//

Өнер адамдарының танымалдығын саяси күштер өз мүддесіне пайдалануға тырысады

1140 рет қаралды

Мәжіліс депутаттарын сайлауға да санаулы күндер қалды. Депутаттыққа үміткерлер өз үгіт-насихаттарына қызу кірісіп кетті. Ал сол үміткер адамдардың арасында әр саланың маманы бар. Ішінен өнер жұлдыздарын да байқадық. Соңғы жылдары мемлекеттік қызметке баратын өнер майталмандарының қатары көбейді. Сол себепті де саясаттанушылардың бұған деген көзқарасын білгіміз келді.

– Өнер адамдарының мемлекеттік қызметке баруы туралы не ойлайсыз?

Дос Көшім, саясаттанушы:

– Әрине, дұрыс емес. Өнердің өз жолы бар, шенеуніктің өз жолы бар. Сондықтан бармағаны жөн. Иә, кейбір өнер адамдары саясатқа араласады, саяси-қоғамдық жұмыстарды атқарады. Әйтеуір аты шыққан адамды, соңғы уақытта мемлекеттік қызметке әкелу тым жиілеп кетті. Соның тиімсіз тұстарын да, кемшіліктерін де көріп жатырмыз. Меніңше өнер адамдарының өзі шешеді. Бірақ  өнер адамдарының мемлекеттік қызметке бармағаны дұрыс.

Әміржан Қосанов, саясаткер:

– Әр адам мемлекеттік қызметке баруға, соның ішінде, депутат болуға қақылы. Бұл конституциялық қағидат өнер адамдарына да қатысты. Егер де ол өнер адамы өзінің кәсіби саласына қатысы бар қызметке барса, құба-құп. Бірақ өнеріне ел тәнті болған адам міндетті түрде мықты шенеунік, ұтымды ұйымдастырушы болады деп кесіп-пішіп айтуға болмайды. Мықты мемлекеттік қызметкер не қайраткер болуы үшін өз саласының мықты маманы болу жеткіліксіз. Бұл сөздің депутаттыққа да қатысы бар: парламент залы концерт залы емес шығар? Егер де Құдай саған өнерге деген бейім берсе, сол салада жарқырап жүргенге не жетсін?! Бірақ, бұл жерге саясат араласып кетеді. Өнер адамдарының танымалдығын саяси күштер өз мүддесіне пайдалануға тырысады.

 ШЫНАЙЫ ОППОЗИЦИЯЛЫҚ ПАРТИЯЛАР ТІРКЕЛМЕГЕН СОҢ, БҰЛ САЙЛАУДЫҢ ҚЫЗЫҒЫ ДА ШАМАЛЫ

– Алдыңғы депутаттық сайлаулардан биылғы сайлаудың ерекшелігі неде?

Дос Көшім, саясаттанушы:

– Алдағы сайлаудың ерекшелігі біреу-ақ шығар: мәжілістің 30 пайызының бір мандатты округтан болуы. Яғни, партиялық тізім емес, бұның мажоритарлық сайлаумен өтуі. Сайлау технологиясын білетін адамдарға деген, бақылаушыларды оқытуға деген сұраныс көбейіп жатыр. Осыған деген қызығушылық, әрі бір белсенділікті байқап жатырмыз. Халыққа белгілі бір мүмкіндік бар сияқты. Сол мүмкіндіктен үміттенген адамдар көп. Ерекшелік осы да ғана. Менің қорқатыным бір-ақ нәрсе, ертеңгі сайлау бұрынғыдай өтсе (ол сол бұрынғыдай өтеді, себебі сол сайлау заңы, өткізетіндер де бұрынғы адамдар) нәтижесі де бұрынғыдай болады. Солай болса халықтың арасында реніш тууы мүмкін.

Әміржан Қосанов, саясаткер:

– Бұл сайлаудың бір ерекшілігі сол: Мәжіліс құрамының 30 проценті партиялық тізім бойынша емес, мажоритарлық жүйемен, яғни бір мандаттық округтер бойынша сайланады. Бұл, сөзсіз, оң қадам. Бұрында да парламент осылайша сайланған. Енді соған оралып жатырмыз. Мажоритарлық жүйе партия мүшесі емес азаматтарға сайлауға қатысуға мүмкіндік береді. Бірақ бұл – жалғыз ғана құптарлық новация, қалған ескі дәстүр мен авторитарлық саяси технологиялық әдіс-тәсілдер баз баяғы қалпында қалып отыр. Сонысы өкінішті.

– Қай партиялар мәжілістен орын алады деп ойлайсыз?

Дос Көшім, саясаттанушы:

– Сұрағыңыз қызық екен. Бұл сұрақтың жауабын президент аппараты ғана біледі. Олар қай партияға көбірек орын бергісі келсе, сол партияға береді.

Әміржан Қосанов, саясаткер:

– Әрине, шынайы оппозициялық партиялар тіркелмеген соң, бұл сайлаудың қызығы да шамалы, өйткені Мәжіліс төріне өту үшін билік партиясы бар алғышарттар жасап қойды: сайлау комиссияларының құрамында билікшіл партиялар толып отыр, бақылаушыларды тіркеу әлі де қиын. Сөз жүзінде президент пен әкімдер билік партиясы қатарынан шығып кетсе  де, әкімшілік ресурс әлі де сақталып қалды. Қалыптасқан жағдайда билік партиясы «жеңіп», оның бейресми әріптестері парламентке барып, қонжиып отырып алатын шығар. Бірақ тарихта «Пирр жеңісі» деген ұғым бар, ғұмыры қысқа, уақытша жеңісті солай атайды.

ПАРЛАМЕНТ – ЕЛДЕГІ БАРЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ПІКІРЛЕРДІҢ ТОҒЫСҚАН ЖЕРІ

– Жалпы депутат деген кім?

Дос Көшім, саясаттанушы:

– Депутат – мансап емес, депутат – қызмет. Ол жалақы алып істейтін жұмыс. Негізі депутаттың атқаратын сантүрлі қызметтері бар. Оның бәрі ҚР депуаттық туралы заңында жазылған. Алайда, бізде соның  кейбірі  ғана орындалады. Көбіне біздің депутаттар келген министрлерге, өкімет адамдарына сұрақтар қояды. Ол сауалдарын кейде әлеуметтік желіде жариялайды. «Міне мен қандай батырмын, осындай сұрақтар қойып жатырмын»- дегендей. Иә, ол да депутаттың міндеті. Бірақ негізгі міндеті тек сұрақ қою ғана емес. Негізгі міндеті – қоғамға қажетті заңдарды дайындау. Сол заңдарға бастама көтеру. Не өздері сол заңның жобасын жасау, партияластырмен бірлесіп отырып ұсыну, сол заңды қорғап алып шығу. Тағы да айтарым, халыққа, қоғамға «керекті заңдарды» қабылдау. Өкінішке орай, Қазақстан парламентінде ондай депутаттар жоқ.  Бізде заңның бәрін өкімет, яғни атқарушы билік дайындап береді. Ал біздің депутаттар соны қабылдайды. Бірақ сол заң шығару құқығын пайдаланып жатқан депутатты көрмедім. Өздерінің негізгі қызметтерін атқармайды.

Әміржан Қосанов, саясаткер:

–  Бізде олар, өкінішке орай, биліктің рұқсатымен депутаттық мандат алған, сол себепті өкіметтің сойылын соғып, Ақордадағы саяси технологтардың айтқанынан шыға алмай, қоғамдағы өткір мәселелерді  қозғауға дәті бармайды. Өркениетті елдерде олар – өз сайлаушыларының мұң-мұқтажын билікке ашық жеткізетін, сол мүддені қорғап, соған сай тиісті заңдарды ұсынатын саясаткерлер.

– Мәжілісте экономистер мен заңгерлердің көп болғаны жақсы дейді. Болашақ депуттардың арасында олар көп пе әлде аз ба?

Дос Көшім, саясаттанушы:

– Кімнің жақсы деп айтатынын білмеймін. Бұл қате түсінік. Заңгерлер адвокаттар конторында болу керек шығар немесе әділет министрлігінде отырғандары дұрыс шығар. Экономистердің экономикалық институтта немесе билікте болғаны дұрыс шығар. Ал парламентке баратындар қоғамдық саяси бағытта жұмыс істейтін адамдар болуы керек. Сондықтан олар қоғамның тынысын біледі, қажеттілігін сезінеді. Сол сәтте олар қызмет шебінде заңгерлерді, экономистерді тартуы мүмкін. Яғни өздерінің ойларының заңдық қалыпқа түсіру үшін заңгерлер керек. Ал мәжілісте тек заңгерлер мен экономистер отыру керек деген ақылға сыймайды.

Әміржан Қосанов, саясаткер:

– Классикалық тұрғыдан келсек, кез келген парламент – елдегі барлық қоғамдық-саяси пікірлердің тоғысқан жері: қоғам болған соң, пікір алуандығы болады, сол көзқарасатардың иелері дауыс беріп, өз өкілдеріне парламентке жолдама береді. Сөз жоқ, парламент тек қана пікірталастың, белгілі бір заң не оқиға жөнінде мәлімдеме жасаудың  ғана мінбесі емес. Парламенттің негізгі функциясының бірі – заң шығару, оның орындалуын қадағалау. Бірақ ол тек қана заңгерлердің ісі емес, оған кез келген адам қатыса алады. Сондықтан да әр депутатқа, оның білім деңгейі мен депутаттық әлеуетіне жеке-жеке қарау керек сияқты.

САЙЛАУҒА ОБЪЕКТИВТІ БАҒА БЕРЕ АЛАТЫНДАР –ТӘУЕЛСІЗ БАҚЫЛАУШЫЛАР

– Тәуелсіз бақылаушылар институты бізде қалай жұмыс істейді? Жалпы бізде бақылаушыларды көп сынайды.  Сіздің ойыңызша сайлау әділ өте ме?

Дос Көшім, саясаттанушы:

– Бақылаушылар институты Қазақстанда 1991 жылдан бастап пайда болды. Оның басында болғаныма мен мақтанамын. Бақылаушылар сайлаудың әділ өтуіне де, керек десеңіздер сайлау комиссиясы үшін де керек. Бақылаушы болып шыққан адам сайлаудың не екенін біледі. Өз көзімен көрген соң әділ болды ма жоқ па сараптай алады.

Қазір мен «Бақыла» деген қоғамдық қозғалыстың мүшесімін. Мысалы осы «Бақыла» бақылаушыларға 2000-3000 адамды қоямыз деп отыр. Дәл осындай тағы да басқа ұйымдар бар. Бұл бақылаушылар бірігіп жатыр. Меніңше республикалық бақылаушылар құрылатын да кез келді. Менде қазір сол бақылаушыларды оқытумен айналысып жатырмын.

Бақылаушылардың болуы сайлаудың әділ өтуінің кепілі десем болады. Бірақ бақылаушылар өз жұмысын білетін жақсы маман, ҚР сайлау туралы заңын жақсы меңгерген,  мінезі бар, өзіндік ойы бар адам болуы керек. Себебі сайлау комиссиясының кейбір басшылары оларды қуып жіберуге тырысады, арандатуға алып келеді, полиция шақырады дегендей жағдайлар көп болады. Сол кезде бақылаушы онымен күресу керек. Күресу үшін сайлау туралы заңды жақсы меңгерген болу керек.

Әміржан Қосанов, саясаткер:

– Әрине, кез келген сайлаудың әділ не әділсіз өткенінен объективті баға бере алатындар  – сайлаушылардың өзі. Және тәуелсіз бақылаушылар. Өкінішке орай, оларды тіркеу процедурасы әлі де қиындап тұр. Меніңше, өз күшіне, өзін халқы қолдайтынына нық сенімді өкімет әділ сайлаудан қорықпайды, барлық бақылаушыларға есікті айқара ашып, дауыс берудің барлық кезеңін, әсіресе, дауысты санау мен хаттамаларды толтыруды жан-жақты бақылауға толық мүмкіндік берер еді. Бізде, расын айтсақ, олай болмай тұр. Ал әділ сайлаудың жалпыға ортақ өз критерийлері бар, мәселен, олар ЕҚЫҰ (ОБСЕ) құжаттарында тайға таңба басқандай жазылып қойған. Қазақстан болса, әлі де сол критерийлерге сәйкес болмай келеді.

Парақшамызға жазылыңыз

Айғаным Айтақын

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Ақын. Халықаралық, республикалық жыр мүшәйралардың жеңімпазы. Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Университетіндегі журналистика мамандығының білімгері.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар