//////

Бақытбек Бәмішұлы: Ащы жас араласқан ана сүті (жалғасы-17)

3249 рет қаралды
www.freepix4all.com

***

Қаңқабай көңілді. Ләззаттың жанды жерін тапқан секілді, қутың-қутың қағады.

– Айтпақшы, бұл арапшының баласы бар еді ғой. Әлде далада қалды ма?– деді Ақкісіге Қаңқабай қарасын тік қадап тістене. – Ләззат бойына сіңірсін, жүрегіне жеткізсін дегендей «әлде далада қалды ма?!» дегенді тістене, бар ызғарлы ызасын сыртқа шығара, кіжіне сөйледі. Бала дегенде Ләззаттың бауыр еті бүлк ете түсті. Анада атына оқ тиіп омақаса құлағанда қойынындағы жеті айлық ұлын қорғай жалпақ тастың үстіне, баласын кеудесін ала жығылған. Одан кейінгі оқиғалардың бір де есінде қалмаған.

Ол Қаңқабайдың ауызынан баласының бар екенін естігенде екі беті дуылдып, екі құлағы қызып, шықшыты шымырлап, алқына дем алып, қос жұдырығын түйіп Қаңқабайға оқтай қадалды. «Сұмырай, жалғыз тұяқтың түбіне жетейін деп тұр ма?!». Ләззат өз ерінін өзі қыршып, тістеніп, Қаңқабайды көзімен ата ыңғайы келсе арыстанша атылып барып алқымына ауыз салғысы келгенімен шабуылдауға құр сүлдері қайрат қыла алмады. Бір шауып келсе қандай сәйгүлігіңнің де күш-қуаты белгілі болып қалмай ма? Ал үш күн бой нәр татпай, неше апта қара сумен ғана қоректеніп, жұмыршағын запыран жеп, қаламынан қатып жатқан жас әйелде қандай қуат болады? Адамның ажарын аштық бұзады. Кешегі адам қарап тойғысыз Ләззат бүгін қандай? Екі шықшыты шүңірейіп, екі ұрты солып, аузы-басы қаймиып, қабақ асты үңірейіп, қара көлеңке үймелеп, көз жанары темірді де тесіп өтер жебедей үрейлі кейіпке енген. Бала дегенде бар қуатын бойына жиып алды Ләззат.

Бар ма, баласы? – Қаңқабайдың даусы қатқыл шықты.

– Бар. Баласы ана Орынбасардың қатынының қолында. Соған тапсырғамын. Керегі болады, өлтіріп алма дегемін. Мына қатын оның немере қайын сіңілісі әрі келіні болады екен. Қырық шатыс!– деді Ақкісі тап бір өзі көктен түскендей, түк білмегенсіп. Жағына сөйлесе Қаңқабайға да жағады. Шынтуайтында кеше Ләззаттың төркінінің қозысын бағып, қойын құртап жүргеннің бірі еді. Бүгін әлде қандай кісі бола қалыпты. Қаңқабай қара жартастай қоқиып анадайдан сөз тастады:

– Ей, ұқтың ба? Балаң бар екен? Бар білгеніңді айтпасаң балаңнан сұраймыз! Балаң бәле. Сен бермеген жауапты сол береді. Балаңды сайратамыз. Көз алдыңда. Үйіңе кім келіп, кім кеткенін балаң айтады. Ол бәрін біледі. Балалы үйдің ұрлығы жатпайды. – Ләззат орнынан неше ұмтылып, түрегеліп әлдене айтпақ болып еді, тілі күрмеліп, дымын да шығара алмады.

– Қақа, ол бала әлі қаз да тұрмапты, жас екен, нәресте ғой,– деп қалды Ақкісі өзінің алаңғасарлығына басып аузынан жазып.

– Қаз тұрмап па? Қаз тұрмаса тұрғызамыз! Тілі шықпаған болса шығарамыз. Тоқпағы күшті болса киіз қазық жерге кіреді! Қалай тұрмайд?! Тұрғызамыз! Алып кел! – Ақкісі жарық беріп, лашын құстай лып етіп ұша жөнелді.

Ләззаттың құрғап кеткен көз ауласы қайтадан булана бастады. Ол Қаңқабайға қоянның көжегіндей жаутақтап қарап отырғанда бойын бір беймәлім күш шарпып өткендей болды да бүкіл денесі дір ете қалды. Егер нәрестесін алдына алып келсе ол үшін оның жолында жанын да, тәнін де қиып, Қаңқабайдың қалағанын беруге белін буды. Ләззаттың дауысы саңқ етіп, қатты шықты.

Қалағаныңды қыл маған, Қаңқабай! Баладан аулақ! Тиіспе! Еркек болсаң! – Ләззаттың әлсіз жерін дөп тигеніне іштей мәз Қаңқабай асықпай басып оған жақындады. Ләззат бұрынғыдай, жатырқауық жылқыдай жұлқынып тыржыңдамай төмен қарап селқос тұра берді. Бұл кезде Қаңқабай Ләззатқа қыларын қылып алғандықтан аяушылық сезімі болмаса да іштей мүсіркеп басын изектеп тұрды. «Көндірдім. Көндіреміз. Көнесің ғой!».

Қаңқабай кенет, жынданған немедей қарқ-қарқ күлді. «Уаһаһа-уаһаһа!»…

(Жалғасы бар. Сурет көрнекілік үшін https://yandex.kz/images/search?text=бесплатные%20картинки

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар