Қазақстандағы жылу-электр станцияларындағы (ЖЭС) апаттардың көбеюі осы стратегиялық нысандарды басқаратын олигархтар кімдер? Неге бұл жылыту нысандары әлі күнге дейін жөндеу көрмеген?
Олардың көпшілігі 1990 жылдардағы кең таралған жекешелендіру аясында ЖЭС қондырғыларының иелері атанған. ҚазТАГ агенттігінің редакциясы Қазақстандағы жылу-энергетика саласының маңызды нысандарын кім басқаратынын анықтап көрген екен. Сол тізімді “Мінбер” оқырмандарына бөлісуді жөн көрдік.
Балқаш ЖЭС – «Қазақмыс» корпорациясының 70 пайызын олигарх Владимир Ким, қалған 30 пайызын Эдуард Огай басқаратын үш өндіруші кәсіпорынның бірі. Жезқазған ЖЭО да «Қазақмыс» компаниясына тиесілі екен.
Атырау ЖЭО 1997 жылы жекешелендіру аясында «Энергопроект» ЖШС жекеменшікке берілген. Бүгінгі таңда компанияның акционерлері 91% үлесі бар «Атырау Пауэр» ЖШС (басқарушы Бауыржан Даирбаев) және 9% акцияға «Энергоинвест ЛТД» ЖШС-гі ие. Бір қызығы, Дайырбаев Степногорск жылу электр орталығын да басқарады деген болжам бар.
Петропавл 2-ЖЭО-ны «СевКазЭнерго» АҚ арқылы олигарх Александр Клебанов басқарады. Ол «ОАЭК» АҚ арқылы өткен аптада ең ірі апаттардың бірі болған Павлодардағы ЖЭО-2 мен Екібастұз ЖЭО-ға бақылау жасайды. Сонымен қатар, Клебанов Астанадағы жылумен қамту саласы жұмысының да игілігін көріп отыр.
Қарағанды металлургиялық зауытының жылу электр орталығын үнділік миллиардер Лакшми Митталға тиесілі «АрселорМиталл Теміртау» АҚ басқарады.
Ал Теміртау қаласындағы ГРЭС-1 Михаил Ешуткин бақылайтын «Bassel Group LLS» ЖШС-не тиесілі. Рудныйдағы ЖЭО Eurasian Resources Group (ERG) холдингінің құрамына кіретін «ССГПО» АҚ-на тиесілі, ортақ иелері – Александр Машкевич, Шухрат Ибрагимов және Патох Чодиев. ERG «Қазақстан алюминийі» АҚ арқылы Павлодар қаласындағы 1-ЖЭО-ны, сондай-ақ «3-Энергоорталық» АҚ арқылы Шымкент қаласындағы 3-ЖЭО-ны бақылайды.
Текелі қаласындағы (Жетісу облысы) ЖЭО Арман Отарбаев басқаратын «Текелі энергетикалық кешені» ЖШС-не тиесілі.
Ақтөбедегі ЖЭО «Ақтөбе ЖЭО» АҚ бақылауында, басшысы Ербол Рахымбердиев.
Риддер ЖЭО-ны «GREEN ENERGY Q» ЖШС басқарады, оның құрылтайшысы, Компраның айтуынша, Қайрат Отунчиев.
Сондай-ақ квазимемлекеттік құрылымдардың бақылауындағы ЖЭО-лар бар. Мысалы, Алматы қаласындағы ЖЭО-1, 2 және 3 (Самұрық-Қазына), сондай-ақ Маңғыстау облысындағы ЖЭО-1 және 2, осы уақытқа дейін МАЭК-Қазатомөнеркәсіп бақылауында болды. ЖШС «Қазатомөнеркәсіп» құрамында, бірақ таяуда үкімет Маңғыстау электр станциясын толығымен коммуналдық меншікке беру туралы шешім қабылдады.
Осы жерде бұған дейін Премьер-Министр Әлихан Смайылов Екібастұз ЖЭО-дағы апатқа байланысты Қазақстан аймақтарындағы энергетика нысандарына толық техникалық аудит жүргізуді тапсырғандығын айта кетсек. Орын алған жайтқа байланысты жұртшылық олигарх Клебановтың жауапқа тартылуын талап етіп отыр.
Осы орайда «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры облыс билігі Екібастұздағы жағдай туралы ақпаратты жасырып отыр деген қауіпті ақпаратпен бөлісті. 30 қарашада Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров «олигархтар қарапайым халықтың мүддесін ойлаған жоқ» деген пікірін білдіріп, Александр Клебанов пен өзге де олигархтар халық пен мемлекетке келтірілген шығынды өтеуі керек екенін қадап айтты.
Желтоқсанның 1-і күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әбілқайыр Сқақовты Павлодар облысының әкімі қызметінен алып, олигарх Александр Клебановтың бұрынғы қол астындағы қызметкері болып шыққан Олег Крукты аймақ басшысы етіп тағайындады. Бір айта кетерлігі, облысты, оның ішінде Екібастұзды жылыту маусымына дайындауға жауапты Крук болатын.
Мақаланы ҚазТАГ-тағы материал бойынша дайындаған Эльенора Әмір
Парақшамызға жазылыңыз