///

Шыңғыс Ергөбек, cаясаттанушы: Әлеуметтік жағдайдың ушығуына не себеп?

2788 рет қаралды
фото: gov.kz

Соңғы уақытта Елімізде әлеуметтік нашар қорғалған топтардың жан айқайы күн санап артуда. Мұның себептеріне назар аударып көрелік.

Әлеуметтік жағдайдың күрделенуі бірнеше ішкі және сыртқы факторларға байланысты. Қазақстандағы әлеуметтік жағдайдың ушығуының ең негізгі себебі экономикалық трансформацияға икемделу үдерісінің созыңқы қасиетінде жатыр. Біз экономика мен әлеуметтік саладағы мемлекеттің белсенділігіне үйреніп қалған мемлекетпіз. Біз өз болашағымыз үшін өзімізді жауапты етудің орнына бақ пен құтты мемлекетттен талап етеміз. Бұл коммунистік дәуірдің сарқыншағы. Әрине қазақ қоғамы ежелден қауымшыл қоғам. Дегенмен капиталистік экономика адамның өзінен жауапкершілік күтеді, адамның өзінен белсенділік талап етеді.

Екінші маңызды себеп, Еліміздегі орта таптың әлі де аяғына дейін қалыптаспауы. Экономиканың орта және шағын бизнес сегменті өндірісті алға тартып ішкі тұтынуды тұрақтандыруы тиіс маңызды функцияға ие. Мемлекет басшысы өз жолдауында орта және шағын бизнестің дамуына негізгі кедергілердің бірі қаржылық ресурстардың тапшылығы екендігін атап өткен болатын. Шын мәнінде отандық қаржыландыру сегментінің негізгі бөлігі тұтынушылық кредиттік портфельден құралатындығы ешкімге жасырын емес. Күн өткен сайын Каспий секілді банктердің жеке меншік тұтынуды қаржыландыруы немесе өзге екінші денгейлі банктердің ипотекалық несие секілді инструменттерге мән беретіндігі айқын. Өндіріске қарағанда жеке тұтынуды қаржыландыру жеңіл болғанымен бұл саланың тәуекелдері де мол. Мәселе жүйелік кемшілікте жаңа жұмыс орындарын құрмай тұтыну сегментінің әлеуетін арттыру да қиынға соғады. Ал жаңа жұмыс орындарының пайда болуы үшін қаржы тапшылығы сезіледі. Демек қаржы секторының жауапкершілігін арттырып экономиканың жаңа салалалрын қаржыландыруға жағдай жасау алдымызда тұрған негізгі мақсаттардың біріне айналуы керек.

Үшінші маңызды мәселе, мемлекет тарапынан берілетін тапсырыс көлемі мен мүмкіндіктерінің шектеулі, әрі нақты болмауында жатыр. Соңғы уақытта әсіресе Ресей азаматтарының ағылып келуінің нәтижесінде тұрғын үй бағасы шарықтап кетті. Ресейліктерге пәтер жалдап тұрғызу студенттерге қарағанды тиімдірек. Нәтижесінде бұрын соңды болмаған жатақханаға сұраныс артып келеді.

Бұл үш маңызды мәселенің көрсеткіші. Біріншіден, бұрын пәтер жалдап тұруға мүмкіндігі бар тұлғалар қазір ол мүмкіндігінен қымбатшылықтың кесірінен айрылып отыр. Екіншіден, соңғы он жылда халықтың әл-ауқатында өсім жоқ. Халықтың әл-ауқаты ұлттық валютаға шаққанда өскенімен, долларға шаққанда тенгенің құнсыздануының салдарыннан төмендеп отыр. Бұған доллардың өзінің құнсызданғандығын қоссаңыздар қарапайым арифмектика тұрақты сұраныстың төмендегенін көрсетеді.

Алысқа барудың қажеті жоқ, бұрын отабсы бюджетінің шығыс бөлігінде тұрмыстық қажеттіліктер, соның ішінде электр энергиясы, су, газ шығындары шамамен 10-15 пайыз мөлшерінде болса, бүгінгі күні 25 пайыздан жоғары. Бұл әр отбасы бұрын өзге тұтыну тауарларына, қызметтеріне шектеу қоюға мәжбүр деген сөз. Демек тұтыну мөлшері бұрынғыдан төмендегендігін айқын айтуға болады. Бұл бизнеске, әсіресе орта және шағын кәсіпкерлікке әсер етпей қоймайды. Себебі олар бұрын ай сайын белгілі мөлшерде тауар сатқан болса, тұтынудың жалпы көлемінің төмендеуінің салдарынан сату мөлшері де төмендеп отыр. Нәтижесінде жұмыс орындарының қысқаруы, айлықтардың төмендеуі секілді келеңсіз құбылыстар кең етек жайып келеді.

Әрине соңғы уақытта орталықтан трансферлер көбейіп жергілікті бюджеттерді қолдау саясаты нығайып келеді. Дегенмен бұл қаражаттың біраз бөлігі ұлттық қордан келеді. Ал бұл өз кезегінде өндірістің немесе еңбек тиімділігінің артуының нәтижесінде емес, кезінде табиғи ресурстарға деген сұраныстың жоғары көрсеткішінің нәтижесі. Демек инфляция денгейі өсе береді дегенді білдіреді.

Бұл мәселені ауыздықтау үшін еңбек тиміділігін арттырып, орта және шағын бизнесті қолдау қажет. Үшіншіден, арзан жатақханаларға деген сұранысты қанағаттандыруға бағытталған жоғары оқу орныдарының әлеуеті әр түрлі бюрократиялық шектеулерге тап болуда. Мәселе жоғары оқу орны білім беру ұйымы. Әлеуметтік мәселелерді шешу оның құзіретіне кірмейді. Мемлекет басшысы өзінің кезекті жолдауында жатақхана салу мәселесіне жіті назар аударуды тапсырды. Орынды, мезгілінде жасалған ұсыныс. Бұл ұсынысты жүзеге асырудың ең тиімді әдісі жергілікті әкімшіліктердің Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесе отырып, ал егер мүмкіндік болса өз күштерімен жатақхана салуды қолға алуы керек.

Осылайша маңызды келесідей нәтижелерге қол жеткізуге болады. Біріншіден, бюрократиялық шектеулердің барлығы өз бетімен жойылады. Егер Әкімдіктердің өздері жатқахана салатын болса, рұқсат қағаздар да жылдам беріледі. Екіншіден, жатақхана бағасын реттеу мүмкіндігі пайда болады. Бүгінгі күні Әкімдіктердің әсіресе жеке меншік жоғары оқу орындарына қойып отырған мәселелерінің бірі жатақхана қымбатшылығы. Үшіншіден, Әкімдіктерде әр түрлі келеңсіз жағдайлар орын алған жағдайда, алысқа барудың қажеті жоқ, мысалы Ресейден көшіп келушілердің саны ұлғайған жағдайда әлеуметтік тұрақтылықты қалпына келтіруген арналған бір құрал пайда болады. Төртіншіден, мемлекет құрылыс саласын демеу мүмкіндігіне ие болады.

Бүгінгі күннің өзінде тек Алматы қаласында жатақханамен қамтамасыз етілмеген, бірақ мұқтаждығы бар отыз мыңнан астам студенттер бар. Отыздан, қырық мың студентті қамтамасыз етуге арналған жатақханалар желісін салу қала көлемінде құрылыс көлемінің ұлғаюына ықпал етері сөзсіз. Бесіншіден, мемлекет осы арқылы өзінің әлеуметтік міндеткерліктерін жүзеге асыру арқылы халық алдындағы абыройын өсіріп репутациясын жақсарту мүмкіндігіне ие болады. Бесіншіден, ұзақ мерзімді басқаруға берілер болса, жатақханалар белгілі уақыт мөлшерінде шығындарды қалпына келтіруге мүмкіндік тудырады.

Бұған қарсы айтылатын дәйеке те жетеді. Әрине жатақханада мұқтаждығы бар азаматтар нақты сол қаланың тұрғыны болмауы мүмкін. Жатақханадағы мұқтаждық сырттан келген студентте ғана туындайтындығы айқын. Дегенмен сырттан келген тұрғындардың қарсылық әлеуеті кез-келген қала үшін әлеуеті жоғары қауіп. Егер бұл мәселені түбімен шешпесе, қарсылық әлеуетінің өсе беруі заңдылық. Ал қарсылық әлеуетінің әсіресе қалаға жаңа қоныстанған тұрғындар тарапынан қандай салдарға алып келуі мүмкін екендігінің куәгері болдық емес пе? Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды секілді мегаполистерде жатақхана салу тек әлеуметтік мәселені шешіп қоймайды, жоғары оқу орындарының онсыз да шектеулі қаржылық ресурстарын жатақхана салудан, білім сапасын көтеруге бағыттауына ықпал етері сөзсіз.

Жоғарыда аталған шешімдер кешенді деп айту қиын болар, бірақ мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуы үшін ерекше маңызды шешімдер. Қазақстанда этносаралық, конфессияаралық татулықты сақтау тұрмыстық жағдайдан басталады. Тұрмыс ушыққан сайын шовинизм, әсіреұлтшылдық, діни экстремизм секілді элементтердің белең алуы әлеуметтік заңдылық.

 Жүйелік мәселелерді шешуге жүйелі қадамдар керек. Мемлекет басшысы тиісті тапсырма берді. Енді әліптің артын күтелік. Оңтайлы шешім Еліміздің айқын болашаққа қадам жасауы үшін қажет екендігін ұмытпаған орынды.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар