Қазақ тарихында он екі айдың ішіндегі екі айдың аты суық. Бірі, Кеңес одағы тұсындағы – Желтоқсан. Екіншісі, дербес мемлекет өміріндегі – Қаңтар. Қаңтар оқиғасын көрген қанша көз болса, ол туралы сонша пайым, сонша пікір, сонша ой, сонша дерек, сонша қорытынды бар. Олардың әрқайсысына терең үңілсеңіз ар жағында Қазақстан азаматтарының тағдыры тұр.
ПРЕЗИДЕНТ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ ДЕСЕК БОЛАДЫ
– Әр мемлекеттің тарихындағы мұндай дүмпуден кейін бір өзгеріс болатыны анық. Енді біздің қоғам қалай өзгереді? Билік пен қоғам қандай сабақ алды? Әуел баста қойылған әлеуметтік талап саяси өзгерістердің тасасында қалып қойған жоқ па?
– Қоғамдағы кез келген оқиғаның нәтижесі болатыны анық. Мәселе қандай нәтиже болатынында? Біз қандай нәтиже күтеміз, үкімет қандай нәтиже күтеді? Өздеріңіз білетіндей қаңтар оқиғасынан кейін үкіметте біраз өзгеріс болды. Референдум өтті, Конституцияға біраз өзгеріс енді. Одан кейін президент сайлауы болды, тура бір жылдан кейін, кеше ғана біраз министр ауысты. Бұл ауыс-түйістің, реформалардың қаншалықты тиімді болғанын біраз уақыттан кейін көреміз, себебі, кез келген реформаны немесе өзгерісті қысқа уақыт ішінде бағалау өте қиын.
Иә, оқиға әуел баста әлеуметтік талап қоюдан басталды. Ол талап ескеріліп, біршама экономикалық, яғни әлеуметтік өзгеріс болды. Ең төменгі жалақы көбейді, зейнетақы өсті, несие бойынша бірқатар жұмыс жасалды. Алайда, баға шарықтап өсіп кеткендіктен әлеуметтік жағдай бұрынғы Қазақстанның қалпында қалып қойды.
Бүкіл мемлекеттік телеарналар «Жаңа Қазақстан» деген ұранмен мемлекеттік құрылымдардағы өзгерісті көп көрсетіп, жарнамалап жатыр. Үкімет Қазақстанда бетбұрыс болып жатқанын саяси істерімен көрсеткісі келеді. Саяси өзгеріс болмайынша, экономикалық бетбұрыс жасау қиын. Кезіндегі Н.Назарбаевтың, саясатты қоя тұрып бірінші экономикамызды дамытып алайық, деген идеясы іске аспады. Себебі, саяси жүйе бұрынғы болғандықтан экономика тұралап қалды. Экономика бостандықты талап етеді, ал саяси құрылымдар белгілі бір адамдардың ғана қолында болды. Қазір тура сол кезеңдегідей процесс жүріп жатыр, тек саяси өзгеріс алға шықты. Бұл экономикаға ықпал етуге деген талпыныстан туындап отыр.
– Оқиғадағы негізгі тараптар кімдер, олар келісімге келді ме?
– Қаңтар оқиғасында бірнеше тарап бар. Оның біріншісі, халық. Халықтың көздегені әлеуметтік өзгерістер, жағдайын жақсарту, жұмыс орындарын ашу. Әзірге бұл тарап жеңіске жетпеді. Әрине, өзгерістер болып жатыр, бірақ қаңтар оқиғасы кезінде көтерілген мәcелелер әлі де өзекті. Егер халық 2023 жылы 4 қаңтарда көшеге шығар болса, дәл сол әлеуметтік мәселелер қайта қойылатын еді. Мысалы, қымбатшылық, халық жағдайының төмендігі, жұмыссыздық, жалақының аздығы және т.б.
Екінші тарап, ол үкімет, яғни президент. Президент өз тарапында жеңіске жетті десек болады. Себебі, халықтың сеніміне ие болды, халықаралық серіктестердің, әсіресе, Ресей мен ҰҚШҰ -ның сеніміне ие болды. Одан кейін ішкі құрылымдарды да түзеп, дұрыс адамдарды қоя білді. Елді жай ғана тұрақтандырып қоймай, халық арасында өз беделін сақтай білді.
Үшінші тарап, президентке қарсы шыққан, яғни халық наразылығын пайдаланып, мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғандар. Бұл тарап жеңілді әрі олардың біразы, өздеріңіз білетіндей, тергеу үстінде. Бұл топ күшті, өте бай әлеуметтік топ болатын. Алайда, олар діттеген мақсаттарына жете алмады. Бүлік шығару арқылы, елдегі билікті қолға алу ойы іске аспады. Саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар бұдан басқа тағы бірнеше тараптарды атайды, бірақ менің ойымша негізгісі осы үш тарап.
ҰҚШҰ КҮШТЕРІНЕ ЖҮГІНУДІҢ ҚАТЕ ЕКЕНІН ҮКІМЕТ КЕЙІН ТҮСІНДІ
– Қоғам қалай өзгереді?
– Әрине, әр тараптың белгілі бір қорытынды жасауы заңды. Меніңше, бүлікшілерге бұл үлкен сабақ болды. Саяси элита, яғни Назарбаевтың тұсында қалыптасқан элита, оның жақындары, туысқандары, достары, сенімді адамдарынан құралған топ едәуір сабақ алды. Осындай жағдайды пайдаланып, қарулы күшке сеніп, бүлік шығарудың өте қиын екенін, дұрыс жол емес екенін түсінді. Түптеп келгенде тергеліп, сотталатындарына көзі жетті. Бұрындары бұл тап өкілдерін тергеуге немесе соттауға болмайтын. Қаңтар оқиғасынан олар өздеріне «берілген» бұл кепілден айырылды. Ал, Үкімет осындай дүрбелең кезінде өзінің әлсіз екенін түсініп, ҰҚШҰ күштеріне жүгінген болатын. Бірақ, Украина мен Ресей арасындағы соғыстан кейін бұл шешімнің мүлде қате екенін түсінді.
Енді президент Қ.Тоқаев еліміздің қарулы күштеріне өте көп қаражат бөлді. Бұрын-соңды Қазақстан тарихында қарулы күштерге мұндай қомақты қаражат бөлінбеген. Бұл да осы оқиғаның сабағы, ішкі күштерді дамытудың қажеттілігінен туған шешім.
Халықтың жанына батқан нәрсе – шеру кезінде бейбіт халықтың жазықсыз атылып кеткені. Ел тұрғындары бейбіт наразылықты пайдаланып кеткен деструктивті топтардың бар екеніне көз жеткізіп, абай болу керек екенін түсінді.
Қазақстан қоғамы революциялық жолмен өзгермейтіні, анық. Бұл оқиғаға қарап 3-5 жылда айтарлықтай өзгеріс болып кетуі мүмкін деген тұжырым жасау да орынсыз. Қазір, Үкіметке аз да болса сенім бар, оның қолында халықты тұрақтандыратын, әртүрлі саяси-элиталық топтарды ұстап тұра алатын, бақылауда ұстайтын күш бар. Сол себепті Қазақстан эволюциялық жолмен, кішігірім бетбұрыс жасай жүріп әрі қарай дами береді.
Парақшамызға жазылыңыз