100 мың теңгеге күн көріп жүрген жалғыз басты ана Алуа Асқар қалай кәсіп бастап, миллионер атанды? Бүгінде шоколадты құлпынай кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкер өз тәжірибесін бөлісті
– Қайырлы күн, Алуа ханым! Шоколадты құлпынайды кәсіпке айналдыpу идеясы қайдан келді?
– Қайырлы күн! Ютубтан Мәскеуде бір жігіттің өз командасымен шоколадты құлпынайды жасап жатқанын көріп қалдым. Ол кезде Қазақстанда шоколадты құлпынай әлі дамымаған еді. Кептірілген жемістерден букет, бокс жасап жатқандарды көрдім. Бірақ, дәл осы құлпынайдан жасаған жандарды кездестірмедім. Неге осы Қазақстанға әкелмеске деген ой туды. Бірден Ресейлік кәсіпкердің сабағына қатысып, жасалу техникасын үйрендім. 2020 жылы алған білімімді практикаға айналдырып, тәуекелдеп кәсібімді бастап кеттім.
Алып кете аламын ба, бұл заттарым өте ме, өтпей ме деген қорқыныштар болды. Аллаға шүкір, бағыма қарай кәсібім бірден жүре бастады. Мен ашқан жылдары құлпынайдан жасалған букетті көпшілік білмейтін. Тапсырыс беруге сәл күмәнданатын. Бұл керемет сыйлық, гүл сыйласаңыз – 2 күннен кейін солып қалады. Құлпынайлы букеттің біріншіден дәмін татасыздар. Екіншіден, гүлден бағасы арзанырақ деп көп тұтынушыларымды көндіргенім есімде.
– Біраз уақыт болды қыз-келіншектерге осы кәсіп түрінен мастер-класс өтіп жүрсіз. Бұған не себеп болды? Шоколадты құлпынай кәсібімен айналысатын адамдардың көбеюі, табысыңыздың азаюына әкелген жоқ па?
– Осы саламен айналыса бастағанда қыздар көп жазды. «Бізге де үйретіңізші. Мен де жасағым келеді,» – деп жарты жылдай қолқа салды. Әрине, бірден бастап кеткен жоқпын. Мәскеуден тек жасалу техникасын оқығандықтан, сабақты өткізу жағынан хабарым болған жоқ. Қандай әдіспен оқытсам екен деп жолдарын қарастырып, онлайн және офлайн форматта оқытуды жөн көрдім. Менде 1000-ға жуық қыз-келіншектер оқыды. Оның ішінде ер адамдар да, қарт кісілер де, 12-13 жасар балалар да бар. Еліміздегі түрлі қалалардан, ауыл – аймақтардан қатысты. Оқытқан оқушыларыма келетін болсақ, мен бәсекелестерімді оқытып жатырмын деп айта алмаймын. Бұл кәсіп түрі шығармашылықты талап етеді. Менің идеям басқа. Оқытқан оқушыларымның идеясы басқа. Демек 1000 түрлі идеямен бұл кәсіп түрі жүріп жатыр деген сөз. Бірі шоколадты неше түрлі мүсіндерге құйып сатса, бірі қасына басқа жемістерді қосып байқап көріп жатыр. Оларда да тапсырыс бар, менде де тапсырыс бар. Әр адамның өзінің берекесі бар деген осы ғой.
Мен бұл салаға келместен бұрын көп зерттедім. Мысалы, Қазақстандағы фудфлористерді бақыладым. Бірінің клиентке деген қарым-қатынасы ұнамаса, бірінің жасаған букеттерінен әттеген-айларды көрдім. Өзгеден көрген минустарын өзімде қайталамайтын болдым. Қыздарға да айтарым бәсекелестіктен қорықпаңыз. Жұмыс сапаңызды жақсартып, кәсібіңізді махаббатпен, құлшыныспен жасаған сайын жаңа идеялар туындап, табысыңыз да арта түспек.
– Шоколадты құлпынай кәсібі арқылы қаржылай тәуелсіздікке жете алдыңыз ба?
– Кәсіппен айналыспай тұрғанда 100 мың теңгелік айлыққа жұмыс істедім. Күндіз бір жұмыстан шығып, түнде басқа жұмысқа барып, жаныңды салып жұмыс істеген күннің өзінде 200 мың теңгеге жетер жетпес айлық алатынмын. Бірақ, бұл табысым мен секілді жалғыз басты ана үшін мүлдем жетпейтін. Айлығымның жартысынан көбі кредит төлеуге кетті. Еркін жүріп тұра алмадым, қалаған нәрсемді ала алмадым, қалаған жеріме бара алмадым. Тек инстаграмнан басқа біреудің ғажап өмірін көріп қызығып жүрдім.
Өз өмірімнің иесі өзім ғой, неге өзім қалағандай өмірді сүрмеймін деген сауалдар ішімді жегідей жеді. Байлыққа жету үшін әр нәрсемен айналыстым, “сетевой маркетингке” де кірдім, табыс бар ғой деген салаларды байқап көрдім. Жұмыс жасап жатқан жерімде өсуге тырыстым, берілген тапсырманы мінсіз жасасам да маңдайға жазылып қойған 100 мың теңгеден артық бермеді. Тіпті, кредитті кредитпен жабатын күнге жеттім. Осылайша қарыздарым көбейіп кетті.
Бір күні балам қатты ауырып қалды. Ауруханаға апардым, маған бір парақ дәрілердің тізімін жазып берді. Ол дәрілер 20 мың теңгеден асып кетті. Жұмыстан аванс сұрадым бермеді. Сосын мәжбүрлі түрде бұрынғы күйеуімнен ақша сұрап алдым. Бірақ, одан егер балаларды асырай алмасаң өткізетін жерлерге өткізсеңші деген сөзді естідім. Бұл сөз мен үшін үлкен қамшы болып тиді. Ішімдегі толғаныстарым, ойларым бұл сөзді естігеннен кейін бомба болып сыртқа шықты. Ешкімге күнімді қаратпаймын деген үлкен талпыныспен жеке кәсіппен айналысып кеттім.
Қазіргі өміріме келер болсақ Аллаға шүкір қаржылай тәуелсізбін. Бір Аллаға ғана тәуелдімін. Ешкімге алақан жайып отырған жоқпын. Бұл кәсіпті бастаған соң өмірім 180 градусқа өзгерген. Материалдық жағдайыммен қоса, өмірге, қоғамға, адамдарға деген көзқарасым түбегейлі өзгерді. Бұрын айналамды кінәлап, Жаратқанның басыма салғаны деген негативті ойлардың шырмауында болсам. Өз кәсібімді ашып, ізденіп, оқығаннан кейін әр адам өз өмірінің суретшісі екенін, біліміңді арттырған сайын рухани байып, соған сай материалдық байлықтың да ілесіп келетінін жақсы түсіндім. Армандаған нәрселерімді мақсатқа айналдыруды үйрендім. Кешегі Алуа секілді біреудің өміріне қызығып отыруды тоқтаттым. Бір жетістікке жеткеннен кейін екіншісіне жеткің келеді. Жасап шығарған нәтижем екінші бір үлкен асуды алуыма мотивация береді. Оқырмандарға айтарым уақытыңызды құры өткізіп алмай, сүйікті ісіңізбен айналысыңыз. Тәуекел етуден қорықпаңыз!
– Құпия болмаса, бұл кәсіп арқылы ақша табудың стратегиялық жолымен бөлісе аласыз ба?
– Әрине, бұның жасыратын түгі жоқ. Мысалы менің 1 айда максималды тапқан ақшам 3 миллион болды. Менің 15 тал құлпынайдан жасаған букетім 12 мың теңге тұрады. Күніне 7-8 букет сатсам орта есеппен күндік табысым 96 мың теңге. Оны 30 күнге көбейтсеңіз 2 миллион 800 мың теңге шығып тұр. Әрине бұның ішінде, құлпынайға, шоколадқа, әрлейтін қағаздарға кететін ақшасы да бар. Мейрам күндері бір күнде 20-25 букетке дейін тапсырыс түскен күндерім болды. Аллаға шүкір, ондай уақытта ақша да көп келеді.
– Сізді блогер ретінде де танимыз. “Sweet.elm” парақшасын тұрақты түрде жүргізіп отырасыз. Инстаграм парақшаңыз кәсібіңіз үшін қаншалықты маңызды?
– Кәсібімнің аға басуына инстаграм көп көмегін тигізіп келеді. Көпшілік инстаграм желісінде отырғандықтан клиентте осы платформа арқылы тапсырыс берген ыңғайлы. Өз нишаң бойынша күнделікті контент жүргізудің арқасында оқырмандар саны артады. Бір рет тапсырыс берген адам екінші, үшінші жолы да саған тапсырыс береді. Неге, себебі әрдайым парақшаңда белсенді отырасың, күнделікті жұмысыңмен бөлісесің ал бұл тұтынушыға сенімділік әкеледі.
– Болашаққа қойған жоспарыңыз қандай? Шоколадты құлпынайға деген сұраныс азаяды деген қорқыныш жоқ па?
– Иә, дұрыс айтасыз көптеген кәсіптер пайда болып, артынан жоқ болып кетіп жаталы. Бірақ мен шоколадты құлпынайдың сұранысы артпаса, азаяды деп ойламаймын. Біріншіден шоколадты құлпынай сыйлық ретінде жүреді, екіншіден жейтін өнім болғандықтан ғұмыры қысқа дегенге келіспеймін. Сыйлық та, құлпынай да, шоколад та әрқашан актуалды деген сенімдемін. Өзім бұл саланы тоқтатуды да мүлдем ойламаймын. Бұдан бөлек тағы бір кәсібім бар, бірақ, оны құпия ұстаймын. (күлді) Бір кәсіпті бастадыңыз ғой, одан жақсы табыс тауып жатсаңыз екінші бір өзгеше саланы бастап, қолға алып көріңіз. Заман талабы жан-жақтылықты қажет етеді. Әрқашан білім алып, ізденісте жүру сапалы өмір сүруімізге септігін тигізеді. Барынша білім алып қалуға тырысамын. Дамудан өзіме аяған емеспін.
– Сұхбат бергеніңізге және шынайы жауаптарыңызға рахмет! Сәттілік тілеймін!
Кемелбай Әмина,
СДУ журналистика мектебінің ІІ курс студенті
Парақшамызға жазылыңыз