////

Ауыл тұрғындары: Жағдайдың мәз емес екенін әкімдер біледі, бірақ ештеңе істемейді

2829 рет қаралды
Тастыөзек ауылындағы үй. Сурет авторы: Ислам Аманқос

 Жетісу облысына қарасты Тастыөзек ауылы Алматыдан 250 км шақырым жерде орналасқан. Ауылға баруымыздың басты себебі – 35 жыл бойы күрделі жөндеуден өтпеген мектеп. Бастапқыда ауыл мектебі туралы материалдар дайындаймыз деп ойлағанбыз. Алайда ауылда бұдан бөлек мәселелер барын тұрғындардан естіп білдік. Ауыл тынысынан дайындаған репортажымызды  оқыңыз. 

 Сәрсенбі күні сағат таңғы 8-де  ауылға жол тарттық. Қаскелеңде күн райы тұманды болып тұрған. Талдықорғанға барар жолда күн салқындап, қар жауып кетті. Жол тайғақ. Оның үстіне  жүргізуші жаздық дөңгелектерін ауыстырмаған екен. Біз жолда бірнәрсе болып қала ма деп қорқып келеміз.  Сағат 12-ге таман ауылға жеттік. Айнала аппақ. Тастыөзектегі қардың қалыңдығы сонша, үйдің жарты бөлігі ғана көрінеді.  Ауылға кіреберісте мал бағып жүрген бақташыларды көрдік. Кірген бойда ең алдымен мектепке қарай беттедік.  

“ЖАҒДАЙДЫҢ ЖАМАН ЕКЕНІН БӘРІ БІЛЕДІ. БІРАҚ ЕШТЕҢЕ ІСТЕМЕЙДІ”

 Жолда алдымыздан су тасып, қар күреп жүрген 3 адам шықты.  Солардың бірі ауыл тұрғыны – 68 жастағы Нұрсипа апа. Ауылда тұрып келе жатқанына 32 жыл болған. Айтуынша, ауылда су жоқ, тұрғындар суды құдықтан тартады. Ал су күніне 2 сағат қана ағады екен. Сол себепті тұрғындар суық күнде темір шелекпен су тасуға мәжбүр. Нұрсипа апа ауылда су мен көшеде жарықтың жоқтығын әкімдер білгенімен, ештеңе істемейтініне налиды. 

Нұрсипа апаның бізбен сөйлесіп тұрған кезі. Сурет авторы- Ислам Аманқос

“Бәріне айттық. Ешкім тыңдамайды. Не су жоқ, не көшемізде жарық жоқ. Суды водакачкадан жібереді, 2 сағат қана ағызады. Қыста су қатса,  сусыз қаламыз. Әкімдер ауылдық жерлерге қарамайды. Жағдайдың жаман екенін бәрі біледі. Бірақ ештеңе істемейді”.

“АЙТА – АЙТА ШАРШАДЫҚ. ПАЙДА ЖОҚ” 

 Ауылдағы көлік жүретін бір көшеге  ғана асфальт төселген. Қалған жолдар биік, ойқыш-ойқыш. Солай жүргенімізде қар күреп жүрген баланы байқадық. Баламен сөйлесіп тұрғанда, ар жағынан атасы шыға келді. 

 Бұл ауыл тұрғыны – Құсайын ата. Тастыөзек ауылында тұрып келе жатқанына 65 жыл болған. Ол сол уақыттан бері ауылдың жағдайы  еш өзгермегенін айтады. Құсайын ата мал және егін шаруашылығымен айналысады. Егістік алқабын  тау суымен суғарады. Құдық суын малға береді және өздері қолданады. 

Құсайын атаның  бізбен сөйлесеп тұрғандағы сәті. Сурет авторы – Ислам Аманқос. 

“ Су жоқ. Мектепті көрдіңдер әні. Айта – айта шаршадық. Пайда жоқ. Көшеде жарық та жоқ. Әкім қатырып,  су жіберіп берем деген. Ауылдың тіршілігі деген осы. Міне, кешке дейін қар күреумен қолыңнан күрек түспейді. Туғаннан осы ауылда тұрамын. Мен туғанда  ауылда  100 үй  болған, әлі сол 100 үй. Егін егеміз. Таудан су ағады. Егінді кезекпен суғарамыз. Ал колонканың суы уақытша ғана. Құдық суын біз өзіміз қолданамыз, малға береміз. Суды краннан тек 2 сағат қана қосады. Қыста су қатып қалады”

Құсайын ата – зейнеткер. Ауырып қалса 60 км жердегі Сарыөзек ауруханасына барады. Жедел жәрдем ауылға тек шұғыл жағдайда жүретінін айтады.

Ауылдағы кран. Сурет авторы – Ислам Аманқос

 

Тұрғындармен сөйлесіп, мәселе бойынша түсінік алу үшін ауыл әкіміне барамыз деп шештік. Көлігіміз жолай бірнеше рет қарға батып қалды. Ұжым боп көлікті итеруге тура келді. Ауылдан шыға бере жолда аударылып жатқан жүк көлігін көзіміз шалды. 

ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ?

Тастыөзек ауылы қарайтын Қоғалы ауылдық округі әкімдігіне жарты сағат жүріп әрең жеттік. Әкімдік мекемесінде тек орынбасары Асылан Асылхан отыр. Оның айтуынша, әкім бағана біз көрген жол көлік оқиғасын реттеуге кетіпті. Әкім орынбасары ауыл жағдайы туралы былай деді:

“ Жобалық сметалық құжаттарын  әзiрлеуге 2021 жылы 7 млн 733 мың 611 теңге бөлінді, оның ішінде 2021 жылы 1 млн теңге сомасына Кербулақ ауданынын тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлiмiнiң тендерi бойынша “Redlain Pro” жауапкершiлiгi шектеулі серіктестігімен 2021 жылғы 15 қыркүйектен  2022 жылғы 31 наурызға дейiнгi мерзімге шарт жасалды. Қалған  6 млн 733 мың 611 теңге 2022 жылға ауысты. Жоба сараптамадан желтоқсан айында шығады”.

 Әкімдіктен соң ауылдағы мәселелер оң шешімін табар деген сеніммен, қалаға қайттық. 

Шакира Ахметова

Фото авторы: Ислам Аманқос



 

 

 

 

 



Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар