Соңғы апта әлемдік саясатта үлкен дүмпу басталды. Мұның астарын саралап көрелік. Апта басы Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы жерге байланысты даудан басталды. Ресми түрде жанжал тәжік тарапынан басталғандығы меңзеліп отыр. Мұның артында қандай себептер тұр?
Ең маңызды мәселе Кеңестер одағы дәуірінде одақтас елдердің арасындағы шекараның анықталмағандығы. Кеңестер одағы “түбі ұлттар мен ұлыстар жойылады. Олармен бірге ұлттық мемлекеттер де жойылады” деген қағида ұстанатын. Бұл қағиданы басшылыққа ала отырып мемлекеттер арасында болуы мүмкін шекаралық дауларға ешқашан мән берілмей келген. Мұның мысалын Таулы Карабахтан көруге болады. Әлі күнге дейін Орталық Азия елдерінің арасында, әсіресе Өзбекстан мен Тәжікістан арасында даулы аймақтар бар.
Қосымша маңызды фактор, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның халық арасында беделін нығайтуға деген ынтасы. Былтырғы Таулы Карабахта Әзірбайжанның жеткен жетістіктері, тек ұлттық рухты нығайтып қойған жоқ Ильхам Алиевтің халық алдындағы беделін өсіріп, жеке билік режимін нығайтты. Сыртқы саяси интервенциялар Ресейде Путиннің, Түркияда Реджеп Тайып Ердоғанның билігін нығайту үстінде. Демек авторитарлы лидерледің болашақта билігін сақтап қалудың негізгі тетіктерінің бірі аймақтық қақтығыстар болары сөзсіз. Ұлтшылдық рухты ояту арқылы экономикалық, саяси мәселелерді ұмыттыру демократиялық емес мемлекеттерге тән құбылыс.
Үшіншіден, Ресей Орталық Азиядағы ықпалынан айрылып келеді. Бұған Қазақстанға ресми сапарының барысында Си Цзинь Пиннің Қазақстанның егемендігі мен территориялық тұтастығын сақтауға қатысты айтқан сөздері дәлел. Демек Орталық Азияда гегемонның орны қайта қаралуда деген сөз. Ресейдің өңірдегі орнын біртіндеп өзге алпауыттар алуға ниетті деген сөз. Демек Ресейге аймақтағы қауіпсіздікті ушықтыру керек. Қатер күшейген сайын Орталық Азия істеріне араласудың жаңа тетігі пайда болады. Тәжікстан көп мәселеде Ресейге тәуелді мемлекет. Еуразиялық экономикалық қауымдастық мүшесі ғана емес, Ресейдің барлық интеграциялық бастамаларын қолдап отырған Қырғызстанға Ресейдің салқындық танытуы түсініксіз көрінеді. Мәселе Тәжікстанның Ресейге тым тәуелді болуына байланысты болса керек.
Келесі маңызды шара Кавказ аймағындағы Әзірбайжан мен Арменияның шекарасындағы жағдайдың ушығуы. Бұл даудың терең тарихы да, алғышарттары да бар. Өткен жылы орын алған Таулы Карабах маңындағы қақтығыс Әзірбайжан пайдасына шешілгендігі белгілі. Дегенмен Әзірбайжан әлі де кезінде Армения басып алған барлық территориясын қайтарып ала алмады. Демек, түрлі келісімдерге қарамастан әлі де қақтығыстардың болу ықтималдығы жоғары.
Оның үстіне дәл бүгінгі күні Арменияның негізгі серіктесі Ресей Украинадағы қақтығыстан әлсіреп отыр. Демек екінші рет мұндай мүмкіндік тумауы мүмкін. Ескерілуі тиіс факторлардың ішінде Ресей мен Батыстың арасындағы қатынастардың ушығуын айтуға да болады. Демек дәстүрлі түрде батыс елдерінің қолдауына ие Армения одақтастарының арасындағы шиеленіс жағдайында тиімді қарсылық көрсете алмауы мүмкін.
Дегенмен бұл жолғы шекаралық жанжалдың табиғаты бөлек. Тарихи тұрғыдан осыған дейінгі қақтығыс аймағы ешкім мойындамаған Таулы Карабах пен Арменияның оккупациялаған аймақтарында болса, бұл жолы қақтығыстардың негізгі дені Арменияның өз аймағына қарай ойысты. Ал бұл Армения тарапынан Ұжымдық қауіпсіздік шарты елдерінен көмек сұрауға негіз болып табылады. Құқықтық тұрғыдан ұйым өз мүшелеріне бұл жағдайда көмек беруге міндетті. Бірақ құқық бөлек те, саясат бөлек. Ресей дәл бүгінгі күні өз одақтасын қолдай алатын денгейде емес. Демек ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы бұл жағдайда үлкен белсенділік таныта алмасы айқын. Оның үстіне Әзірбайжанның артында дәстүрлі одақтас Түркия тұр. Түркия Президенті Реджеп Таип Ердоған әскери риториканы жеке билігін нығайту мақсатында тиімді пайдалана алатын басшы екендігі белгілі. Демек саяси есепте бірге бірдің қосылуы дәл қазір екіге тең болмай тұрғандығын аңғару қиын емес.
Осы күрделі кезеңде Елімізге Си Цзинь Пиннің келуі әлем назарын аударды. Пандемиядан кейінгі алғашқы сапарын Қазақстаннан бастаған Қытай басшысы аймақтағы амбицияларын ашық танытып жүр. Ұзақ уақыт Украинада қалып қойған «одақтасы» Ресейді аймақтан ығыстыру ниеті бар екендігін Қытай бүгінгі күні жасырып отырған жоқ. Экономикалық санкциялар астында қалған Ресейдің Шығыстағы ұлы көршіге аймақта тойтарыс бере алуы екіталай. Дегенмен Ресей Орталық Азиядағы гегемониялық позициясынан да бас тартуға дайын емес.
Өткен аптада әлем назары Самарқандқа ауды. Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдері басшыларының бас қосуы әлемдік саясаттағы ең маңызды оқиғалардың біріне айналды. Қытай мен Ресейдің өзара ымыраға келуге деген ынтасы, табиғи ресурстарға зәру Қытай экономикасын күшейтуге, әлемдік геосаяси картада күштер балансын қайта қарауға ықпал етері сөзсіз.
Ұйым құрамына Иранды қабылдау геосаяси ойында АҚШ-қа қарсы күштердің топтасып жатқандығының айқын көрсеткіші болса керек. Түркия Президентінің Шанхай ынтымақтастығы ұйымына кіру ниеті көз алдымызға революциялық жойқын соғыстардан кейін монархия мен ескі тәртіпті сақтап қалуға ниетті топтарды біріктірген Вена конгресін елестететіндігі сөзсіз. Ол кезде де жаңадан пайда болып, қарқын алып келе жатқан жаңашылдық үдерістерге тойтарыс беру мақсатында социалистік тілмен айтқанда «реакцияшыл күштер» одағы қалыптасқан болатын.
Ресей Еуропа жандармы атағына ие болатыны да осы кезеңге тән құбылыс. Бүгін де дәл осы бастамамен Ресей АҚШ-қа қарсы күштерге ұйытқы болып отыр. Мәселе жүйелік ерекшелікте емес, сонымен бірге құндылық ерекшеліктерінде де жатыр. Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммитінің тағы да бір ерекшелігі, Түркияның мүшелікке өту ниетінде жатса керек. Реджеп Таип Ердоғанға дейін Түркия батыстық құндылықтарды сіңіріп, демократияға бет бұрғанымен, бүгінгі Түркия қатты өзгеріске ұшырады. Ердоған мырза жеке билігін нығайтып, өзін тұрақты түрде сынға алатын батыс елдеріне қарағанда, автократиялық Шанхай ынтымақтастығы ұйымына жақын сезінетін секілді.
Әрине Түркияның мүшелігіне байланысты бірқатар сауалдар бар. Олардың болуы да заңдылық. НАТО мүшесі Түркияның альтернативті ұйымға мүше болуы бірінші кезекте ғалам көлемінде жаңа күшті орталықтардың қалыптасқандығын көрсетсе керек. Демек, аймақтық тұрақты одақтардың құрылымы мен, ықпалын қайта қарау, саралау кезеңі басталды деген сөз. Екінші сұрақ Түркия секілді ірі аймақтық ойыншылардың мүдделері тек бір аймақ немесе одақпен шектелмейді, керісінше бірнеше интеграциялық бірлестіктер шеңберінде жүзеге асады. Оның үстіне Түркия басшысы Батыс әріптестерінің алдында ұпайын арттыратын кезекті геостратегиялық қадамға барды. Яғни дүние геостратегиялық картасында қазір де болашақта да өзгерістер көп болады. Маңыздысы осы өзгеріс жағдайында мүдделер теңдігін сақтау.
БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысы да биыл ерекше өтпек. Күн тәртібіндегі мәселе де өзекті: аймақтық қауіпсіздік пен жаһандық жүйелікті сақтап қалу. БҰҰ соңғы жылдары өзінің тіссіз саясаты үшін жиі сынға ұшырап жүрген ұйым. БҰҰ реформалауға деген сұраныс та жыл сайын артып келеді. Демек, жаңа дәуір үлкен өзгерістер дәуірі болады. БҰҰ бұл өзгерістерге дайын болуы тиіс.
Қалай болғанда да жаһандық өзгерістер жаңа кезеңге қадам басты. Экономикалық трансформация адамзаттың алдында үлкен сауалдар қойып отыр.
Парақшамызға жазылыңыз