Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі “Масс медиа туралы” заң жобасын ұсынып, журналистік қауымдастық оны біраздан бері талқылап келеді. Жақында бір топ медиа белсенділері заң жобасының біраз баптарын сынап, бұл заң жобасының демократия талаптарына қайшы келетіндігін мәлімдеген болатын. Соның бірі заң жобасындағы пресс картаға қатысты еді. Министрлік өкілдері мұндай картаның Ұлыбританияда да берілетіндігі жайында айтқан еді. Осыған орай Ұлыбританияның Ньюкасл университетінің Аға оқытушысы Дэвид Байнзден (David Baines) Ұлыбританиядағы пресс карталар туралы сұрап білдік.
– Пресс карта туралы сұрасаңыз, менің ондай картам бар. Бұл картаны Ұлттық журналистер одағы береді. Бұл Ұлыбританиядағы пресс карта беретін мекемелердің бірі. Ол толығымен Ұлыбританияның ірі медиа ұйымдарына, салалық қауымдастықтарға, кәсіподақтарға және кәсіби қауымдастықтарға тиесілі және ұжымдық түрде бақыланады. Бұл картаны берумен 19 мекеме айналысады. Ұлттық журналистер одағы солардың бірі және ең ірісі, сондай-ақ, бұл мекеме Ұлыбританиядағы пресс картаның жартысынан көбін береді.
Пресс карта тегін беріледі және оның иелері кәсіби журналистер – репортерлер, фотографтар, видео камера операторлары, өзге де ақпарат жинаумен айналысатын техникалық қызметкерлер.
Карта әрбір екі жыл сайын жаңарып тұрады. Бұл үшін біз арнайы форманы толтырып, әлі де журналист (менің жағдайымда жазушы) екенімізді дәлелдеуіміз керек. Ұлттық журналистер одағында мен туралы ақпараттар бұған дейін бар болғандықтан, менің шын иә өтірік айтып отырғанымды оларға тексеру оңай. Сөйтіп олар картаны жаңалайтын немесе дайындайтын орталыққа маған карта дайындау туралы нұсқау береді. Менің картамда журналистер одағының логотипі болады, бұл лого менің осы ұйымның мүшесі екенімді айғақтайды. Егер мен осы одақтың мүшесі емеспін, алайда, салалық қауымдастықтың мүшесі ретінде танылған қандай да бір газеттің әлде басқа да ақпарат құралының қызметкері болсам, онда олар да өз карталарын бере алады.
Пресс карталар барлық полиция мекемелері мен мемлекеттік орындарда мойындалады. Мәселен, егер сот немесе Кеңес мүшелерінің жиынына бара қалсам, көппен бірге емес, баспасөзге арналған арнайы бөлмеде отырамыз.
Көп жағдайда мен бұл картаны жеке куәлік ретінде пайдаланамын. Бірде Германиядан Голландияға бара жатқан жолда мені полиция тоқтатып, паспортымды сұрады. Менің қолымда паспортым болмағандықтан, пресс картамды көрсеттім. Ол рациямен өз офисіне хабарласты да, менің картадағы атымды оқыды. Сосын менен мекен жайымды сұрады. Менің айтқан мекен жайым мен полицияның қолындағы мәлімет сәйкес келгеннен кейін мені жайыма жіберді.
Халықаралық аренада жұмыс істейтін журналистер Халықаралық Журналистер Федерациясының халықаралық пресс картасын ала алады. Халықаралық Журналистер Федерациясының жекелеген мүшелері жоқ – оның құрамы әр елдегі журналистер одағынан, мәселен Ұлыбританиядағы ұлттық журналистер одағынан құралады. Халықаралық картаға ие болғымыз келсе, біз осы өз еліміздегі журналистер одағы арқылы өтініш бере аламыз. Егер, менің одағым менің адал журналист екендігіме кепілдік берсе, Халықаралық Журналистер Федерациясының да куәлігін иелене аламын.
Сонымен қатар, қолында баспасөз куәлігі бар журналистер кейбір ірі музейлерге, өзге де ақылы орындарға тегін кіре алады. Алайда мен ол игіліктерді пайдаланбауды жөн көремін.
Сондай-ақ, жоғарыда айтқан 19 баспасөз ұйымдарынан өзге де, медиа ұйымдар өз пресс карталарын бере алады. Алайда, ол куәліктерді мемлекеттік және полиция ұйымдары менсіне бермейді.
Біздіңше, бұл картаның артықшылығы, үкімет кімнің журналист болып жұмыс істейтінін, кімнің істемейтінін шеше алмайды. Біздің қазіргі билігіміз тым жемқор әрі әділ емес. Сол себепті үкімет мүшелерінің қолына баспасөз картасын беретіндей билік беретін болсақ, олар өздерін сынайтын журналистердің аузын жабуы үшін қолындағы билігін пайдаланып куәлігін тартып алуы мүмкін. Сол себепті де, бұл картаны мемлекеттік ұйымдардың беруіне жол бермеу керек.
Үкіметтің рөлі тек қана барлық мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың Ұлттық журналистер одағы берген пресс картаны мойындауына кепілдік беруі. Кейде мемлекеттік органдар немесе полиция мекемелері пресс картаны мойындамай жататыны болады, ондай жағдайда бұндай ұйымдар жауапқа тартылуы тиіс. Мәселен, жақында наразылық шеруінен ақпарат таратып жүрген журналистер қамауға алынды. Олардың қолында баспасөз куәлігі болғанына қарамастан, полиция оларды ұстап әкеткен. Бұл бүкіл елді дүрліктірген жаңалық болды. Полицияның басшылары кешірім сұрап, қоластындағы шенеуніктерге ескерту берді.
Парақшамызға жазылыңыз