///

Көшпенді өмірдің бүгінгі салтанаты

2405 рет қаралды

ХХІ ғасырда Жұмыр жердің бетінде төрт түліктің жайымен, төрт мезгіл көшіп жүрген халық бар десе сенесіз бе? Халық болғанда көшпенділердің соңғы жарқыншағындай сол көшіп жүргендер қазақ десе ше? Көрмесеңіз сенбеуіңіз мүмкін. Тыңдаңыз…

Алтай тауларының теріскей бетін, бүгінде Моңғолияның Баян-Өлгей аймағын мекендеген бір шоғыр қазақтар бар. Қазақтардың бұл жерді мекендегеніне 170 жылдың жүзі болды. Ащыны да, тәттіні де моңғол халқымен бірге көріп келе жатқан қазақтардың мақтанары: таза тілі мен сақталған салт-дәстүрі болмақ.

Көшпенділік бабадан атаға, атадан балаға мирас болып бүгінде бізге жетті. Көшіп жүрудің басты себебі халықтың кіріс көзі мал шаруашылығы болғандықтан, мал жәйімен жазда жайлауға, қыста қыстауға, күзде күзеуге көшуге мәжбүр. Алты ай қыста малды қорадан шығармай ұстау мүмкін емес. Сондықтан кей жылдары қара қосты қары аз, жайылымы мол жерлерге тігіп, отарлап жүріп кетуі де мүмкін. Малшыларда қыстау қорасы, күзеу қорасы, жайлауы жеке-жеке болады. Бірінің жеріне бірі рұқсатсыз отырмайды, мал жаймайды. Бұл жазылмаған заңдылық. Бір ауыл болып төрт-бес үй саналады. Бұлар негізінен аталас немесе бір әкенің балалары. Бірігіп тіршілік етуге қолайлы, ағайыннан бөлінуге негіз жоқ тәрбие солай.

Қыстауларға бұл күнде заманауи үйлер салынған. Күн энергиясын пайдаланып, өздерін электр қуатымен қамтыған. Әр үйдің төрінде телевизор сайрап тұр. Көктем шыға мал төлдетуге көшеді. Бір қорада екі жүз, тіпті одан да көп ұсақ мал төлдейді. Қозы-лақты жаңылмай енесіне салу бір өнер. Төлдер аяқтанып бола, күн де жылынады.

Бұл шамамен мамыр, маусым айларында, малшылар киіз үйлерін дайындап жайлауға көшеді. Жайлауы қиырдағы машина жүре алмайтын жерлерді жайлайтын ауылдар түйемен көшеді. Ал көбі бұл күнде жүккөлікпен көшеді. Көшкен елге қалған ел “КӨШ БАЙСАЛДЫ БОЛСЫН!” айтады. Жайлау қыстау қорадан 100 км немесе одан да ұзақ болуы мүмкін. Таң ағара мал айдаған азаматтармен бірге көште қозғалады. Мал айдаушылар ара қонып жетсе, жайлауға көш түс ауа ілінеді. Ерте көшіп келген жайлаудағы ауылдар ақ тағамдарын алып көштің алдынан шығады. Жұртқа дастарқан жайылып, қоныстың алғашқы дәмін татысады.

Киіз үй тігіліп, желі керіледі. Мал келе бұзаулар байланып, қозы-лақ түнде енесінен бөлініп бөлек қораға қамалады. Күндіз қозы-лақты ұсақ балалар жайса, қойды ересек балалар жаяды. Түс ауа қойды айдап әкеліп, қосақтап саууға кіріседі. Кешке сиырлар сауылады. Алынған сүттен іркіт пісіліп, құрт-май алынады.

Шілде айы туа бие байлай бастайды. Атқа мінген азаматтар құлаш-құлаш өрмелі қайыс арқанмен құлын шалмалайды. Кім көп құлын ұстаса сол мықты. Бие бау мен айғырдың жалына ақтық байланады. Маңайдағы ауылдар биебауға дастарқандарын әкеліп шашуларын шашып, сол жерде тамақтанады. Екі-үш күнде қымыз дайын болады. Шақырсын-шақырмасын, бие байланған ауылдарға емін-еркін кіріп, қымыз ішіп жүре бересің, қымыз сатылмайды. Атқа мінген топ-тобымен қымыз қыдыру, ырду-дырду бір айға созылады. Тамыз шыға қысқа дайындық қой қырқу, қозы қырқу, күзем басу, шөп шабу науқандарымен қарбаластық туындайды. Осылай тірлік жалғасып кете барады. Атадан балаға мұра болып қойшының таяғы қала берсін!

Тілектес Ақылбекұлы, 

Баян-Өлгей, Моңғолия

 
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар