///

Тағзым мемориалы: Кешен кімдердің аруағына тағзым етеді?

1999 рет қаралды

Бүгін (23.12.2022ж) Алматыда, Республика алаңыныда “2022 жылдың қаңтары — Тағзым мемориалы” кешенінің ашылғанын Әлеуметтік желідегі жазбалардан оқып, аспаннан Ай құлағандай күй кешіп, көруге асықтық. Ойымыз 2022 жылдың «қисынсыз құбылысы» болған қаңтардағы көтеріліс құрбандарына арналған ерекше сәулет өнері бой көтерген екен-ау деген дәме еді.

Түнделетіп жеттік. Бірінші тасқа “2022 жылдың қаңтары — Тағзым мемориалы” деп жазылған. Жұмбақ…

Ертеңгі, келер ұрпақ бұдан не ұғады? Кешен не үшін, кімге тұрғызылған? Мақсат ашылмаған. Одан кейінгі үлкенді-кішілі төрт бұрыш тастарға қазақтың Ұлы Тұлғаларының афоризмдері жазылған. Ұлы Абайдың екі Ұлы Сөзі екі аласа қобдиша тастың бетіне бәдізделіпті. Есесіне Әлихан Бөкейханұлы, Жұбан Молдағалиев, Мұхтар Әуезовтің айтқандары алып ақ тастың бетіне түскен. Ал Ілияс Есенберлиннің

“Өлім не?
Тыныштық ол тасқараңғы,
Кәріден бұрын кейде жасты алады…
Тек қана қаһарманға қара жерден
Ұлы өмір мәңгі өлмес басталады” деген “суицид” исі мүңкіген цитатаның не үшін қажет болғаны қайран қалдырады?!

Есесіне Көк Туын желбірете көтеріп от пен оқтың ортасынан, көк түтіннің арасынан шығып келе жатқан нағыз Қаһарманның хас бейнесі қасқайып тұрғанда Нағыз Тағзым етер тас сол болар деді!

Кешеннің алдында тұрғанда кешегі жазған өлеңім есіме түсті… Беу, дүние-ай?!

Ту мен Батыр және Снайпер

Алматыны,

Аспанда айды дауыл шайқалтып,

Адам жанын суырып алып жатты жай тартып.

Дос па,

Қас па білмеймін.

Көк Туымды тік ұстап,

От пен оқтан бір Батыр алып шықты жайқалтып.

Өлімге өмір,

Өмірге өлім қасарысып тіреліп,

Терезеден түнеріп, телміреді тірі өлік.

Жарылған доп.

Айнала, Алаң тұман.

Тиді оқ.

Туға Батыр,

Тұрды Тік,

Батырға Ту сүйеніп!

Ақиқатқа жабылған кім көтерер жаланы?

Айдың жүзі ақиып, атқан жоқ-ты таң әлі.

Кінәлі ме ол бейбақ?

Басқан сәтте шүріппені,

Ағып түсті асфальтқа снайпердің жанары!

26.01.2022ж

 

Қаңтардағы қасырет зары

 ҚР-ның Бас прокуратурасының деректері бойынша, бүгінгі күні азаматтардың тергеу жүргізудің рұқсат етілмеген әдістеріне және құқықтарын бұзуға қатысты шағымдары бойынша құқық қорғау органдары тарапынан барлығы 98 қылмыстық іс тергелуде.

ҚР СІМ-нің Human Rights Watch ұйымының

«Қасіретті қаңтар» оқиғалары жөніндегі сауалына

02 ақпан 2022 күні берген түсініктемесінен

Менің өмірге келгенімнің өзі қылмыс екен, мәртебелі тергеушім.

Қажықұмар Шабданұлы

 

Қаңтардағы қасырет зары

Қайран шешемді жылатқаным үшін,

Қара күркемді ұнатқаным үшін,

Құдайдай көрген Қара шалыма қойған,

Қаңылтыр пұтты құлатқаным үшін,

Қыздырған үтікпен жонымды қарып қызыл жендет етімді шыжғырды,

Қызыл асығымды сындырды.

Қажыған халқымды сатпағаным үшін,

Қарсымнан атқанда саспағаным үшін,

Қара нор болып толқыған халқымды,

Қару алып қасқа маңдайынан қалпақтай ұшырып атпағаным үшін,

Көзімнен ұрғанда жанар отым жарқ етіп жасындай ұшты.

Талай боздақ өрімдей қара жер құшты.

Жағымпаздарға жақпағаным үшін,

Жаңа өзендіктерді жақтағаным үшін,

Жас жүрегімді жалау қып ұстап,

Жасқанып жаудан жатпағаным үшін,

Жағымнан ұрып жақ сүйегімді сындырды.

Жан дауысым айға жетіп шыңғырды.

Елімнің Туын биік қадағаным үшін,

Еркіндікті аңсап, қалағаным үшін,

Езге есемді бермеген,

Ежелден асыл таза қаным үшін,

Екі бүйірімнен тепкілеп, екі бүйрегімді езді.

Сонда да мысым мұқалып, сағым сынбасын сезді.

Ашынған ыза, кектерім үшін,

Ашылмас есікті тепкенім үшін,

Ажалдың оғынан емес, адамның оғынан,

Мамалап ұшқан кептерім үшін,

Алқымымды аяғымен басып, қорқыратып қылқындырды.

Алатаудың бөктерінде Кеңсайдан елестеп шұрқырап шарасыз жылқым тұрды.

Отанды тастап кетпегенім үшін,

Обыр бір қартқа кет дегенім үшін,

Ойсыл қарадай ботасын іздеп,

Ордалы жерге беттегенім үшін,

Көбеме ине сұқты, қанды көзі сондай сұқты.

Ақиқатты айтқаным үшін,

Ақиқатшыл сайтаным үшін,

Алпауытқа жеп қылман деп

Аһұрсам байтағым үшін,

Қасқа тісімді қағып алды,

Төбе шашымды тал-талдап жұлып алды.

Қылмысымды мойындағаным үшін,

Қазына тонап тойынбағаным үшін,

Ақ патшаның жандай шабы,

Жаламаның қолынан тірідей сойылмағыным үшін,

Қабырғамды қақыратып сөкті, қара қанымды төкті.

Жеп жатыр жездей жүйкені жебір қара мұң.

Өзіме-өзім жиіркеніп, жеріп қарадым.

Өзгеден емес өзімнен тартқан, жалған-ай,

Азапқа күйіп, өртеніп, жанып барамын.

Қылмысым шаш етектен екен.

Азабым өздік кесектен екен.

Туады бір күн жауапқа тартар,

Тәңірлік мен де есептен өтем.

05.02.2022 жыл

Бақытбек Бәмішұлы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар