///

Электр энергиясының 46,3%-ын беретін Екібастұз биылғы қысты жылусыз өткізуде

1558 рет қаралды

Екібастұз Қазақстан аумағының 46,3%-ын электр энергиясымен, 43,4%-ын көмірмен қамтамасыз етеді. Екібастұзда ТМД-дағы ең ірі  Тау-кен фермалары орналасқан. Бірақ биылғы қыста Екібастұз жылусыз отыр.

Қазіргі уақытта екібастұздықтардың жағдайы өте күрделі. Олар биліктен нақты жауап пен көмек күтетінін әлеуметтік желілерде жарыса жазады.
“Биліктегілер, бізге назар аударуларыңызды сұраймыз! Біз қатып қалдық! Бізге көмектесіңіз! 11-ші ақпан күні пәтердегі температура +10 градусқа дейін төмендеді.
Біз жылытқыштардың көмегімен күн көріп жатырмыз. Республикалық деңгейдегі арналардың жаңалықтарында біздің қатып жатқанымыз жайында ақпарат жоқ.
Ал нәтижесінде электр энергиясы үшін өте ірі төлем төлеп отырмыз. Оны көптеген адамдардың қалтасы көтермейді! Бізге көмектесіңіз, біз мына күйімізбен көктемге дейін жетпейміз”- деген Екібастұздың жергілікті тұрғындары көмек сұрайды.

Осы жайтқа байланысты Парламент тыңдауы кезінде Роман Скляр өткен аптада өзі бастаған үкімет комиссиясының Екібастұзға барғанын хабарлады.
“Жағдай өте күрделі. Өкінішке орай, былтырғы желілердегі апат станция жұмысын тұрақсыздандырды.   Егер бұрын энергетиктердің тіліндегі “тоқтау” аптасына 1-2 рет болса, қазір күн сайын бір-екі немесе үш қазандық істен шығып, оны қалпына келтіру үшін күн сайын күш жұмылдырылуда. Егер былтыр жөндеу құрамының 15 адамы осы жұмыспен айналысса, енді бұл мәселемен “Средазэнергомонтаж трестінен”, сондай-ақ басқа ұйымдардан тартылған 130 адам айналысады. Екі ауысымда 65 адам жұмыс істейді”, – деді вице-премьер.
Сонымен қатар ол температура параметрлері 10-20 пайызға төмен екенін атап өтті.
“Бірақ жергілікті жылу желілері гидравликалық режимді тұрақтандыру және қалыпқа келтіру, ПИК айналысқан ішкі желілерді жуу бойынша жүргізуі тиіс жұмыс нашар орындалды. Жылу параметрлері төмендегеннің өзінде үй – жайлардағы жылу режимін қалыпқа келтіру мүмкін емес”, – деді Роман Скляр.

Сонымен қатар, сенатор Алтынбек Нұхұлы парламенттік тыңдауда Энергетика министрі Болат Ақшолақовтан Екібастұздағы жылумен жабдықтау жүйелерінің техникалық аудиті неге кешіктірілгенін және ауқымды жөндеу жұмыстарын жүргізуге қанша миллиард қажет екенін сұрады.

Министр аудит бойынша шаралар қабылданып, жұмыстар наурыз айының соңына дейін жүргізілетінін айтты. Қазандықтарға және пәтерлерге жылуды жеткізу үшін қажетті қаражат сомасы зерттеу аяқталғаннан кейін бекітіледі.

“Бірлескен топ бар, барлық 137 нысанды тексереміз. Біз нәтижелерді жақын арада, бірінші тоқсанның соңына дейін жариялаймыз. Екінші мәселе, әрине, ауқымды жөндеу жұмыстарына қанша қаражат қарастырылатынына қатысты. Жұмыстың бір бөлігі-аудиторлық рәсімдер. Соманы, әрине, айтуға болады, бірақ ол анық емес. Бұл соманы біз бірінші тоқсанның соңына дейін, наурыз айының соңына дейін қосымша береміз деп ойлаймын. Станцияға келетін болсақ, Орталық Азия отын-энергетика компаниясы (ОАОЭК)  АҚ қаражаттың қанша бөлігін қарастырады, оны айқындаймыз.  Біз қазір келіссөздер жүргізіп жатырмыз”, – деп жауап берді Болат Ақшолақов.

Бұған дейін сөз болғандай, екібастұздықтардың проблемасын шешу үшін, жылумен қамтамасыз ету ұйымы толықтай техникалық аудит өткізуге тапсырыс берген. Оның алғашқы нәтижелері биыл сәуір айында дайын болмақ. Сондай-ақ, станциядағы қазандықтар мен жылыту желілеріне күрделі жөндеу жұмыстары қажет.

Сонымен қатар, Екібастұзда 26 көп қабатты үй әлі жылынбай отырғандығы айтылған еді.

Гауһар Сатбаева, 
СДУ “Журналистика” мектебінің 4 курс студенті
Суреттер ғаламтордан
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар