////

Кэмерон Фарр: Болашақта Қазақстанға барып, қазақша оқысам деймін

2693 рет қаралды

16 жасар Кэмерон Фарр соңғы 5 жылда 27 тілді меңгерген. Жас полиглот қазақ тілін үйренген соң, өзіне “Айбала” деген қазақша есімді таңдап алады. Отандық әнші Димаш Құдайбергеннің шығармашылығымен танысқаннан бері өзін “Айбала Құдайбергенқызы” деп таныстырады. Айтуынша, оған түркі тілдес халықтардың тарихы мен салт-дәстүрлері туралы оқыған ұнайды. 15 жасынан ислам дінін қабылдап, орамал тағып, намаз оқып үйренуде. Қазір Орта Азия елдеріндегі “қыз алып қашу” дәстүрі мен ислам дініндегі ЛГБТ-ға көзқарас секілді тақырыптарды зерттеп жүр.

 ⁃ Мен Американың Джордия Штаты, Атланта қаласында тұрамын. Отбасым 5 адамнан тұрады. Анам  Джулия, әкем Джефф және екі інім, екі итім бар. 10 сыныпта оқимын. Тілдерді тез меңгеру қабілетім тоғыз жасымда байқалды. Негізі, туыстарымның барлығы тек ағылшын тілінде ғана сөйлейді.

– Алғаш қай тілді үйрендіңіз?

 ⁃ Ең бірінші, неміс тілін үйрендім. Оған себеп, бастауыш мектеп кезінде Австриядан келген бір қызды жолықтыруым еді. Ол тек неміс тілінде ғана сөйлейтін, ағылшын тілін үйреніп жүрген кезі. Екеуіміз жақын араласып, дос болып кеттік. Бірақ, тіл мәселесіндегі барьерден ашылып сөйлесе алмайтынбыз. Сол себепті, ең алғаш неміс тілін үйренемін деп шештім.

  Қазақстанға және қазақ тіліне деген қызуғышылығыңыз қалай оянды?

 ⁃ Қазақ тіліне деген қызушылығым кішкентай кезімде оқыған кітаптан басталды. Ондағы кейіпкер Қызылорда қаласында туып өскен. Кітаптың маған қатты ұнағаны сонша, сол сәттен бастап қазақ тілін үйренуді қолға алдым. Қазақстанға барып, Қызылорданы көрсем деген арман пайда болды.

  Бір тілді толықтай меңгеру үшін қанша уақыт қажет? Қазақ тілін үйренуде қандай қиындықтар болды?

 ⁃ Бір тілді толықтай меңгеруге қанша уақыт кететіні оның күрделілігіне тікелей байланысты. Мысалы, ағылшын тіліне жақын испан, голланд, неміс тілдерін үйрену маған аса қиын болмады. Мен бұл тілдерді жарты жылда үйреніп алдым. Ал қазақ тілін 2019 жылдан бастап күні бүгінге дейін оқып жүрмін. Маған қазақ тілінің төл әріптерін дұрыс дыбыстап, таза оқи алу қиынға соқты. Сонымен қатар, грамматика да мен үшін өте күрделі болды. Бұл ретте маған ITalk қосымшасы көмектесті. Бұл жақтан көптеген қазақ тілді достар таптым. Олар маған ауызекі қазақ тілінің ережелерін түсіндіріп, қазақша дұрыс оқуды үйретті. Жалпы, латын тілдерін, испан, неміс тілдерін үйрену қиын емес, қалғанына кем дегенде 2 жыл керек.

   Сіз Филадельфияға арнайы барып, Kazakh-American қауымдастығының президенті Жұлдызай Исмаиловамен кездескен едіңіз. Ол жерден Қазақстан туралы қандай жаңа дүние білдіңіз?

– Жұлдызай ханыммен байланысып, 4 күнге Пенсильвания Штаты, Филадельфияға барып қайттым. АҚШ-тағы қазақ диаспорасы өкілдерімен кездесіп, уақытты көңілді өткіздік. Ашық аспан астында, саябақта дастарқан жайып, қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлейтінбіз. Бұл кездесулердің соңы міндетті түрде қазақша әндерге билеумен аяқталады. Ол жерден қазақ халқының қонақжайлылығына тағы бір мәрте куә боп қайттым. Олар мені Қазақстанға шақырды. Сапарымызды желтоқсан айына жоспарлап отырмыз. Саяхатымызды асыға күтіп жүрмін. Барлық Kazakh-American ассоциациясы мүшелері мен Жұлдызай ханымға алғысым шексіз.

Көп тілді меңгерген адамдардың бойында ерекше талант болады деген пікір бар. Сіз қалай ойлайсыз?

⁃ Иә, бәлкім, солай да шығар. Бірақ, талант пен еңбекті ұштастыра алмасаңыз, таланттың мәні қалмайды емес пе?! Бойыңыздағы туғаннан дарыған бейімділікті ары қарай дамыту қажет деп санаймын.

Сөйлегенде барлық 27 тілді өзара араластырып жіберетін кездеріңіз болып тұрама?

⁃ Иә, болып тұрады. Бірақ, жиі емес. Үйдегі туыстарыммен, мектептегі сыныптастырыммен тек ағылшын тілінде сөйлесемін. Сөз арасында ағылшын тілі мен неміс тілін, оған қазақ тілін қосып жіберуім мүмкін. Мұндайдан арылған жөн екенін жақсы түсінемін.

– Мен сұрамаған, сіз айтқыңыз келген не қалды?

– Бәлкім, болашаққа жоспарларым?! Бірақ, бұл туралы ашып ештеңе айта алмайтын секілдімін. Қазақстанға барып, сол жақта оқысам деймін. Қазір оқу орындарын қарап, өзіме ыңғайлысын таңдау үстіндемін.

– Сұхбат бергеніңізге көп рақмет, Айбала. Сізге тек сәттілік тілеймін!

Сұхбаттасқан Данагүл Науқанова,

СДУ “Журналистика” мектебінің ІІ курс студенті

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар