////

Қазақстаннан жырақтап, шетелге шыққанда кеудемдегі патриоттық сезім еселене түседі

1321 рет қаралды

Гүлмира Дүйсенғалиева – Астана қаласындағы Л.Н.Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Стандарттау, сертификаттау және метрология» кафедрасының түлегі. Қазіргі таңда мүлдем өзге саланың тәжірибелі маманы. Алған бетінен қайтпайтын, мақсатына берік, ерік-жігері мықты қазақ қызы 28 жасында әлемдегі ең бай мемлекет Катарда жұмыс істеп жатыр.

Ағылшын тілін 5-сыныптан бастап оқып, тіл білуінің арқасында Оралдық қыз студент кезінен-ақ тұрақты жұмыспен айналысқан.

– Ең алғашқы шет ел Ресей болды. 6-сыныпта 1 күнге Самара қаласындағы Виктория аквапаркіне бардым. Бірақ ол кезде жанымда сыныптастарым, мұғалімім болған соң үйреншікті сапардай қабылдадым. Кейін студенттік шағымда «Work and travel» бағдарламасының іріктеуінен өтіп, 2015 жылы Америка Құрама Штаттарының, Оңтүстік Дакота штатына барып, тәжірибе алмасып қайтқан едім. Ал осы жолы шынайы үрейленіп, жауапкершілікті сезіндім. Оған қоса өз ағылшын деңгейімді жеткіліксіз көріп, тілдік кедергіге ұшырадым. Бастапқыда қонақ үйлерді жинастырып қызмет еттім. Кейін дәмханада кассир болдым. Сол кезде ағылшынымды анағұрлым жақсарттым. Сенімді сөйлей бастадым,- деп Гүлмира Дүйсенғалиева өз тәжірибесімен бөлісті.

Елге қайта оралғаннан кейін анасының күн сайын мешітке барып, қызының аман-сау оралуын тілегенінен хабардар болған Гүлмира шынайы риза болып, көңілінің босағанын қоса айтты.

Америкада қонақ үй кәсібінде айтарлықтай ұзақ уақыт жұмыс істеген жас маман Астана қаласындағы беделді «Hilton» қонақ үйіне ресепшионист қызметіне тұрып, бұл компанияда 3 жыл 9 ай қатарынан адал жұмыс атқарады.

– Мамандықты дұрыс таңдау шынайы жауапкершілікті қажет ететін, маңызды іс екенін естен шығармаған жөн. Студенттік кезімде өз салам бойынша метрологиядан іс жүзінде тәжірибе алмасуға барғанымда, бұл кәсіппен шынайы айналыссам, өмірімнің құжаттардың ортасында зерігіп отырумен өтетінін ұқтым.

Ал қонақ үй саласы күнде шытырманды оқиға, әр алуан туриске толы,- деген  жүрегінің үніне құлақ түріп, кәсібін өзгерткен.

– Шытырман оқиға демекші, басымнан өткен бір қызық жайтты бөліскім келеді. Бірде қонақжайымызға балалар футбол командасы тұрақтады. Шамасы бүлдіршіндер оңтүстік полюсте туып өскен болар, келген бойда қарды бірінші рет көріп, мәз-мейрам болғаны есімде. Сонымен қатар кезекті жұмыс күнінде қонақтың жеңіл киініп, бас киімсіз келгенін аңғарған әріптесім өзінің баскиімін беріп, туристі қонақжайлығымызбен тәнті еткені есімде,- деп өз жұмысындағы қызықты оқиғаларды да баяндап берді.

Қазіргі таңда Гүлмира Дүйсенғалиева экономикалық және әлеуметтік көрсеткіші ең жоғары дамыған мемлекетте қызмет бабы бойынша тұрып, мерзімдік жұмыс істейді:

– Катарға келуімнің өзі үлкен оқиға болды. Ең әуелі компания өзі хабарласып, бұл қызметті ұсынған болатын. Сұрақтарыма жауап алып, өзара тілдесуден кейін түйіндемемді жіберіп, кәсіби сұқбаттан өттім. Сұқбат ағылшынша өткендіктен бе, жай диалогтың өзі жағымды әрі пайдалы өтті. Үлкен үміт артып, шешімін асыға күткен жоқпын. Кезекті ақпарат алмасу есебінде қабылдадым. Тіпті ата-анам да хабарсыз болды. Қабылданғанымды естігенде ол мемлекеттің ауа-райын, дінін,  барлығын жіті зерттедім. Шыны керек «табиғатынан өте ыстық, таза мұсылман елінде қалай тұрмақпын?»,- деген сұрақтар бастапқыда жиі мазалаған еді.

Оның Катар мемлекетіндегі жұмыс сапары футболдан әлем чемпионатымен  тұспа-тұс келіп, ол мұсылман әлемінде тұңғыш рет  футбол біріншілігінің куәсі де болды.

– Айтулы дода Лусаил қаласында өтті. Өңірге келушілердің де саны толассыз. Жарысты тамашалауға келгендер қатарынан қандастарымды да көріп тұрамын. Чемпионат мұсылман елінде көрініс тапқандықтан ішімдік сусындары мүлдем сатылмайды. Бұндай тыйымға наразылық танытпай, керісінше бұқараның билікке алғысын жаудырып жатқанын бір емес, бірнеше мәрте байқадым.

Парсы шығанағында аялдағанына 4 ай өтсе де, Қазақстандық ару көп нәрсені бақылап, көріп үлгеріпті. Оның сөзінше Катардың тұрғындарының 75%-ы ер адамдар, ал таза Катарлықтар барша халықтың тек 25%-ын құрайды екен.

– Кейде Катар елі емес, тура бір Үндістанда жүргендей боласың. Себебі айнала үндістерге толы. Бірақ жергілікті халық өте момын. Айқай-шу, ұрыс-керіс атымен жоқ. Ішімдіктерге тыйым салынған. Сонымен қатар Катарда «Katar-ID» деп аталатын арнайы құжат бар. Бұл тура біздің жеке куәлік секілді. Бірақ бір артықшылығы – қолыңда «Katar-ID» болса, мұражайларға кіру тегін және басқа салаларда да қосымша жеңілдіктер қарастырылған. Сәйкесінше бұл құжат тек төл тұрғындарға немесе бірнеше ай тұруды жоспарлаған жандарға беріледі,- деп Гүлмира көрген білген туралы айтты.

– Әрине, бір қарағанда жалақысы жоғары, тұрғын үй, тамақ барлығы қамтамасыз етілген. Бірақ дегенмен туған елге ештеңе жетпейді. Келгеніме тура 1 ай өткен соң, өзіміздің ұлттық тағамдарды қатты сағына бастадым. Кейін астық алып, бауырсақ пісіріп, сағынышымды бастым. Сауда барысында азық-түлік бағасының Қазақстанмен салыстырғанда анағұрлым қымбат екенін аңғардым. Таяу Шығыс елінде материалдық жағдай жақсы болғанымен, жерлесім елді, отбасын сағынғанын жасырмады.

– Қазақстаннан жырақтап, шетелге шыққанда кеудемдегі патриоттық сезім еселене түседі. Арнайы ою-өрнекпен әсемделген сөмкемді өзіммен бірге үнемі алып, өзге жерде еліміздің мәдениетін насихаттап жүргендей боламын. Сонымен қатар жолға шыққанда әрбір саяхатшы бірге ала кететін дәстүрлі «Қазақстан» шоколадтары туралы айтпай кетуге болмас, Бұйырса елге оралып, отандық туризм, қонақ үй саласының дамуына үлес қосып, Катардан жинаған тәжірибем мен тың ойларымды Қазақстанда жүзеге асыруға асықпын, – деді Гүлмира еліміздегі дамуы кенжелеп тұрған саланың өркендеуіне өзінің үлесіне қосқысы келетінін білдіріп.

Альбина Булатова,

БҚО, Орал қаласы

Суреттер Гүлмира Дүйсенғалиеваның архивінен алынды

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар