//

Шыңғыс Ергөбек, саясаттанушы: Әлем дамуының барометрі болған орта тап әлсірей бастады. Неге?

2148 рет қаралды

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуы үлкен екі қоғамдық құрылыстың бәсекесіне жол ашты. Біреуі – коммунистік жүйе болса, екіншісі нарықтық тетіктерге сүйенген буржуазиялық демократиялық жүйе.

Коммунистік жүйе Еуропа елдерінің көпшілігінде, әсіресе екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін өте ықпалды күшке ие болды. Бұл Еуропа мен дамыған елдерде жұмысшылардың өз құқықтарын қорғау қозғалысы мен орта таптың нығаюына негіз болды.

Коммунистік жүйе альтернативті идеология ретінде ұзақ уақыт тартымдылығымен ерекшеленді. Жүйелік төнкерістен қорыққан батыс елдерінің басшылығы көп жағдайда мемлекеттік шығындарды көбейту арқылы, тұтынуды биік ұстап тұруға мүдделілігін жасырмады. Нәтижесінде Батыс елдерінде халықтың әл ауқаты жылдам өсті. Алайда уақыт өте келе Прага көктемінен кейін коммунизм өзінің романтикалық келбетінен айрылған болса, ХХ ғасырдың аяғында Кеңестер одағының ыдырауымен ғұмырын аяқтады деуге толық негіз бар.

Коммунистік жүйенің тоталитарлық көрінісі аяқ асты болып жеңіліске ұшыраған тұста, бүкіл адамзат жаңа дәуірдің басталғандығына қуанды. Бірақ ол өзгерістер адамзат ойлағандай болмай шықты.

Біріншіден, коммунистік бәсекелестіктен айрылған Батыс елдерінің орта және жұмысшы табына қолдау көрсету мақсатында материалдық мемлекеттік шығындарды өсіруге деген мұқтаждығы төмендеді. Бұрынғы Кеңестер одағының елесі бәсекелестігінен айрылған нарықтық қоғам шығындарды қысқартып, әлеуметтік шығындарды төмендетті, экономикалық тиімділікке арқа сүйеді. Кең көлемді орта және бай жұмысшы табына деген сұраныс күрт төмендеді. Алысқа барудың қажеті жоқ бүгінгі күннің өзінде дамыған Еуропалық одақтың Греция, Португалия, Испания секілді мүшелері қаржылық дағдарысты бастан өткергендігінің куәсі болдық. Бұл дағдарыстан шығудың жолы ретінде ұсынылған жалғыз әдіс мемлекеттік шығындарды қысқарту арқылы халықтың кірісін төмендету, яғни жұмысшы күшін арзандату болды. Экономикалық дағдарыстан титықтаған елдер бұған бірауыздан келісті.

Екіншіден, капиталистік жүйеде орын алып отырған жүйелік дағдарыс. Бүгінгі күні капиталистік жүйенің өзі терең дағдарысты бастан кешіріп отыр. Капитализм табиғатының өзгеруі бірінші кезекте оның әлеуметтік табиғатына әсерімен ерекшеленеді. Қоғам өзінің тұтынуында бұрынғыдай тек тауар сапасына ғана емес, өндірушінің іскерлік беделіне, ESG стандарттарын сақтауына назар аударады. ESG экономиканың әлеуметтік маңызы бар тетіктерін айқындайтын кәсіпкерліктің үш белгісіне назар аударады. Олар: экологиялық (environmental), әлеуметтік (social) және үкіметтік (governmental). Осы үш қасиет кәсіпорындарға қойылатын талаптарды да, олардың тұтынушыларға деген жауапкершілігін де анықтайды.

Үшіншіден, нарықтық экономиканың тиімді жұмыс істеуі үшін бұрынғыдай мемлекеттік, аймақтық мамандануға қарағанда ғаламдық мамандану басым. Яғни жаһандық нарықта әр мемлекеттің өз орны бар. Ол орын ондаған жылдарға созылған экономикалық саясаттың нәтижесінде қалыптасқандығы сөзсіз. Сондықтан да болар айталық ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап дамыған елдер экономикасында қызмет көрсету секторы дамығандығын аңғару қиын емес. Есесіне ауыр өндірістің негізгі дені үшінші әлем елдеріне жіберілді.

Бұл үдеріс әрі қарай да жалғасын табуда. Әлемнің жетекші корпорациялары бүгінгі күні өндірістің негізгі бөлігін дамушы елдерге аударуда. Бұл да нарықтың ғаламдық сипатына ықпал етті. Демек белгілі дәрежеде жергілікті жұмысшы күшінің арзандауы мен жұмыссыздықтың белең алуына жол ашты. Бұл әсіресе тэтчеризмнен басталған, рейгономикамен жалғасқан экономикаға мемлекеттің ықпалын азайту саясатына тән құбылыс.

ХХ ғасырдың ортасына дейін мемелекеттік дотация есебінен өмір сүрген экономика секторларының барлығы жабылып, орнына жаңа экономика құрылды. Халықтың негізгі деніне бұл процесс күрделі әсер етті. Бір топтар жаңа экономика есебінен байыса екінші топтар дәстүрлі экономикалық салалардың әлсіреуінен зиян көрді. Ол кездері бұл трансформация әлі де халықпен санаса отырып жасалған әрекет болатын. Дәл бүгінгі күні ондай қажеттілік жоқ.

Төртіншіден, орта таптың әлеуметтік ролі мен белсенділігі, ал ең бастысы әлеуметтік табиғаты өзгерді. Соңғы онжылдықтардың негізгі ерекшеліктерінің бірі ірі капиталдың мүмкіндіктерінің кеңеюі. Капитал әрекетіне енгізілген шектеулердің біртіндеп алынып тастауының нәтижесінде ірі капитал көп елдерде әсіресе дамыған экономикаларда басымдыққа ие болуда. Ірі корпоративті сектормен бәсекелестікте жеңіліп отырған орта және шағын бизнестің өз табиғаты өзгеріп қана қойған жоқ, орта тап өкілдерінің әлеуметтік табиғатын трансформацияға түсірді. Яғни, ірі корпорациялармен бәсекеге түсе алмаған орта кәсіпкерлік, тәуелсіз қасиетінен айрылып не жабылып қалды, не корпорациялардың мердігерлеріне айналды. Отбасылық компаниялар біртіндеп орынды корпоративті алпауыттарға беруде. Демек орта және шағын бизнес өз дербестігінен, белсенділігінен біртіндеп айрылу үстінде деген сөз. Екінші үдеріс орта тап өкілдері бұрын дербес бизнес өкілдері болса, бүгінгі күні ірі корпорацияларда жұмыс істейтін орта денгейдегі басқарушылар категориясына өтті. Демек ірі капиталды қорғау оған қызмет ету орта таптың негізгі функциясына айналуда. Әлеуметтік тұрғыдан орта тап өзіндік мүддесі бар белсенді таптан біртіндеп, ірі капиталға қызмет етуші сегментке айналуда.

Төртіншіден, нарықтың жаһандануы ерекше бәсекелестік тудыруда. Компаниялардың бәсекеге қабілеттігі оның капитал жинау қабілетімен байланысты. Демек ірі өндірушілердің өздері мүмкіндігінше шығындарын азайтуға мүдделі. Бұл өндірісті дамыған елдерден дамушы елдерге көшіру, жұмысшылардың санын қысқарту, әлеуметтік жобалардың санын қысқартуға бағытталған әрекеттерге алып келеді. Демек орта тапқа бағытталған тағы да бір соққы.

Бесіншіден, мемлекеттік шығындардың төмендеуі, орта тапқа қосымша әлеуметтік салмақ қосу арқылы жүзеге асырылады. Біріншіден, әлемдегі ең ірі салық төлеуші орта тап.

Екіншіден, мемлекет шығындардың орнын толтыру үшін не салық көбейтеді, немесе әлеуметтік шығындарды жеке тұлғаларға салады. Мысалы, тегін медицинаның орнын сақтандыру медицинасы ауыстырды десек, сақтандыру төлемдері нақты сол орта таптың қалтасынан алынады.

Мұның тысында әлемдік денгейде байқалып отырған үлкен мәселелердің бірі баға қымбаттауына қарамастан, өмір денгейінің жеткілікті дәрежеде өспеуі. Бұл капиталистік экономиканың жүйелік кемшіліктерінің бірі. Мысалы АҚШ-та соңғы он жылда орташа жалақы қарқынды өскенімен, халықтың 85 пайызының жалақысы өзгерусіз қалды. Халықтың шамамен 1 пайызының табысы еселеп өссе, 10 пайызға тарта халық сол «пайыз байларға қызмет көрсетудің есебінен өз жағдайларын жақсартқан. Бұл әсіресе жаңа технологиялар секторында кең қанат жайып жатқан тенденция. Мемлекет пандемия уақытында тіпті халықтың қолына ақша таратса да, қаржының негізгі көзі сол «пайызға қайта шоғырлануда. Бұл жақын арада орта таптың алдында кезекті үлкен мәселе тұрғандығының көрсеткіші.

Алтыншыдан, Ресей Украин жанжалының нәтижесінде әсіресе дамыған Батыс Еуропа елдерінде энергетикалық ресурстар мәселесі жаңа биікке көтерілді. Бұл экономикалық өсімді тежейтін факторлардың бірі. Оның үстіне отбасы шығындарының өсуіне алып келеді. Демек Еуропа қауымдастығында өмір денгейі төмендей береді деген сөз.

Ал Еуропалық одақтағы өмір денгейінің төмендеуі Еуропалық одақтың дәстүрлі серіктестерінің тауар сату мүмкіндіктеріне ықпал етеді. Тиісінше әлемнің бір аймағындағы дағдарыс, кешенді ғаламдық дағдарысқа алып келеді. Бұған АҚШ экономикасындағы түсініксіз құбылыстарды қоссаңыз, әлемдік экономикадағы стагнация біріншіден, орта таптың азаюына, екіншіден, орта және шағын бизнестің әлсіреуіне алып келетіндігін түсіну қиын болмас.

Қысқа қайырғанда біз жаңа дәуірде әлемдік денгейде орта таптың азаюының, ықпалының төмендеуінің, саяси белсенділігінің әлсіреуінің куәсі боламыз. Демек Қазақстан үшін алда тұрған маңызды мақсат осы мәселелерді мүмкіндігінше тежеп, орта таптың көлемін, әрі күшін сақтап қалу.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар