш «Бір аспан тарихы»  атты өзінің авторлық әнінің тұсауын кесті. “Дайдидау”, “Stranger”, “Fly Away”, «Махаббат бер маған», «Ұмытылмас күн» атты туындылар шырқалды. Көпшілік бұл әндерді әншімен бірге орындады.

Жоғарыда айтқанымыздай, Димаштың концертін тамашалау үшін елімізге әлемнің 70-ке тарта елінен жанкүйерлері арнайы келген екен.  Әншінің фан-клубы өте белсенді. 2017 жылы Қытайда өткен халықаралық “I am A Singer” байқауынан кейін Димаштың дүниежүзінде “Dears” атты жанкүйерлер тобы қалыптасқан. Олар сүйікті кумирін қолдау мақсатында стадионда 10 мыңға жуық түрлі-түсті шамдар жағып, кеш иесі мен концертке келген көпшілікке ерекше шуақ  сыйлай білді.

Димашта әлемге деген махаббат бар. Әлемнің тыныш болуын, қарапайым адамдардың зардап шекпеуін тілейтінін кеш барысында бірнеше рет тілге тиек етті.

Димаш әншіден бұрын, ең алдымен үлкен музыкант. Жалпы әншілік бөлек те, музыкант болу бір басқа. Және ол өте талантты жан. Алла берген, сосын әкенің қанымен, ананың сүтімен келген өнер және бекзадалық бар бойында. Оның сахнада ән айтып қана қоймай, домбыра, барабан, гитара, фортепиано және басқа да қазақ музыкалық аспаптарда еркін түрде шебер ойнағанын көріп мойындамасқа лаж жоқ. Димаш жергілікті тыңдармандарға ана тіліміз – қазақ тілінде, шетелдік жанкүйерлерге ағылшын тілінде сөйледі. Тек И.Крутойдың “Любовь уставших лебедей” әнін айтқанда ғана орыс сөзін естідік.

4 сағатқа жуық уақытқа жалғасқан кеш біткесін, әрбір қазақстандықтың көзінен мақтаныш сезімін байқадық. «Әлем деңгейіндегі жұлдыз», «Қазақтың бағына біткен біртуар талант», «Тіл-көзден аман-сау бол» деген сынды сөздерді кеш аяқталғасын естіп те қалдық, желідегі жазбаларадан байқап та қалдық. Ал шетелдіктердің көзі «Димаштай талантты ұлдарыңыз бар. Қазақ халқы неткен бақытты ел!» дегендей сөйлеп тұрды…

Айта кетейік, “Stranger” атты шоу-концерттің бағасы 8000 мен 40 000 теңгенің арасын құрады. Шілде айында жарнамасы шыққаннан-ақ бірден сатып алғандар болыпты.

Кеш аяғында Димаш өнерпаздарды таныстырып, өзін құрметтеп келген барша көрермендеріне және өзіне әрдайым қолдау көрсететін отбасына алғыс айтуды ұмытқан жоқ. «Қазір аласапыран заман болып тұр. Бірақ біз өз ақыл-парасатымызбен бәрінен биік екенімізді көрсетуіміз керек. Қашанда осындай кештерде, қуаныштарда кездесейік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» , – деп аяқтады Димаш. Барша жан осы тілекке қосылады деген ойдамыз.

Концерт кезінде қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 2,5 мыңнан астам тәртіп сақшысы жұмылдырылыпты. Концерт өте кеш аяқталса да қоғамдық көліктер қала қонақтары мен тұрғындарын аялдамаларда қаздай тізіліп күтіп тұрды. Мұны ұйымдастырған әкімшілікке рахмет. Ауа-райы да жылы, ашық болды. Бүкіл Алматы аспаны ән салып тұрды…

                                                                                             Эльенора ӘМІР,

Алматы қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар