///

Неге қаржыны желге ұшыруға құмармыз?

2064 рет қаралды

“Мінбер” сайтының редакциясына Алматы қаласының Алмалы ауданының тұрғынынан хат келді. Хат мазмұны төмендегідей:

“Мен тұратын Брусиловский көшесі мен оған қатар жатқан Түркебаев көшелерінің жарық бағаналарын жаңартып жатыр. Алматының бұл ескі көшелерінде жарық бұрыннан бар. Солай бола тұра сол жарамды жарық желілері тартылған бағаналардың жанынан тағы да бір темір бағана орнатып қосалқы желі тартып жатыр. Ана ескі желіні қайтеді? Жинап алып, темір терсекке өткізе ме?

Оның есесіне Алмалы ауданында одан да маңызды, әлеуметтік мәні зор, қаражатты қажет ететін, жөндеу немесе жаңадан жасалатын дүниелер бар шығар?! Мынау енді қып-қызыл шығын. Былтыр трамвай жолдарын темірімен көміп тастады. Биылғысы мынау.

Алматының ісіне таңғаламын. Ескі желі ескіріп, тозған болса бір сәрі? Онда жөн дер едік? Баяғыда біреулер өзен бойынан немесе тұщы көлдің жағасынан құдық қазып жоспар орындап сыйланып жатушы еді. Ал Алматының мына тірлігіне де адам таңғаларылық? Сенбесеңіздер келіп көріңіздер. Сенсеңіздер суреті мен бейне баяны мынау.

Қарамер”

АЛМАЛЫ АУДАНЫ ЕКІ ЖЫЛ ҚАТАРЫНАН БІР АУМАҚТЫ ЖАРЫҚТАНДЫРУҒА 245 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ЖҰМСАП ОТЫР

“Мінбер” сайты мемлекеттік сатып алулар порталындағы мәліметке сүйене отырып, Алмалы ауданының көшелерді жарықтандыруға қанша қаржы жұмсағанын сарапқа салып көрді.

Ашық деректер көзін ақтарып отырып, Алматы көшелерін жарықтандырумен Алматы қаласы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Алматы Қала Жарық» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны айналысатынын білдік.

www.statsnet.kz сайтының мәліметіне сүйенсек, компания 2013 жылдан бері жұмыс істейді. Жылдық табысы – 3 миллиард 733 миллион 162 мың теңгеден асады. Біз “Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімінің аппараты” коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен аталған мекеме арасында жасалған келісімшарттарды сарапқа салдық.

Мемлекеттік сатып алу порталында 2016 жылдан бері жеті орындалған, бес әрекеттегі келісім шарты бар.

Мәселен, 2017 жылдың 28 ақпанында 199 миллион 630 мың теңгенің  №360940000035/170091/00 келісім шарты жасалған. 2018 жылдың қаңтарында осы қызметті орындау үшін тағы №360940000035/170091/01 қосымша келісім шарты жасалады әрі келісім шарт сомасы 65 миллион теңгеге дейін өсіп, 264 миллион 345 мыңға жетеді.  Техникалық ерекшелікке орай, Алмалы ауданының әкімшілігі 337,1 шақырым аумақты жарықтандыруды мақсат еткен. Келісім шарт бойынша, бұл қызметтің аяқталу уақыты – 2020 жылдың Қарашасы.

Онымен қоймай, 2018 жылдың Тамызында 334 миллион теңгенің басқа келісім шарты жасалады. Бұл келісім шарттың техникалық ерекшелігі бойынша – 356,6 шақырымды қамту көзделген. Бұл келісім шарт та төрт рет өзгеріске ұшыраған, аяқталған уақыты – 2019 жылдың Қарашасы. 

Алмалы ауданының әкімдігі 2020 жылдың 31-желтоқсанында дәл осындай қызмет үшін тағы бір хабарландыру жариялайды. Қызмет құны – 245 миллион теңге. Бұл қызметтің аяқталу уақыты – 2022 жылдың ақпаны. Бұл келісім шарттың техникалық ерекшелігінде тоғыз лотты жүзеге асыру көзделгені айтылады. Бұл келісім шарт та үш рет өзгертілген. Әрі әлі күнге дейін әрекет етуде. Тоғыз лот бойынша жүзеге асырылуы тиіс аймақтар:

Лот № 1. (Назарбаев -Абай-Сейфуллин көшелерінің квадраты-Төле би көшесі)

Лот № 2. (Назарбаев -Сейфуллин – Төле би – Райымбек алаңы)

Лот № 3. (Сейфуллин- Абай – Мұқанов – Төле би алаңы)

Лот № 4. (Сейфуллин- Төле би – Мұқанов – Райымбек алаңы)

Лот № 5. (Мұқанов – Абай – Жароков – Төле би алаңы)

Лот № 6. (Мұқанов- Төле би-Розыбакиев-Райымбек алаңы)

Лот № 7. (Жароков -Розыбакиев – Абай – Төле би алаңы)

Лот № 8. (Розыбакиев – Брусиловский – Абай – Райымбек алаңы)

Лот № 9. (Брусиловский-Варламов-Абай-Райымбек)

Алмалы ауданы дәл осындай хабарландыруды 2022 жылдың Қаңтар айында қайта жариялайды. Бұл келісім шарттың техникалық ерекшелігінде жоғарыдағы тоғыз лот бойынша жарықтандыруды тағы да мақсат етеді, Мәселен,  №1 лот бойынша Назарбаев көшесінен Сейфуллин көшесіне дейін-Абай даңғылынан Төле би көшесіне дейінгі аумақты жарықтандыру көзделсе, № 2 лот бойынша Назарбаев көшесінен Сейфуллин көшесіне дейін-Төле би көшесінен Райымбек даңғылына дейін дейінгі аралық қамтылмақ. Қалған лоттарға назар салайық:

№ 3 лот (Сейфуллин көшесінен Мұқанов көшесіне дейін-Абай даңғылынан Төле би көшесіне дейін),

№ 4 лот. (Сейфуллин көшесінен Мұқанов көшесіне дейін-Төле би көшесінен Райымбек даңғылына дейін), № 5 лот  (Мұқанов көшесінен Жароков көшесіне дейін-Абай даңғылынан Төле би көшесіне дейін)

№ 6 лот (Мұқанов көшесінен Розыбакиев көшесіне дейін-Төле би көшесінен Райымбек даңғылына дейін); № 7 лот  (Жароков көшесінен Розыбакиев көшесіне дейін-Абай даңғылынан Төле би көшесіне дейін)

№ 8 лот (“Розыбакиев көшесінен Брусиловский көшесіне дейін-Абай даңғылынан Райымбек даңғылына дейін),  № 9 лот (Брусиловскийден Варламов көшесіне дейін-Абай даңғылынан Райымбек даңғылына дейін).

Ал қалада қараңғы аймақтар, жөнделмеген көшелер жетіп артылады. “Алтын шыққан жерді белден қаз” дегендей бір аумақты қайта-қайта жарықтандыра бергенше, өзге аймақтарға да көз салу керек секілді.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар