//

Қазақстанға ағылған ресейліктер: Шекаралас жатқан Орал қаласындағы ахуал қалай?

1141 рет қаралды
Фото авторы; Нұрлыбек Рахман

21 қыркүйек күні РФ Президенті В.Путин «Ресей Федерациясында ішінара жұмылдыруды жариялау туралы» жарлыққа қол қойды, бұл туралы Ресей Федерациясы Президентінің ресми сайтында жарияланды.  Осы күннен бастап Ресейде дүрбелең басталды. Ресейліктер, атап айтқанда жұмылдыруға жарамды жастағы ер азаматтар бұл науқанға ілікпеу үшін бас сауғалап, елінен үдере көшті. Бұл көшке еліміздің Ресеймен шекаралас өңірлеріндегі тұрғындар тікелей не жанама тұрде қатысушы болып отыр.

90 КҮННЕН АРТЫҚ ЖҮРУГЕ БОЛМАЙДЫ? 

23 қыркүйектен бері Батыс Қазақстан облысындағы  шекара бекеттерінде ресейлік азаматтардың көптеп келіп жатқанын, қаладағы жалға берілетін пәтерлердің және жолаушылар тасымалымен айналысатын таксилердің бағасының күрт өскенін түрлі ресурстар жарыса жариялады. Келушілердің көптігі сондай ұзын-сонар кезекте адамдар 10-15 сағаттан күтуге мәжбүр болған. Ал, оларды шекара бекетінен қалаға жеткізу үшін такси жүргізушілері тасымал құнын бірнеше есе жоғарылатқан. Келген азаматтар уақытша болса да тұратын орын іздейтіні анық, қаладағы пәтерлерін жалға беретін кәсіп иелері де жалға беру құнын әдеттегіден бірнеше есеге өсірген. Бұл мәселеге қатысты жергілікті атқарушы ұйымдар мен мемлекеттік органдар қандай шаралар қабылдағаны туралы БАҚ өкілдерінің қойған сұрағына облыс әкімдігінің баспасөз қызметі  23 қыркүйек күні келесі мәліметті ұсынды.

Облыс әкімдігінде 22 қыркүйек күні Шекара қызметінің және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен шекара мәселелері бойынша Үйлестіру кеңесі өткен. Облыс әкімі қоғамдық тәртіпті сақтау және патрульдеуді күшейтуді тапсырған. Сонымен қатар халық арасында көші-қон заңнамасын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын, шекара маңындағы аудандардың әкімдеріне тұрғындар арасында шекараны заңсыз кесіп өту фактілері туралы, кезекші нөмірлерге күдікті адамдар туралы хабарлау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырған.

Шекарадағы жағдайға келетін болсақ, облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше облыстың шекара аумағында 6 автомобиль өткізу пункті жұмыс жасайды. Ал 20 қыркүйектен 23 қыркүйекке дейінгі кезеңде Ресей Федерациясы азаматтарының осы пункттердегі жолаушылар ағыны 8658 адамды құраған. Осы күндері жолаушылар ағынының 3 есеге өсуі және Ресейдің шекара арқылы өткізу пункттерінде БҚО бағыты бойынша жүк және жеңіл автокөліктердің жиналуы байқалған.

Бүгінгі күні барлық шекара маңындағы өткізу пункттері штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Халықаралық автобус бағыттарына қатысты қазіргі уақытта облысымызда Самара, Тольятти, Саратов және Орынбор қалаларына төрт халықаралық автобус бағыты жұмыс істейтін болса, жолаушылар ағыны Самара бағытында көбейгені байқалады, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі. Нақтырақ айтсақ, күн сайын Оралдан тәулігіне 3 рейс, ал Самарадан 4 рейс орындалады екен. Бұл бағыттарда 44-тен 53 орынға дейін сиятын «Yutong» және «Daewoo» маркалы автобустарының 17 бірлігі қызмет көрсетеді.

ҚР ҰҚК Шекара қызметі болса 23 қыркүйек күні бұл мәселеге қатысты бүгінгі таңда Қазақстан-Ресей шекарасында Қазақстан Республикасына кіріп жатқан шетел азаматтарының саны артқанын айтады. “Орнатылған 30 автомобильдік өткізу пункті штаттық режимде жұмыс істеуде. Адамдар мен көлік құралдары ағынының ұлғаюына байланысты, оның төртеуінде кептеліс байқалуда. Ахуал ерекше бақылауда. Шекара қызметі мемлекеттік құзыретті органдармен бірлесіп, шекара арқылы өту орындарында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуде. Ресей шекара ведомствосымен өзара бірлескен іс-қимыл ұйымдастырылды.
ҰҚК Шекара қызметі өзінің іс-әрекетінде халықаралық шарттарды және ҚР ішкі заңнама нормаларын басшылыққа алады» – деп хабарлады.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Ресей Федерациясының азаматтарының болу ережелері 2005 жылғы 23 мамырда бекітілген «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы азаматтарының өзара визасыз сапарлары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің №494 қаулысымен реттеледі.

Батыс Қазақстан облысы Полиция Департаментінің хабарлауынша, биылғы жылдың басынан бері бүгінгі күнге облыс аумағында 12 265 Ресей Федерациясының азаматы тіркелген. Оларды келу мақсаты бойынша жіктейтін болсақ: халықаралық жүк тасымалы – 1,047, еңбек қызметін жүзеге асыру – 1 108; жеке істер бойынша – 10 057 (оның ішінде 2 417 РФ азаматы уақытша тұруда), оқуға – 22, қызметтік істер бойынша – 18, туризм – 13 адам.

Жалпы облыстық көші-қон бөлімшелерінде жыл басынан бері 22 қыркүйекке дейін 20 840 шетелдік тіркелген. Олардың 18 548 ТМД елдерінен болса, 2292 алыс шетелдерден екені белгілі.

Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысының аумағында Ресей Федерациясының 3 961 азаматы тұрақты түрде тұрып жатыр. Жылдың басынан бастап тұрақты тұруға қалдыру туралы 427 адам өтініш білдірсе, оның 278-не рұқсат берілген. Жыл басталғалы 29 адам Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға өтініш білдірсе, оның ішінде 11-і Қазақстан Республикасының азаматтығын алған.

Біреу білсе, біреу білмес, алайда біліп жүрген артық емес. Қазақстан Республикасына келген шетелдік азаматтарды қабылдайтын тұлғалар шетелдіктердің ел аумағында болуы туралы полицияның уәкілетті органдарын үш жұмыс күні ішінде «egov.kz, e-konak» электронды үкімет порталы арқылы келген күннен бастап  90 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге хабардар етуге міндетті.

Сонымен қатар 90 күннен ұзақ мерзімге келген Ресей Федерациясының азаматтары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы №148 Қаулысымен бекітілген «иммигранттардың келу және болу, олардың шығуы туралы Ережесіне» сәйкес   мемлекеттік корпорация арқылы немесе egov.kz электронды үкімет порталы арқылы ҚР аумағында уақытша тұру рұқсатын алуға және оны ұзартуға өтініш қалдыруы қажет.

РЕСЕЙЛІКТЕР ҚАНДАЙ КӨМЕККЕ ЗӘРУ? БІЗ ОЛАРДЫ ҚАЛАЙ ҚАРСЫ АЛАМЫЗ? 

Қазақстанға ағылған ресейліктер тұратын орыннан бастап адамға қажетті барлық қызметтерге мұқтаж. Қазақстандықтардың ішінде оларды қолдайтыны, даттайтыны, мақтайтыны, немқұрайлы қарайтыны, бәрі бар. Алайда, адамдардың арасында бұл жағдайды да жеке пайдасына ұтымды пайдаланып жатқандары жоқ емес. Пәтер жалдау, жолаушылар тасымалдау, қазақстандық байланыс карталарының бағасы екі, үш есеге қымбаттағаны туралы хабарламалар да шығып үлгерді. Қазір барлығын әлеуметтік желі арқылы бақылап, хабардар болып отыру мүмкіндігі бар. Келушілердің қарасы екі-үш есеге ұлғайғаны аядай қаладағы барлық салада қиындық тудырғаны рас. Орал қаласына Ресейдің қалаларынан қатынайтын таксилер лық толы. Оралдағы қонақүйлер мен пәтерлерде бос орын жоқ. Қазіргі таңда Telegram каналда 13 844 қатысушысы бар «Помощь Россиянам Уральск» және 6442 қатысушысы бар «Россияне в Уральске» чаттары ашылған, дәл осындай чаттар Алматы, Астана, Ақтау, Павлодар, Атырау, Ақтөбе қалаларында да бар екен. Бұл чатта ресейліктер Қазақстанға қалай жету, көлік түрі, жол қатынасы, тұру орындары, Қазақстанда болу шарттарын, оларды ресімдеу және осылардың барлығына бағалар туралы сұрақтарын қойып, қазақстандықтар осы сұрақтардың барлығына жауаптарын беріп, пайдалы сілтемелерді жолдап, ақылы не тегін көмектерін көрсетіп, еріктілер өз қызметін ұсынуда. Әрі бұл чаттарға жазылушылардың саны минут сайын өсуде.

Мысалы, «CityCenter» сауда-сауықтыру орталығындағы «Cinema Park» кинотеатры мен Әбілхайыр хан даңғылында орналасқан «АРЕНА» компьютерлік клубы жатын орын таба алмаған Ресей азаматтарына тегін орын ұсынуда. Қала еріктілері болса теміржол бекетінің алдындағы алаңда палатка құрып, тегін тамақ, су және байланыс үшін симкарталар таратуда, сонымен қатар шекара бекеттерінен келушілерді тасымалдауды ұйымдастырған. «Непоседа» атты оқу орталығы келушілердің оқушы балаларына тегін түскі ас ұсынып, оқуға шақырып хабарлама жариялады. Кафелер мен  мейрамханалар, VenOil авто толтыру станцияларының желісі тегін тамақтану ұсынуда, бір ғана шарт Ресей азаматы екенін растайтын төлқұжаты болуы керек. Осы және басқа да қызметтер, ресімдеу және басқа да құжаттарға, жұмысқа қатысты сұрақтарына жауапты келушілер осы чаттардан алуда.

Қандай жағдай болса да адам болған соң адам кейпімізді сақтап қалғанымыз дұрыс. Ауа-райы құбылып, күздің жаңбырлы күндері басталды. Келушілердің басым көпшілігі ерлер болғанмен, арасында аз да болса отбасымен бірге келгендер бар, олардың балалары бар, тіпті жүкті әйелдер де бар. Көпшілігі уақытша келген, кейбіреуі Орал арқылы Алматы, Астанаға бет алса, өзгелері шетел аспақшы. Аз уақыт болсын, көп болсын 9000-ға жуық келушілердің әсері қала тіршілігіне қосымша жүктеме әкеледі, аумалы-төкпелі кезеңде жергілікті тұрғындар мен келушілердің арасында түсініспеушіліктердің болуы ықтималдығын да жоққа шығара алмаймыз. Сол себептен әу бастан дұрыс байланыс орнатып, шетелдіктердің елімізде болу шарттарын заң шеңберінде түсіндіре білгеніміз және олардың орындалуын талап ете білгеніміз абзал. Бұл әр қазақстандықтың азаматтық борышы, ал тиісті мемлекеттік органдардың міндеті. Сын сағатта немқұрайлылық танытпай, бірігіп әрекет етіп, елдегі тыныштық пен бейбіт өмірге нұқсан келтірмеу бәрімізге сын. Соғыс пен ашаршылық, қуғын-сүргін жылдарындағы қазақтардың қонақжайлығы, қамқорлығы мен қайырымдылығы туралы сол игілікті көрген түрлі ұлт өкілдерінің ұрпақтарына дейін жыр қылып айтады. Өзіміз де ыңғайлы сәтте осы деректерді еске түсіріп, мақтан етуден жалықпаймыз. Ата-бабаларымыздың жақсылығы ұрпақтан ұрпаққа жетіп отыр, ал біз өзіміздің кім екенімізді тарих парақтарына бүгінгі күнгі әрекеттеріміз арқылы жазудамыз.

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар