////

Жолдас Өрісбай, жарияланбаған сұхбат: Қазақстанда нарықтың еркін экономикалық негізде дамымай жатқандығы сөз бостандығын тежеуде

2888 рет қаралды
P.S. Суретте әйгілі Чикаго Трибюн газетін сатып алған сәт.
Америкада Мичиган мемлекеттік университетінің Журналистика мамандығының магистратурасын бітірген медиа маман Жолдас Өрісбай үнемі өз ойын фейсбук желісінде бөлісіп отырады. Заманауи медиа, Қазақстандағы медиа ахуал және медиа стандарттар туралы қызықты ой айтатын Жолдас Өрісбай бұл жолы жарияланбаған сұхбатын фейсбукке жариялапты. Сұхбатты әлдебір отандық басылым журналисі жасаған. Алайда ішкі цензурадан өтпегендіктен жарияланбаған. Біз автордың келісімімен осы сұхбатты “Мінбер” оқырмандарымен бөлісуді жөн көрдік. 
– Бізде билікті сынап жазған, халықтың мұңын жеткізген журналистерді қоғам “оппозиция” өкілі немесе сол бағыттағы адам деп санайды. Шындығында, шындықты жеткізген журналистің бәрі оппозиция өкілі ме немесе солай болуы заңдылық па?
– 1798 жылы АҚШ-тың екінші президенті Джон Адамс үндеуімен Конгресс (АҚШ заң шығарушы органы) депутаттары АҚШ үкіметін сынаушы кез келген адамды қылмыстық сотқа тарту туралы заң бекітеді. Бұл автократияға апарар жол болатын және Конституцияда бекітілген сөз бостандығына қарсы шешім еді. Кейіннен Адамстың қарсыласы болған Томас Джефферсон мен Джеймс Мэдисон ықпалымен Вирджиния және Кентукки штаттарының соты бұл шешімді “Конституцияға қарсы” деп, келіспейтіндері жайлы резолюция жариялады. Сөйтіп, Джон Адамстың журналистерді оппозиционерге теңеп, абақтыға қамау әрекеті сәтсіз аяқталды.
Мұндай блейм-шифтинг бүгінгі авторитар режимдердің барлығында қолданылады. Демократия орнаған елдерде журналист атқарушы билікті нақты олқылықтары үшін сынаса, үкімет сынды тікелей қабылдап, жіберілген қателікті реттеуге әрекет жасайды. Үнемі түсіндіру амалдарын жасайды. Ал бізде автократиялық билік сын көтере алмай, қарсы шабуыл жасайды, яғни журналистердің бұл мәселені көтеруіне не түрткі болғанын анықтауға кіріседі. Зерттеуді бұрмалап, қоғамдық пікірді журналист мотивіне бұруға тырысады. Сөйтіп, журналист өз міндетін атқарғаны үшін халық арасында үкіметке қарсы күш өкілі, яғни “оппозиционер” ретінде таныла түседі. Нақтырақ, журналисті оппозиционерге теңеу атқарушы биліктің айыптау нарративінен туындап отыр.
Мысалы, қазақстандықтар Азаттық радиосы қазақ қызметін журналистік ұйым емес, оппозиция өкілі деп таниды. Себебі атқарушы билік олардың сынын көтере алмай, үнемі блейм-шифтинг әрекетіне барып отырады. Мысалы, Мәжілістің бұрынғы депутаты Бекболат Тілеухан тарапынан Азаттық тілшілерінің ел ішіндегі мәселелерді көтеріп, атқарушы билікті сынағаны үшін “ел бұзар” атанғанын айтсақ болады. Этика стандартын сақтап, кәсіби қызмет ететін журналист ешқашан биліктегі азаматтарды ысырып, орнына баруды мақсат етпейді. Сондықтан оларды “оппозиция өкілі” дей алмаймыз. Журналист биліктің бөлінген үш тармағының қоғамдық қызметті дұрыс атқарып, өз шешімдеріне жауапкершілік алуын қадағалайды. Сол себепті де, журналистер төртінші билік саналады.
Айта кетсек, күні кеше швейцариялық Public Eye журналистік ұйымы Президент Тоқаев, оның ұлы және немере інісінің астыртын бизнесі болғаны жайлы ақпарат таратты. Швейцариялық әріптестер қолына Тоқаев пен оның ұлы Тимур арасындағы имейлдер топтамасы түскен. Олардың еш өзгертілмегеніне көз жеткізгеннен кейін, имейлдер контентіне анализ жасау арқылы 2010 жылдары Тоқаевтың мұнай және металл өндіру саласында “астыртын бизнесі” болған деген қорытындыға келген. Бұл зерттеуді швейцариялық басылымға сілтей отырып, тек Азаттық редакциясы жазды. Басқы ешкім жазған жоқ. Әлеуметтік желілер мен Телеграм мессенджеріндегі кейбір ресурстар бұл ақпарат медиа шабуыл екенін алға тартып, халықты сенбеуге шақырды. Бұл жоғарыда айтқан блейм-шифтингнің бір көрінісі. Тоқаевты ақтамай, оны жазғандарды жамандап жатқандар не про-үкіметтік ресурстар, не президенттің ашық қолдаушылары болуы мүмкін. Бірақ дәл осы зерттеуді медиа шабуыл деп атау – нағыз манипуляция. Тоқаев әкімшілігі жария болған деректерге қатысты нақты дәлел не дәйектермен өзін ақтаудың орнына, қарсы жақты жамандап, Public Eye сайтын блоктап отыр. Бұл зерттеу “медиа шабуыл”, яғни сайлау алдында Тоқаев абыройына нұқсан келтіру мақсатында әдейі жасалған қадам болғанның өзінде, қоғамның назары манипуляцияда емес, жарияланған ақпараттың өзінде болуы тиіс еді. Public Eye нақты дәлелдер арқылы Тоқаевтың қоғамдық қызметте бола тұра, өзін және туыстарын байытуға әрекет еткенін мәлімдеп отыр. Қоғамдық пікір осы мәселе төңірегінде қалыптасуы тиіс еді. Сонда журналистерді оппозицияға теңеуді қояр ма едік?!
– Қазақстандағы БАҚ саласында жұмыс істейтін журналистердің жағдай мәз емес, жалақылары аз, цензураға көп ұрынады деп айтады. АҚШ-та жүріп, сырттай бақылаушы ретінде бұған қандай ой айтар едің?
– Журналистердің табысы АҚШ-та да салыстырмалы төмен. Мұхиттың арғы жағында журналистиканың “алтын ғасыры” 1950-60-жылдары болды. Ол кезде журналистердің басым бөлігі газеттерде еңбек етті. Ал кейінгі жылдары телеарналар үлкейіп, медиадағы жарнамадан түсетін табыстың басым бөлігі үлкен телеконгломераттарға ауды. Сосын интернеттің келуі жаппай газет табысы мен сатылымының күрт төмендеуіне алып келді. Сәйкесінше көптеген басылымдар жабылды және нарықта сұраныс азайып кетті. Бұл жалақының төмендеуіне алып келіп отыр.
Ал интернеттегі жарнама бизнесі медиа нарықтан IT алыптарына ауып кетті. Мысалы, АҚШ жарнама нарығынан түсетін табыстың 64 пайызын Google (27%), Facebook (24%) және Amazon (13%) компаниялары игеріп отыр. Бұл да америкалық журналистердің табысының төмендеуіне жеткізіп отыр. Мысалы, өткен жылдың есебі бойынша, АҚШ-та журналистің орташа жалақысы жылына $49 151 құрайды екен. Ал тәжірибесіз маманның жылдық табысы $35 400-ден басталады. Сосын АҚШ-тағы орташа жылдық жалақы $56 300 екенін ескерсек, журналистердің табысы орташадан төмен болып отыр. Бұл көрсеткіш біз үшін үлкен болып көрінуі мүмкін. Расында АҚШ-тағы лайфстайлға бұл салыстырмалы аздық етеді. Ал отбасыңыз болса, бұл жалақымен күн көру тіптен қиын.
Қазақстанда журналистер нарықтың еркін экономиикалық негізде дамымай жатқандығынан да салыстырмалы аз алып отыр. Егер атқарушы билік медиа нарықты мемлекеттік сатып алу сынды инструментттермен про-үкіметтік ресурстарға толтырмағанда, бәсекелестікке қабылетті кәсіби медиа басылымдар көбейер еді. Сәйкесінше, бәсекелестікке талпынған медиа ресурстар талапты әрі потенциалы жоғары журналистердің көбеюіне үлес қосар еді. Нарықтағы негізгі ойыншылардың басым бөлігі мемлекеттік сатып алу арқылы про-үкіметтік контент дайындауға міндеттеліп жатқандықтан, оларға кәсіби этиканы сақтайтын емес, лоялды псевдо-журналистер көбірек қажет болары анық. Бұл журналистер арасында этика стандарттарының дамымай қалуына да алып келіп отыр.
Алан Пакуланың “Уотергейт” фильмінде мынандай бір эпизод бар: бухгалтерден алған жауаптарын әр қағазға, салфеткаға жазып алады да, әріптесінің алдына әкеліп “міне, ақпарат” деп әр қалтасында мыжылғандарын алып шығып, тастай салады. Соны дереккөз ретінде пайдаланып жазады. Қазір қағазға жазып алмақ түгілі, аудио не видеоның өзін “мен емеспін”, “қолдан жасаған” деп жалтарып жатады (әсіресе бізде). Бұл елдегі журналистиканың әлсірегені ме? Шетелдегі журналистердің құқығы қалай сақталған? Бізде ше?
Әрине, ол заманда америкалықтардың журналистерге сенімі қазіргі уақытқа қарағанда әлдеқайда жоғары еді. Мысалы, Gallup зерттеуінше, 1970-жылдары америкалықтардың 72 пайызы медиаға сенетіндерін білдірген болса, қазір бұл көрсеткіш 32 пайызға құлаған. Оған технологияның дамуы, әлеуметтік желілердің әрбір индивидумға бағытталған алгоритмі және қоғамның саяси көзқарасы бойынша биполярлануы негіз болып отыр.
Нақтырақ айтқанда, бүгінгі америкалық медиа нарық өкілдерінің саяси партизандық көзқарасы күшейіп кетті. Уотергейт шуы болған кезде, журналистерге сенім жоғары еді. Сосын олардың этикалық стандарттарын да ешкім сұраққа алмайтын. Себебі олардың зерттеулерінде саяси партизандық бұрмалау төмен еді. Ал бүгінгі жоғары партизандық заманда әрі технология мүмкіндіктерінен дизинформация мен дипфейк өріс алғандықтан, салфеткаға жазылған деректі мақалаға негіз болатын ресурс ретінде пайдалану мүмкін емес. Аудио не видео дәлелдерді де жоққа шығару дипфейктердің танымал болуынан туып отыр. Инновациялық прогресс журналистің жұмысын бір жағынан жеңілдетіп, екінші жағынан қиындатып отыр. Ал медиа нарығындағы қаржы тапшылығы жағдайды одан әрі қиындата түсті. Сондықтан журналистерге деген сенім соңғы жылдары айтарлықтай төмендеп кетті.
Журналистердің құқығына келсек, ол АҚШ сынды елдерде жақсы қорғалған. Себебі онда атқарушы билік біздегідей сот билігіне өз дегенін өткізе алмайды. Мысалы, The New York Times vs. The United States кейсін алып қарайық. 1971 жылы Таймс редакциясына АҚШ үкіметінің Вьетнамдағы америкалықтарға құпия әскери әрекеттері туралы дерек келіп түседі. Редакция “бұл деректі америкалықтар білуі тиіс” деп, жариялауды шешеді. Сосын сол кездегі АҚШ президенті Ричард Никсон әкімшілігі “ұлттық қауіпсіздікке қатысты деректерді қорғау мақсатында Таймсты сотқа береді. Негізгі сұрақ былай қойылды: Никсон әкімшілігінің “құпия құжат” санатына жататын деректердің жарияланбауын талап етуі сөз бостандығын шектей ме? Кейсті қараған Жоғарғы соттың 9 мүшесінің 6-ауы жоғарыдағы сұраққа “иә” деп жауап берді. Осыған ұқсас New York Times Co. v. Sullivan (1964), Branzburg v. Hayes (1971), Nebraska Press Association v. Stuart (1976) тағы сол сияқты бірқатар кейстер сөз бостандығын қорғаған журналистердің жеңісімен аяқталған. Осы тәрізді сөз бостандығын құптайтын шешімдер тек атқарушы билік пен сот жүйесінің бірінен-бірі тәуелсіз болатын елде ғана мүмкін екендігі белгілі. Ал біздің елдегі суперпрезиденттік жүйеде АҚШ-тағыдай шешімдер болуы екіталай.
– Қазақстан нарығын сырттай бақылау басқа, іштегі жүйені көру басқа екенін белгілі. Іште жүріп жергілікті медиаға анализ жасап та жатқан боларсың. Не байқадың?
– АҚШ-та оқып жүріп те, қазақ медиа нарығын үнемі оқып жүрдім. Өкінішке орай, біздің нарықта медиа ресурстардың басым бөлігі репортинг мен едиториалды бөлек қарастырмайды. Журналистер нақты дәлелге сүйенбей, жеке пікірін қоса кетуге әбден үйреніп қалған. Әлі сот шешімі аяқталмаса да, күдіктіні айыпты етіп көрсету де басым.
Қазақстанда журналистер өзінің “үкіметке бақылау жасау” (watchdog journalism) дейтін негізгі міндетінен алыстап кеткен. Оған Тоқаевтың “астыртын бизнесі” туралы кейсті мысал ретінде келтірсек болады. Швейцариялық журналистердің зерттеуін елде Азаттықтан басқа ешкім жазбады. Ешкім ол зерттеуді жалғастырып, Тоқаев әкімшілігінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді талап етіп отырған жоқ. Осының өзі Қазақстан медиа нарығында тәуелсіз медиа ресурстардың жоқ екендігін білдіреді.
– Жалпы ХХІ ғасырдағы журналистің портреті қандай? Кім ол?
Журналистің портреті өзгермейді. Оның қолындағы құралдар ауысуы мүмкін. Мысалы, XXI ғасырдағы журналист ең көп сұранысқа ие тілдерді білуі тиіс. Әсіресе, ағылшын тілін жетік білгені абзал. Бұл ресурстарға фактчек жасауда үлкен рөл ойнайды. Сосын аздап болса да бағдарламалау тілін білуі де міндетті. Себебі бүгінгі технологиясы секунд сайын дамып жатқан ғаламда датасеттерге талдау жасайтын журналистер қажет. Ал журналистердің принциптері мен міндеттері әрі этика стандарттары өзгерген жоқ. Сол қоғамға қызмет статусынан аумай, еңбек ете беру керек.
– Этика туралы көп айтамыз. Біздегі журналистер өздерінің саласына қатысты этиканы, норманы толық орындап жүр ме?
– Жалпы тұрғыдан алсақ этика тұрғысынан айтарлықтай жоғары көрсеткіште тұрған ел жоқ. Әр елде этиканы бұзатын журналистер баршылық. Бірақ қазақ медиа нарығының мамандары этика шкаласының төмен жағында тұр. Сондықтан этика стандарттарын толық орындау туралы әлі айтпасақ та болады. Себебі бізде этика стандарттарын журналистерге үдемелі үйрететін ресурстардың өзі аз. Одан қалса, нарықтың үкімет цензурасына тәуелді болуы да, журналист этикасының кеңінен таралуына кедергі келтіріп отыр. Себебі журналистің зерттеу аясын шектеу, оның контентінен сыни пікірлерді алып тастау бәрі этика шеңберінен тыста жатқан әрекеттер.
– Болашақ журналистиканы таңдайтын, енді өсіп келе жатқан жаңа ұрпаққа қандай кеңес айтар едің және бірнеше кітаптың, фильмдердің атын атап өтсең.
– Бірінші, ағылшын тілін үйрену керек. Жоғарыда айтқанымдай, бұл кез келген дерекке фактчек жасауға көмектеседі. Сосын ағылшын тіліндегі ресурстар кез келген журналистің өз талаптарын асырып, тәжірибесін арттыруға септігін тигізеді. Одан қалса, ағылшын тілін білу орыс пропагандасының шеңберінен шығуға мүмкіндік береді. Журналист болуға талаптанған азамат бар өмірін ақпарат іздеп, оны талдап, сосын креативті нарративпен таратуды үйренуге жұмсауға дайын болуы тиіс. Мұндай лайфстайл қоғамдағы әділетсіздікке қарсы тұрып, сөз бостандығын қорғауға және өзге әріптестерінің еңбектеріне қатысты түрлі кейстерді үйреніп, одан сабақ алуға көмектеседі. Ал ол жас маманның кәсіби принциптерінің қалыптасуына негіз болады.
Журналист оқуға тиіс кітап көп. Мысалы, Уолтер Липпманның “Қоғамдық пікір” (Public Opinion) және Билл Ковак және Том Розенштильдің “Журналистика элементтері” (The Elements of Journalism) еңбектерін оқуға кеңес беремін. Ал фильмдерге келсек, әрбір журналист Citizen Kane, The Insider, All the President’s Men, State of Play, The Paper, Spotlight, Shattered Glass, The Post атты кинокартиналарды көруі тиіс деп білемін.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар