/////

Бақытбек Бәмішұлы: Ащы жас араласқан ана сүті (жалғасы-11)

2078 рет қаралды

***

Қаңқабайдың Қабақпен жұлдызы қарсы болды. Қабақтан партия ұясының хатшылық лауазымын қызғанғаннан емес, Қабақтың қатынының сұлулығы оның құртын қоздырды деп ел топшылайтын. Өйткені Қаңқабайдан бұрын елге оның қатын құмарлығы жеткен. Алайда ешкім ол туралы бір-біріне тіс жарып ашық айтпаса да сыбыс-сыбыр бірден-бірге жалғасып, сыммен жүгірген тоқтай бір ауылдан бір ауылға өтіп желмен жетіп жатқан-ды.

Қаңқабай құт емес, жұт болды. Әңкі-тәңкі елге енді жетпегені осы Қаңқабай еді. Өңі түзу қатын-қалаштың Қаңқабайдың қарасы көрінген жерден қара басын қайда қоярға жер таппай, күйіті келмеген байталдай сасатын заманы туған. Оған қыңқ деп, Қаңқабайдың қылы да қисаймайды. Жең ішінен қолын шығарады.

Қап-қара хром етігі жалтырап, қап-қара қырым тоны күн шұғыласын шағылыстырып, қап-қара шляпасы қара таста отырған қара құстай көрініп, қап-қара аттың үстінде қап-қара аюдай қоқиып қонған қап-қара сұры Қаңқабай күндік жерден танылушы еді.

Адамның көкейін не тессе сол арман ғой. Қаңқабайдың көп айдан бергі арманы ел аузында ертегіге айналып кеткен Ләззатты көру еді. Қабақтан қаймығып өзін қанша тежесе де, көңіл шіркін маза бермей өткен жаздың бір күні атқа қонған-ды.

Қабақтың ірге көршісі Орынбасардың үйі. Ләззаттың аталас ағасы. Артелдің басшысы. Сол қос үйден үйінен төменірек, тағы екі үй отыратын. Әйел заты қашан да қырағы. Көргіш, сезгіш келеді. Қаңқабайдың қара атын сипай қамшылап түс ауа жоғарғы жақтағы екі үйге қарай тура тартқанын екі үйдің де қатыны көрді де, бастары түйісе қалды.

– Көрдің бе қара пәленің қайда бет алғанын.

– Қу ішім сезіп тұр.

– Ұзақбайдың қатыны анада осы немені қатын көрместей қылдым деп отырушы еді. – Не Қаңқабайды, не Ұзақбайды қағытқысы келгеннің бір іліп кететін әңгімесі осы.

Ұзақбайдың қатыны өңді адам. Өңдіге өш көп қой. Жараған жүйріктей қара торының әдемісі. Өзгеден өзгешелігі өжет, қармаулы қатын. Күйеуі ұсталып кеткеннен кейін есігінен еркек сығалатпаған деседі. Қаңқабайдың қаны қатып, қарасы қарауытып, бөкен жалақ жеген немедей зар күйіне еніп жүрген кезі болса керек, құдай ұрып сол қатынға түседі ғой бір түні. Аршалы иісімен арбап Қаңқабайды қалыбынан асырып құтыртып алып, көзі байланып, иістен басқаны сезбей есі кетіп аусарланған айғырдай енді шабамын дегенде қақиып тұрған немесін қаршып қысып, тасқа түскен текедей бақылдатса керек.

Сол күннен бастап Қаңқабай әйел атаулыға қараудан қалып біраз жүріпті. Бірақ сүйекке біткен құмарлық бірнеше аптадан кейін қалпына келе бастайды да, Қаңқабай жынына мініп, жараған бурадай баяғы әдетіне қайта басады. Ел ішін кеулеп кеткен осы бір бей-әдептікті жақамаған және Қаңқабайды жаны сүймейтін біреуі:

– Жап аузыңды, ойбай. Атама атын. Атылып кетесің сорлы-ау. Атын аузыңа да алма,– деп шыр-пыр болды.

– Айтса қайтеді?! Айтам.

– Сен немене, төбелді туып па едің?

– Мен. Мен сен құсаған байдың қызы емеспін…

– Мен жырғап отырмын ба, байдың қызы болып? Болмайды атауға. Сорлап қаласың. О неменің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Заман басқа. Байыңа, кедейіңе қарамайды. Қайдағы байды айтасың, әдіре қалғыр.

– Маған келмейді-ау. Қолқасымен қосып суырып алып, қолына ұстататын.

– О, шікін-ай, ә. Сені көтін сүрте ме? Мыжырайған түрің андағы. Астында тұншығып қаларсың.

– Оны айтып не қыласың? Кезінде бізде талай ерді есінен тандырған қол жетпестің өзі болғамыз. Енді қаңсыған қалайы шәйнектей отырғанымыз болмаса.

– Жә, қой, кәпірдің бетін аулақ қылсын.

Қазіргі ауыл-үйдің әңгімесі осы. Баяғыдай кеш болса ауыл тұсындағы төбе басына шығып топ-тобымен қораланып отырып, қараңғы түскенше әңгіме-дүкен құрып, кейбір кездерде сол жерде ауылдың, елдің жайы жөнінде келелі кеңес өткізіп, түйткілді, түйінді шешіп те тастайтын шоғырдың көзден ғайып болғанына да бірнеше жылдың жүзі болған. Ендігі әңгіме тек от басында, ошақ қасында, қатын-қалаштар арасында сыбырлап қана айтылса да, соның өзі ұзаққа қызыл судай жайылып, тарап кететін. Сондай бір әңгіменің ұшығын Қаңқабайдың артынан қарап отырған екі қатын шығарып отыр.

– Анау қайда бара жатыр дейсің? Ұстамасы ұстап Ләззатты торуылдап бара жатыр да.

– Е, қу дүние-ай деген. Заманында қандай ауыл еді. Торы айғырдың үйіріндей шұрқырап жатушы еді. Бас кеткен соң немене? Сол үйірді ту-талақай етті ғой. Әйтпегенде Ләззаттың маңынан жүрер ме еді, мұндай немелер.

– Осы Ақымер-Шудабайдың ауылынан он бір адамды қойдай көгендеп әкетіпті ғой.

– Е, сөйтті ғой. Бірге отырдық қой. Шіркін-ай, қандай адамдар еді? Өңкей елдің ығайы мен сығайы еді ғой.

– Соларды қайда әкетті екен, ә?!

– Қобда түрмесіне апарып қамапты дейді ғой. Содан түн ішінде бір мәшине деген пәле келіп, соған бәрін тиеп, Жаматы деген таудың етегіндегі құмның ішінен қазылған үлкен орға апарып көмген екен дейді ғой.

– Астапыралла-ай. Тірідей көмген бе екен?

– Әуелі атып өлтіреді екен деседі. Содан кейін өлгенінің өлексесін, тірісін тірідей көмген дейді ғой.

– Алла-алла, құдай зауалын берсін!

– Е, оны айтып не қыласың, одан кейін де қаншама жақсылар сотталып кетті. Не жазғандары барын кім біледі. Әлгі нәубет жылы, отыз сегізінші жыл емес пе? Осы Қабақтардың ауылынан 25 адамды айдап кетіпті десіп отыратын. Құрып кетпей аман қалды ғой, әйтеу.

– Ат аунаған жерінде түк қалады. Күн шықпайын десе де таң қоймайды. Мына Қабақ қандай. Жас болса да бүкіл бір ауданға бас болды.

– Е, енді сол байқұс баланы төңіректеп жүрген көрінеді ғой. Алтайға асады, қытайға қашады деген сыбыс шығарыпты деседі. Байдың тұқымы, есірку, халық жауының қызын алғаны да басына сор болған сияқты ғой.

– Байдың қызын алайын деп алды дейсің бе? Жарықтық әкелері атастырып кетіпті. Шешесі аманатқа қиянат жасамаймын деп беріпті дейтін. Ләззатқа кім сөз салмады дейсің. Дәмелілер көп болды ғой. Ал енді мынау қорқаудай қыдыңдап жүргені…

Әңгіменің ауаны осылай ойысқанда Қаңқабайдың бараны Қабақтың үйіне таман жақындап қалған еді. Тінейдің сары құсы. Тілегеніне түседі.

Қаңқабай жалпақ қарағайлы беткейдің етегінде отырған екі үйге жақындап келді. Екі жиегін тап-тақыр көк майса көмкерген, сылдырап аққан бұлақтың суымен ойнап отырған бес-алты жасар, қып-қызыл бет қыз баладан «Қабақтың үйі қайсы?» деп сұрады. Тұлымшағы желбіреген қызыл аяқ, қызыл бет қыз бала қылжия, көзін сығырайта қарап «анау» деп төрт-бес жүз қадам жердегі қатар тігілген екі киіз үйді сұқ саусағын шошайтып нұсқады да, үйге қарай зыта жөнелді.

Қолына көне тоз жез шылабшын ұстай қызыл шыт тартқан келіншек Ләззат тысқа шықты. Ол бейсауат салт аттыны көргенде жүрегі лүпілдеп ала жөнелді. Ел ішіндегі ең сұлу, ең әдемі келіншек. Қар десе қар үстінде аунаған қызыл түлкі, қарбыз десе қақ жарсаң қырмызы қызылы Ләззаттың қара аттының баранын көрген жерден қобалжуының жөні бар еді. Әйелдің әдемісіне әуей құзыреті жүріп тұрған өкіметтің төтенше өкілетті өкілі, қолындағы сайманының күшін пайдаланып, өңі түзу тесік моншақ көрсе сұғып көргісі кеп тұратын назарынан басқа-басқа, тап Ләззат қалыс қалады деп ешкім де ойламайтын күйге жеткен кез.

Жеңгесі Бәти үй іргесінде бала емізе қойдың шылғи терісін тартпамен шелдеп беймарал отырған-ды. Ләззат өкпесін қолына ұстап жетіп келіп, біреу естіп қоярдай:

Бәти, әлгі Қаңқабай ғой деймін, қайтемін?! – деп сыбырлай сөйледі. Үріккен үкідей кейпі жеңгесі етегін көтерсе сып етіп кіріп кетуге шақ еді. Сөйтпегенде қайтеді. Екі қатын тұрмақ, елдің екі сөзінің бірі Қаңқабай. Қан жауып жатса да, қалжыңын қоя ма халық. Сол Қаңқабай күндердің бір күнінде Тінейдің сары құсындай Ләззатқа да түседі, көр де отыр десіп әзіл-шынын араластырып, қалжыңын қосып қопсытқан жұрт Ләззатты әбден запы қылып қойған.

Қайын сіңілісінің қорыққан көжектей сықпытын көріп Бәти ішінен ойлап қойды: «құйыршық-мұйыршық дейді, осылардың өздері құйыршық. Күйлеген ешкінің құйыршығы бастанып шыбжыңдап тыныш елге маза бермейді».

Қаңқабай Қабақ үйіне таяп кеп аттан түсіп, шылбыр ұшын белдеуге ілді. Қақырынып-түкірініп дауыс берді. Үй – иен. Төрге шықты. Шаңыраққа бір, есікке бір қарап елеңдеп отырды. Тумысында қозғалып көрмеген жүрегі лоблығыңқы. Оны лоблықтырып тұрған сұлулық пен құмарлықтың өліні тірілтетін құдіреті. Қазір есіктен кіріп келсе қайтеді? Орнынан тұра ма, тұрмай ма? Қабақты қырға, ел ішіне жұмсап жіберген.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар