/////

Бақытбек Бәмішұлы: Ащы жас араласқан ана сүті (жалғасы-16)

2623 рет қаралды

***

Таңертеңгісін Қаңқабай түндегі уақиғаның ізін суытпайын деп Ақкісіні шақырды. Шақырғанын естігенде Ақкісінің миының мыңғы-дыңғысы шығып кетті. Қойнына, жүрегінің тұсына партияның қызыл билетін салып алып, кінәлі болсын, кінәсіз болсын партиядан қашып жүретіндер жеткілікті. Өйткені алда-жалда пәле болып жүрек тұсында неше қабаттап орап сақтаған партияға мүшелік билеті суырылар болса оның арғы жағындағы кеуде қуысындағы жүрегі бірге суырылары сөзсіз. Ал Ақкісі кінәлі. Кінәлі адам қашанда кірбің. Өзін кінәлі сезіне алу да иненің жасуындай болса да жылттың барлығы. Ақкісі кешегі қылығынан қымсынады. Қаңқабайға қарайтын бет жоқ, қара бет адамдай бұқпантайлайды. Бұрынғыдай емес, жүні жығылып, мүләйімсіп, төмен қарап кірді.

– Ақкісі?!

– Әу.

– Түнде осында не болды? – Тап құлақ шекеден ұрғандай Ақкісінің шықшыты шың ете түсті. Ақсұр шырайы бордай болды. Көзі шарадай, ой деген безектей жөнелді: «Айттым ғой, айттым ғой, боқ жеп кірдің бе? Түлен түртті ме? Біткен жерің осы». Ақкісі ықылық атып, кірпіктері жыпылықтап, басы кәдімгі қалтақ адамдай изектеп, – түнде осында…, – деп тобық жұтқандай қылғына жұтынып тоқтап қалды.

– Иә, түнде… – Қаңқабай өте байыппен майпоздап сөйледі. Зымиянның зілі ішінде, далдада жасырынып жатады. – Осында… ары қарай?!

– Ары қарай… Қақа…, ары қарай… не болды? – Құба түсті түр онан әрмен сәлдебоздай бозарып барады. Көз алдына түнде, тап мына жерде қоян басқан бүркіттей тоңқаңдап жатқан Қаңқабай елестеп есі шығып кетті. – Қақа, оллаһи-биллаһи түк те болған жоқ. Түк те болған жоқ! Көрсем көзім шықсын. Қақа, мен жалпы соқырмын…

– Һа-һа-һа … Еһ-еҺ-еһ… Дұрыс айтасың, Ақкісі… Еһ-еһ-еһ … Түк те болған жоқ. Не болушы еді?! Солай ма?!

– Солай, Қақа, солай. – Қаңқабай Ақкісіге жақындап келіп оң қолымен иығынан басты. Қолы зілдей салмақты екен.

– Оллаһи-биллаһи не деген сөз екенін білесің бе?! … Ол да алла, бұл да алла деген сөз.

– Алда құдай сақтай гөр.

– Әй, мынау не айтып тұр. Мен не айтып тұрмын. – Қаңқабай Ақкісінің жеңінен ұстап тұқырта тартып құлағына ауызын төсеп: – Алла деген сөзді бұдан былай аузыңа алма! Атылып кеттесің. Бар. Аузыңа ие бол!… Тіліңді өзім суырып аламын! – деп кеңірдегін соза иегін жоғары көтерді. Енді-енді есін жия бастаған Ақкісі:

– Қақа, менде тіл де жоқ,– деп ауызын арандайғып ашып көмекейін көрсетті.

Қаңқабайдың салқын бөлмесінен аман-есен терлеп шыққан Ақкісі абың-күбің қимылдап ауын  ұстап қояды.  Өзін тексергені. Қаңқабайдың алдына барған талай адамның ауына қоя бергеніне куә. Жаңа қатты қорыққаннан өзім де солардың кебін кимедім бе екен деп қуыстанып, өзін өзі тексергені. Ойына бір оқиға түсіп мырс етіп күліп жіберді.

Жаздыгүні Ақкісінің Қаңқабайға еліктеп жүрген кезі. Құбыласы – Қаңқабай. Жаңа мизам адамы. Тәшкен көрген. Үлгі. Қаңқабай не істесе соны істегісі келеді. Жүрісін де, тұрысын да соған ұқсатқысы келеді. Екеуі түс ауа оқшау отырған жалғыз үйге барып, жалғыз биесінің қымызын сарқып ішіп тысқа шыққан.

Қараса Қаңқабай әудем жерде ары қарап бірдеңе істеп тұр екен. Бұрын әр кімнен бір естіп қалатын: «жаңа заманның оқыған адамдары түрегеп түзге отырады» деп. Қаңқабай шыныменде түрегеп дәрет сындырып тұрған сияқты. Анықтап, шұқшиып қараса ұзын қара тонының етек астынан бірдеңе ағараңдап көрінеді. Қаңқабай түрегеп шаптыртып тұр екен. Ақкісі ойлады: «Құдай-ау, сәби бала емес несебі таза, қысымы күшті, алысқа, басынан асырып шапшытатын. Қатты жерге кісі бойы жерден сарқыраған сары сідік шашырап, аяқ басын былғамай ма екен? Оқығанның аты оқыған ғой. Осылар бірдеңе біледі. Отырып дәрет алу да ескілік екен ғой. Осы Қаңқабайдың дәрет аламын деп, құман сүйретіп жүргенін бір рет те көрмедім».

Қаңқабай кері айналғанда Ақкісі үйге жүгіріп кірді де Қаңқабайдың алдынан құман ұстап бүкшиіп шыға келді. Қаңқабай оны соға сүйкеп өте шықты. Ақкісі сол орнында мойнын қылжитып, сілейіп тұрып қалды. Содан соң Қаңқабайдың істегенін өзі де істеп көргісі, Қаңқабайға ұқсағысы келді. Құманын қоя салып, Қаңқабай түзге отырған жерден арырақ барып талтайып тұрды. Өзінен өзі қарадай қысылды. Біреу-мүреу көріп қала ма деп жан-жағына қарайды. Ешкім көрінбейді. Арытаманырақта шідерлі көк ат жайылып тұр. Шөпті тырс-тырс жұлғаны естіледі. Мұнымен шаруасы жоқ жануардан қымсынады. Өзіне назар сала қоятындай ешкімнің жоқ екеніне көзі жеткеннен кейін жан-жағына қарап тұрып шаптыртпақшы болып еді, несебі шықпады. Сонан соң «құрысын» деді де жалп етіп, бір тізесін бүгіп жүрелеп отыра қалып дәрет сындырып, «Үһ» деді.

Қаңқабай қатты сақ адам. Ол Ақкісінің өзінің отырған-тұрғанына, далаға барғанына дейін сығалап, сыртынан қарап жүретінін сезеді екен. «Аңдушы ма?» деп қуыстанатын да болу керек.

Ақкісі дәретін алып жетіп келсе алдында Қаңқабай тұр. Ақкісі сасқанынан «Сізге ұқсағым келеді» деп қалады. Сонда Қаңқабай:

Бұдан былай қатындарша шошайып отырғанды қой, еркек емессің бе, жаңа мизамның адамысың»,– дегенде,

Қақа, үлкен дәретке барар болсам қайтем,– деп айтып қалғаны әлгінде ауын ұстағанда есіне түсіп мырс еткен еді.

(Жалғассы  бар. Сурет көрнекілік үшін https://yandex.kz/images сайтынан алынды)

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар