Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі соңғы уақытта қоғам арасында үлкен алаңдау туғызып жүр. Билік азаматтық қоғаммен бірлесіп, оның алдын алу мен болдырмау мәселесіне баса мән беріп келеді. Дегенмен, алаңдатарлық мәселе де жоқ емес.
Атап айтқанда, соңғы бес жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы қылмыстар статистикасы екі еседен астам өсті. 2021 жылы Қазақстан бойынша 102 пультіне тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 114 мың қоңырау келіп түсті, полиция тұрғысынан зорлық-зомбылықтан қорғау мақсатында 81,6 мың қорғау нұсқамасы берілген. Бұл туралы Zertteu Research Institute жүргізген зерттеу нәтижелерінен мәлім болды.
Жалпы, қазіргі таңда елімізде “Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы” заңы бар. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары үшін арнаулы әлеуметтік қызмет стандарттары бар, сондай-ақ балалары бар зардап шеккен әйелдерге оңалту қызметтерін көрсететін және оларды қоғамда әлеуметтендіретін дағдарыс орталықтарының желісі дамыған.
Мәжіліс депутаты, Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық – демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Рамазанованың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық Қазақстан қоғамындағы ғана емес, бүкіл әлемдегі маңызды мәселелердің бірі.
«Әйелге болсын, балаға болсын залалы бар оқиғалардан жан түршігеді, қоғам сілкінеді. Сонымен қатар мұндай оқиғалардың ар жағында көптеген проблемалардың тізбегі бар. Осындай тұрмыстық жанжалдар барысында ең аз дегенде 3 бала куәгер болады екен. Бұл ол баланың болашағына орасан зиян келтіретін фактор. Өйткені, бұл балалар келешекте өз отбасын құруда түрлі қорқыныштар және комплекстермен бетпе-бет келеді. Мұндай келеңсіз жағдай балалардың болашағына кері әсер етеді. Олар құндылықтарды дұрыс таңдауда кемшіліктер жібереді»,-дейді Ләззат Рамазанова.
Ал, Zertteu Research Institute деректері бойынша Тұрмыстық зорлық-зомбылық куәгерлерінің 61% балалар. Бірақ, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін құжаттау кезінде балаларды, зорлық-зомбылық куәгері ретінде статистика қалыптастыру көзделмеген.
Қазақстандағы Фридирих Эберт атындағы қордың аймақтық директоры Кристоф Мордың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық барысында көбінесе әйелдер зардап шегеді. «Психологиялық болсын, физиологиялық болсын зорлық-зомбылық ол әйелдің тұлға ретінде қалыптасуына, қоғамның экономикалық, интеллектуалды тұрғыда дамуына атсалысуына деген потенциялына орасан-зор нұқсан келтіреді. Қандай талантты жан болсын, өзге адамның тарапынан жасалған қысым оның адам ретінде өз-өзінің бағасын, мүмкіндігін жоғалтуына алып келеді», дейді Фридрих Эберт қорының өкілі. Сондықтан, Кристов Мор тұрмыстық зорлық-зомбылық жекелеген адамның немесе соған ұшырайтын адамдардың проблемасы ғана емес, бүкіл қоғамның проблемасы деп санайды.
Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық -демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Рамазанова бүгінгі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі көтерілген кезде оған қарсы шығып, отбасының жеке ісіне қол сұқты, ұлттық тәрбиеге қарама-қайшы келіп жатыр деген айыптаулар қатар айтылып жататынына да мән берді. Дегенмен, «біздің ұлттық құндылық, ұлттық тәрбиеміз адамзаттық, адами құндылықтарға қарама-қайшы емес қой. Біздің көтеріп отырған мәселеміздің өзі адами құндылықтарды ұлықтау емес пе», дейді Ләззат Рамазанова. Оның пікірінше, керісінше тіпті осы тұрмыстық зорлық-зомбылық ұлттық отбасы құндылықтарымызға кеселін тигізіп жатыр, тіпті балта шауып жатыр.
Ләззат Рамазанованың дерегінше қазіргі таңда Мәжілісте «Отбасы институтын нығайту» туралы заң жобасы қаралып жатыр. Осы заң аясында да тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары қаралатын болады. Сонымен қатар, елімізде агрессорлардың мінез-құлқын өзгерту жөніндегі арнайы бағдарламаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудың бір бөлігі ретінде қарастыру мақсатында да шаралар қолға алынуда. Осы бағытта Фридрих Эберт қорының Қазақстандағы өкілдігімен бірлесіп, шетелдік сарапшылармен бірге нұсқаулық әзірлеу жобасы жасалынатын болады.
Айта кету керек, Қазақстан бойынша орташа есеппен 1000 тұрғынға шаққандағы тұрмыстық жанжал жөніндегі алты өтінішке полицияға әкімшілік жауапкершілікке тартудың екі фактісі ғана тіркелген. Мемлекет тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге тек 765 миллион теңге бөлінеді, ол тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреске жұмсалған барлық шығындардың 17% құрайды.
Бұл мәселе Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасына енген маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтеміз
Парақшамызға жазылыңыз