Саясаттанушы, конфликтолог Мұхтар Сеңгірбай: «Ұлттың бойындағы мәдени жарақаттар жазылып, тарихқа айналғанда ғана біз постколониал кезеңнен өтеміз», – деген еді.
Бұл сөзді Орталық Азия психоанализ институтының түлегі Жұлдыз Төлеу де қуаттап: «Бір ұлт, мемлекет трансформациядан өту үшін тарихында болған қайғылы, қанды оқиғалар ашық айтылып, баға берілуге тиіс», – дейді.
Байыппен бағамдап қараған жан отыз жылдық тарихымызға көз тастаса, қоғамның әр саласында мәдени жарақатты жазу жолында бірқатар іс-шара атқарылғанын аңғарады.
Бірде жүйелі, бірде жүйесіз, енді бірде тым науқаншыл болса да, қилы кезең жанымызға салған жараны жазуға талпынып бақтық. Оның бір-екі жылда аяқтала салатын іс емес екені тағы аян.
Мұндай талпыныс осы күнге дейін тарих шындығын қағазға түсіріп кітап жазып, газетке мақала жариялап, сахналаудан көрінсе, бір-екі жылдың бедерінде көп сериялы фильм ретінде телеэкраннан көріне бастады.
Оның бірі – 2022 жылдың соңында «Қазақстан» Ұлттық арнасынан көрсетілген алты сериялы «Міржақып. Оян қазақ» телехикаясы.
Бұған дейін «Абай жолы», «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалдарымен танылған шығармашылық ұжым бұл жолы алдыңғы екеуіндей мазмұнды, айтар ойы терең, шып-шымыр, дерекке толы көркем дүние ұсынды.
«Абай жолында» қазақтың көрнекті тұлғаларының өмірін екі линия арқылы баяндап, бір романның талайлы тағдырынан сыр шертсе, «Ахмет. Ұлт ұстазында» Ахмет бейнесін ақын, қайраткерден бұрын қазақ тіл білімінің негізін қалаушы ұстаз ретінде дәлелдеп, дәйектеп, көркем образбен экранға шығарды.
Бұл сериалдан соң Ахмет Байтұрсынұлының бейнесі халық жадында ұлт ұстазы ретінде қайта түлеп, жаңғырды. Алаш арыстарының бойындағы бірнеше қабілеттің ішінен тек біреуін ғана темірқазық етіп алып, тарихи бейнесін экранға шығаруды мақсат тұтқан шығармашылық ұжымның ізденісінен бұл шешімге бір күнде келмегенін аңғарамыз.
Көрермен көңілінен шыққан Міржақып бейнесін де олар ақын, қазақтың алғашқы романын жазған қаламгерден бұрын, қайраткер ретінде алып шығуға о бастан бекіген.
Алғашқы бөлімдегі 1911 жылы Қызылжарда бала оқытып жүрген Міржақыптың образынан, «оқыған кісі өз тілін ұмыта ма?» деген сөзінен оның азаматтық ұстанымы бірден менмұндалайды. Режиссер мен сценарий авторлары осы тұста қазақ тілінің мәселесін көркем фильмге жымын білдірмей, сыналап енгізіп жіберген. Ойлы адамның оған ден қоймауы мүмкін емес.
Сабақ аяқталған соң сыныпта жазу жазып отырған Міржақып Сейдазымға: «Қалам жүріп кетті, тоқтамайды, лықсып келді», – дейді. Бұл фильмді көрген көрермен де сөйтеді. Экран алдынан тапжылмайды, телехикая көрген адамды бір демде жетелеп алып кетеді.
Жазықсыз әкенің адал атын қайтарғысы келген перзент табандылығына бас иесіз, құрметтейсіз. Гүлнар Міржақыпқызының образы, ғұмыр бойғы арман-тілегі, ізденісі, талпынысы, ерік-жігері, әкеге деген сағынышы, перзенттік парызы Гүлжан Әспетованың шеберлігімен мінсіз құйылып түскен.
Фильмде Алаш үкіметінің автономия туралы жоспары жүзеге аспай қалатын кез Абылайдың шетінеуімен параллель беріледі. Сондағы Ахмет Байтұрсынұлының Міржақыпқа айтқан «Жақантай, қылған жұмыс ешқашан зая кетпейді» деген сөзі күллі Алаш зиялыларының байламын ұғындырады.
Алты сериялы деректі хикаятты көріп тауысқанда сіз кәдімгі денеңіздегі жарақат жазыларда теріңіз түлеп, өлі клеткаға жан біткендей күй кешесіз. Рухыңыз оянып, санаңыз сілкінеді. Сондықтан да бұл фильмді ұлттың жан жарасын емдейтін туынды десек артық болмас.
Алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына жазған хатында: «Шырағым Ахмет! Шырағым Міржақып! Сендер қайта-қайта абақтыға түсе бересіңдер. Оған налымаңдар. Атам заманнан, Прометейден бергі уақытта ел үшін күрескен азаматтардың көргені – абақтының есігі. Баяғыда доңыз бен аққу дос болыпты. Доңыз сонда аққуға: «Ей, аққу, сен айтшы, күн бар дейсің, сол күнді мен неге көрмеймін?» –депті. Сонда аққу: «Әй, доңыз, сені Алла төмен қаратып жаратқан. Сондықтан сен күнді көре алмайсың», – депті. Шырағым Ахмет! Міржақып! Болашаққа күнді көре алатын ұрпақ керек. Сол ұрпақ сендердің аттарыңды атап, құрмет көрсетіп жатса, бақытты емессіңдер ме!?» – деп жазғаны мәлім.
Алаш арыстары еш қателеспеген екен, бүгінгі ұрпақ олардың атын атап, құрметтеп қана қоймай, қалың халыққа тез таралатын фильм-құрал арқылы олардың адамдық бейнесін, азаматтық ұстанымын, ұлт болашағы жолындағы идеясын тәптіштеп жеткізе білді.
Дәл осындай деректі әрі көркем фильмдер көбейген сайын біздің ұлт ретіндегі санамыз трансформацияланып, постколониал кезеңнен өтуге жақындай түсеміз. Ол анық!
Парақшамызға жазылыңыз