/////

Бақытбек Бәмішұлы: Ащы жас араласқан ана сүті (жалғасы-18. Соңы)

3245 рет қаралды

Ақкісінің келе жатқанын Бәти жабықтан сығалап тұрып көрді. Ақкісінің не үшін, суыт келе жатқанын да іші сезді. Таңертең-кеш Бәтидің төрт көзі төмен жақтан түспейтін. Төмен жақта, ауылдан ауаша жерде үкіметтік үйлер бар еді. Соның бірі, сол топтан да оқшау Қаңқабайдың конторы болатын. Ел Қаңқабайдың үйі дейтін. Ішкі істер бөлімінің өкілінің конторы. Сол жақтан түн ортасында, кейде бейуақта әйел адамның бірде шыңғырған, бірде ыңырсыған, ал бірде ойбайлаған неше түрлі дыбыстары өргі ауылға жетіп, естіліп жататын. Орманның шынары, аққудың сыңары қалмаған заманда кім болса да, кімге болса да араша түсіп баруға қорақатын. Бар көмегі сол бетке құлағын түріп, сыртынан алыстан қарап, іштен тілеуін тілеу. Ертеңгі күні сорлап жатқан сол сорлының кебін өзі де киіп кетуі де әбден мүмкін. Сондықтанда іштей тынып, жаутаңдап отырғаннан басқа шарасы жоқ еді. Шарасыз шарасыздық.

Ақкісі жер солқылдата, дүбірлетіп келіп қазан жаққа атын белдеуге байлап жатқанын да Бәти біліп отыр. Өзінің үш айлық баласын алдына көлделең алдыды да ауызына омырауын салып, құйрығын жаңа басып, енді-енді талпынуға шақ отырған Ләззаттың ұлы Алтайды көйлегінің етегінің ішіне ала есікке қырын беріп жалп етіп отыра қалды. Сарт етіп кіріп келген Ақкісі әй-шүй жоқ бірден:

– Бала қайда?– деп шаншыла қалды.

– Бала қайда? Бала міне! – Бәти кимешегінің етегін көтеріп емізіп отырған баласын көрсетіп, тақымының астына тығылған балаға «тыныш» дегендей оны балтырымен қағып қойды. Ақкісі үйдің ішін бір шолып үлгіргенде Бәти де отырған жерінде сапылдап сөйлей жөнелді. – Е, бала дейсің бе, омырауымда сүт жоқ, екеуін тойдыра алмадым. Содан өзінікі өлтірмес дедім де, тірі қалғандарының қолына салдым, беріп жібердім.

– Тірі қалғандары бар ма екен?

– Бар екен. Бар дейді. Бірен-аран адам қалғанға оқсайды… Отыр шәй іш. Қара болса да… Қыстай ақ шәй ішеміз бе деп едім. Жалғыз сиыр суалып, қара күзден қара шәйға қаңтарылып қалдық.

– Кім екі сиыр сауып отыр. Кешегі езуінен езіліп май аққандардың да, малы мен махаббаты жарасқандардың да күйін көріп отырып неменеге күңкілдейсіңдер. – Ақкісі Бәтиді етегінің астынан бүлкілдеген әлде неге түсін сала қарап тұрды да:

– Ақы иесіне тапсырыпты дейін ие… Ақы иесіне деп,– деп сырт айналғанда Бәти көзінен жасы домалап:

– Құдай тілеуіңді бергір, Ақкісі… құдай тілеуіңді берсін, сөйт-сөйт,– деп жатты.

***

Ақкісі мән-жайды айтқанда Қаңқабай:

– Орынбасар бар ма екен?– деп сұрады да Ақкісіге тік қарап,– соның да к… қисық неме, – деді. Ақкісі бұл сөздің тура өзіне де қарата қадап айтқанын дәл сол сәтте ұққан да жоқ еді.

***

Арада ай өткенде Ләззат адам танымастай болып өзгерді. Кешегі елдің көркі болған Ләззатта бүгін адам тура қарарлық түр де, түс те, ес те қалмаған. Жағын қисайтып, мұрынын бұзыпты. Көзі ақиып, бір көзі шадырайып сыртына теуіп шығуға шақ тұр. Үлбіреген қызыл шиедей ерін тотяйын жаққандай көгеріп, дүрдиіп ісіп кеткен. Ауызы қаймиып, кемиек, маймыл кейіпке енген. Үкідей күлтеленіп тұратын алтын шаштары кәрі қыз байланған жылқының жал-құрығындай ұйқа-тұйқа.

Адамның жаны азапты мойындағанмен рухы көнбейді екен. Ләззаттың сырт пішім, порымы өзгерсе де ішкі қуаты сол бүтін күйінде ақ алмастай жарқырап, жасымай, суы қайтпай қала берді. Қорлықшыл Қаңқабай Ләззатқа істемегінді істеді. Қинады, қорлады, мазақ етті. Азап отына күйдірді. Шашын талдап жұлды. Тісін қағып сындырды. Қолынан келген қиянаттың, айуан әрекеттің бәрін қылды. Жан дауысын құдайға жеткізді. Тірінің көретін тарттырды. Бірақ Ләззаттың ішкі рухын жасытып, сағын сындырып, мысын майыстыра алмады. Ләззаттың әрі нәзік, әрі әсіре сұлу, әдемі біткен қорланған тәні азаппен өшсе де, оның сынбаған сағы, сөнбеген рухы, кір шалмаған ары, иілмеген иіні, қанындағы салтанат-бегзаттығы болашаққа жарқырап жететіні анық еді. (деп аяқталады).

2022 жыл. Алматы.

Сурет көрнекілік үшін https://yandex.kz/images/search сайтынан алынды

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар