“Мінбер” ақпарат агенттігі Қазақстанның құрметті ұстазы, қоғам белсендісі, қоғам қайраткері Өмір Шыныбекұлымен тікелей эфир өткізіп, оқу-ағарту саласында болып жатқан өзгерістер жайлы пікір алмасқан еді. Назарларыңызға сол эфирдің жалғасын ұсынамыз. Басы “Өмір Шыныбекұлы, құрметті ұстаз, қоғам қайраткері: Біздің елге қос министрліктің қажеті шамалы еді” мына сілтемемен оқи аласыздар.
“ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУДАН” ҚҰТЫЛЫП ЕДІК, “СЕНІМЕН БОЛАШАҚ” ШЫҚТЫ
minber.kz:
– Содан кейін бізде белгілі бір реформалар белгілі бір лауазымды тұлғалардың атымен байланысты болады. Мысалы, “Өзін-өзі тану” пәні. Біз сол “Өзін-өзі тану” пәні туралы бірнеше материал жарияладық. Бұл пән қазір факультативтік сабақ ретінде қалды, бірақ кезінде мен бір зерттеу жасағанмын. Өзін-өзі тану пәнінің мұғалімдерін даярлауға, оқу-құралдарын даярлауға бюджеттен қанша ақша бөлінді? Бюджеттен бөлінген ақша миллиондап емес, миллиардтап саналатынын көрдім. Бірақ, жариялай алмадым, өйткені жариялаған едім, оны алдыртып тастады. Сол кезде соншама қаржы бөлінген сабақ енді өткізілмейтін болды. Неге біздің білім саласында, не басқа саладағы реформалар жекелеген адамдардың атымен тікелей байланысты болуы керек? Неге бізде стратегиялық зерттеулер, стратегиялық шешімдер жоқ?
Өмір Шыныбекұлы:
– Өте өзекті, өртеніп тұрған мәселені қойдыңыз. “Өзін-өзі тану” пәнінің кабинеті де мықты жарақтандырылды, Саид Баба деген үнділік бір дәруіштің (оның кім екенін білмесек те), портретін іліп қоюға мәжбүр болдық. Одан құтылдық енді. Оның кіммен байланысты екенін бәріңіз білесіз, ешкімге құпия емес.
Енді тағы бір сондай қауіп бар. Қазір елімізде «Сенімен болашақ» деген қоғамдық қозғалыс құрылды. Артында президент аппаратында істейтін біреулер тұр дейді. Оны мен білмеймін. Олар Грузияда туған, одан Ресей, КСРО-ның ғылымы Шалва Амонашвили деген педагогтың ілімін насихаттап жүр. Жақында ғана Астана қаласында 17 тамыз күні сол қоғамдық бірлестіктің жиыны өтіпті, съезд пе әлде конференция ма. Ол жерге біздің министр қатысыпты, менің естуім бойынша. Конференцияда Шалва Амонашвилидің баласы тренинг өткізіпті дейді. Мақұл өткізсін.
Ресейге тағы жалтақтап отырғанымыз сол ғой, менің одан қорқатыным осы қоғамдық бірлестікке байланысты Түркістан облысы Түлкібас ауданынан мұғалімдер хабарласты. «Бізде мына «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігіне ата-аналарды кіргізуге мәжбүрлеп жатыр» деп. Өткенде Төле би ауданынан хабарласып, «Осы қоғамдық бірлестікке кіргізуге және мүшелік жарнаға мың теңгеден дейді» деген бе, осындай әңгіме шықты. Ең қызығы, менде үлкен сұрақ тудырған, осыдан үш күн бұрын мен министр Аймағанбетовке хат жолдадым. «Сенімен болашаққа» деген күдігімді айттым.
Былтыр осы ақпан айында орнынан түскен Түркістан облысының білім басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев жаңағы қоғамдық бірлестікке басшы болды деп естідік. Енді Рахымбек Жолаевқа келсек, ол 2019 жылдан осы 2022 жылдың ақпан айына дейін Түркістан облысының білім басқармасын басқарды. Жеке өзі бірдеңе бүлдірді деп айта алмаймын, бірақ бүлініп тұрғанды одан сайын тас-талқанын шығарып кетті деп ойлаймын. Соның кезінде мысалы, өткен жылы күзде Сайрам ауданының білім бөлімінің бастығы парамен ұсталды. Биыл соның кезінде қызмет істеген, яғни қаңтар айының басында Сарыағаш ауданының білім бөлімінің басшысы тәуелсіз журналист Амангелді Батырбековке киллер жалдады деген күдікпен ұсталды. Қазір сот жүріп жатыр. Одан кейін ақпан айы соңында не наурыз айының басында Төле би ауданының білім бөлімінің басшысы Роза Аманова ұсталды. Одан кейін қазір анықталмаған ақпарат, қауесет желдей есіп тұрғанына бір айдай болды. Шардара аудандық білім бөлімінің басшысы тергеуде жүр деген ақпарат шықты.
Қарасаңыз, бірде-бір бөлім басшысын «сен лайықты емессің» деген бұйрықпен жұмыстан кетірмеген. Сонда бізде тек ұсталғандар кету керек пе? Сондай адамды апарды да «Сенімен болашақ» деген қоғамдық бірлестікке басшы қылып қойды. Менің соған ақылым жетпейді. Сондықтан да Аймағанбетовке ашық хат жазғаным да сол, «сондай адаммен сізді не байланыстырады? Егер сондай адамдармен сіздің байланысыңыз, жақын достығыңыз, басқа да қарым-қатынасыңыз болса біз сізден аулақ жүрейік» деп.
minber.kz: Жауап алдыңыз ба?
ЖАЛҒАН ДИПЛОММЕН САБАҚ БЕРІП ЖҮРГЕН ПЕДАГОГТЕР ДЕ БАР
Өмір Шыныбекұлы: Жоқ.
minber.kz: Жалпы бізде қаңтардан бері қатты көп естіп жатқан бір сөзіміз бар, ол «еститін үкімет» деген. Біздің үкіметті, соның ішінде оқу-ағарту министрлігін қаншалықты еститін үкімет ретінде бағалайсыз?
Өмір Шыныбекұлы: Жаңағы Түркістан облысындағы аудандық білім бөлімдерінің басшылары, мысалы Тоқаев 2019 жылы президент болды ма? Солардың көбісі сонау Назарбаев заманынан білім бөлімінің басшылары болып отырған басшылар. Сондай былықтарды естіп, көріп отырсыз. Мен сізге бір жағдай айтайын, осыдан үш күн бұрын өзімнің туған ауылым Оңтүстік ауылындағы мектепте болып келдім. Кішкентай 60 үйлі ауыл, 30 мұғалімі, 100 баласы бар. Сол жерде сағат дауы өршіп тұр екен. Сол жерде бір апай жоғарғы оқу орнын кеңес кезінде бітірген, зейнеттегі апайды, былтыр математик жоқ болған соң шақырыпты. Сөзді сол апай алғанда тұрды да қатты сөйледі әріптестеріне «Мен осы жерде бір жылға жуық жүрмін. Сіздердің әңгімелеріңізден аудитория көрмегендеріңіз сезіліп тұрады. Ойлағандарыңыз тек қана ақша, сағат бөлу» деді. Аудитория көрмеген деген не сөз? Ол дипломды сатып алды деген сөз. Тікелей айтпады. Диплом дауы бүкіл Қазақстан бойынша өршіп тұр. Алматы қаласында пәлен анықталды деді, мысалы мен өткен жолы бір балабақша қызметкерін қорғағам басшыларынан. Ең ақырында оның дипломы да жалған деп, соттың шешімі шықты деп сотқа сүйреп жүрді. Қазір анықталмаған ақпарат бойынша, мысалы Түркістан облысында сондай көптеген жағдай анықталып, тергеуде, тексеруде деді. Оның қаншалықты рас, өтірік екенін білмеймін. Бірақ, мына жалған диплом індет боп тұр.
minber.kz: Оларды кім береді? Қай университет беріп жүр?
Өмірбек Шыныбекұлы: Білмеймін ғой, оны құзырлы органдар тексеру керек. Бізде біржақты кетеді, жаңағы Гүли Пердебайдың өзін ғана диплом сатып алғаны үшін сотты қылды да, арадағы делдалдарды немесе жалған дипломның шыққан көзін, ол туралы ештеңе білмедік. Осының артында кім тұрғанын білмедік.
minber.kz: Жалған дипломдарды берген университеттің басшылары сотталуы, жабылуы керек қой.
Өмірбек Шыныбекұлы: Қарасаңыз Гүли Пердебай сонау құмдағы алыс ауылда. Ол жаңағы Шымкент не Түркістан қаласында, пәлен жерде диплом сатылатынын да білмейді. Менің күдігім бар, сол жердегі аудандық білім бөліміндегі біреулер делдал болған шығар деген. Ол жағы неге қаралмады, арадағы делдалдар, сатқан адамдар неге жауапқа тартылмады? Оны көтеріп жатқан ешкім жоқ.
ПАНДЕМИЯ КЕЗІНДЕ САТЫЛЫП АЛЫНҒАН ТЕХНИКАНЫҢ КӨБІ ҚОҚЫСҚА ТАСТАЛДЫ. СОНДА СОНША АҚША ШЫҒЫНДАП ОНЫ АЛУДЫҢ НЕ КЕРЕГІ БОЛДЫ?
minber.kz: Бізде мемлекеттік, жалған емес дипломдардың базасы деген бар ма? Адамдарды жұмысқа қабылдаған кезде сол базамен қабылдау мүмкіндігі бар ма? Сіз білесіз, «Ақпараттық Қазақстан -2020» деген бағдарлама қабылданды. Бұл бағдарлама үшін қыруар қаржы бөлінді, миллиардтап бөлінді. Бірақ, осы бағдарламаның бізге бергені не? Мысалы, электрондық түрде жұмысқа орналаса алмасаң, электронды түрде дипломның базасын көре алмасаң. Бір оқырманымыз база бар деп жазып жатыр. Ал база болса, неге сол базаны қарап, сонымен тексеріп алуға болмайды жұмысқа?
Өмірбек Шыныбекұлы: Мен енді басшылық қызметте істемегендіктен, ондай база бар жоғын да білмеймін. Жалпы ақпараттандыру жүйесіне келсек, біздің ақпараттандырудың деңгейін 2020 жылғы онлайн оқу анық көрсетті. Тіпті Шымкент қаласының шеткі мөлтек аудандарына шықсақ интернетіміз ұстамай қалатын. Ал ауылдарда сабақ қандай деңгейде өткенін өзіңіз біле беріңіздер.
Оның үстіне онлайн оқуға компьютер алуға деп миллиардтаған ақша бөлінді. Осы техникаларға байланысты республиканың бірнеше өңірінде қылмыстық іс қозғалды. Олардың қалай аяқталғаны белгісіз. Мысалы, Түркістан облысында да үш жарым миллиард теңге әлде бес миллиард теңгеге компьютер алынды деп естідік. Менің естуімше, ол Шымкент қаласындағы бір ангарда жатыр деп естідім. Оған кім кінәлі, сонша ақшаны құжатқа сай емес компьютерлер алуға жұмсаған? Бірақ, кінәлілер кім, оларға қандай жаза қолданылды, ол жағы мен үшін, жалпы қоғам үшін белгісіз. Мұғалімдер тек кулуарда ғана «не болды екен сол» деп айтып қоямыз бір-бірімізге.
minber.kz: Біз кухняларда немесе бір жабық есіктердің ар жағында сыбайлас жемқорлықты талқылаймыз. Ал неге қоғам болып жемқорлыққа қарсы тұра алмаймыз? Неге сол жемқорлармен бірге өзіміз де бірігіп кетеміз? Бұл біздің мектепте беріп отырған тәрбиемізде бар ма? Проблема неде? Неге біздің қоғам үкіметтің, біздің салық төлеушілердің ақшасын қалталарына басып алғысы келіп, ұрлап қалғысы келіп тұрады? Бұның себебі неде?
Өмір Шыныбекұлы: Мен айтып жүрмін, біздің этнологтар, этнографтар біздің халықтың сапасын тексеруі керек. Себебі, білесіздер 1928 жылы біздің қазақ халқы отырықшылыққа күштеп көшірілді. Бірақ, біз отырықшылыққа өзіміз жеткенімізбен, біздің санамыз әлі көшпелі жұрт болып қалды. Соның ерекшеліктері ескерілмей, оны кейін білесіз. 30 жылдары біздің қаймақтарымыздың барлығын, генофонд дейміз, бәрін әкетіп қырып тастады. Барымыз сол, міне қорқақ, айтуға қорқамыз, сен тимесең, мен тиме деген. Әйтпесе, мен кешегі дене шынықтыру мұғалімдеріне фейсбукте жазып қойдым «әй, айналайындар, 2019 жылы педагог мәртебесі туралы заңды талқылайтын кезде біреуің жоқ едіңдер, қалталарыңа тіке ұрып еді, бәрің көшеге атып шыға келдіңдер» деп. Сөйтсем біразы маған доқ қып тастады «ой адам емес екенсін, ондай екенсің, мындай екенсің» деп. Солай болып қалды, 2019 жылы педагог мәртебесін төрт, бес-ақ мұғалім талқыладық, басқа ешкім үндемеген. Қалтасына тікелей ұрып еді, көшеге атып шықты. Ақтауда орыс тілі мұғалімдері шықты көшеге айғайлап. Біздің халық «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деп, тек қана өз қалтасын ойлауды үйреніп қалған.
minber.kz: Сіз енді тарих пәнінің мұғалімісіз ғой, бұл айналып келіп сіздердің де бір қазандарыңызға келіп түсетін шығар. Біз ұлттық идеология деген нәрсені көп айтамыз, бірақ мен қазір батыста байқап жүргенім бұлар идеологиясыз қоғам. Әркімнің бір идеологиясы бар дейді. Бірақ, дегенмен бір мүдде болуы керек. Қазақ халқының бір негізгі мүддесі деген нәрсе бар ма өзі? Әлде тек қалтамызға, қарнымызға ғана қарап, қарсылықтар жасаймыз, ал жалпы ұлттық мәселелерде бұғып қала береміз бе?
Өмір Шыныбекұлы: Бізде ондай жоқ. Мысалы, мен пәлен жыл болды өлкетану пәнін міндетті пән етіп, аптасына бір рет өткізіп тұрсақ деймін. Себебі, біз сонау ежелгі Қытай, ежелгі Үнді, ежелгі Мысыр, ежелгі Грек тарихынан хабарымыз бар, өзіміздің ауылдағы туған жердегі төбенің астында не жатқанын білмейміз. Ол жерді бізге кім берді, кім сыйлады. Мүмкін сол жерде біздің атамыздың қаны төгілген шығар, жер қорғап. Сондықтан, 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өлкетану пәні енгізілді, бірақ үш жылға жиырма ақ сағат. Оның өзін факультатив ретінде сынып жетекшісі жүргізеді. Егер біз өлкетану пәнін енгізгенімізде адамдардың, балалардың өзінің туған топырағы, туған ауылына, ауылдағы теректі еккен, арықты қазған аталарына деген құрметі артатын еді деп ойлаймын. Өкінішке орай, мұны мен бірнеше ірі жиындарда көтердім. Бірақ, әлі ешкімнің құлағына жетпей жатыр. Енді кеше бір жерден оқып қалдым жетінші сыныптарда тарих пәні деп азайып кетті деп. Әлгі «тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлағынан айырылды» дегендей, мен өлкетану сабақ болып енгізілсін деп жүрсем, тарих пәні кеміп жатқанға ұқсайды.
minber.kz: Егер сіз тарихыңызды, тарихи жадыңызды білмесеңіз, ертең ол ұрпақта қандай болашақ болады?
Өмір Шыныбекұлы: Тарих деген идеология.
БӘРІН ҚАДР ШЕШЕДІ
minber.kz: Білім, әсіресе оқу-ағарту саласында нақты қандай қадамдар керек, не жасауымыз керек? Сіз кеше өзіңіздің постыңызда әліппе туралы жаздыңыз, «біз ұлттық әліппені қайтардық, бірақ оның ішкі мазмұнына мән берген жоқпыз» деп. Жалпы бізде оқулықтар өте асығыс жазылады, одан кейін оқулықтарда қате өріп жүр. Баланың деңгейіне сай жазылмайды, Алтынсарин атындағы үлкен бір институт жұмыс істеп отыр, бірақ оқулықтар талапқа сай емес. Осының барлығын білімді бір жолға қою үшін жалпы не істеу керек?
Өмір Шыныбекұлы: Сөздің басында айтып кеттім бәрін кадрлар шешеді деп. Оқулықтар жайлы айтқан кезде де біз ұсақ клерктерге тәуелдіміз. Мен дәл қазір тұйықтан шығатын жол Аймағанбетовке кемі вице-премьер деген статус беру керек, яғни облыс әкімдеріне сөзі өте алатындай. Мәселені осыдан бастау керек.
Сосын министрліктегі, министрлік жанындағы оқулық орталығы, Алтынсарин академиясы секілді мекемелерге кадрға ешкім араласпау керек. Тек қана министрлік өзі араласып, өзі шешу керек, бұл жерде тамыр-таныс, әке-көке өтпейтін болу керек. Шала оқулықтарды жазған авторларды жинаған кім, ол қандай мақсатпен жинады, неге дәл солар жиналды, неге ол оқулықтар қоғамдық талқылауға түспеді? Біз тек қана факті, алдымызға келген оқулықты ғана көреміз, содан кейін ойбайымызды салып отырамыз. «Мына жерді әріп қате кетіпті, мына жерде басқа сурет түсіп кетіпті» деп. Ашықтық болу керек, қаржыдан бастап, әр мектепке қанша бөлініп жатыр, биыл қанша парта алынды, қанша тақта алынды, қанша бор алынды, соның бәрі ашық тұру керек. Барлығының фейсбукте парақшалары тұр ғой, сол жерде жарияласын. Халыққа, жалпы салық төлеушіге олар әр жұмсалған тиынға есеп тапсырып тұру керек. Онсыз болмайды.
НАУҚАНШЫЛДЫҚТАН КӨЗ АШПАДЫҚ
minber.kz: Сіз есеп тапсырып тұру керек дегенде есіме түсті, мектептерде ата-аналардың қоры деген бар білесіз. Оған жылда ақшалар жиналады, бұл біздің білуімізше заңсыз екен, бірақ жиналады. Мектептің қоры және кластың қоры деп. Бұл өзі қаншалықты дұрыс, жинау қажет пе?
Өмір Шыныбекұлы: Сол кезде 2013 жылы мен, қазір ұмытылып бара жатқан Кэмбридж технологиясы деген курс оқыдым. Сол деңгейлік курста қамқоршылық кеңестері туралы жазылған еді. Оның ережесі бойынша қамқоршылық кеңесі мектептің кадр мәселесіне, мектептің бағдарламасын дайындауға құқылы және олар қаржы мәселесін шешу керек деген секілді. Сол кезде мен мақалаларды көрсеткенмін «бізде тура Кэмбридж айналасында, Англиядағыдай қамқоршылық кеңесті құру үшін аяғына нық тұрған, орта тап құрылу керек. Ал егер ол орта тап құрылмаса, бізде ақшасы бар адам қарапайым мектепке емес Назарбаев мектебімен келіседі де, баласын сол жерге апарып «мынау үшке оқитын еді, бірақ саған осынша көмек берейін, сен осыны қабылдай сал» деген сондайға айналып кетпей ме деген қаупімді айтқан едім, сол қаупім расқа айналып кеткен сияқты. Айтып отырғаныңның барлығы заңсыз әрине.
minber.kz: Қаржы бір шотқа түспейді, қолға беріледі, егер шотқа түссе басқаша болар еді.
Өмір Шыныбекұлы: Биылдан бастап шотқа түседі деп жатыр, оның нәтижесі қандай болатынын көреміз. Осы жерде тағы бір айта кететін мәселе бар, шот дегеннен шығады. Соңғы күндері маған мектептердің әлеуметтанушылары хабарласып жатыр, жалпы сондай шотқа түсетін ақшаларды, АСП алатын адамдардың тізімін жасақтауды мектептердің әлеуметтанушыларына жүктеп қойған дейді. «Күндіз, түні жұмыс істеп жатырмыз дейді, жоғары жақтан бұйрық келген» дейді. Оның қаншалықты рас, қаншалықты өтірік екенін білмеймін. Олар «біз кейде үлгермейіз, басқа мұғалімдерді көмекке шақырамыз, мектеп директорының орынбасары көмектеседі» дейді. Қаламыздан бір мектептен хабарласты, «менің мектебімде 650-дей бала атаулы әлеуметтік көмек алады екен, солардың анықтамасын, жалпы базасын біз жасап жатырмыз» дейді. Бұл қалай? Әкімдіктің жұмыспен қамту мен әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі не істеп отыр?
minber.kz: Электрондық база қайда? Электрондық база болуы керек қой бәріне ортақ, содан қарай салатындай. Енді Кэмбридж курсына байланысты, сіздер оқыдыңыздар, мен білемін. Оларға өте көп ақша бөлінді және ол курсты бітіргендерге екі еселеп айлық төленді менің білуімше.
Өмір Шыныбекұлы: Ия, екі еселеп мен жүз пайыз алдым.
minber.kz: Бұның білімге қанша, қандай пайдасы болды?
Өмір Шыныбекұлы: Менің жалпы оқушыларыма не бере алғанымды білмеймін. Мен өзім еркін болуға үйрендім, еркін болуға біраз нәрсе алдым. Біздің тағы белсенді мұғалімдер өзінің әріптестері не басшыларының тарапынан қуғынға ұшырауы мүмкін, соған дайын болыңыз деп нұсқаулықта көрсетілген. Мен өзім біраз нәрсе алдым. Жалпы мұғалім қай кезде, мысалы бүгін кітап оқыса, ол бүгін не ертең, болмаса бүрсігүні, болмаса арғы күні әйтеуір балаға білдіреді. Біраз нәрсе алып, көзіміз ашылды. Ал енді одан кейін, бөлінген миллиардтарды толығымен ақтады деп айта алмаймын.
Ағылшын тілінде оқытамыз деп, пән мұғалімдерін апарып, мектепте неміс тілін оқыған, ағылшынша әріп танымайтындарды апарып, курсқа оқытып, сегіз ай, тоғыз айдан, сөйтіп те масқара болдық қой. Соны тоқтата алмадық қой. Абырой болғанда маған ешкім бар деген жоқ, себебі мен мектепте неміс тілін оқыған едім. Мысалы мен гиперхауз дегенді хайперхаус деп оқимын. Оған да ақша бөлінді, оның да сұрауы болған жоқ.
minber.kz: Осындай сұрауы жоқ бағдарламалардың тиімділігін, әсіресе білім саласында өте көп бағдарлама, үштілділік бағдарламасы және тағы басқа да бағдарламалар көп болды. Бізде соның бір тиімділігін есептейтін, оған анализ жасайтын орталықтардың жоқтығы өкінішті. Бар шығар, мен біраз бюджетті зерттеп көрдім, біз конференцияларға, сауалнамаларға, сосын зерттеулерге өте көп ақша бөлетін мемлекет екенбіз. Бірақ, соның біз пайдасын көріп отырған жоқпыз.
Өмір Шыныбекұлы: Осы жерде сіздің сөзіңізді бөлейін, 2016 жылы наурыз айында Сағадиев 2016 – 2019 жылдарға арналған білім мен ғылымды дамыту деген бағдарлама шығарған. Соған бір жарым триллион бөлінді деген, мен сол жылы жылдың соңында пост жаздым «мысалы, көктемде хабарладыңыздар менің мектебім үлкен облыс орталығындағы шамамен орташа деңгейдегі, орташадан жоғары деңгейдегі мектеп-лицей статусы бар мектеп неге біз бір компьютер алмадық?» деп. Сол ақшаның да есебі болған жоқ қой, мен оны жыл сайын еске түсіремін, Сағадиев кетіп бара жатқанда да естеріне салып айқайладым. «Анадан бір жарым триллион ақшаның есебін сұрасаңдаршы» деп, бірақ ешкім оны құлаққа іліп жатқан жоқ. Сонымен кетті ол, жабулы қазан жабулы күйімен қалды. Неге бөлінгенін білмейміз?
minber.kz: Біз біраз нәрсенің басын шалдық деп ойлаймын. Бұл тақырыпты біз айлап, жылдап талқыласақ та бітпейтін тақырып. Жалпы бүрінгі эфирдегі соңғы сұрақ. Чеховтың дәуренінен келе жатқан классикалық сұрақ «Не істеу керек?».
Өмір Шыныбекұлы: Биілік жүйесін өзгерту керек. Билік иерархиясын, сізге айтқан нонсенс менің бастығымды облыс әкімі тағайындайды, бірақ мен орындайтын бұйрықты министр береді. Түбегейлі өзгеріс керек.
соңы, Басы: Біздің елге қос министрліктің қажеті шамалы еді
Эфирді жүргізген: Есенгүл Кәпқызы
Мәтінді дайындаған: Альфия Шамай
Парақшамызға жазылыңыз